Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

5-ТАРАУ

‘Аспан мен жерді Жаратушының’ жасампаз күші

‘Аспан мен жерді Жаратушының’ жасампаз күші

1, 2. Қалай Күн Ехобаның жасампаз күшін паш етеді?

 СУЫҚ түнде отқа жылынып тұрған кезің болған ба? Бәлкім, белгілі бір арақашықтықта тұрып, жалынға қолыңды созып, табына жылынған шығарсың. Егер тым жақындасаң, оттың ыстығы шыдатпас еді. Ал тым алыстап кетсең, түннің суық ауасынан тоңар едің.

2 Күндіз біздің бойымызды жылытып тұратын “от” бар. Бұл “от” бізден 150 миллион шақырымға жуық арақашықтықта жанып тұрады! a Осындай қашықтықтан оның жылуын сезіне алатындай күннің күші неткен зор! Жер осы зор термоядролық “пештен” ең дұрыс арақашықтықта орналасқан. Егер жақынырақ орналасқанда, Жер бетіндегі судың бәрі буланып кетер еді, ал алысырақ орналасқанда, мұз болып қатып қалар еді — қысқасы, екі жағдайда да планетамыз тіршілік етуге жарамсыз болар еді. Жер бетіндегі тіршілікке аса қажетті күн сәулесі жанға жағымды ғана емес, сонымен қатар таза әрі тиімді (Екклесиаст 11:7).

3. Күн қандай маңызды шындықтың дәлелі?

3 Сөйтсе де өмірлері Күнге байланысты болғанына қарамастан, адамдардың көпшілігі оған мән бере бермейді. Сондықтан Күннің бізді не нәрсеге үйрете алатынын түсінбейді. Киелі кітапта Ехобаға қатысты: “Сен күн мен айды жасаған”,— делінген (Забур 73:16). Иә, Күн ‘аспан пен жерді Жаратушы’ Ехобаға даңқ әкеледі (Забур 18:2; 145:6). Күн — Ехобаның шексіз жасампаз күшін паш ететін сансыз аспан денелерінің біреуі ғана. Аспан денелерінің кейбіреулерімен жақынырақ танысып, сосын, Жер мен ондағы қайнап жатқан тіршілікке көңіл бөліп көрелік.

Ехоба ‘күн мен айды жасаған’

‘Аспанға көз жіберіп қарашы’

4, 5. Күн қаншалықты қуатты және қаншалықты ірі, ал оны басқа жұлдыздармен салыстырғанда ше?

4 Өзің білетіндей, Күн — жұлдыз. Ол түнде көрінетін жұлдыздардан үлкен болып көрінеді, мұның себебі Күн оларға қарағанда бізге әлдеқайда жақын орналасқан. Ал оның қуаты қандай? Күн ядросының қызуы Цельсий өлшемі бойынша 15 000 000 градусқа жетеді. Оның ядросының түйреуіштің басындай бір түйірін Жер бетіне орналастырар болсақ, бұл “шағын пешке” 140 шақырымнан артық жақындай алмаған болар едік! Күн әр секунд сайын жүздеген миллион ядролық бомбаның жарылысына тең энергия бөліп шығарады.

5 Күннің ірі болғаны соншалық, оның ішіне біздің Жеріміз сияқты 1 300 000 планета сиып кете алады. Бірақ ол ерекше үлкен жұлдыз ба? Жоқ. Астрономдар оны сары ергежейлі деп атайды. Елші Пауыл “жұлдыздар сәуле мен салтанат жағынан бір-бірінен өзгеше” екенін жазған (Қорынттықтарға 1-хат 15:41). Рухпен жазылған осы сөздердің қаншалықты рас екенін ол білмеген де. Бір жұлдыз бар, оның өте ірі болғаны соншалық, егер Күннің орнына қойса, біздің Жеріміз оның ішінде болар еді. Тағы бір алып жұлдыз бар, егер ол Күннің орнында тұрғанда, тіпті Жерден өте алыс орналасқан, әрі оған жету үшін ғарыш кемесі соңғы үлгімен жасалған күшті тапаншамен атқан оқтан 40 есе жылдам ұшқанның өзінде, төрт жылдан кейін жетуге болатын Сатурнды да жауып қалар еді!

6. Жұлдыздардың саны адами тұрғыдан қарағаннан әлдеқайда көп екенін Киелі кітап қалай көрсетеді?

6 Жұлдыздардың көлемінен гөрі саны одан бетер қайран қалдырады. Жұлдыздар сансыз көп болғандықтан, Киелі кітапта “теңіздегі құмды” санау қаншалықты қиын болса, жұлдыздарды санау да соншалықты қиын екендігі айтылған (Еремия 33:22). Бұл жұлдыздардың саны жай көзбен қарағанда көретінімізден әлдеқайда көп дегенді білдіреді. Егер Киелі кітапты жазған кісілер, айталық Еремия, түнгі аспандағы жұлдыздарды санап шығуға тырысса, олардың саны үш мың не соған жуық болар еді. Бұлай дейтін себебіміз — адам ашық түнде жай көзбен тек осынша жұлдызды ғана санай алады. Бұл санды бір уыс қана құм түйіршіктерімен салыстыруға болады. Алайда, шындығына келгенде, жұлдыздардың саны теңіздегі құм түйіршіктеріндей сансыз көп b. Оны кім санай алады?

“Олардың барлығын аттарымен атайды”

7. Біздің галактикамыздағы жұлдыздардың саны мен ғаламдағы галактикалардың саны жайлы ғалымдар не ойлайды?

7 Ишая 40:26-тармағы былай деп жауап береді: “Аспанға көз жіберіп қараңдаршы: Кім жаратты ондағы жұлдыздарды?! Бір-бірлеп алып шығып шоқжұлдыздарды, Әрқайсысын өз атымен шақырады”. Ал Забур 146:4-те: “Жұлдыздар санын есептейді; олардың барлығын аттарымен атайды”,— делінген. Ал ‘жұлдыздардың саны’ қанша? Бұл оңай сұрақ емес. Астрономдар Құс жолы галактикасының өзінде 100 миллиардтан аса жұлдыз бар деп есептейді c. Жұлдыздардың саны одан да көп дейтіндер де бар. Ал Құс жолы көп галактикалардың біреуі ғана, әрі олардың көбісінде әлдеқайда көп жұлдыз шоғырланған. Жалпы, неше галактика бар? Астрономдардың есебі бойынша, олардың саны жүздеген миллиард, тіпті триллиондаған. Демек, әр галактикадағы жұлдыздардың тура санын айтпағанның өзінде, адам тіпті қанша галактика барын да білмейтін көрінеді. Бірақ олардың санын Ехоба біледі. Ол санын ғана емес, әр жұлдыздың жеке атын да біледі!

8. а) Құс жолы галактикасының көлемі қаншалықты ауқымды екенін қалай түсіндірер едің? ә) Ненің арқасында Ехоба аспан денелерін қозғалтады?

8 Галактикалардың көлемі туралы ойлағаннан Құдайды қастерлей түсеміз. Құс жолы галактикасының диаметрін жүріп өтуге 100 000-ға жуық жарық жылы кетеді деген тұжырым бар. Бұл дегеніміз жарық таңғаларлық жылдамдықпен жүріп отырғанның өзінде, яғни секундына 300 000 шақырым, біздің галактикамызды 100 000 жылда жүріп өтер еді! Ал кейбір галактикалардың көлемі біздікінен көп есе үлкен. Киелі кітапта Ехобаның ұшы-қиырсыз көкті кенеп іспетті ‘жайып’ жібергені айтылған (Забур 103:2). Сондай-ақ ол аспан денелерін белгілі тәртіпке сай қозғалатындай етіп жасаған. Титтей жұлдызаралық тозаңнан бастап, зор галактикаларға дейін барлық нәрсе Құдай орнатып, іске қосқан заңдарға сай қозғалады (Әйүп 38:31—33). Сондықтан ғалымдар аспан денелерінің тура қозғалысын бишілердің әсем әрі күрделі қимылдарына теңейді. Осының бәрін жаратқан Құдай туралы ойлап көрші. Оның осыншама орасан зор жасампаз күш иесі екендігі көңіл толқытады емес пе?

Құдай “қуат-күшімен жерді жаратты”

9, 10. Күн жүйесінің, Юпитердің, Жердің және Айдың орналасуынан Ехобаның күші қалай көрінеді?

9 Біздің қонысымыз Жер — Ехобаның жасампаз күшінің анық көрінісі. Ол ұлан-ғайыр Әлемде Жерді өте мұқият орналастырған. Кейбір ғалымдар Жер сияқты тіршілік етуге болатын планета үшін көп галактикалар жарамсыз болу керек деп есептейді. Сірә, Құс жолы галактикасының да басым көп аймағы тіршілікке жарамсыз болу керек. Оның ортасында жұлдыздар тым тығыз шоғырланған. Онда радиация әрі жұлдыздардың соқтығысу қаупі жоғары. Ал галактикамыздың шет жағында өмірге қажетті көптеген химиялық элементтер жетіспейді. Күн жүйесі болса мұндай нәрселерден аулақ, ең қолайлы жерде орналасқан.

10 Жердің алыста орналасқан алып қалқаны бар. Бұл — Юпитер. Жерден мың есе көлемдірек Юпитердің гравитациялық әсері күшті. Бұл Жерге қалай әсер етеді? Ол ғарыш кеңістігінде зор жылдамдықпен қозғалып жүретін денелерді өзіне тартып алады немесе бағытын өзгертіп жіберіп отырады. Ғалымдар Юпитер болмағанда Жер бетіне түсетін аса зор денелердің саны қазіргіден 10 000 есе көп болатынын есептеп шығарды. Сонымен қатар Жердің жақынырақ орналасқан бірегей серігі бар. Ол — Ай. Ай әсемділік не түнгі “шырақ” болу үшін ғана емес, Жер өз осінің көлбеу бұрышын тұрақты сақтауы үшін де қажет. Бұл жыл мезгілдерінің үнемі ауысып отыруына ықпал етеді, ал бұл болса Жер бетінде тіршіліктің болуын қамтамасыз ететін тағы бір маңызды жайт.

11. Қалай Жер атмосферасы қорғайтын қалқан ретінде жасалған?

11 Ехобаның жасампаз күші Жер құрылымының әрбір бөлігінен көрінеді. Жерге қорғаныш ретінде қызмет ететін атмосфера қабатын қарастырып көрейік. Күн пайдалы да, зиянды да сәулелер шығарады. Зиянды сәулелер бөлініп, атмосфераның жоғарғы қабатына енгенде, ондағы кәдімгі оттегіні озонға айналдырады. Ал озон, өз кезегінде, зиянды сәулелердің басым бөлігін сіңіріп алып отырады. Осылайша, біздің планетамыз өзін қорғайтын қалқанымен жасалған!

12. Қалай атмосфералық су айналымы Ехобаның жасампаз күшін паш етеді?

12 Бұл — Жер беті мен әуе қабатындағы тіршілікті қолдауға аса қажетті газдардың күрделі қоспасынан тұратын атмосфераның бір ғана қыры. Атмосфераның таңғажайып ерекшеліктерінің бірі ретінде табиғаттағы су айналымын атап өтуге болады. Жыл сайын Күн жердегі мұхиттар мен теңіздерді буландырып, 400 000 км3 суды атмосфераға көтеріп отырады. Су бұлтқа айналып, атмосфералық жел оны айналымға түсіреді. Сүзгіден өткендей тазарған су жауын, қар, бұршақ ретінде жерге түсіп, су қорын қайта толтырады. Бұл тура Екклесиаст 1:7-де жазылғандай: “Барлық өзендер теңізге келіп құяды, бірақ теңіз кемері толмайды: өзендер қай жерден бастау алса [ағысын қайтадан бастау үшін] сол жерге қайтып оралады”. Мұндай айналымды Ехоба ғана орната алады.

13. Жердегі өсімдіктер мен топырақтан Ехобаның күші қалай көрінеді?

13 Тіршілік бар жердің бәрінде біз Ехобаның күшінің дәлелін көреміз. Отыз қабатты үйден де биік, алып секвоя ағашынан бастап өзіміз демалатын оттегінің басым бөлігімен қамтамасыз ететін мұхиттардағы сансыз көп микроскоптық балдырларға дейін Ехобаның жасампаз күшінің дәлелі. Тіпті топырақтың өзі планетамыз гүлдене түсу үшін бірігіп күрделі жұмыс атқаратын жауын құрт, саңырауқұлақтар, микроорганизмдер сияқты тіршілікке толы.

14. Титтей атомның өзінде қандай жасырын күш бар?

14 Ехобаның жерді ‘қуат-күшімен жаратқанында’ дау жоқ (Еремия 10:12). Құдайдың күші тіпті аса кішкентай жаратылыстардан да көрінеді. Мысалы, миллион атомды қатарынан қояр болсаң, ұзындығы адам шашының еніндей де болмас еді. Ал егер атомды 14 қабатты үйдей етіп үлкейтсе, ядросының көлемі жетінші қабатта орналасқан тұз түйіршігіндей ғана болар еді. Сөйте тұра, сол титтей ядро — зор күштің, атом бомбасы жарылғанда бөлініп шығатын энергияның, көзі!

“Тіршіліктің лебі барлар түгелдей”

15. Әр түрлі жабайы аңдар туралы айта отырып, Ехоба Әйүпке қандай сабақ берген?

15 Жер бетіндегі жан-жануарлардың көптігі — Ехобаның жасампаз күшінің тағы бір айқын дәлелі. 148-ші Забур жырында Ехобаны даңқтайтын көп нәрселер жөнінде айтылған, ал 10-тармағында “аңдар мен барлық мал атаулы” деген сөздер бар. Адам баласының Жаратушыны неге қастерлеуі керектігін көрсету үшін бірде Ехоба Әйүпке арыстан, зебра, жабайы бұқа, сусиыр (бегемот немесе гиппопотам) және левиафан (қолтырауын болса керек) туралы айтқан. Ехоба неге көңіл бөлгісі келген? Адам сол зор, қорқыныш тудыратын, қолға үйретуге келмейтін жануарлардан қорқатын болса, онда бұларды жаратқан Құдайдың алдында не сезінулері керек?! (Әйүп 38—41 тараулар)

16. Ехоба жаратқан кейбір құстарды қарастырғаның сенде қандай әсер қалдырды?

16 Забур 148:10-да “қанатты құстар” жөнінде де айтылған. Олардың түрі неткен көп! Ехоба Әйүпке ‘ат пен оған мінген салт аттыға күлетін’ түйеқұс туралы айтқан. Бұл екі жарым метрлік құс ұшпайды, бірақ бір дегенде төрт жарым метрге бір-ақ секіріп, сағатына 65 шақырым жылдамдықпен жүгіре алады! (Әйүп 39:13, 18) Ал альбатрос болса, керісінше, өмірінің көбісін теңіз үстінде, әуеде өткізеді. Қанаттарының құлашы үш метрге жуық бұл құс — қалықтап ұшудың нағыз шебері. Ол қанат қақпай сағаттап ауада қалықтап жүре беруі мүмкін. Ал ұзындығы не бары бес-ақ сантиметр колибри (шыбынқұс) болса — әлемдегі ең кішкентай құс. Ол қанатын секундына 80 рет қаға алады! Кішкентай қанатты асыл тас іспетті жалт-жұлт еткен колибри тікұшақ сияқты бір орында ілініп тұра алады, тіпті артқа қарай да ұша береді!

17. Көк кит қаншалықты үлкен және Ехоба жаратқан жан-жануарлар туралы ойланғанда қандай тұжырымға келуіміз керек?

17 Забур 148:7-де (ЖД) тіпті “алып балықтардың” да Ехобаны даңқтайтыны айтылған. Көп адам Жер планетасындағы ең үлкен жануар деп есептейтін көк китті қарастырып көрелік. Мұхитта мекендейтін бұл алып 30 метр не одан да үлкен тереңдікте жүзе береді. Ал оның салмағы — 30 ересек пілдің салмағына тең. Оның тілінің өзі бір пілдің салмағындай. Жүрегі шағын көліктің көлеміндей. Киттің осы өте үлкен дене мүшесі минутына тоғыз-ақ рет соғады, бұл жүрегі минутына 1 200 рет соғатын колибримен салыстырғанда жер мен көктей. Көк киттің бір қан тамырының кең болғаны соншалық, одан бала еңбектеп өте алар еді. Жүрегіміз Забур жырының: “Тіршіліктің лебі барлар түгелдей мадақтасын Иемізді!”— деген соңғы сөздерін қайталауға талпындыратынында сөз жоқ (Забур 150:6, сілтемеге қара).

Ехобаның жасампаз күшінен үйрен

18, 19. Ехоба жаратқан жер бетіндегі тіршілік түрлері қаншалықты әр алуан және жаратылыстардан Ехобаның билігіне қатысты не нәрсеге үйренеміз?

18 Ехобаның жасампаз күшін қалай қолданғанынан не нәрсеге үйренуге болады? Жаратылыстың қаншалықты сан алуан екендігін ойлағанда, бойыңды ерекше бір сезім билейді. Забур жыршысының бірі: “Сенің істерің не деген көп Жаратқан Ие...жер Сенің туындыларыңа лықып тұр”,— деп дауыстаған (Забур 103:24). Бұл — шындық! Биологтар Жер бетінде 1 миллионнан аса тіршілік түрлері бар екенін анықтады. Бірақ бұған қатысты әр түрлі ойлар бар: жерде одан да көп миллион тіршілік түрлері болуы ықтимал. Адами суретшілер жасампаздықтарының сарқылғанын байқауы мүмкін. Ал Ехобаның жасампаздығы — жаңа әрі сан алуан нәрселерді ойлап тауып, жасайтын күші — сарқылмайтыны айдан анық.

19 Ехобаның жасампаз күшін қалай қолданатынынан оның билігіне қатысты көп нәрсеге үйренуге болады. “Жаратушы” деген сөздің өзі Әлемдегі “жаратылыс” деп аталатын нәрселердің барлығынан оны ерекшелендіреді. Тіпті Әлем жаратылып жатқанда “шебер жұмысшы” ретінде қызмет еткен Ехобаның жалғыз Ұлы да ешқашан Жаратушы деп аталған емес (Нақыл сөздер 8:30, ЖД; Матай 19:4). Қайта, ол — “жаратылыс атаулының тұңғышы” (Қолостықтарға 1:15, ЖД). Ехобаның Жаратушы деген дәрежесі бүкіл Әлемге билігін жүргізуге заңды құқық береді (Римдіктерге 1:20; Аян 4:11).

20. Жердегі жарату ісін бітіргеннен бері Ехоба қай мағынада демалуда?

20 Ехоба жасампаз күшін қазір де қолдана ма? Киелі кітапта Ехоба алтыншы жаратылыс күні жасампаздық жұмысын бітіріп, ‘жетінші күні атқарған жұмыстарының бәрінен демалуды бастағаны’ айтылған (Жаратылыс 2:2, ЖД). Елші Пауыл жетінші “күннің” ұзақтығы мыңдаған жылдар екеніне нұсқаған, өйткені оның заманында ол әлі бітпеген болатын (Еврейлерге 4:3—6). Бірақ “демалу” деген Ехоба жұмыс істеуді мүлдем тоқтатты дегенді білдіре ме? Жоқ, Ехоба еңбектенуді ешқашан тоқтатпайды (Забур 91:5; Жохан 5:17). Онда Құдайдың демалғаны жай ғана оның Жердегі физикалық жаратылыстарға қатысты жұмысын доғарғанына нұсқайтын болу керек. Бірақ Ехоба жұмысын жалғастырып, ниеті орындалу үшін әрекет етуде. Сондай жұмысқа Киелі жазбалардың рухтың жетелеуімен жазылғаны да жатады. Сондай-ақ оның жұмысына адамның ‘жаңадан жаратылуы’ да кіреді, бұл тақырыпты біз 19-тарауда талқылаймыз (Қорынттықтарға 2-хат 5:17).

21. Адал адамзатқа Ехобаның жасампаз күші мәңгілік бойы қалай әсер ететін болады?

21 Ақырында Ехоба демалып жатқан күні біткенде, Жердегі барлық жұмысына қатысты тап алтыншы жаратылыс күні аяқталғанда айтқандай, “өте жақсы” дей алатын болады (Жаратылыс 1:31). Бұдан кейін Ехобаның шексіз жасампаз күшін қалай қолдануды шешетінін уақыт көрсетеді. Оның жасампаздығы бізді әрі қарай да қайран қалдыра беретініне сенімді болсақ болады. Мәңгілік бойы жаратылыстары арқылы Ехоба туралы білген үстіне біле түсетін боламыз (Екклесиаст 3:11). Ал оны жақын тани түскен сайын, қастерлеп қорқа түсетін боламыз, бұл болса өз кезегінде Ұлы Жаратушымызға барынша жақындата түседі.

a Бұл санның қаншалықты көп екенін түсіну үшін, келесі жайт жөнінде ойлап көрші: бұл арақашықтықты көлікпен жүріп өту үшін, тіпті көлікті 24 сағат бойы сағатына 160 шақырым жылдамдықпен айдағанның өзінде, саған жүз жылдан аса уақыт керек болар еді!

b Кейбіреулер ежелде өмір сүрген адамдар қарапайым телескоп қолданған болу керек деп пайымдайды. Олар “сол кездегі кісілер жұлдыздар санының соншама көп, тіпті сансыз көп екенін басқаша қалай біле алар еді?” деп ойлайды. Алайда мұндай негізсіз тұжырым Киелі кітаптың Авторы Ехобаны елеусіз қалдырады (Тімотеге 2-хат 3:16).

c 100 миллиард жұлдызды санап шығудың өзі қаншалықты ұзақ уақыт алатынына көңіл бөлші. Егер 24 сағат бойы тоқтамай, әр секунд сайын біреуін санай алатын болсаң, сен бұған 3 171 жыл жұмсаған болар едің!