Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

11-ТАРАУ

“Оның жолдарының бәрі әділетті”

“Оның жолдарының бәрі әділетті”

1, 2. а) Қалай Жүсіп барып тұрған әділетсіздіктің құрбаны болды? ә) Қалай Иеһова әділдік орнатты?

 БҰЛ барып тұрған әділетсіздік еді. Келбетті жас жігіт ешқандай қылмыс істемесе де, зорлық жасағысы келді деген жалған айып тағылып, түрмеге жабылады. Бірақ ол әділетсіздікпен бірінші рет кездесіп отырған жоқ болатын. Бұрынырақта Жүсіп деген осы жас жігітке он жеті жасар кезінде оған туған бауырлары опасыздық жасап, тіпті өлтіріп тастауға шақ қалған. Содан ол жат елге құлдыққа сатылып кете барады. Сол жерде қожайынының әйелі қайта-қайта мазалап, азғындық жасауды ұсынады, бірақ ол көнбейді. Қорланып қалған әйел жалған айып тағып, содан Жүсіп түрмеге жаптырылған еді. Бір өкініштісі, Жүсіпті қолдайтын ешкім жоқ сияқты көрінеді.

2 Алайда мұның бәрін ‘әділдік пен туралықты сүйетін’ Құдай көріп тұрды (Забур 33:5, ЖД [32:5]). Иеһова әділдік орнату үшін жағдайдың барысын ақырында Жүсіп бостандық алатындай етіп өзгертті. Иеһова Жүсіпті босатып қана қойған жоқ, кезінде түрмеге тасталған ол енді зор жауапкершілігі бар дәрежелі орын мен ерекше сый-құрметке ие болады (Жаратылыс 40:15; 41:41—43; Забур 104:17, 18). Осылайша Жүсіп ақырында ақталып шығып, зор дәрежесін Құдайдың еркін орындауға қолданады (Жаратылыс 45:5—8).

Жүсіп әділетсіздіктің құрбаны болып, түрмеге жабылған

3. Неге өзгелердің бізге қатысты әділ әрекет еткенін қалау таңғалатын нәрсе емес?

3 Неткен жүрекке жылы тиетін оқиға! Кім әділетсіздікке тап болып, оның құрбаны болмаған дейсің? Әрине, кез келген адам өзгелердің өзіне қатысты алаламастан, әділ әрекет еткенін қалайды. Бұл — таңғалатын нәрсе емес, өйткені Иеһова бізге өз болмысына тән қасиеттерді дарытқан, ал әділдік — оның басты қасиеттерінің бірі (Жаратылыс 1:27). Иеһованы жақыннан тану үшін біз оның әділдік сезімін түсінуіміз керек. Сонда оның осы керемет қасиетін бағалай түсіп, оған бұрынғыдан да жақын боламыз.

Әділдік деген не?

4. Адами тұрғыдан әділдік жиі қалай қарастырылады?

4 Адами тұрғыдан әділдік жиі заң қағидаларын бұлжытпай орындау деп қана қарастырылады. Осыған қатысты бір кітапта “әділдіктің заң, міндет, құқық және борышпен байланыстырылатыны әрі еш алалаусыз әркімге ісіне сай төрелік етуді білдіретіндігі” айтылған (Right and Reason—Ethics in Theory and Practice). Алайда Иеһованың әділдігі ережелерді борышты немесе міндетті сезінгендіктен ғана ойланбастан ұстанудан әлдеқайда көп нәрсені білдіреді.

5, 6. а) Түпнұсқа тілдерінен “әділдік” деп аударылған сөздердің мағынасы қандай? ә) Құдай әділетті деген нені білдіреді?

5 Иеһованың әділдігінің қыр-сырын тереңірек түсінуімізге Киелі кітаптың түпнұсқа тілдерінде қандай сөздердің қолданылғанын қарастырғанымыз көмектеседі. Еврей жазбаларында әділдік деген ойды беру үшін үш сөз қолданылады, ал қазақ тіліндегі Киелі кітапта олар бір сөзбен аударылған. Олардың бірін “дұрыс әрекет ету” деп те аударуға болады (Жаратылыс 18:25, ЖД). Грек жазбаларында қолданылған сөз “дұрыстық, әділдікке сай” дегенді білдіреді.

6 Сондықтан Киелі кітапта Құдай әділ делінгенде, бұл оның әрқашан дұрыс әрі еш алаламастан әрекет ететіндігін білдіреді (Римдіктерге 2:11). Расында да, оның басқалай әрекет етуі мүмкін деу — ақылға сыймайтын нәрсе. Елиуй деген адал кісі: “Шынайы Құдай зұлым әрекет етуден аулақ, әрі Құдіреті шексіз Құдай әділетсіз әрекет ете алмайды!”— деген (Әйүп 34:10, ЖД). Иә, Иеһованың ‘әділетсіз әрекет етуі’ мүмкін емес. Неге? Мұның екі маңызды себебі бар.

7, 8. а) Неге Иеһова әділетсіз әрекет ете алмайды? ә) Иеһованы әділ әрекет етуге не талпындырады?

7 Біріншіден, Иеһова киелі. Үшінші тарауда айтылғандай, Иеһова шексіз таза әрі әділ. Сондықтан ол әділетсіз әрекет ете алмайды. Мұның нені білдіретінін қарастырып көрейік. Көктегі Әкеміздің киелі болғаны өз балаларына қатысты ешқашан бұрыс әрекет етпейтініне толық сенімділік береді. Исаның осындай сенімділігі болған. Жердегі өмірінің соңғы түні ол: “Киелі Әке, Маған берген құдіретіңмен шәкірттерімді қорғай гөр!”— деп дұға еткен (Жохан 17:11). Жазбаларда “Киелі Әке” деген сөздер тек Иеһоваға қатысты қолданылады. Бұл орынды да, өйткені жер бетіндегі ешқандай әке Оның киелілігімен теңесе алмайды. Иса өз шәкірттерінің кіршіксіз таза, күнә атаулыдан мүлдем аулақ Әкесінің қолында аман болатынына толық сенімді болған (Матай 23:9).

8 Екіншіден, Құдайдың болмысына риясыз сүйіспеншілік тән. Бұл да оны әділ әрекет етуге талпындырады. Ал нәсілшілдік, кемсіту, алалау сияқты әділетсіздіктің көптеген түрлері сүйіспеншілікке қарама-қайшы ашкөздік пен өзімшілдіктен туады. Сүйіспеншіліктің Құдайы Иеһова жөнінде Киелі кітап былай деп сендіреді: “Иеһова әділ, ол әділ әрекетті сүйеді” (Забур 11:7, ЖД [10:7]). Иеһова өзі туралы: ‘Мен әділдікті сүйемін’,— дейді (Ишая 61:8). Құдайдың дұрыс не әділ әрекет етуді қалайтынын білгеніміз көңілімізге жұбаныш береді емес пе? (Еремия 9:24)

Мейірімділік және Иеһованың кемелді әділдігі

9—11. а) Иеһованың әділдігі мен мейірімділігінің арасында қандай байланыс бар? ә) Иеһова күнәкар адамзатқа қатысты әділдігі мен мейірімділігін қалай көрсетеді?

9 Иеһованың кез келген теңдесі жоқ қасиеттері іспетті әділдігі де еш кемшіліксіз, кемелді. Мұса Иеһованы дәріптеп: “Қорған, оның істері кемелді, жолдарының бәрі әділетті. Құдай адал және онда әділетсіздік жоқ; Ол әділ әрі шыншыл”,— деген (Заңды қайталау 32:3, 4, ЖД). Иеһованың әділдігі әрқашан мінсіз: ол ешқашан тым жұмсақ немесе тым қатал болмайды.

10 Иеһованың әділдігі мен мейірімділігінің арасында тығыз байланыс бар. Забур 114:5-те: “Жаратқан Иенің мейірі мен әділдігі шексіз, біздің Құдайымыздың рақымы мол”,— делінген. Иә, Иеһова мейірімді де әділ. Бұл екі қасиет бір-біріне қайшы емес. Сондай-ақ Иеһова мейірімділікті әділдігі тым қатал болып, оны жұмсарту үшін танытпайды. Қайта, ол бұл қасиеттерді бір мезгілде, тіпті кейде бір жағдайға қатысты көрсетеді. Бір мысал қарастырып көрейік.

11 Бүкіл адамзат күнәні мұра еткен, сондықтан өлімге лайық (Римдіктерге 5:12). Бірақ күнәкардың өлімі Иеһованы қуантпайды. Ол — ‘кешіруді жақсы көретін, шапағатты да мейірімді Құдай’ (Нехемия 9:17). Сөйте тұра, ол киелі болғандықтан әділетсіздікке көз жұмып отыра алмайды. Онда күнәкар адамзатқа қалайша мейірімділік көрсетеді? Бұл сұрақтың жауабы Құдай Сөзінің ең бағалы шындығында, яғни адамзат аман қалу үшін Иеһованың азаттық төлемін бергендігінде, жатыр. Он төртінші тарауда сүйіспеншілікпен жасалған осы шара жөнінде көбірек білетін боламыз. Бұл әрекет — асқан әділдік пен зор мейірімділіктің үйлесіп танытылуының көрінісі. Осылайша Иеһова өзінің кемелді әділдік нормаларын сақтай отырып, өкінген күнәкарларға мейірімділік көрсете алады (Римдіктерге 3:21—26).

Иеһованың әділдігі жүрекке жылу береді

12, 13. а) Неге Иеһованың әділдігі тартымды, әрі оған жақындатады? ә) Дәуіт Иеһованың әділдігіне қатысты қандай тұжырымға келген және қалай бұл біз үшін жұбаныш болып табылады?

12 Иеһованың әділдігі сезімнен ада, жағымсыз емес, қайта, Құдайға жақындата түсетін тартымды қасиет. Біз Киелі кітаптан Иеһованың әділдігінің жанашырлықпен тікелей байланысы бар екенін білеміз. Оның әділдікті қалайша жүрекке жылу беретіндей етіп танытатынын қарастырып көрейік.

13 Иеһованың кемелді әділдігі өз қызметшілеріне адалдық пен шексіз берілгендік танытуға талпындырады. Забур жыршысы Дәуіт өз басынан кешкен жайттардан Иеһованың әділ екендігіне көз жеткізіп, оны бағалай білген. Ол басынан кешкен жайттар мен Құдайдың әрекеттері турасында ой жүгірте отырып, қандай тұжырымға келді екен? Дәуіт: “Иеһова әділдікті сүйеді және өзіне шын берілгендерді тастамайды; оларды міндетті түрде мәңгілікке сақтайды”,— деп жырлады (Забур 37: 28, ЖД [36:28]). Неткен жұбанышты сөздер! Құдай өзіне адал жандарды бір сәтке де тастамайды. Сондықтан Иеһовамен жақын қарым-қатынаста болу мүмкін екендігіне және оның бізге сүйіспеншілікпен қамқорлық ететініне сенімді бола аламыз. Бұған оның әділдігі кепілдік береді (Нақыл сөздер 2:7, 8).

14. Иеһованың мүсәпірлердің қамын ойлайтыны Исраилге берген Таурат заңынан қалай көрінеді?

14 Құдай әділ болғандықтан мүсәпірлердің қажеттіліктеріне өте мұқият. Иеһованың олардың қамын ойлайтындығы Исраилге берген Таурат заңынан көрінеді. Мысалы, жетім мен жесірлер мұқтаждық көрмеу үшін, Заңда арнайы шаралар қарастырылған (Заңды қайталау 24:17—21). Мұндай отбасыларына күн көру қаншалықты қиын екенін түсінетін ‘жетім мен жесірге’ төрелік етуші Иеһованың өзі олардың Төрешісі әрі Қорғаушысы болған (Заңды қайталау 10:18; Забур 67:6). Ол исраилдіктерге егер біреу қорғансыз әйелдер мен балаларды жәбірлейтін болса, олардың зарына міндетті түрде құлақ асатынын айтып: ‘Мен қаһарыма мінемін’,— деп ескертті (Мысырдан шығу 22:22—24). Әрине, қаһар, немесе ашу, Иеһованың басты қасиеттерінің бірі емес, сөйткенмен де еркінсіп әділетсіздік жасалса, әсіресе кәріп-қасерлерге жасалса, ол әділ ашу шақырады (Забур 102:6).

15, 16. Иеһованың бет-жүзге қарамайтынының керемет көрінісі қандай?

15 Сондай-ақ Иеһова ‘бет-жүзге қарамайтынына және ешкімнен сыйлық алмайтындығына’ сендіреді (Заңды қайталау 10:17). Билігі не белгілі бір ықпалы бар кісілер сияқты емес, Иеһоваға адамның дәулеттілігі немесе түр-тұрпаты әсер етпейді. Ол біреуді алалау дегеннен мүлдем аулақ. Осы қасиеттің керемет көрінісінің бір мысалын қарастырып көрейік. Иеһованың ғибадат етушісі болып, мәңгілік өмірге деген үмітке ие болу үшін ақсүйектер тобы ғана таңдалмаған. Қайта, ол “әр ұлттың [адамдарынан] Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды” (Елшілердің істері 10:34, 35). Бұл керемет үміт адамның әлеуметтік жағдайына, нәсіліне немесе қай елде туылғанына қарамастан барлығына берілген. Нағыз әділдік деп осыны айт!

16 Иеһованың кемелді әділдігінің көңіл қоюға тұрарлық тағы бір қыры бар. Бұл — оның әділ талаптарын бұзушыларға қатысты көзқарасы.

Жазалаусыз қалдырмайды

17. Дүниеде болып жатқан жайттардың неге Иеһованың әділдігіне күмән келтірмейтінін түсіндір.

17 Кейбіреулер: “Иеһова әділетсіздікке көз жұмбайтын болса, кінәсіз жандардың жапа шегіп жатқаны мен қазіргі дүниенің опасыздыққа толы екенін қалай түсінуге болады?”— деп таңырқауы мүмкін. Мұндай жайттар Иеһованың әділ екендігіне еш күмән келтірмейді. Көп жағдайда аталмыш әрекеттер адамзаттың Адам атадан мұра еткен күнәсінің кесірінен орын алып жатады. Кемелсіз адамдар өздері таңдаған күнәкар жолдарына сай өмір сүріп жатқан дүниенің әділетсіздікке толы екені рас, бірақ мұндай жағдай ұзаққа созылмайды (Заңды қайталау 32:5).

18, 19. Иеһованың өз заңдарын әдейі бұзатындарды мәңгі төзіп отыра бермейтіні неден көрінеді?

18 Иеһова өзіне шын жүректен жақындайтындарға зор мейірімділік танытатын болғандықтан, киелі есіміне кір келтіретін жағдайларға мәңгі төзіп отыра бермейді (Забур 73:10, 22, 23). Әділ Құдай өзін мазақтатып қоймайды, әрі еркінсіген күнәкарларды лайықты жазадан қорғамайды. Иеһова — “Рақымды да қайырымды Құдай! Қаһарлануға асықпайды, Сүйіспеншілігі берік, әрдайым сөзінде тұрады; ...Ал (қасарысқан күнәкарды) жазалаусыз қалдырмайды” (Мысырдан шығу 34:6, 7). Осы сөздерге сәйкес заңдарын әдейі бұзатындарға Иеһованың шығарған үкімін жүзеге асыратын уақыты бар екені көрінеді.

19 Ежелгі Исраил халқына қатысты Иеһованың қалай әрекет еткенін қарастырып көрейікші. Уәде етілген жерге кіргеннен кейін де, исраилдіктер қайта-қайта опасыздық жасап отырған. Олардың азғындық әрекеттері Иеһованы ‘ашуландырған’, сөйтсе де ол бірден олардан бас тарта салмаған (Забур 77:38—41). Оның орнына, мейірімділік танытып, алған беттерінен қайтуға барынша мүмкіндік берген. Ол: “Күнәкардың қаза табуын қаламаймын, бірақ күнәкар өзінің жолынан бас тартсын да өмір сүре берсін. Өздеріңнің зұлым жолдарыңнан бас тартыңдар; сендер, Исраил әулеті не үшін өлуге тиістісіңдер?”— деп өтінген (Езекиел 33:11). Иеһова өмірді бағалы деп қарастыратындықтан, исраилдіктердің жаман жолдарынан қайтуларына мүмкіндік беріп, қайта-қайта пайғамбарларын жіберіп отырған. Бірақ, жалпы алғанда, қыңыр халық оларға құлақ асып, Иеһоваға бет бұрудан бас тартқан. Сондықтан Иеһова киелі есімі мен барлық сонымен байланысты нәрселерге бола исраилдіктерді жауларының қолына берген (Нехемия 9:26—30).

20. а) Исраил халқымен қарым-қатынасынан Иеһова жайлы не білуге болады? ә) Неге арыстанды Иеһованың әділдігінің лайықты бейнесі деуге болады?

20 Исраил халқымен қарым-қатынасынан Иеһова жайлы өте көп нәрсе білуге болады. Оның еш нәрсені қалт жібермейтін көздерінен әділетсіздер таса қалмайды, әрі көргендері оған қатты әсер етеді (Нақыл сөздер 15:3). Егер себеп бар болса, оның мейірімділік көрсетудің жолдарын іздейтінін білгеніміз де көңілге жұбаныш береді. Сондай-ақ әділдікке қатысты оның ешқашан асығыс шешім қабылдамайтынын білдік. Иеһова асқан шыдамды болғандықтан, көп адам ол ешқашан зұлымдарды жазаламайды деген жаңсақ пікір түзіп жатады. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды, өйткені біз Құдайдың шыдамдылығының шегі бар екенін де білдік. Иеһова әділ нормаларына берік. Ол әділдік орнатудан жасқана беретін адамдар сияқты емес, әрқашан тайсалмастан дұрыстықты қолдайды. Сондықтан Құдай мен оның тағы бейнеленгенде, батылдықпен әділдік танытудың бейнесі ретінде орынды түрде арыстан қолданылады a (Езекиел 1:10; Аян 4:7). Осыны ескерер болсақ, Иеһованың жерді әділетсіздіктен тазартуға қатысты уәдесіне толық сенім артуымызға болады. Қорыта келе, үкімін жүзеге асыруға қатысты Иеһова келесі принципті ұстанады деуге болады: қажет болған жағдайда берік болу, мүмкін болған жерде мейірімділік таныту (Петірдің 2-хаты 3:9).

Әділ Құдай Иеһоваға жақында

21. Иеһованың әділдігін қалай танытатыны жөнінде ой жүгірткенде, біз оны қалай қабылдауымыз керек және неге?

21 Иеһованың әділдігін қалай танытатыны жөнінде ой жүгірткенде, қателесіп қалғандарға үкім шығаруды көксеп тұратын сезімсіз, қатал төреші ретінде қабылдамауымыз керек. Керісінше, үнемі өз балаларына барынша игілік жасауды қалайтын сүйіспеншілікке толы, бірақ өз нормаларына берік Әке ретінде қабылдағанымыз жөн. Әділ Әкеміз Иеһованың бойында дұрыс нәрсенің жағында берік тұру шешімі мен көмек пен кешірімге мұқтаж адами балаларына деген зор жанашырлық сезімі үйлесіп жатады (Забур 102:10, 13).

22. Иеһованың әділдігі оны қандай үміт беруге талпындырды және бұл ненің дәлелі?

22 Құдайдың әділдігі тек үкім шығарудан әлдеқайда көп нәрсені білдіретіндігіне қалайша ризамыз десеңші! Бұл қасиет Иеһованы бізге шынымен ғажап үмітті — “әділдік орнаған” дүниеде кемелді адам ретінде мәңгі өмір сүруге деген үмітті — беруге талпындырды (Петірдің 2-хаты 3:13). Бұл — Иеһованың әділдігі адамды кінәлауға емес, қайта, аман алып қалудың жолын іздеуге талпындыратындығының дәлелі. Расында да, Иеһованың әділдігінің қыр-сырын білгеніміз бізді оған жақындата түседі. Келесі тарауларда оның осы бір керемет қасиетті қалай танытатынын тереңірек қарастырамыз.

a Бір көңіл бұрарлық жайт, опасыз Исраил халқына шығарған үкімін жүзеге асыратынын айтқанда, Иеһова өзін арыстанға теңеген (Еремия 25:38; Ошия 5:14).