Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

8-ТАРАУ

Қайта қалпына келтіретін күш: Ехоба ‘бәрін де жаңадан жаратады’

Қайта қалпына келтіретін күш: Ехоба ‘бәрін де жаңадан жаратады’

1, 2. Адамзат отбасы бүгінде неден айырылуда және бұл бізге қалай әсер етеді?

 КІШКЕНТАЙ бөбек жақсы көретін ойыншығын сындырып не жоғалтып алып, боздап жылап жатыр. Даусы неткен жалынышты! Алайда ата-анасы құрыған затты қалпына келтіргенде, баланың жүзі жайнап шыға келгенін көргенсің бе? Ата-анасы үшін ойыншықты табу немесе жөндей салу оп-оңай болар. Ал балақай таң-тамаша, бақытында шек жоқ. Өйткені мәңгіге құрыған нәрсе қалпына келтірілді ғой!

2 Ең керемет Әке Ехобаның адами балалары мәңгіге айырылғандай көретін нәрселерді қалпына келтіретін күші бар. Әрине, мұнда әңгіме жай ғана ойыншық жайында емес. Қазіргі ‘қиын-қыстау күндерде’ біз әлдеқайда үлкен нәрселерден айырылудамыз (Тімотеге 2-хат 3:1—5). Адам бағалы деп есептейтін нәрселерге — үй-жай, мал-мүлік, жұмыс, тіпті денсаулыққа — үнемі қатер төніп тұратындай көрінеді. Сондай-ақ қоршаған ортаның бүлініп, нәтижесінде көптеген тіршілік түрлері жойылып кетіп жатқанын көргенде, бойымызды үрей билейтін болар. Алайда ең ауыры — жақсы көрген адамыңның өлімі. Мұндайда тұла бойыңды ішті өртеген өкініш пен дәрменсіздік меңдеп алуы мүмкін (Патшалықтар 2-жазба 18:33).

3. Елшілердің істері 3:21-де жұбаныш беретін қандай болашақ жөнінде айтылған және Ехоба мұны не арқылы жүзеге асырады?

3 Олай болса, Ехобаның қалпына келтіретін күші туралы білу неткен жұбаныш! Өзіміз көретіндей, Құдайдың адами балалары үшін қалпына келтіре алатын әрі келтіретін нәрселерінің көлемінің кеңдігі қайран қалдырады. Киелі кітап Ехобаның еркі ‘барлық нәрсені қалпына келтіру’ екенін көрсетеді (Елшілердің істері 3:21). Бұны жүзеге асыру үшін Ехоба өз Ұлы Иса Мәсіх басқаратын Патшалықты қолданады. Тарихта болған оқиғалардан бұл Патшалықтың 1914 жылы көкте билік етуді бастағанын білеміз a (Матай 24:3—14). Бірақ не нәрсе қалпына келтірілмек? Ехобаның қалпына келтіру үшін жасаған зор әрекеттерінің кейбіреуін қарастырып көрейік. Сондай әрекеттердің біреуін біз көре де, оған атсалыса да аламыз. Ал өзгелері болашақта айрықша кең көлемде жүзеге аспақ.

Таза ғибадаттың қалпына келтірілуі

4, 5. Б. з. б. 607 жылы Құдай халқымен не болды және Ехоба оларға қандай үміт берді?

4 Ехоба қалпына келтіріп қойған нәрсенің бірі — таза ғибадат. Мұның нені білдіретінін терең түсіну үшін, Яһуда патшалығының тарихына қысқаша шолу жасап көрейік. Бұл Ехобаның қалпына келтіретін керемет күшін қалай қолданатынын түсінуімізге көмектеседі (Римдіктерге 15:4).

5 Б. з. б. 607 жылы Иерусалим күйрегенде, адал яһудилердің қандай сезімде болғаны жайлы ойлап көрші. Сүйікті қалалары тас-талқан болып, қабырғалары да құлап жатты. Ал жанға ең қатты батқаны, жер бетінде Ехобаға арналып атқарылатын таза ғибадаттың орталығы болған, Сүлеймен соққан еңселі ғибадатхананың жермен-жексен болғаны еді (Забур 78:1). Аман қалғандары Бабылға құлдыққа айдалды, ал сүйікті отандарының жұрты жабайы аңдардың тұрағына айналды (Еремия 9:11). Адами тұрғыдан қарағанда, бәрі де жоғалғандай көрінген (Забур 136:1). Бірақ Иерусалимнің күйрейтінін күні бұрын айтқан Ехоба алдағы уақытта оны қайта қалпына келтіретініне де үміт берген.

6—8. а) Еврей пайғамбарларының жазбаларында қандай тақырып қайталанып отырады және олар кішігірім көлемде қалай орындалған? ә) Қазіргі уақытта Құдай халқына қатысты осы пайғамбарлықтар қалай орындалуда?

6 Қайта қалпына келтіру еврей пайғамбарларының жазбаларында жиі қайталанатын тақырып болған b. Солар арқылы Ехоба елдерінің қалпына келтіріліп, қайтадан қоныстандырылған құнарлы жер болатынын, ал халқын жабайы аңдардан және жаулардың шабуылынан қорғауды уәде еткен. Ол сол өлкені нағыз жұмақ ретінде суреттеген! (Ишая 65:25; Езекиел 34:25; 36:35) Ал ең бастысы, таза ғибадат қалпына келтіріліп, ғибадатхана да қайта соғылмақ еді (Миха 4:1—5). Осы пайғамбарлықтар құлдықтағы яһудилердің көңілдерінде үміт отын жағып, Бабылдағы 70 жыл бойы құлдықта тар жол тайғақ кешкенде төзімді болуға көмектесті.

7 Ақырында, қайта қалпына келтірілетін уақыт та келіп жетті. Азаттық алып, Иерусалимге оралған яһудилер ондағы Ехобаның ғибадатханасын қайта тұрғызды (Езра 1:1, 2). Олар таза ғибадатты берік ұстанған уақытта, Ехоба батасын төгіп, жерлері мол жеміс беріп, ал елдері гүлдене түсті. Ехоба оларды жаулары мен ондаған жылдар бойы елдерін мекен етіп алған жабайы аңдардан қорғады. Ехобаның қайта қалпына келтіретін күшін көріп, яһудилер қатты қуанса керек! Бірақ бұл қайта қалпына келтіруге қатысты пайғамбарлықтардың алғашқы рет әрі кішкентай көлемде ғана орындалуы еді. Оның анағұрлым үлкен көлемде орындалуы “кейінгі заманда”, яғни күні бұрын уәде етілген Дәуіт патшаның мұрагері таққа отырған біздің заманымызда, жүзеге асу керек-тін (Ишая 2:2—4; 9:6, 7).

8 Иса 1914 жылы көктегі Патшалықтың тағына отырғаннан кейін, көп ұзамай Құдайдың жердегі адал қызметшілерінің рухани қажеттіліктеріне қатысты шаралар жасауды бастады. Парсылық жеңімпаз Кирдің б. з. б. 537 жылы яһудилердің тамтығын азат еткені сияқты, Иса да рухани яһудилердің тамтығын, өз ізбасарларын, “Ұлы Бабылдың”, яғни дүниежүзілік жалған діндер империясының, ықпалынан азат етті (Аян 18:1—5; Римдіктерге 2:29). 1919 жылдан бастап таза ғибадат қалпына келтіріліп, шынайы мәсіхшілердің өмірінен лайықты орын алды (Малахи 3:1—5). Содан бері Ехобаның халқы оның рухани ғибадатханасында, яғни таза ғибадат үшін орнатқан құрылымында, қызмет етуде. Неге бұл бүгінде біз үшін маңызды?

Рухани қалпына келтірудің маңыздылығы

9. Елшілер өлгеннен кейін, мәсіхшілер әлемінің шіркеулері не істеді, бірақ біздің күндерімізде Ехоба қандай әрекет жасады?

9 Тарихқа шолу жасап көрейікші. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер көптеген рухани баталарға ие болған. Бірақ Иса да, елшілер де шынайы ғибадаттың арамдалып, жер бетінен ғайып болатынын алдын ала айтқан (Матай 13:24—30; Елшілердің істері 20:29, 30). Елшілер өлген соң, мәсіхшілер әлемі пайда болды. Оның дінбасылары жалған діннің ілімдері мен салт-жораларын қабылдады. Сондай-ақ олар Құдайға жақындауды мүмкін еместей етіп жіберді: Құдайды адам түсініп болмайтын Үштік ретінде суреттеді, күнәні діни қызметкердің алдына барып мойындауды және Мәриям мен сан алуан “қасиеттілерге” дұға етуді үйретті. Адамдар ғасырлар бойы шындықтан осыншама алшақтап кеткеннен кейін, Ехоба не істеді? Ол діни жалғандық кеңінен етек алған осы құдайсыз дүниенің арасында таза ғибадатты қалпына келтіруді шешіп, өзі іске кірісті! Бұл әрекет қазіргі уақыттағы ең маңызды жайттардың бірі десек, асыра сілтеушілік болмайды.

10, 11. а) Рухани жұмақтың қандай екі қыры бар және мұның бізге қандай қатысы бар? ә) Ехоба рухани жұмаққа қандай адамдарды жинауда және олар қандай мәртебеге ие болады?

10 Осының арқасында мәсіхшілер бүгінде барған сайын жақсарып жатқан рухани жұмақта өмір сүруде. Бұл нені білдіреді? Негізінен, мұның екі қыры бар. Біріншісі шынайы Құдай Ехобаға таза ғибадат етумен байланысты. Ехоба батасын беріп, еш жалғансыз әрі бұрмаланбаған ғибадат орнатып берді. Сонымен қатар рухани ас-сумен де қамтамасыз етіп отыр. Осының арқасында біз көктегі Әкеміз жайлы біліп, оған ұнамды болып әрі жақындай аламыз (Жохан 4:24). Екіншісі рухани жұмақтың адамдардан тұратынына қатысты. Ишаяның ақырғы күндерге қатысты алдын ала айтқан сөздеріне сай, Ехоба өз қызметшілерін татулыққа үйретуде. Біз соғысқа қатыспаймыз. Кемелсіздігімізге қарамастан, Құдай бізді ‘жаңа адам болуға’ үйретіп жатыр. Ол бойымызда керемет қасиеттер дамытатын киелі рухын беру арқылы өзгеруге деген талпынысымызға батасын беруде (Ефестіктерге 4:22—24; Ғалаттықтарға 5:22, 23). Құдайдың киелі рухының әсер етуіне жол берер болсақ, шынымен рухани жұмақтағылардың қатарында боламыз.

11 Ехоба рухани жұмағына өзі сүйетін адамдарды — Құдайды және татулықты сүйетін әрі ‘рухани мұқтаждықтарын мойындайтындарды’ — жинауда (Матай 5:3, ЖД). Мұндай адамдар бүкіл адамзат пен жердің игілігі үшін болатын анағұрлым зор қалпына келтіруді өз көздерімен көру мәртебесіне ие болады.

“Енді бәрін де жаңадан жаратамын”

12, 13. а) Неге қалпына келтіру туралы пайғамбарлықтар әлі басқаша орындалуға тиіс? ә) Едемде белгілі болғандай, Ехобаның жерге қатысты ниеті қандай және неге бұл бізге болашаққа үміт береді?

12 Қалпына келтіру туралы пайғамбарлықтардың көбісі тек рухани нәрселерге ғана қатысты емес. Мысалы, Ишая аурулар, ақсақтар, зағиптар мен саңыраулардың айығатын, тіпті өлім де мәңгілікке жоқ болатын уақыт жайында жазған (Ишая 25:8; 35:1—7). Ежелгі Исраилде мұндай пайғамбарлықтар орындалған жоқ. Бүгінде біз бұл пайғамбарлықтардың рухани мағынада орындалғанын көріп жүрміз, бірақ болашақта олардың тура мағынада әрі үлкен көлемде орындалатынына сенуге толық негіз бар. Мұны қайдан білеміз?

13 Ехоба Едемде жерге қатысты ниетін анық жеткізген: ол жер бетінде бақытты, денсаулығы зор, тату адамзат отбасының өмір сүргенін қалаған. Алғашқы еркек пен әйел жер мен ондағы тіршілік атаулыға қамқорлық етіп, оны түгелдей жұмаққа айналдыруға тиіс еді (Жаратылыс 1:28). Ал бұның жердегі қазіргі ахуалдан айырмашылығы жер мен көктей. Сөйткенмен де Ехобаның ниетінің жүзеге асуына ештеңе кедергі ете алмайтынына сенімді бола аламыз (Ишая 55:10, 11). Иса Ехоба тағайындаған Патша ретінде дүние жүзін Жұмаққа айналдырады (Лұқа 23:43).

14, 15. а) Қалай Ехоба “бәрін де жаңадан” жаратады? ә) Жұмақтағы өмір қандай болады және сен үшін ең тартымды нәрсе не?

14 Ойлап көрші, бүкіл жер беті Жұмаққа айналады! Ехоба сол уақыт жөнінде: “Енді бәрін де жаңадан жаратамын”,— деген (Аян 21:5). Мұның нені білдіретінін қарастырып көрейік. Ехоба осы зұлым дүниеге қарсы жоюшы күшін қолдануды тоқтатқанда, тек ‘жаңа аспан мен жаңа жер’ аман қалады. Бұл Ехобаны сүйетін әрі оның еркін орындайтын адамдардан құралған жердегі жаңа қоғамға көктен жаңа үкімет билік етеді дегенді білдіреді (Петірдің 2-хаты 3:13). Шайтан жындарымен қоса әрекетсіз күйде болады (Аян 20:3). Мыңдаған жылдар бойы зымияндық пен зұлымдықтан зардап шегіп келген адамзат олардан алғашқы рет босайды. Сонда адам қандай жеңілдік сезінеді десеңші!

15 Ақырында, бастапқы ниетке сай, сұлу планетамызға қамқорлық ететін боламыз. Жер, негізінде, өз-өзін қалпына келтіре алатындай етіп жаратылған. Егер ластайтын нәрселердің көзі құртылса, көлдер мен өзендер өздерін қайта тазарта алады; соғыстар тоқтаса, бүлінген жер қыртысы қалпына келеді. Қоршаған ортаның табиғи заңдарымен үйлесе отырып, жерді саябаққа, сан алуан тіршілік түрлеріне толған дүниежүзілік Едем бағына айналдыруға атсалысу неткен жанға жағымды жұмыс! Адам баласы жер бетіндегі жануарлар мен өсімдік түрлерін ойланбастан жоя бермейтін болады, қайта, тіршілік атаулының арасында тыныштық орнайды. Тіпті балалар да жыртқыш аңдардан қорықпайтын болады (Ишая 9:6, 7; 11:1—9).

16. Жұмақта барлық адамға қатысты қандай қалпына келтіру болады?

16 Ехобаның қайта қалпына келтіретін күшін өз бойымыздан да сезінетін боламыз. Һар-Магедоннан кейін аман қалғандар дүние жүзі бойынша адамдардың керемет түрде ауруларынан айығып жатқандарының куәсі болады. Иса жерде болғанда, Құдай берген күшін зағиптардың көзін, саңыраулардың құлағын ашу үшін, ақсақтар мен мүгедектерді сауықтыру үшін қолданғанындай, болашақта да тап солай ететін болады (Матай 15:30). Егде тартқандарға жас кезіндегі күші мен денсаулығының, жігер-қайратының қалпына келуі қуаныш сыйлайды (Әйүп 33:25). Олардың әжімдері жазылып, буындарына қуат бітіп, бұлшық еттері икемге келіп, бойларына жаңа күш енеді. Адал адамдардың бәрі күнә мен кемелсіздіктің әсері жаймен әлсіреп, ғайып болғанын сезінетін болады. Ехоба Құдайдың қалпына келтіретін керемет күшін осылай қолданғанына қаншалықты риза боламыз десеңдерші! Ал енді жүрекке ерекше жылу беретін бір жайтқа көңіл бөлейік.

Өлілердің қайта тірілуі

17, 18. а) Иса саддукейлерді не үшін айыптады? ә) Қандай жағдай Ілиястың Ехобадан қайта тірілтуді сұрауына себеп болды?

17 Бірінші ғасырда саддукейлер деп аталатын дінбасылар тобы қайта тірілуге сенбеген. Иса оларды: “Киелі жазбаларды және Құдайдың құдіретін ұқпағандықтан жаңылып жүрсіңдер!”— деп айыптады (Матай 22:29). Иә, Жазбаларда Ехобаның қайта тірілту арқылы қалпына келтіретін күші бар екендігі ашылады. Мұны қалай түсінуге болады?

18 Ілиястың заманында не болғанын көз алдыңа елестетіп көрші. Жесір әйел жалғыз баласының сұлық жатқан денесін ұстап отыр. Бала өлі. Біраздан бері сол үйде қонақ болып жүрген Ілияс пайғамбарға бұл төбесінен жай түскендей әсер етсе керек. Бұдан алдын оның осы баланың аштықтан аман қалуына септігі тиген еді. Ілияс сол қарғадай баланы жақсы көрген шығар. Ал анасының жүрегі қарс айырылды. Ол марқұм күйеуінің көзіндей болған жалғызы еді. Қартайғанда қамқорлық ететін осы бала деп үміттенген де шығар. Қайғы меңдеген жесір әйел бұрынғы күнәм үшін жазаланып жатырмын ба деп те қорықты. Ілияс қайғыға қайғы қосылғанына қарап тұра алмады. Ол абайлап баланың денесін анасының бауырынан алып, жоғарыдағы бөлмесіне апарады да, Ехобадан баланың бойына қайта жан кіргізуін, немесе өмір беруін, сұрайды (Патшалықтар 3-жазба 17:8—21).

19, 20. а) Ыбырайым Ехобаның қалпына келтіретін күшіне сенетінін қалай көрсетті және оның сенімі неге негізделген еді? ә) Ехоба Ілиястың сеніміне қалай батасын берді?

19 Қайта тірілуге сенген бірінші адам Ілияс емес. Бұдан ғасырлар бұрын Ехобаның осылайша қалпына келтіретін күші бар екеніне Ыбырайым сенген, әрі оның сенуіне келелі себеп те бар еді. Ыбырайым жүз, ал Сара 90 жаста болғанда, Ехоба керемет түрде Сараны ұл таба алатындай етіп, олардың балалы болу мүмкіндіктерін қалпына келтірді (Жаратылыс 17:17; 21:2, 3). Кейінірек, бала әбден өскенде, Ехоба Ыбырайымнан оны құрбандыққа шалуын сұрады. Ыбырайым сүйікті ұлы Ысқақты Ехоба қайта тірілте алады деп ойлап, сенім танытады (Еврейлерге 11:17—19). Иә, Ыбырайымның қайта тірілуге деген сенімі берік болған. Бұл баласын құрбандыққа шалу үшін тауға көтерілмес бұрын, қызметшілеріне Ысқақ екеуі де қайта оралатынын сенімді түрде айтқанынан көрінеді (Жаратылыс 22:5).

Қара, ұлың тірі!

20 Бірақ оны қайта тірілтудің қажеті болмады, өйткені Ехоба Ысқақты аман алып қалды. Ал Ілиястың жағдайында жесір әйелдің баласы өліп қалған еді, бірақ өлі күйде ұзақ болған жоқ. Ехоба пайғамбардың сеніміне батасын беріп, баланы қайта тірілтті! Содан Ілияс баланы анасына тапсырып жатып: “Қара, ұлың тірі”,— деген ұмытылмас сөздерді айтты. (Патшалықтар 3-жазба 17:22—24)

21, 22. а) Киелі кітапта қайта тірілу туралы оқиғалар не үшін жазылған? ә) Жұмақтағы қайта тірілу қаншалықты көлемді болмақ және оны кім жүзеге асырады?

21 Бұл — Киелі кітаптағы Ехобаның адамды өмірге қайтару үшін өз күшін қолданғанын көрсететін бірінші оқиға. Ал кейінірек Ехоба Елішә, Иса, Пауыл және Петірге де өлілерді қайта тірілтуге күш берген. Әрине, қайта тірілгендер ақырында бәрібір өлген. Десе де Киелі кітапта жазылған мұндай оқиғалар біз үшін алдағы керемет оқиғалардың нышаны болып табылады.

22 Жұмақта Иса “қайта тірілу мен шынайы өмір” ретіндегі рөлін атқарады (Жохан 11:25). Ол сансыз көп адамдарды қайта тірілтіп, жердегі Жұмақта мәңгі өмір сүруге мүмкіндік береді (Жохан 5:28, 29). Өлім ұзақ уақытқа ажыратқан сүйікті достар мен туыс адамдардың қуаныштары қойындарына сыймай бір-бірін құшақтап жатқандарын көз алдыңа елестетші! Сонда бүкіл адамзат қалпына келтіретін күшін осылай қолданғаны үшін Ехобаны дәріптейтін болады.

23. Ехоба өз күшін айрықша түрде қалай паш етті және қалайша бұл болашағымызға кепілдік береді?

23 Ехоба осындай уәдесінің беріктігіне ерекше түрде кепілдік берді. Ол Исаны дәрежесі жағынан өзінен ғана төмен етіп, зор рухани жаратылыс ретінде қайта тірілту арқылы күшін айрықша паш етті. Қайта тірілген Иса жүздеген адамға көрінген (Қорынттықтарға 1-хат 15:5, 6). Тіпті скептиктер үшін осы дәлелдің өзі жеткілікті болу керек еді. Ехобаның адамды өмірге қайтара алатын күші бар.

24. Ехобаның өлілерді қайта тірілтетініне неге біз сенімді бола аламыз және әрқайсысымыздың қандай үмітті бағалағанымыз дұрыс?

24 Ехобаның қайта тірілте алатын күші ғана емес, солай етуге ыстық ықыласы да бар. Адал кісі Әйүп киелі рухтың жетелеуімен Ехобаның өлілерді қайта өмірге әкелуді “аңсайтынын” айтқан (Әйүп 14:15, ЖД). Қайта қалпына келтіретін күшін осылайша сүйіспеншілікпен қолдануға зор ықыласы бар Құдайымызға жақындауды қалайды емессің бе? Алайда өлілерді қайта тірілту Ехобаның қалпына келтіретін зор күшін болашақта қалай қолданатынының бір ғана қыры екенін ұмытпа. Ехобаға жақындай түсіп, оның ‘бәрін де жаңадан жарататынын’ көре алатыныңа деген үмітіңді бағалай бер (Аян 21:5).

a ‘Барлық нәрсе қалпына келетін уақыт’ адал патша Дәуіттің мұрагері таққа отырып, Мәсіхтің патшалығы орнағанда басталған. Ехоба Дәуітке мұрагерінің мәңгі билік ететінін уәде еткен (Забур 88:36—38). Бірақ б. з. б. 607 жылы бабылдықтар Иерусалимді күйреткеннен кейін, Құдай тағына Дәуіттің ұрпағы отырмаған. Соңынан Дәуіттің мұрагері ретінде жерде адам болып туылған Иса көктегі таққа отырғанда, көптен күткен Патша болды.

b Мұса, Ишая, Еремия, Езекиел, Ошия, Жоел, Амос, Абадия, Миха және Софония сияқты пайғамбарлардың бәрі осы тақырыпты өрбіткен.