Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

7-ТАРАУ

Біздің панамыз Құдайдың қорғайтын күші

Біздің панамыз Құдайдың қорғайтын күші

1, 2. Б. з. б. 1513 жылы Исраил халқы Синай өлкесіне аяқ басқанда, оларға қандай қауіп төнді және Ехоба оларды қалай нығайтты?

 Б. З. Б. 1513 жылдың басында Синай өңіріне аяқ басқан Исраил халқы қауіпті жағдайға тап болды. Олар қорқынышты жолмен, улы ‘жыландар, үйелменді кесірткелер, шаяндар өріп жүрген алапат, әрі аса қауіпті құм ішімен’, сапар шегу керек-тін (Заңды қайталау 8:15). Сондай-ақ оларға қаскөй халықтардың тарапынан шапқыншылық жасау қаупі төніп тұрды. Ехоба халқын осындай жерге өзі әкелген еді. Ал енді Құдайлары ретінде оларды қорғай алар ма екен?

2 Ехобаның: “Сендер Менің мысырлықтарға не істегенімді, әрі өздеріңді балапандарын қанаттарымен тасыған қыран іспетті осы жерге аман-есен алып келгенімді көрдіңдер”,— деген сөздері оларды қатты нығайтқан (Мысырдан шығу 19:4). Ехоба халқын Мысыр құлдығынан азат еткенін, бейнелеп айтқанда, қыран іспетті көтеріп алып, қауіпсіз жерге жеткізгенін естеріне салды. Бірақ қыран қанаттары Құдайдың қорғайтынына нұсқайтын лайықты бейне екенін көрсететін басқа да себептер бар.

3. Неге қыран қанаттары Құдайдың қорғайтынын көрсететін лайықты бейне болып табылады?

3 Қыран үлкен әрі қуатты қанаттарын қалықтап ұшу үшін ғана қолданбайды. Күн аптап ыстық болып тұрғанда, ана қыран екі құлаштай болуы мүмкін қанаттарын кең жайып, нәзік балапандарын күннен қалқалап, қорғайды. Ал кейде балапандарын суық желден қорғау үшін қанатымен жауып алады. Жас балапандарын қорғаштаған қыран іспетті Ехоба да жаңа пайда болған Исраил халқын қалқалап, қорғаған. Енді оның халқы сол шөл далада да әрі қарай оның зор қанатының астынан пана іздеп, адалдықтарын сақтай беру керек еді (Заңды қайталау 32:9—11; Забур 35:8). Ал бүгін ше, Құдай бізді де қорғайды деп күтуіміз керек пе?

Құдай қорғауды уәде еткен

4, 5. Құдайдың қорғаймын деген уәдесіне неге толықтай сенімді бола аламыз?

4 Ехобаның өз қызметшілерін қорғай алатындығында сөз жоқ. Ол — Құдіреті шексіз Құдай. Бұл лауазым Құдайдың ешкім де, еш нәрсе де тосқауыл бола алмайтын күш иесі екендігіне нұсқайды (Жаратылыс 17:1). Теңіз суының толуына ешкім бөгет бола алмайтыны сияқты, Ехобаның күшінің әсеріне де ешкім кедергі бола алмайды. Ол өз еркіне сай кез келген нәрсені істей алатын болғандықтан, бізде мынадай сұрақ тууы мүмкін: “Ехобаның еркіне күшін өз халқын қорғау үшін қолдану да кіре ме?”

5 Бұл сұрақтың жауабы: “Иә, кіреді!” Ехоба өз халқын қорғауды уәде етеді. Забур 45:2-де: “Құдай — біздің панамыз да күшіміз, Қиын кезде сенімді көмекшіміз”,— делінген. Құдай ‘жалған сөйлей’ алмайтындықтан, оның қорғаймын деген уәдесіне толықтай сенімді бола аламыз (Титке 1:2). Ехобаның қамқорлап қорғайтыны қандай айқын мысалдар арқылы суреттелгенін көрсететін кейбір мысалдарды қарастырып көрейік.

6, 7. а) Ерте замандағы бақташы қойын қалай қорғайтын? ә) Ехобаның өз қойларын қорғауды және қамқорлауды шын жүректен қалайтыны Киелі кітапта қалай суреттелген?

6 Ехоба — Бағушымыз, немесе Бақташымыз, ал біз “меншікті халқымыз, Әрі қамқорындағы отары сияқтымыз” (Забур 22:1; 94:7). Әсте, қой сияқты дәрменсіз үй жануары жоқ шығар. Ерте замандағы бақташы қойды арыстаннан, қасқыр мен аюдан, ұрылардан қорғау үшін батыл болу керек болған (Патшалықтар 1-жазба 17:34, 35; Жохан 10:12, 13). Бірақ қойды аялап қорғау керек кездер де болатын. Қой отардан алыс жерде төлдеп қалса, қамқор бақташы сондай дәрменсіз кезінде төлдеген қойды қарауылдауы, ал, сосын, қорғансыз қозыны қолына алып, отарға әкелу керек еді.

‘Қозыларын кеудесіне басып, көтеріп жүреді’

7 Ехоба өзін бақташыға теңей отырып, бізді қорғауды шын жүректен қалайтынына сендіреді (Езекиел 34:11—16). Екінші тарауда талқылағанымыздай, Ишая 40:11-де Ехобаның қалай суреттелгенін есіңе түсірші: ‘Оларды ізгі шопандай бағады: “қозыларын” қолына алып, кеудесіне басып көтеріп жүреді’. Қалайша титтей қошақан бақташының ‘кеудесінен’, шапанының кеуде тұсындағы қатпарларынан, табылды? Қошақан тұмсығымен бақташының аяғын әлсіз ғана түртетін шығар. Бірақ еңкейіп, қошақанды қолына алып, аялап кеудесіне басып қорғаныш болу — бақташының тарапынан жасалатын әрекет. Бізді қалқалап қорғайтын Ұлы Бақташыны бейнелейтін неткен жүрекке жылы тиетін мысал!

8. а) Ехоба кімдерді қорғайды және бұл Нақыл сөздер 18:10-нан қалай көрінеді? ә) Құдайдың есімінен пана іздеу деген нені білдіреді?

8 Құдай шартты түрде қорғайды, яғни тек өзіне жақындайтындарды ғана қорғайды. Нақыл сөздер 18:10-да: “Жаратқан Иенің есімі — мықты мұнара, Бас сауғалар әділге қауіпсіз пана”,— делінген. Ертеде қамалдар кейде қорған ретінде шөл далада соғылатын. Бірақ аман қалу үшін басына қауіп төнген адамның өзі сонда барып жасырыну керек еді. Құдайдың есімінен пана іздеу де тап солай. Бұл оның есімін қайталай беруді ғана білдірмейді. Құдай есімінің сиқырлы күші жоқ. Біз сол есімнің Иесімен танысып, оған сенім артып, оның әділ талаптарына сай өмір сүруге тиіспіз. Егер сеніммен бет бұрар болсақ, біз үшін қорғайтын пана болатынына сендіріп отырған Ехоба қандай мейірімді!

“Құдайымыздың... бізді сақтауға құдіреті жетеді”

9. Неге Ехоба қорғаймын деп уәде етіп қана қойған жоқ дей аламыз?

9 Ехоба қорғаймын деп уәде етіп қана қойған жоқ. Өз қызметшілерін құтқара алатынын ерте заманда таңғажайып түрде паш еткен. Исраил халқының тарихы бойы Ехоба ‘қолының құдіретімен’ күшті жауларын тырп еткізбей отырған (Мысырдан шығу 7:4). Алайда Ехоба қорғайтын күшін жеке қызметшілерінің мүддесі үшін де қолданатын.

10, 11. Ехоба қорғайтын күшін жеке қызметшілеріне қатысты қалай қолданатыны Киелі кітаптағы қандай мысалдардан көрінеді?

10 Шидрақ, Мишақ, Абденаго деп аталып кеткен үш еврей жігіті Набуходоносор патша жасаған алтын мүсінге табынудан бас тартқанда, өр көкірек патша оларды ерекше қатты қызып тұрған пешке тастатамын деп қорқытады. Сол заманның ең күшті билеушісі Набуходоносор: “Сендерді менің қолымнан қандай Құдай құтқарып қалар екен?”— деп мысқылдайды (Даниял 3:15). Үш жігіт Құдайларының құтқарып қалуға күші жететініне берік сенімді болды, бірақ дәл өз жағдайларында Ехоба құтқарады деп күтпеген еді. Сондықтан: “Құлшылық ететін Құдайымыздың... бізді сақтауға құдіреті жетеді”,— деп жауап берді (Даниял 3:17). Расында да, шексіз күш иесі болып табылатын Құдайлары үшін оларды қызып тұрған пештен, мейлі әдеттегіден жеті есе ыстық болсын, аман алып қалу түкке де тұрған жоқ. Ехоба оларды қорғап қалды, ал патшаның: “Дәл осылайша желеп-жебейтін басқа құдай жоқ”,— деп мойындауына тура келді (Даниял 3:29).

11 Сонымен қатар Ехоба жалғыз Ұлының өмірін яһудилік қыз Мәриямның құрсағына салғанда, қорғайтын күшін ең ғажайып түрде паш етті. Періште келіп, Мәриямның ‘құрсақ көтеріп, Ұл табатынын’ айтады. Ол: “Сенің үстіңе Киелі Рух келіп, Құдай Тағаланың құдіреті саған көлеңкесін түсіреді”,— деп түсіндіреді (Лұқа 1:31, 35). Бұған дейін Құдай Ұлы ешқашан мұншалықты әлсіз күйде болмаса керек. Күнә және анасының кемелсіздігі іштегі балаға кесірін тигізуі мүмкін бе? Бала туылмас бұрын Шайтан оған зияндық жасап немесе құртып жіберуі мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес! Ехоба дамып келе жатқан бала туылғанша, оған ештеңе — кемелсіздік те, жойқын күш те, залым адам да, тіпті ешқандай жын да — зиян келтіре алмау үшін, былайша айтқанда, Мәриямды айналдыра қорған орнатып қояды. Ехоба Исаны балалық шағында да қорғай береді (Матай 2:1—15). Осылайша Құдай тағайындаған уақыт жетпейінше, оның сүйікті Ұлына еш зияндық дарымады.

12. Неге Ехоба ертеде белгілі бір қызметшілерін керемет түрде қорғаған?

12 Неге Ехоба белгілі бір қызметшілерін осындай керемет түрде қорғаған? Көп жағдайда Ехоба анағұрлым маңыздырақ нәрсе үшін — өз ниетін жүзеге асыру үшін — осылай ететін. Мысалы, Ехобаның Исаны сәби кезінде қорғағаны ақырында бүкіл адамзаттың игілігіне ықпал ететін ниетінің орындалуы үшін маңызды болған. ‘Бізге тәлім болсын деп баяғыда жазылып қалдырылған’ Жазбаларда Құдайдың қорғайтын күшін қалай қолданғаны турасында көптеген мысалдар жазылған (Римдіктерге 15:4). Бұл мысалдар шексіз күшті Құдайымызға деген сенімімізді нығайтады. Бірақ бүгінде ол бізді қай жағынан қорғайды деп күтуімізге болады?

Құдайдың уәдесі нені білдірмейді?

13. Ехоба біздің мүддеміз үшін кереметтер жасауға міндетті ме? Түсіндір.

13 Ехобаның қорғаймын деп берген уәдесі біздің мүддеміз үшін кереметтер жасауға міндетті дегенді білдірмейді. Құдай біздің осы зұлым заманда еш қиыншылыққа кезікпейтіндігімізге кепілдік бермейді. Оның көптеген адал қызметшілері кедейлік, соғыс, ауру мен өлім сияқты ауыр қиыншылықтарға кезігіп жатады. Иса шәкірттерінің сенімдері үшін өлімге де кесілулері мүмкін екенін ашық айтқан. Міне, сол себепті Иса ақырына дейін табандылық таныту керек болатынына ерекше көңіл бөлген (Матай 24:9, 13). Егер Ехоба керемет түрде қорғау үшін әр жағдайда күшін қолдана берсе, Шайтан оны даттауы және біздің оған таза ниетпен қызмет ететінімізге күмән келтіруі әбден мүмкін еді (Әйүп 1:9, 10).

14. Ехоба өз қызметшілерінің бәрін бірдей қорғай бермейтіні қандай мысалдардан көрінеді?

14 Ежелгі заманның өзінде Ехоба қорғайтын күшін әрбір қызметшісін мезгілсіз өлімнен аман алып қалу үшін қолданып отырмаған. Мысалы, елші Жақыпты шамамен б. з. 44 жылдары Нейрон өлім жазасына кескен. Бірақ көп ұзамай Ехоба Петірді “Иродтың қолынан” аман алып қалған (Елшілердің істері 12:1—11). Ал Жақыптың інісі Жохан Петірден де, Жақыптан да ұзақ жасаған. Құдай өз қызметшілерінің бәрін бірдей қорғай береді деп күтпеуіміз керектігі анық. Оның үстіне, бәрімізге де “уақыт пен жағдайдың” билігі жүреді (Екклесиаст 9:11). Олай болса, бүгінде Ехоба бізді қорғай ма?

Ехоба тәндік жағынан қорғайды

15, 16. а) Ехобаның өз қызметшілерін топ ретінде тәндік жағынан қорғағанын не дәлелдейді? ә) Ехобаның бізді қазір және “ауыр азап” кезінде қорғайтынына неге сенімді бола аламыз?

15 Алдымен, Ехоба тәндік жағынан қалай қорғайтынын қарастырайық. Оның қызметшілері Ехоба өздерін топ ретінде қорғайды деп күтулеріне болады. Олай болмаған жағдайда, біз Шайтанның оңай олжасына айналып қалған болар едік. Келесі жайт жөнінде ойлап көрші: “Осы дүниенің әміршісі” Шайтанның көкейкесті арманы — шынайы ғибадатты жою (Жохан 12:31; Аян 12:17). Жер бетіндегі ықпалды мемлекеттердің кейбірі уағыздау ісіне тыйым салып немесе бізді мүлдем құртып жіберуге тырысқан, мұндай жайт әлі де орын алуда. Соған қарамастан Ехобаның халқы беріктігін сақтап, талмай уағыздап келеді! Неге сондай күшті халықтар салыстырмалы түрде шағын ғана әрі қорғансыз болып көрінетін мәсіхшілердің істерін тоқтатуға дәрменсіз? Өйткені Ехобаның өзі бізді зор қанатымен қалқалап жүреді! (Забур 16:7, 8)

16 “Ауыр азап” кезіндегі қорғаныш туралы не деуге болады? Бізге Құдай сотынан қорқудың қажеті жоқ. “Жаратқан Ие Өзіне ұнамды өмір сүретіндерді көріп жатқан қуғын-сүргіннен құтқарып, ал әділетсіздерді қиямет соты болатын күнге дейін сақтап, жазалауды, әрине, біледі” (Аян 7:14, сілтемеге қара; Петірдің 2-хаты 2:9). Оған дейін біз екі нәрсеге берік сенімді бола аламыз. Біріншіден, Ехоба адал қызметшілерінің мүлдем құрып кетулеріне ешқашан жол бермейді. Екіншіден, мінсіздігін сақтаған қызметшілеріне сый ретінде, егер қажет деп тапса, тіпті қайта тірілту арқылы болсын, әділ жаңа дүниесінде мәңгі өмір сүру мүмкіндігін береді. Өмірден өткендер үшін Құдайдың жадында болудан артық қауіпсіз жер жоқ (Жохан 5:28, 29).

17. Өзінің Сөзі арқылы Ехоба бізді қалай қорғайды?

17 Қазірдің өзінде Ехоба бізді жүрек жарасын жазып, өмірді өзгертетін күші бар Сөзі арқылы аман сақтап отыр (Еврейлерге 4:12). Ондағы принциптерді қолдану арқылы өміріміздің белгілі салаларында тәндік зардап шегуден аман бола аламыз. Ишая 48:17-де: ‘Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретемін’,— делінген. Құдай Сөзінің кеңестеріне сай өмір сүру арқылы денсаулығымызды да жақсартып, өмірімізді де ұзарта алатынымызда күмән жоқ. Мысалы, азғындықтан және арамдайтын нәрселердің бәрінен аулақ жүріңдер деген кеңеске құлақ асар болсақ, бүгінде Құдайды білмейтін көп адамның өмірін бұзып жатқан жаман қылықтар мен зиянды әдеттерден арыламыз (Елшілердің істері 15:29; Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Құдай Сөзінің бізді қорғайтыны неткен қуаныш!

Ехоба рухани жағынан қорғайды

18. Ехоба қалайша бізді рухани жағынан қорғайды?

18 Бірақ, ең маңыздысы, Ехоба бізді рухани жағынан қорғайды. Сүйіспеншілікке толы Құдайымыз рухани зиян шекпеуіміз үшін, бізді қиыншылықтарға төтеп беруге және өзімен қарым-қатынасымызды сақтауға қажетті нәрселердің бәрімен қамтамасыз ету арқылы қорғап отыр. Осылайша Ехоба бізді бірнеше жылға ғана емес, мәңгілік өмір үшін аман сақтайды. Бізді рухани жағынан қорғайтын Құдай ұйымдастырған кейбір шараларды қарастырып көрейік.

19. Ехобаның рухы басымызға түскен қиыншылықтарға төтеп беруімізге қалай көмектеседі?

19 Ехоба дұғамызды естиді (Забур 64:3). Өмірдің қысымы төтеп бере алмастай көрінген шақтарда, көңіліміздегінің бәрін оған ашып айтар болсақ, үлкен жеңілдік сезінеміз (Філіпіліктерге 4:6, 7). Құдай қиыншылықтарымызды керемет түрде шешіп жібермейтін де шығар, бірақ ол жүректен шыққан дұғаларымызға жауап ретінде даналық сыйлай алады (Жақып 1:5, 6). Ехоба бұнымен шектеліп қана қоймайды, өзінен сұрағандарға киелі рух та береді (Лұқа 11:13). Бұл зор рух басымызға түскен қиыншылықтарға төтеп беруімізге көмектеседі. Ехоба жақында орнайтын жаңа дүниесінде жанға бататын барлық қиыншылықтарды жоймайынша, бізге оларға төтеп беруіміз үшін ‘шексіз зор құдірет’ бере алады (Қорынттықтарға 2-хат 4:7).

20. Ехоба қорғайтын күшін бауырластар арқылы қалай көрсетуі мүмкін?

20 Кейде Ехоба қорғайтын күшін бір сенімдегілер арқылы көрсетуі мүмкін. Ол өз халқын дүниежүзілік бауырластық етіп біріктірген (Петірдің 1-хаты 2:17; Жохан 6:44). Олардың арасындағы жылы қарым-қатынас — Құдайдың киелі рухының игілікті әсерінің керемет дәлелі. Киелі рух біздің бойымызда сүйіспеншілік, қайырымдылық, кеңпейілділік сияқты тартымды қасиеттерден тұратын жемісін дамытады (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Сондықтан қамығып жүргенімізде, бауырластарымыз қамқорлықпен тиімді кеңес берсе немесе өте қажетті жігерлендіретін сөздер айтса, Ехобаның осылайша қамқорлықпен қорғап жатқанына ризашылық білдіруімізге болады.

21. а) Қалай Ехоба “адал да ақылды құл” арқылы уақтылы рухани ас-сумен қамтамасыз етіп отыр? ә) Ехобаның рухани жағынан қорғау үшін жасап отырған шараларының қандай пайдасын көріп жүрсің?

21 Ехобаның бізді қорғайтын тағы да бір жолы бар. Бұл — уақтылы берілетін рухани ас-су. Өзінің Сөзі арқылы нығаюымызға көмектесу үшін, Ехоба рухани ас-суды таратып отыруға “адал да ақылды құлды” тағайындаған. Құл табы “Күзет мұнарасы” және “Ояныңдар!” сияқты басылымдар, сондай-ақ jw.org сайтымыз, қауым кездесулері, конгрестер арқылы нені және қашан қажет ететінімізді біліп, ‘ас-суымызды уақтылы беріп’ отырады (Матай 24:45, ЖД). Мәсіхшілердің қауым кездесуінде, біреудің түсініктемесінен, баяндамадан немесе дұғада айтылған сөздерден болсын, тап өзіңе қажетті күш пен жігер алған кезің болған ба? Біздің журналдарымыздағы қандай да бір мақала қатты әсер етіп, бүкіл өміріңді өзгерткен бе? Осының бәрін Ехоба бізді рухани жағынан қорғау үшін істеп отырғанын есіңде ұста.

22. Ехоба құтқаратын күшін әрдайым қалай қолданады және неге бұл біздің игілігімізге асады?

22 Расында да, Ехоба — “өзінен пана іздейтіндердің бәріне қалқан” (Забур 18:30, ЖД; [17:31]). Ол өзінің күшін бізді бүгіндегі бақытсыздық атаулының бәрінен қорғау үшін қолданбайтынын түсінеміз. Алайда Ехоба құтқаратын күшін әрдайым өз еркін жүзеге асыру үшін қолданады. Ал ақыр соңында бұл оның халқының игілігіне асады. Егер оған жақындап, әрі оның сүйіспеншілігін қабылдай берер болсақ, Ехоба бізге кемелді мәңгілік өмір береді. Осыны жадымызда ұстай отырып, осы дүниеде кезігіп жүрген қайғы-қасіретті уақытша әрі жеңіл деп қарастырамыз (Қорынттықтарға 2-хат 4:17).