Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

12-ТАРАУ

“Құдайдың әділетсіз болғаны ма?”

“Құдайдың әділетсіз болғаны ма?”

1. Әділетсіздік бізге қалай әсер етеді?

 ЕГДЕ тартқан жесір әйел алаяқтықтың құрбаны болып, бар жиған-тергенінен айырылды. Дәрменсіз нәрестені тас жүрек ата-анасы тастап кетті. Кінәсіз кісі қылмыс жасамаса да, түрмеге жабылды. Осындай оқиғалар сенде қандай сезім тудырады? Олардың әрбірі жаныңа бататын болса керек, әрі бұл түсінікті де. Біз, адамдар, дұрыс пен бұрысты анық айыра білеміз. Әділетсіздік жасалып жатса, ашуланамыз. Келтірілген залалдың орны толтырылып, жәбірлеушінің жазаланғанын қалаймыз. Олай болмаған күнде: “Құдай қайда қарап отыр? Неге жәбірлеушінің есесін қайтармайды?”— деп таңырқайтын шығармыз.

2. Айналасындағы әділетсіздік Аббақұққа қалай әсер еткен және неге Ехоба оны жазғырмады?

2 Тарих бойы Ехобаның адал қызметшілері осындай сұрақтарға жауап іздеген. Мысалы, Аббақұқ пайғамбар Құдайға: “Неге мені барып тұрған әділетсіздікті көруге мәжбүр еттің? Зорлық-зомбылық пен заңсыздықтың, қылмыс пен жауыздықтың жер дүниені жайлап кетуіне неге жол бердің?”— деп дұға еткен (Аббақұқ 1:3, Contemporary English Version). Ехоба тікелей қойған сұрақтары үшін Аббақұқты жазғырған жоқ, өйткені адамға әділдік сезімін дарытқан өзі ғой. Иә, Ехоба кемелді әділдік сезімінің кішкене бөлігін бізге сыйлаған.

Ехоба әділетсіздікті жек көреді

3. Неге Ехоба бізге қарағанда әлдеқайда көп әділетсіздікті көріп отыр деуге болады?

3 Ехоба әділетсіздікке көз жұмбайды, ол не болып жатқанының бәрін көріп отырады. Нұхтың заманы жөнінде Киелі кітапта былай делінген: “Жаратқан Ие жер бетінде адамдар жасаған зұлымдықтардың тым зор екенін көрді: жүрек қалаулары бойынша істегендерінің бәрі де жауыздыққа толы еді” (Жаратылыс 6:5). Бұл сөздердің астарында не жатқанына көңіл бөлші. Әдетте біздің әділетсіздікке деген көзқарасымыз естіген бірнеше оқиғадан не өз басымыздан кешірген жағдайдан қалыптасып жатады. Ал Ехоба бүкіл дүние жүзіндегі әділетсіздікті көріп отыр. Оның көзінен ештеңе де таса қалмайды! Оның үстіне, Ехоба адамның жүрек қалауын, яғни әділетсіздік жасауға итеретін арам пиғылын, біле алады (Еремия 17:10).

4, 5. а) Ехобаның әділетсіздіктен жапа шеккендерге жаны ашитыны Киелі кітаптан қалай көрінеді? ә) Қалай Ехобаның өзіне қатысты да әділетсіздік жасалған?

4 Бірақ Ехоба әділетсіздікті жай көріп қана отырған жоқ. Одан жапа шеккендерге жанашырлық та танытады. Жауласқан халықтар исраилдіктерге қатты қысым жасағанда, ‘қанаушылар мен қысым көрсетушілерден олардың зар жылағаны’ Ехобаның жанына батқан (Билер 2:18). Бәлкім, адам әділетсіздікті қаншалықты көп көрсе, оған соншалықты еті өліп кететінін байқаған боларсың. Бірақ Ехобаға қатысты олай деуге болмайды. Ол 6 000 жылдай уақыт бойы жер бетіндегі бүкіл әділетсіздікті көріп келе жатыр, сөйтсе де бәрібір оны жек көреді. Қайта, Киелі кітап “өтірікші тіл”, “жазықсыз қан төгетін қол”, ‘өтірік айтатын жалған куә’ деген сияқты нәрселердің Ехоба үшін жеркенішті екендігіне сендіреді (Нақыл сөздер 6:16—19).

5 Ехобаның Исраилдегі әділетсіз басшыларды қатаң айыптағанын қарастырып көрейік. Оның пайғамбары киелі рухтың жетелеуімен олардан (ЖД): “Әділдікті сендер білуге тиіс емессіңдер ме?”— деп сұраған. Басшылардың билікті теріс қолданып жатқандарын айқын суреттегеннен кейін, Ехоба сол зұлым кісілер үшін мұның ақыры қандай болатынын алдын ала айтты: “Олар Жаратушы Иеге жалбарынады, бірақ олардың даусын Ол естімейді, олардан Өзінің жүзін жасырып, аналар жауыздығын істеп болғанша назарын салмайды” (Миха 3:1—4). Ехоба үшін әділетсіздік қандай жиренішті! Тіпті оның өзіне де әділетсіздік жасалған ғой! Шайтан мыңдаған жыл бойы оны әділетсіз даттап келеді (Нақыл сөздер 27:11). Оның үстіне, Ехобаға жүрегіне қатты батқан ең сорақы әділетсіздік жасалды: ‘бірде-бір күнә жасамаған’ Ұлы қылмыскер ретінде өлтірілді (Петірдің 1-хаты 2:22; Ишая 53:9). Ехобаның әділетсіздікке көз жұмып отыра бермейтіні әрі әділетсіздіктен жапа шеккендерге немқұрайды емес екені айдан анық.

6. Әділетсіздік бізге қалай әсер етеді және неге?

6 Сондықтан әділетсіздіктің куәсі немесе құрбаны болғанда, бойымызды наразылық сезімі билеуі табиғи нәрсе. Құдай бізді өзіне ұқсас етіп жаратқан, ал әділетсіздік — Ехобаның болмысына мүлдем қайшы қасиет (Жаратылыс 1:27). Олай болса, неге Құдай әділетсіздікке жол беріп отыр екен?

Өте маңызды мәселе

7. Қалай Ехобаның есіміне күйе жағылып, билік ету жолы дауға салынғанын айтып бер.

7 Бұл сұрақтың жауабы өте маңызды мәселемен байланысты. Өзіміз көргендей, Жаратушымыздың Жер мен ондағы жаратылыстардың бәрінің үстінен билік етуге құқы бар (Забур 23:1; Аян 4:11). Алайда адамзат тарихының басында Ехобаның жақсаты қараланды және оның билік ету жолы дауға салынған болатын. Оқиға қалай өрбіген еді? Ехоба алғашқы кісі Адам атаға Жұмақтағы белгілі бір ағаштың жемісін жеуге тыйым салған. Ол Құдайдың тілін алмаса не болар еді? Құдай оған: “Міндетті түрде өлесің”,— деген (Жаратылыс 2:17, ЖД). Құдайдың бұйрығының Адам мен оның әйелі Хауа үшін еш қиындығы жоқ еді. Соған қарамастан Шайтан Хауаны Құдайдың қойған талабы тым қатаң деп сендірді. Оның айтуынша, Хауа аталмыш ағаштың жемісін жесе не болар еді? Ол Хауаны: “Жоқ, тіпті де олай емес, өлмейсіңдер! Қайта, сендер осы жемісті жеген кезде көздерің ашылып, ненің жақсы, ненің жаман екенін айырып, Құдай сияқты болатындарыңды Ол жақсы біледі”,— деп иландырды (Жаратылыс 3:1—5).

8. а) Хауаға айтқан сөздері арқылы Шайтан неге меңзеді? ә) Қалай Шайтан Құдайдың атын қаралады және оның бүкіләлемдік билігін дауға салды?

8 Шайтан осылай деуімен Ехоба Хауадан қажетті мәліметті жасырып қалды деген ойға ғана емес, өтірік айтты дегенге де меңзеді. Азғырушы Шайтан Хауаның көкейінде Ехобаның қандай Тұлға екеніне қатысты күдік тудырды. Осылай ол Құдайдың атын қаралап, күйе жақты. Сондай-ақ ол Ехобаның бүкіләлемдік билігіне, яки билік ету жолына шек келтірді. Ол Ехоба Әлемнің Әміршісі деген ақиқатқа қатысты күмән тудырған жоқ, оның билігінің заңды екендігін дауға салды. Басқа сөздермен айтқанда, Шайтан Ехоба әділ билік етіп жатқан жоқ және жаратылыстарының мүддесін ойламайды деп сендірді.

9. а) Адам мен Хауаның тілазарлығының ақыры қандай болды және бұл қандай маңызды сұрақтар тудырды? ә) Неге Ехоба бүлікшілерді бірден жойып жібере салмады?

9 Адам да, Хауа да тыйым салынған ағаштың жемісін жеуімен Ехобаға мойынсұнбады. Тілазарлықтары үшін екеуі де Құдай айтқандай жазаға ұшырап, өлімге кесілді. Ал Шайтанның жалған сөздері маңызды сұрақтар тудырды. Ехобаның адамзатқа билік етуге шынымен құқы бар ма, жоқ әлде олар өз-өздерін басқару керек пе? Расында да, тек Ехоба ғана ең керемет түрде билік ете ме? Ехобаның құдіретті күшімен бүлікшілерді бірден жойып жіберуіне болар еді. Бірақ даулы сұрақтар Құдайдың күшіне емес, оның атына қатысты көтерілген болатын, бұған оның билік ету жолы да кіретін. Сондықтан бұнымен Құдайдың билігінің әділ екендігі дәлелденбес еді. Керісінше, бұл мәселеге қатысты күмән ұлғая түсер еді. Адамдардың Құдайдан тәуелсіз өздерін басқара алатынын дәлелдеудің жалғыз жолы оларға уақыт беру болды.

10. Адам баласының басқаруына қатысты тарих нені айқындады?

10 Уақыт өте келе не айқындалды? Мыңдаған жылдар аралығында адамдар автократия, демократия, социализм мен коммунизмді қоса алғанда, басқарудың көптеген түрлерін сынап көрді. Бұлардың нәтижесін Киелі кітаптағы келесі сөздермен анық жеткізуге болады: ‘Бір адам екінші адамға зиян келтіре отырып, әмір жүргізеді’ (Екклесиаст 8:9). Еремия пайғамбар өте орынды айтқан: “Жаратушы Ие, өз бағыт-бағдарын белгілеудің адам құзырында емес екенін, жол жүріп бара жатқан [пенденің] табан тірер бағытты айқындауға шамасының жетпейтінін білемін” (Еремия 10:23).

11. Неге Ехоба адамзаттың қайғы-қасірет шегуіне жол берді?

11 Ехоба адамдардың тәуелсіздігі, яки өз-өздерін басқаруы, көп қайғы-қасірет әкелетінін о бастан-ақ білген. Онда нәтижесін біле тұра, соған жол беруі әділетсіздікке жатпай ма? Жоқ, түк те олай емес! Мысалы, балаңның өміріне қауіп төніп тұрғандықтан ота жасау керек болды делік. Оның біраз қиналатынын түсінесің, әрі бұл қатты жаныңа батады. Бірақ сен ота жасалғаннан кейін балаңның денсаулығы әлдеқайда жақсы болатынын да білесің. Тап сол сияқты Құдай да адамдардың дербес өмір сүруге жол беруінің оларға белгілі бір шамада қайғы-қасірет әкелетінін білген, тіпті мұны алдын ала айтқан (Жаратылыс 3:16—19). Бірақ Құдай адамзаттың бүлігінің жемісі қаншалықты жаман екенін өздеріне көруге мүмкіндік беру арқылы ғана нағыз әрі ұзаққа созылатын жеңілдікке қол жеткізуге болатынын да білген. Тек осылай ғана билікке қатысты дау түбегейлі және мәңгіге шешілмек еді.

Адам баласының мінсіздігіне қатысты дау

12. Әйүптің жағдайынан көрініп тұрғандай, Шайтан адам баласына қандай жала жапты?

12 Аталмыш даудың тағы да бір қыры бар. Құдайдың әділ әрі заңды билік ететінін дауға салғанда, Шайтан оның бүкіләлемдік билігі мен атына қатысты ғана емес, Құдайдың қызметшілерінің мінсіздігіне қатысты да жалған сөздер айтты. Оның әділ кісі Әйүп жөнінде не дегеніне көңіл бөлші: “Оны және оның үйін, ондағының бәрін айнала қорғап-қоршап қойған Сен емес пе едің? Оның қолымен істелгенге Сен бата бердің, сөйтіп оның отар-табындары жерге тарап барады. Бірақ Сен қолыңды соз да, онда бардың бәріне жанас,— ол Саған батасын берер ме екен [“бетіңе лағынет айтпас па екен!?”, ЖД]?” (Әйүп 1:10, 11)

13. Шайтан Әйүпті айыптағанда неге меңзеді және қалайша бұның бүкіл адамзатқа қатысы бар?

13 Шайтан Әйүптің адалдығын сатып алу үшін Ехоба қорғайтын күшін қолданды деп жала жапты. Ол Әйүп Құдайға пайда көздеп қана ғибадат етіп, екіжүзділікпен мінсіздік танытып жүр дегенге меңзеді. Шайтан Құдай батасын бермейтін болса, тіпті Әйүп сияқты адам да Жаратушысына лағынет айтады деп сендірді. Ол Әйүптің ерекше ‘мінсіз, адал, Құдайдан қорқып, жамандықтан аулақ жүретін’ a адам екенін жақсы білетін. Сондықтан егер Әйүпті мінсіздігінен айыра алса, өзгелер жөнінде не деуге болады? Осылайша Шайтан, шындығына келгенде, Құдайға қызмет еткісі келетін адамдардың барлығының адалдығына күдік тудырған. Сондықтан ол Ехобаға: ‘Адам өмірі үшін өзінде бардың бәрін береді’,— деген (Әйүп 1:8, ЖД; 2:4).

14. Шайтанның адам баласына жапқан жаласына қатысты тарих нені көрсетіп отыр?

14 Шайтанның жапқан жаласына қарамастан, көптеген адамдар қиыншылықтарға төтеп беруге тура келсе де, Әйүпке ұқсап Ехобаға адал болып қалғандары тарихтан көрініп отыр. Олар адал өмір кешулерімен Ехобаның жүрегін қуантқан, әрі Шайтанның адам қиыншылыққа кезіккенде Құдайға қызмет етуін доғарады деп мақтана келемеждеген сөздеріне оның жауап қайыруына негіз берген (Еврейлерге 11:4—38). Иә, ақ ниетті жандар Құдайдан бас тартпайды. Қайта, аса ауыр жағдайға тап болып, тұйыққа тірелгенде, төтеп беруге Ехобаның күш беретіндігіне деген сенімдері бұрынғыдан да арта түседі (Қорынттықтарға 2-хат 4:7—10).

15. Ехобаның өткен уақыттағы және болашаққа қатысты үкімдеріне байланысты қандай сұрақ туындауы мүмкін?

15 Бірақ Ехобаның әділдік танытуы бүкіләлемдік билік пен адамдардың мінсіздігіне қатысты даудан әлдеқайда көп нәрсені қамтиды. Киелі кітапта Ехобаның жеке адамдар мен халықтарға шығарған үкімдері жайында мәліметтер бар. Сондай-ақ онда болашаққа қатысты сот үкімдері де жазылған. Неге біз Ехобаның әділ үкім шығарғанына және болашақта да солай ететініне сенімді бола аламыз?

Құдай әділдігінің теңдесі жоқ

Ехоба ешқашан ‘жауызбен бірге әділді құртпайды’

16, 17. Адамдардың шынайы әділдікке қатысты түсінігінің шектеулі екендігі қандай мысалдардан көрінеді?

16 Ехобаға қатысты орынды түрде: ‘Оның жолдарының бәрі әділетті’,— деуге болады (Заңды қайталау 32:4, ЖД). Ешқайсымыз өзіміз жайында бұлай дей алмаймыз, өйткені біздің дұрыс пен бұрысты айыру қабілетіміз жиі шектеулі болып жатады. Мысал ретінде Ыбырайыммен болған жағдайды алып көрейік. Ол Содомда зұлымдықтың шектен шыққанына қарамастан, оны жоймауын сұрап жалбарынған. Ыбырайым Ехобадан: “Уа, Ием, сонда жауызбен бірге әділді де құртпақсың ба?”— деп сұрады (Жаратылыс 18:23—33). Әрине, ол жоқ деген жауап алды. Лут пен қыздары Сиғор қаласына аман-есен жетіп алған соң ғана, Ехоба Содомға ‘от аралас күкірт жаудырды’ (Жаратылыс 19:22—24). Ал Жүністің жағдайында керісінше болды, Ехоба Ниневи тұрғындарына мейірімділік танытқанда, ол “қатты кейіп, ашуланды”. Ехоба ниневиліктерді құртатынын жариялап қойғандықтан, шын жүректен өкінгендеріне қарамастан, Жүніс олардың жойылғандарын көргісі келсе керек (Жүніс 3:10—4:1).

17 Ехоба Ыбырайымды келесі нәрсеге сендірді: әділдік танытқанда ол зұлымдарды жойып қана қоймайды, сондай-ақ әділдерді аман алып қалады. Жүніс болса Ехобаның мейірімді екеніне көз жеткізді. Зұлым адам өз жолынан қайтар болса, Ехоба ‘кешіруге дайын’ (Забур 86:5, ЖД [85:5]). Ол абырой-атағы үшін қорқатын кейбір адамдарға ұқсамайды: күшін паш етіп, әсер қалдыру мақсатымен ғана үкімін жүзеге асырмайды, сондай-ақ жігерсіз болып көрініп қаламын деп қорқып, жанашырлық танытудан бас тартпайды. Керісінше, негіз бар болған жағдайда, мейірімділік көрсеткісі келеді (Ишая 55:7; Езекиел 18:23).

18. Ехобаның соқыр сезімге беріліп әрекет етпейтінін Киелі кітап арқылы көрсетіп бер.

18 Алайда Ехоба соқыр сезімнің жетегінде емес. Исраилдіктер пұтқа табынушылыққа белшесінен батқанда, ол: “Өзіңнің ұстанған жолың бойынша соттайтын боламын, сөйтіп, жексұрындықтардың барлығын өзіңнің мойныңа артамын. Және де Менің жанарым саған аяушылық білдіре қоймайды, оның үстіне кешірім де жасамаймын”,— деп анық айтқан (Езекиел 7:3, 4). Демек, адамдар теріс жолдарынан қайтпаса, Ехоба істеріне сай үкім шығарады. Бірақ оның шығарған үкімі нақты айғақтарға негізделеді. Содом мен Ғомораға қатысты ‘дауыстап зарлаған’ үн құлағына жеткенде, Ехоба: “Мен жерге түсіп, сол жердегі әділетсіздік Маған жеткен шағым туғызатындай дәрежеде ме, жоқ па, соған көз жеткізбекпін”,— деген (Жаратылыс 18:20, 21, сілтемені қара). Ехобаның мән-жайды толық түсініп болмай жатып үкім шығара салатын адамдар сияқты емес екендігіне қалайша ризамыз десеңші! Расында да, Киелі кітапта айтылғандай, Ехоба “сенімді және Онда әділетсіздік жоқ” (Заңды қайталау 32:4).

Ехобаның әділдігіне сенімді бол

19. Ехобаның әділдік танытуына қатысты сұрақтар туатын болса, не істеуімізге болады?

19 Киелі кітап Ехобаның өткен уақыттағы әрекеттерінің бәрін түсіндіріп жатпайды. Сондай-ақ онда болашақта жеке адамдар мен топтарға қатысты үкімдерін қалай жүзеге асыратындығының да бүге-шігесі түсіндірілмейді. Егер осындай жайттарға қатысты сұрақтар туса: “Құтқарушы Құдайымды күтуге бел буамын”,— деп жазған Миха пайғамбар сияқты шексіз берілгендік танытуымызға болады (Миха 7:7, ЖД).

20, 21. Қандай жағдай болмасын, Ехобаның дұрыс әрекет ететініне неге сенімді бола аламыз?

20 Қандай жағдай болмасын, Ехобаның дұрыс әрекет ететініне сенімді болуымызға болады. Адамдар әділетсіздікке көз жұма салғандай болып көрінсе де, Ехоба: “Кек алу — Менің ісім, есесін Мен қайтарамын”,— деп уәде еткен (Римдіктерге 12:19). Егер Құдайды күтуге бел буатын болсақ, елші Пауылдың сенімділікпен айтқан: “Құдайдың әділетсіз болғаны ма? Жоқ, мүлдем олай емес!”— деген сөздеріне қосылатынымызды көрсетеміз (Римдіктерге 9:14).

21 Ал әзірше біз ‘қиын-қыстау күндерде’ өмір сүріп жатырмыз (Тімотеге 2-хат 3:1). Әділетсіздік пен қысым адам айтқысыз зардап шектіруде (Екклесиаст 4:1). Бірақ Ехоба өзгерген жоқ. Ол әлі де әділетсіздікті жек көреді, әрі оның құрбаны болғандарға қатты жаны ашиды. Егер Ехоба мен оның бүкіләлемдік билігіне адалдығымызды сақтай берер болсақ, ол Патшалығы арқылы бүкіл әділетсіздікті жоятын уақыты жеткенше табанды болуымызға күш береді (Петірдің 1-хаты 5:6, 7).

a Ехоба Әйүп жайында: “Жер бетінде ондай адам жоқ”,— деген (Әйүп 1:8). Олай болса, Әйүп Жүсіп қайтыс болып, ал Мұса әлі Исраил елінің көсемі болмас бұрын өмір сүргенге ұқсайды. Сондықтан сол уақытта тап Әйүп сияқты мінсіз адам жоқ деуге берік негіз болған.