Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

10-ТАРАУ

Күштеріңді қолданғанда “Құдайдан үлгі алыңдар”

Күштеріңді қолданғанда “Құдайдан үлгі алыңдар”

1. Кемелсіз адамдардың қандай тұзаққа түсіп қалуы оп-оңай?

 “БИЛІККЕ жеткен тұзаққа түсер”. Бұл сөздерді ХІХ ғасырдың бір ақыны жазған. Ол бұнысымен әрбір билік иесі үшін оны бұрыс қолдану қаупі бар екеніне көңіл аударған. Өкінішке орай, кемелсіз адамдардың бәрінің осы тұзаққа түсіп қалуы оп-оңай. Иә, адамзат тарихы бойы адам ‘адамға зиян келтіре отырып, әмір жүргізіп’ келеді (Екклесиаст 8:9). Сүйіспеншіліктен ада билік адам баласын айтып болмайтын қасіретке ұшыратқан.

2, 3. а) Ехобаның күшін қолдануында не нәрсе керемет? ә) Біздің қандай күшіміз бар және оны қалай қолдануымыз керек?

2 Ехоба Құдай шексіз күш пен биліктің иесі бола тұра, мұны ешқашан теріс қолданбайтыны керемет емес пе?! Алдыңғы тараулардан байқағанымыздай, ол өз күшін — жасампаз, жоюшы, қорғайтын және қайта қалпына келтіретін күшін — әрқашан сүйіспеншілікке толы ниетіне сай қолданады. Ехобаның өз күшін қалай қолданатыны туралы ой жүгірткенде, оған жақындауға деген ықылас пайда болады. Ал бұл, өз кезегінде, күшімізді қолданғанда ‘Құдайдан үлгі алуға’ талпындырады (Ефестіктерге 5:1). Бірақ жұмыр басты пендеде қандай күш бар?

3 Адам баласының Құдайға “рухани жағынан ұқсас” етіп жаратылғанын есіңе алшы (Жаратылыс 1:26, 27). Сондықтан біздің де азды-көпті күшіміз бар. Ол біздің қандай да бір істі атқару қабілетімізден; өзгелерге жүргізетін билігіміз не ықпалымыздан; өзге адамдарға, әсіресе өзімізді сүйетін адамдарға, әсер ете алатындығымыздан; сондай-ақ қажыр-қайратымыз бен қолдағы мал-мүлкімізден көрінеді. Ехобаға қатысты забур жыршысы: “Өмірдің қайнар көзі сенде”,— деген (Забур 35:10). Демек, біздің күшіміз, тікелей не жанама түрде, Құдайдан келеді. Сондықтан оны Құдайға ұнайтындай етіп қолдануды қалаймыз. Ол үшін не істеу керек?

Ең бастысы — сүйіспеншілік

4, 5. а) Күшті дұрыс қолданудың көзі неде және Құдайдың өз үлгісінен бұл қалай көрінеді? ә) Қалай сүйіспеншілік күшімізді дұрыс қолдануға көмектеседі?

4 Күшті дұрыс қолданудың кілті — сүйіспеншілік. Құдайдың өз үлгісінен осыны көрмейміз бе? Бірінші тарауда Құдайдың басты төрт қасиетін — күшін, әділдігін, даналығы мен сүйіспеншілігін — талқылағанымызды есіңе алшы. Осылардың ең маңыздысы қайсысы? Сүйіспеншілік. Жоханның 1-хатының 4:8-тармағында: “Құдай — сүйіспеншілік”,— делінген. Иә, Ехоба — сүйіспеншіліктің нақ бейнесі. Оның барлық істеріне сүйіспеншілік қозғау салады. Сондықтан оның сүйіспеншілігі күшін қолдануға да түрткі болып, ақырында бұл өзін сүйетіндердің игілігіне асады.

5 Сүйіспеншілік бізге де күшімізді дұрыс қолдануға көмектеседі. Киелі кітапта сүйіспеншіліктің “мейірімді” әрі “өзімшіл” емес екені айтылған ғой (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5). Сондықтан біреуге билігіміз жүретін болса, сүйіспеншілік оларға дөрекілік жасап, мейірімсіздік көрсетуден аулақ етеді. Оның орнына, біз өзгелерді сыйлап, олардың қажеттіліктері мен сезімдерін өзіміздікінен жоғары қоямыз (Філіпіліктерге 2:3, 4).

6, 7. а) Құдайдан қорқу деген не және неге бұл қасиет күшімізді теріс қолданудан аулақ болуымызға көмектеседі? ә) Құдайға ұнамсыз болудан қорқу мен оған деген сүйіспеншіліктің байланысын мысал арқылы түсіндір.

6 Сүйіспеншіліктің күшімізді теріс қолданудан аулақ болуымызға көмектесетін тағы бір қасиетпен байланысы бар. Бұл — Құдайдан қорқу. Біз үшін ол қаншалықты маңызды? Нақыл сөздер 8:13-те: “Жаратқанды қастерлеп, мойынсұну, [“Ехобадан қорқу”, ЖД], Бұл — жамандық атаулыны жек көру”,— делінген. Күшті теріс қолдану біз жек көруге тиіс жамандық атаулыға жататыны сөзсіз. Құдайдан қорқу билігіміз жүретін адамдарға өктемдік етуден аулақ етеді. Неге бұлай дейміз? Ең басты жайт, біз мұндай адамдарға қатысты қалай әрекет еткеніміз үшін, Құдай алдында есеп беретінімізді білеміз (Нехемия 5:1—7, 15). Бірақ Құдайдан қорқудың басқа да қыры бар. Түпнұсқа тілінен “қорқу” деп аударылған сөз жиі Құдайды айрықша құрметтеу немесе терең қастерлеу деген ойға нұсқайды. Сондықтан Киелі кітапта қорқыныш пен Құдайға деген сүйіспеншіліктің арасында байланыс бар екені көрсетіледі (Заңды қайталау 10:12, 13). Айрықша құрметтеу Құдайға ұнамсыз болудан қорқуды білдіреді. Мұндай қорқыныш жазадан шошынғандықтан емес, Оны шынымен сүйгендіктен туады.

7 Әкесімен жақсы қарым-қатынастағы кішкентай балақай жайлы ойлап көрші. Бала әкесінің өзіне деген мейірімі мен сүйіспеншілікпен қамын ойлайтынын сезеді. Сөйте тұра, ол әкесінің не талап ететінін, сондай-ақ бұзықтық жасаса, жөнге салатынын да біледі. Бірақ бала әкесінен жан ұшыра қорықпайды. Қайта, оны бар көңілімен жақсы көреді. Әрекеті әкесінің көңілінен шықса, бүлдіршін мәз-мейрам болады. Құдайдан қорқу жөнінде де осылай деуге болады. Біз Көктегі Әкеміз Ехобаны жақсы көргендіктен, оның көңілін түсіретін кез келген әрекеттен шошынамыз (Жаратылыс 6:6). Мұндай әрекеттің орнына, қайта, оны қуантуға ынтық боламыз (Нақыл сөздер 27:11). Міне, осындай себептермен күшімізді дұрыс қолданғымыз келеді. Мұны қалай істеуге болатындығының жолдарын қарастырып көрейік.

Отбасында

8. а) Отағасының қандай билігі бар және ол оны қалай қолданады? ә) Күйеуі әйелін құрметтейтінін қалай көрсетеді?

8 Алдымен, отбасына көңіл бөлейік. Ефестіктерге 5:23-те ‘еркек әйелдің “басы”’ екендігі айтылған. Отағалары Құдай берген билігін қалай қолданады? Киелі кітапта күйеулердің өз әйелдерін ‘алған білімдеріне сәйкес нәзік ыдыстай құрметтеулері’ керек екені айтылған (Петірдің 1-хаты 3:7, ЖД). Мұндағы “құрметтеу” деп аударылған грек сөзі “мадақтау, бағалау... сыйлау” дегенді білдіреді. Бұл сөз бірде ‘ерекше қымбат “Тас”’ деп те аударылған (Петірдің 1-хаты 2:7). Әйелін құрметтейтін кісі ешқашан оған қол көтермейді, сондай-ақ кемсітіп не қорлап мысын баспайды. Қайта, жарын бағалап, сыйлайды. Ол сөзімен де, ісімен де, мейлі, оңашада не жұрттың көзінше болсын, әйелінің өзі үшін қымбат екенін көрсетеді (Нақыл сөздер 31:28). Мұндай күйеу әйелінің сүйіспеншілігі мен құрметіне ие болып қана қоймайды, одан да маңыздысы, ол Құдайға ұнамды болады.

Ізгі хабарды тарату — күшімізді қолданудың ең керемет жолы

9. а) Отбасында әйелдің қандай ықпалы бар? ә) Әйелдің өз қабілеттерін күйеуін қолдау үшін пайдалануына не көмектеседі және мұның нәтижесі қандай болады?

9 Әйелдің де отбасында белгілі бір ықпалы бар. Киелі кітапта басшылық принципін бұзбай, бірінші болып әрекет етіп, күйеулеріне жақсы жағынан әсер еткен немесе оларға теріс көзқарастан аулақ болуға көмектескен Құдайға ұнамды әйелдер жөнінде әңгімеленеді (Жаратылыс 21:9—12; 27:46—28:2). Әйелінің күйеуіне қарағанда зердесі жүйрік болуы мүмкін немесе бойында күйеуінен табылмайтын қабілеттер бар шығар. Сөйтсе де ол күйеуін барынша “кұрметтеп”, оған “Иемізге мойынсұнғандай” бойсұнады (Ефестіктерге 5:22, 33). Әйелдің Құдайға ұнамды болуды жадында ұстағаны күйеуінің беделін түсірудің немесе оған өктемдік етуге тырысудың орнына, өз қабілеттерін жұбайын қолдау үшін пайдалануына көмектеседі. Осылайша күйеуімен бірлесе әрекет ететін нағыз ақылды әйел отбасын өркендетеді. Ал бұл, өз кезегінде, Құдаймен тату болуына ықпал етеді (Нақыл сөздер 14:1).

10. а) Құдай ата-аналарға қандай билік берген? ә) “Нұсқау беру” деген нені білдіреді және балаға қалай нұсқау беруге болады? (Сілтемеге де қара)

10 Сонымен қатар Құдай ата-аналарға да билік берген. Киелі кітап мынаған шақырады: “Әкелер, балаларыңа шамасы келмейтін талап қойып, ашуландырмай, Иеміздің тәлімімен нұсқауын беріп, тәрбиелеңдер!” (Ефестіктерге 6:4, сілтемені қара) Киелі кітаптағы “нұсқау беру” деген сөз “тәлім беру, жөн сілтеу, тәрбиелеуді” білдіруі мүмкін. Бала осыған мұқтаж, ол анық нұсқаулар беріліп, нақты шектеулер қойылып отырғанда ғана бақытты әрі келешегіне сенімді болады. Киелі кітапта осылай нұсқау беру, немесе тәрбиелеу, сүйіспеншілікпен жүзеге асырылу керектігі айтылған (Нақыл сөздер 13:24). Сондықтан “жөнге салатын шыбық” балаға ешқашан эмоциялық не тәндік жағынан зиян келтірмеу керек a (Нақыл сөздер 22:15, ЖД; 29:15). Сүйіспеншіліктен ада қатаң не дөрекі тәрбие — ата-ананың өз билігін теріс қолданатындығының белгісі, әрі баланың жігерін жасытуы мүмкін (Қолостықтарға 3:21). Ал орнымен жазалап, байыппен тәрбиелеу баланың ата-анасы оны жақсы көретіндігіне және ертеңгі күні қандай адам болатынын ойлайтындарына көзін жеткізеді.

11. Қалай балалар күштерін дұрыс қолдана алады?

11 Ал балалар жөнінде не деуге болады? Олар да өз күштерін дұрыс қолдана ала ма? Нақыл сөздер 20:29-да: “Жастардың мақтанары — күш-қуаты”,— делінген. Расында да, жастарға бар қажыр-қайраты мен күш-жігерін Жаратушымызға қызмет ету үшін қолданудан артық өмір жолы жоқ (Екклесиаст 12:1). Жастар іс-әрекеттері ата-аналарының сезімдеріне әсер ететінін есте ұстаулары керек (Нақыл сөздер 23:24, 25). Балалар Құдайдан қорқатын ата-аналарына бойсұнып, дұрыс бағыттан ауытқымайтын болса, олардың жүректерін қуанышқа бөлейді (Ефестіктерге 6:1). Олардың осылай еткендері ‘Иемізге ұнайды’ (Қолостықтарға 3:20).

Қауымда

12, 13. а) Ақсақалдар қауымдағы биліктеріне қатысты қандай көзқараста болулары керек? ә) Ақсақалдар әрбір бауырласты не себепті аялап күту керектігін мысалмен түсіндір.

12 Ехоба мәсіхшілер қауымында басшылықты қолдарына алатын бақылаушылар болу үшін қам жасаған (Еврейлерге 13:17). Осы рухани толысқан ер кісілер Құдай берген биліктерін қауымға қолғабыс ету үшін және отардың игілігі үшін қолданулары керек. Олардың билігі бауырластарына өктемдік етуге құқық бере ме? Әрине, жоқ! Ақсақалдар қауымда алатын орындарына байсалды әрі кішіпейілділікпен қараулары керек (Петірдің 1-хаты 5:2, 3). Киелі кітапта бақылаушыларға: “Құдай өз Ұлының қанымен меншігіне алған қауымына бақташы болып жүргейсіңдер!”— делінген (Елшілердің істері 20:28, сілтемені қара). Бұл — әрбір бауырласты аялап күтудің келелі себебі.

13 Мысалы, жақын досың өзі ерекше бағалайтын бір затын саған аманаттап кетті делік. Сен досыңның оны өте қымбат бағаға алғанын да білесің. Олай болса, бүлдіріп алмау үшін оны ерекше күтіп ұстайды емессің бе? Тап сол сияқты Құдай өзі шынымен бағалайтын меншігін, қойға теңелетін халқынан тұратын қауымды, ақсақалдардың жауапкершілігіне тапсырды (Жохан 21:16, 17). Ехоба өз қойларын өте бағалайды. Оларды бағалағаны соншалық — жалғыз Ұлы Иса Мәсіхтің құнды қанымен сатып алған. Ехоба қойларына бұдан жоғары құн төлей алар ма еді!? Кішіпейіл ақсақалдар осыны естерінде ұстай отырып, соған сай әрекет етеді.

Тілдің билігі

14. Тілдің қандай билігі бар?

14 Киелі кітапта: “Тілде өмір мен өлімнің билігі болар”,— делінген (Нақыл сөздер 18:21). Тіл көп зиян келтіруі мүмкін. Біреудің ойланбай айтқан не қыршаңқы сөзі кімнің жанын ауыртпаған дейсің? Бірақ тілдің шипа болатын да күші бар. Нақыл сөздер 12:18-де: “Дана тілімен жан жарасын сауықтырар”,— делінген. Иә, жігер беретін жақсы сөздер жанға шипа, дертті жүрекке дауа болады. Кейбір мысалдарды қарастырып көрейік.

15, 16. Қалайша тілімізді өзгелерді жігерлендіру үшін қолдануға болады?

15 Салониқалықтарға 1-хат 5:14-те (ЖД) жазылған сөздер: “Жаны күйзелгендерді жұбатыңдар”,— деп шақырады. Ехобаның адал қызметшілері де кейде жан күйзелісіне түсіп жатады. Оларға қалай көмектесуге болады? Шын жүректен мақтау сөздер айтып, Ехоба үшін бағалы екендерін сезінулеріне көмектес. Ехобаның “жүрегі жаралы”, ‘еңсесі түскен’ жандардың күйін ойлайтынын әрі оларды сүйетінін көрсететін Киелі кітаптағы әсерлі сөздерді естеріне сал (Забур 34:18, ЖД; [33:19]). Тіліміздің билігін өзгелерді жұбату үшін қолданатын болсақ, “еңсесі түскендерді жігерлендіретін” жанашыр Құдайымызға еліктейтінімізді көрсетеміз (Қорынттықтарға 2-хат 7:6).

16 Тіліміздің билігін жылы сөзге зәру болып жүргендерді жігерлендіру үшін де қолдануымызға болады. Қандай да бір бауырлас жақынынан айырылса, жанашырлықпен айтылған сөздер оның қамын ойлайтынымызды көрсетіп, қайғы-мұңға батқан жүрегіне жұбаныш береді. Егде бауырлас өзін түкке тұрғысыз сезініп жүрген болса, көңіл бөліп, жанға жағымды сөздер айтсақ, өзін қажетті де бағалы сезініп, көңілі өсіп қалады. Әлдекім созылмалы аурудан жапа шегіп жүрсе, телефон соғу, хат жазу арқылы не жеке кездескенде, мейіріммен айтқан сөздеріміз рухын көтеріп тастайды. Қызыл тілдің күшін бауырластарымыздың ‘сенімдерін жетілдіру’ үшін қолданғанымыз Жаратушымызды барынша қуантатын болу керек! (Ефестіктерге 4:29)

17. Басқалардың игілігі үшін тілімізді қандай маңызды іс үшін қолдануымызға болады және неге солай етуіміз керек?

17 Тілдің билігін қолданудың анағұрлым маңызды жолы — Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды тарату. Нақыл сөздер 3:27-де: “Қолыңнан келіп тұрғанда мұқтаждарға Жақсылық көрсет, соған лайық жандарға”,— делінген. Аман қалуға мүмкіндік беретін ізгі хабарды өзгелерге жеткізу — біздің міндетіміз. Ехоба бізге кеңпейілділікпен ашқан жайтты өзгелерден жасырып қалғанымыз дұрыс болмас еді (Қорынттықтарға 1-хат 9:16, 22). Бірақ ол бізден бұл жұмысты қай шамада атқарады деп күтеді?

Ерлі-зайыптылар бір-бірін сыйлап, әрі сүйіспеншілікпен әрекет ету арқылы күштерін дұрыс қолданады

Ехобаға ‘бар күш-қуатымызбен’ қызмет ету

18. Ехоба бізден не күтеді?

18 Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз қызметімізді барынша толық атқаруға талпындырады. Сонда ол бізден не күтеді? Жағдайымыздың қандай екеніне қарамастан, бәріміздің де қолымыздан келетін бір нәрсе бар. Ол — ‘қандай жұмыс болса да, оны адам баласы үшін ғана емес, Иеміз үшін істеп жүргендей жан-тәнімізбен атқару’ (Қолостықтарға 3:23). Иса ең басты өсиеттегі сөздерді келтіріп, былай деген: “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен, бар күш-қуатыңмен сүй!” (Марқа 12:30) Иә, Ехоба әрқайсымыздан өзін сүйеді, әрі бүкіл жан дүниесімен қызмет етеді деп күтеді.

19, 20. а) Жан деген сөздің өзі жүрек, ақыл-ой, күш-қуат дегенді қамтитын болса, Марқа 12:30-да мұның барлығы не үшін жеке-жеке айтылған? ә) Ехобаға жан дүниеңмен қызмет ету деген нені білдіреді?

19 Құдайға бүкіл жан дүниеңмен қызмет ету деген нені білдіреді? Жан деген адамның, барлық тәндік ерекшеліктері мен ой-санасын қоса алғанда, тұтас болмысын білдіреді. Жан деген сөздің өзі жүрек, ақыл-ой, күш-қуат дегенді қамтитын болса, Марқа 12:30-да мұның барлығы не үшін жеке-жеке айтылған? Мысалы: Киелі кітап заманында адам өзін (жанын) құлдыққа сатып жібере алатын. Бірақ құл қожайынына бар көңілімен қызмет етпеуі, сондай-ақ оның мүддесі үшін бар күшін немесе бар ой-санасын жұмсамауы мүмкін еді (Қолостықтарға 3:22). Сондықтан Иса біз Құдайға қызмет еткенде, барымызды сарқып беруіміз керектігіне ерекше көңіл бөлу үшін солай еткен болу керек. Құдайға бүкіл жан дүниеңмен қызмет ету деген мүмкіндігінше бар күшіміз бен қажыр-қайратымызды еш қалдықсыз, толығымен қызметке арнауды білдіреді.

20 Бүкіл жан дүниеңмен қызмет ету деген бәріміз уағызға бірдей сағат пен күш жұмсауымыз керек дегенді білдіре ме? Бұлай ету мүмкін емес, өйткені әрбір адамның жағдайы мен мүмкіндігі әр түрлі. Мысалы, денсаулығы зор, күші тасып тұрған жастар жасы ұлғайып, қайратынан айырыла бастаған бауырластарға қарағанда ұзағынан уағыздай беретін шығар. Отбасы жауапкершіліктері барларға қарағанда салт бастылар көбірек іс атқара алатын болар. Жағдайымыздың ыңғайы келіп, әрі бойымызда күш-қуат болып, қызметке көбірек атсалыса алатын болсақ, соған риза болуымыз керек емес пе! Бұл мәселеде біз өзімізді өзгелермен салыстырып, сыншыл рух танытқымыз келмейді (Римдіктерге 14:10—12). Қайта, қажыр-қайратымызды басқаларды жігерлендіруге арнауды қалаймыз.

21. Күшімізді қолданудың ең жақсы әрі маңызды жолы қандай?

21 Ехоба күшті дұрыс қолдануда кемелді үлгі қалдырған. Кемелсіз адам ретінде біз қолымыздан келгенше оның үлгісіне еліктегіміз келеді. Біреуге билігіміз жүретін болса, оларды сыйлау арқылы күшімізді дұрыс қолдануымызға болады. Бұған қоса, Ехоба тапсырған уағыздау ісін бар жан дүниемізбен атқаруды қалаймыз (Римдіктерге 10:13, 14). Есіңде болсын, сен (яғни сенің жаның) қолыңнан келгенін беріп жүрсең, Ехоба қуанады. Өзімізді түсінетін әрі сүйетін осындай Құдайға қызмет еткенде, жүрегіміз бізді барымызды салуға талпындырады емес пе? Күшімізді қолданудың бұдан артық немесе маңызды жолы жоқ.

a Ертеде “шыбық” деген еврей сөзі қойшының малға бағыт беріп, айдау үшін қолданатын таяғын білдіретін (Забур 22:4). Сол сияқты ата-ананың билік “шыбығы” да дөрекі не мейірімсіздікпен жазалауды емес, сүйіспеншілікпен жөн сілтеуді білдіреді.