Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

14-ТАРАУ

Ехоба “көптеген адамдардың төлемін өтеу үшін” қам жасаған

Ехоба “көптеген адамдардың төлемін өтеу үшін” қам жасаған

1, 2. Киелі кітапта адамзаттың күйі қалай суреттелген және одан босанар жалғыз жол қандай?

 ‘БҮКІЛ жаратылыс толғақ азабы секілді бейнет шегіп, ыңқылдай күрсініп жатыр’ (Римдіктерге 8:22). Елші Пауыл біздің бейшара күйімізді осылай суреттеген. Адами тұрғыдан қарағанда қайғы-қасірет, күнә мен өлімнен босанар еш жол жоқ сияқты. Бірақ Ехоба адам сияқты емес, оған ештеңе тосқауыл бола алмайды (Руларды санау 23:19). Әділ Құдай бізді қайғы-қасіреттен құтқарудың жолын қарастырып қойған. Ол мұны төлем арқылы жүзеге асырмақ.

2 Төлем — Ехобаның адамзатқа деген ең зор сыйы. Соның арқасында күнә мен өлімнен азат етілу мүмкіндігі туып отыр (Ефестіктерге 1:7). Сондай-ақ ол, мейлі, көктегі немесе жердегі жұмақта болсын, мәңгілік өмірге деген үміттің негізі болып табылады (Жохан 3:16; Петірдің 1-хаты 1:4). Бірақ төлем деген, негізінде, нені білдіреді? Сол арқылы Ехобаның теңдесі жоқ әділдігі турасында не білуге болады?

Төлемнің қажет болуының себебі

3. а) Неге төлемге мұқтаждық туды? ә) Неге Құдай Адам атаның ұрпақтарына шығарылған өлім үкімін өзгерте салмады?

3 Адам атаның күнәсінің кесірінен адамзат төлемге мұқтаж болды. Ол Құдайға мойынсұнбады, нәтижесінде ұрпақтарына ауру, қайғы-қасірет пен өлімді мұраға қалдырды (Жаратылыс 2:17; Римдіктерге 8:20). Құдай дәл осы жағдайда жұмсақтық танытып, үкімін — өлім жазасын — өзгерте алмады. Оның бұлай еткені ‘күнәнің беретіні — өлім’ деген өз заңына қайшы болар еді (Римдіктерге 6:23). Егер Ехоба әділ нормаларын күшінен айырса, Әлемді бассыздық пен заңсыздық жайлар еді.

4, 5. а) Шайтан Құдайға қалай жала жапты және неге Ехоба жауап беруге міндетті болды? ә) Шайтан Ехобаның адал қызметшілеріне қандай жала жапты?

4 12-тараудан көргеніміздей, Едемде болған бүліктің өзінен гөрі оның салдарынан туған сұрақтардың мәні әлдеқайда маңыздырақ еді. Шайтан Ехобаның есіміне күйе жақты. Ол Ехобаны өтірікші әрі жаратылыстарын еркіндіктен айырып отырған қатыгез диктатор деп айыптады (Жаратылыс 3:1—5). Шайтан өзін Құдайдың жер бетін әділ адамдарға толтыруға қатысты ниетін орындауына кедергі ете алғандай көрсетті, осылайша Ехобаны өз еркін жүзеге асыруға дәрменсіз деп қаралады (Жаратылыс 1:28; Ишая 55:10, 11). Егер осындай дау жауапсыз қалса, саналы жаратылыстардың көбісінің Ехобаның билігіне деген сенімділігі шайқалар еді.

5 Сондай-ақ Шайтан Ехобаның адал қызметшілері оған өз пайдалары үшін ғана қызмет етеді, ал қысымға түсе қалса, бірде-біреуі адалдықтарын сақтамайды деген жала жапты (Әйүп 1:9—11). Бұл дау адамзаттың мүшкіл халінен әлдеқайда маңызды болды. Ехоба Шайтанның жалған айыбына жауап беруге өзін міндетті сезінді. Бірақ қалайша Құдай осы дауды да шешіп, адамзатты да аман алып қала алар еді?

Төлем дегеніміз — құнның тең болуы

6. Киелі кітапта Құдайдың адамзатты құтқару үшін жасаған шарасын түсіндіруге қолданылған сөздердің кейбіреуі қандай?

6 Ехобаның шешімі бірде-бір адам баласы ойлап таба алмайтындай, барынша мейірімді әрі өте әділ шешім болды. Сөйте тұра, ол мейлінше қарапайым шешім еді. Киелі кітапта ол құтқару, татуластыру, күнәнің құнын өтеу деген түрлі сөздермен берілген (Ғалаттықтарға 3:13; Қолостықтарға 1:20; Еврейлерге 2:17). Бірақ ең ұтымды сөзді Исаның өзі қолданса керек. Ол былай деген: ‘Мен Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра Өзіме қызмет еткізуге емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу [грекше ли’трон] үшін жанымды қиюға осы дүниеге келдім’ (Матай 20:28).

7, 8. а) Жазбалардағы “төлем” сөзінің мағынасы қандай? ә) Қай мағынада төлем тең құнды болу керек?

7 Төлем деген не? Жазба орнынан көрініп тұрғандай, атылмыш сөз грек тілінің “азат ету, босату” етістігінен шыққан. Бұл сөз әскери тұтқынды босату үшін төленетін құнды білдіреді. Олай болса, төлемді бір нәрсені қайтарып алу үшін төленетін құн деуге де болады. Еврей жазбаларында қолданылған “төлем” (ко’фер) сөзі “жабу” дегенді білдіретін етістіктен шыққан. Бұл бізге төлемнің күнәні жабатынын түсінуімізге көмектеседі.

8 Ескере кететін жайт, бір сөздікте аталмыш сөздің (ко’фер) “үнемі тең құндылыққа”, немесе сәйкестікке, нұсқайтыны айтылған (Theological Dictionary of the New Testament). Сондықтан күнәнің төлемін беру немесе оны жабу үшін төленуге тиіс құн да соның келтірген залалына толықтай сай, яки оны толығымен жабатын болу керек. Осыған орай, Құдайдың Исраилге берген заңында: “Жанға жан; көзге көз; тіске тіс; қолға қол; аяққа аяқ”,— делінген (Заңды қайталау 19:21).

9. Ертедегі адал кісілер не үшін құрбандыққа мал шалған және Ехоба оларды қалай қабылдаған?

9 Әбілдің заманынан бері адал кісілер құрбандыққа мал шалатын болған. Мұнысымен олар өздерінің күнәкар әрі күнәларының құны өтелуіне мұқтаж екендерін түсінетінін, сондай-ақ Құдайдың уәде етілген “ұрпақ” арқылы күнәнің ықпалынан босататынына сенетіндіктерін көрсеткен (Жаратылыс 3:15; 4:1—4; Леуіліктер 17:11; Еврейлерге 11:4). Ехобаға мұндай құрбандықтар да, оны ұсынған кісілер де ұнамды болған. Алайда құрбандыққа шалынатын мал, ары кеткенде, болашақтағы жайттың белгісі ғана болған. Мал адамнан төмен, сондықтан, шындап келгенде, адамның күнәсін жаба алмайтын (Забур 8:5—9). Сол себепті Киелі кітапта: “Құрбанға шалынған бұқалар мен қошқарлардың қаны адамның күнәсын өтеп, тазарта алмайды”,— делінген (Еврейлерге 10:1—4). Мұндай құрбандықтар берілуі тиіс нағыз төлем құрбандығының нышаны ғана еді.

“Сай келетін төлем”

10. а) Төлем кімге сай болу керек еді және неге? ә) Неге бір ғана адамның құрбандығы жеткілікті болды?

10 Елші Пауыл: “Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлуге тиіс”,— деп жазды (Қорынттықтарға 1-хат 15:22). Төлем кемелді болған Адам атаның өміріне тура сай келуге тиіс (Римдіктерге 5:14). Әділдік таразысының басын басқа ешқандай жаратылыс теңестіре алмас еді. Тек кемелді адам, яки Адам атаға шығарылған үкімнің билігі жүрмейтін адам ғана бүкіл адамзат үшін “сай келетін төлемді”, яғни кемелді болған Адам атаға сай төлемді бере алар еді (Тімотеге 1-хат 2:6, ЖД). Алайда бұл Адам атаның әрбір ұрпағына жеке-жеке мың сан миллион адам құрбандыққа берілу керек дегенді білдірмейді. Мұны елші Пауыл былай түсіндіреді: “Бір адам [Адам ата] арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді” (Римдіктерге 5:12). ‘Бір адам арқылы өлім дүниеге келген’ болса, Құдай төлемнің де ‘бір Адам арқылы’ берілуіне қам жасады (Қорынттықтарға 1-хат 15:21). Мұны қалай түсінуге болады?

‘Барлығына сай келетін төлем’

11. а) Қалай күнәдан азат етуші “әрбір адам үшін өлмек” еді? ә) Неге Адам мен Хауа төлемнің пайдасын көре алмас еді? (Сілтемені де ескер.)

11 Ехоба бір кемелді адамның өз еркімен өмірін құрбандыққа беруіне қам жасады. Римдіктерге 6:23-ке сай, күнәнің құны — өлім. Күнәдан азат етуші өмірін құрбан етуімен ‘күллі адамзат үшін жанын қимақ’ еді. Басқа сөздермен айтқанда, ол Адам атаның күнәсінің құнын төлемек еді (Еврейлерге 2:9, ЖД; Қорынттықтарға 2-хат 5:21; Петірдің 1-хаты 2:24). Осылайша төлемнің Адам атаның барлық ұрпақтарына шығарылған үкімнің күшін жойғаны күнәнің жойқын күшінің тамырына балта шабуға заңды негіз бермек еді a (Римдіктерге 5:16).

12. Қарызды бір адам төлеп, ал пайдасын көп адам көретінін мысалмен түсіндіріп бер.

12 Мынадай мысалды қарастырып көрейікші: сен тұрғындарының басым көпшілігі бір үлкен фабрикада істейтін қалашықта тұрасың делік. Өзіңнің де, көршілеріңнің де табыстарың жақсы, еш уайымсыз өмір кешіп жатырсыңдар. Бірақ күндердің күнінде ол жабылып қалады. Не себепті? Оның басшысы арам адам болып шығып, ақырында фабриканы банкротқа ұшыратады. Ойламаған жерден сен де, көршілерің де ештеңеге есеп айырыса алмайтын болып қаласыңдар. Бір адамның арамзалығының кесірінен көптеген отбасы және несиегерлер жапа шегеді. Бұл жағдайдың шешімі бар ма? Бар болғанда қандай! Бір бай кісі мейірімділік жасауды шешеді. Ол фабриканың түсімі жақсы екенін түсінеді. Жұмысшылар мен олардың отбасыларына да жаны ашиды. Сөйтіп, фабриканың барлық қарыздарын төлеп, қайта іске қосады. Қарызды бір адамның төлегенінің арқасында көптеген жұмысшылар, олардың отбасылары да, несиегерлер де қарыздарынан құтылады. Тап сол сияқты Адам атаның қарызының төленуінің арқасында миллиондаған адамдар күнәдан азат етіледі.

Төлемнің құнын кім берді?

13, 14. а) Ехоба төлем берілу үшін қалай қам жасады? ә) Төлем кімге берілді және ол не үшін қажет болды?

13 ‘Адамзаттың күнәсін өз мойнына артатын “Тоқтының”’ келуіне тек Ехоба ғана қам жасай алар еді (Жохан 1:29). Бірақ адамзатты құтқару үшін, ол кез келген періштені жібере салған жоқ. Ехоба өз қызметшілерін Шайтанның жапқан жаласынан түбегейлі әрі біржола ақтай алатын Біреуді жіберді. Иә, Ехоба зор құрбандық жасап, “ерекше жақсы көрген” жалғыз Ұлын жерге жіберді (Нақыл сөздер 8:30, ЖД). Құдай Ұлы көктегі өмірінен ‘Өз еркімен бас тартты’ (Філіпіліктерге 2:7). Ехоба керемет түрде Ұлының өмірін Мәриям деген яһуди қыздың құрсағына салды (Лұқа 1:27, 35). Оның адам ретіндегі есімі Иса болмақ еді. Бірақ заңи тұрғыдан оны екінші Адам деуге болатын, өйткені ол кемелді болған Адам атаға тура сай келді (Қорынттықтарға 1-хат 15:45, 47). Сондықтан Иса адамзаттың күнәсі үшін өзін құрбандыққа бере алар еді.

14 Ал төлем кімге берілмек еді? Забур 48:8-де төлемнің “Құдайға” берілу керектігі айтылған. Алайда төлемнің өтелуі үшін қам жасаған Ехобаның өзі емес пе? Иә, десе де бұнымен төлемнің берілуі ақшаны бір қалтадан екіншісіне салу сияқты мағынасыз, әншейін жасала салған әрекет болмайды. Төлемді жай ғана зат алмастыру емес, заң тұрғысынан қарастырылатын мәселе деп түсіну керек. Өзіне қаншалықты қымбатқа түсетініне қарамастан, төлем беру арқылы Ехоба өзінің кемелді әділдік нормасына мызғымастай берік екендігіне кепілдік берді (Жаратылыс 22:7, 8, 11—13; Еврейлерге 11:17; Жақып 1:17).

15. Исаның азапталып өлуі не үшін қажет болды?

15 Б. з. 33 жылының көктемінде Иса Мәсіх төлемнің құны өтелуімен бітетін ауыр сынаққа өз еркімен бас тікті. Ол өзіне жалған айып тағылып, кінәлі деп табылып, бөренеге шегеленгенде қарсылық білдірмеді. Исаның осыншама азап шегуі шынымен-ақ қажет болды ма? Иә, өйткені Құдайдың қызметшілерінің мінсіздігіне қатысты дау шешілуі тиіс еді. Иродтың Исаны нәресте кезінде өлтіруіне Құдайдың жол бермегені көңіл қоярлық жайт (Матай 2:13—18). Ал Иса есейген кезде, көтерілген даудың мәнін барынша ұғып, Шайтанның шабуылына қарсы тұра алған b. ‘Қасиетті де кінәратсыз, кіршіксіз, күнәкарлардан аластатылған’ Иса адам айтқысыз қиянат шеккеніне қарамастан, Ехобаның қиындыққа кезіккенде адалдығын сақтап қалатын қызметшілері бар екенін керемет түрде әрі мәңгіге дәлелдеді (Еврейлерге 7:26). Сондықтан оның өлер алдында салтанатты түрде: “Енді түгел орындалды!”— деп дауыстағаны таңғалдырмайды (Жохан 19:30).

Құтқару ісін аяғына дейін жеткізу

16, 17. а) Иса құтқару ісін қалай жалғастырды? ә) Исаның ‘Құдай алдында тұрып, бізді қолдап сөйлегені’ не үшін қажет болды?

16 Алайда Иса құтқару ісін аяғына дейін жеткізуге тиіс еді. Исаның өлгеніне үш күн болғанда, Ехоба оны қайта тірілтті (Елшілердің істері 3:15; 10:40). Ехоба бұл керемет істі адал қызметі үшін Исаға берілген сый ретінде ғана емес, Құдайдың Бас діни қызметкері болып, құтқару ісін аяғына дейін жеткізуіне мүмкіндік беру үшін де істеді (Римдіктерге 1:4; Қорынттықтарға 1-хат 15:3—8). Елші Пауыл былай түсіндіреді: “Бас діни қызметкеріміз Мәсіх...құрбандыққа шалынған қошқарлар мен бұзаулардың қанын емес, Өзінің құрбан болған кезінде төгілген қанын осы киелі үйдің ең қасиетті бөліміне біржола алып кірді. Осылайша Ол бізді күнәмыздан арылтып, мәңгілік азат етті. Мәсіх сол шынайы киелі үйдің көшірмесі болатын, адам қолымен жасалған ғибадат орнына емес, көктің өзіне енді. Ол қазір сонда Құдай алдында тұрып, бізді қолдап сөйлейді” (Еврейлерге 9:11, 12, 24).

17 Мәсіх өзінің қанын көкке апара алмас еді (Қорынттықтарға 1-хат 15:50). Ол сол қанын бейнелеген нәрсені, яғни кемелді адами өмірінің заңды негізі бар құнын, апарды. Сосын, Құдайдың алдында тұрып, ресми түрде сол өмірінің құнын күнәкар адамдар үшін берілген төлем ретінде ұсынды. Ехоба оны қабылдады ма? Иә. Б. з. 33 жылы Иерусалимде 120 шәкіртке киелі рухтың төгілгені — соның дәлелі (Елшілердің істері 2:1—4). Бұл көңіл толқытатын оқиға болды, әйтсе де ол төлем арқылы берілетін баталардың бастапқысы ғана еді.

Төлемнің баталары

18, 19. а) Қандай екі топ Мәсіхтің қаны арқылы Құдаймен татуласады? ә) “Өте үлкен тобыр” төлемнің арқасында қандай баталар алуда және болашақта қандай бата алмақ?

18 Пауыл Қолостықтарға жазған хатында Құдай Мәсіх арқылы барлық нәрсені өзімен татуластыруды, яғни Исаның азап шегу бағанасында қанын төгіп, құрбан болғандығының арқасында татулық орнатуды, қалағанын түсіндірді. Сондай-ақ Пауыл бұл татуластырудың нақты екі топқа, атап айтқанда ‘көктегі мен жердегі’ екі топқа, қатысты екенін де түсіндірді (Қолостықтарға 1:19, 20; Ефестіктерге 1:10). Көктегі топ Иса Мәсіхпен бірге діни қызметкерлер мен патшалар ретінде көктен жерге билік етуге үміті бар 144 000 мәсіхшіден тұрады (Аян 5:9, 10; 7:4; 14:1—3). Солар арқылы тіл алғыш адамдар төлеммен келетін баталардың рақатын бірте-бірте көретін болады (Қорынттықтарға 1-хат 15:24—26; Аян 20:6; 21:3, 4).

19 Жердегі топ жер бетінде орнайтын Жұмақта кемелді адам ретінде өмір сүретіндерден тұрады. Аян 7:9—17 тармақтарда олар ауыр азаптан аман өткен “өте үлкен тобыр” ретінде суреттелген. Бірақ төлем арқылы келетін баталарды күтіп жүрудің қажеті жоқ. Олар ‘шапандарын Тоқтының төгілген қанымен “жуып” аппақ қылып’ қойған. Өйткені олар төлемге сенім білдіреді, сондықтан қазірдің өзінде рухани жағынан оның пайдасын көруде. Олар Құдайдың достары ретінде оның алдында ақталған (Жақып 2:23). Исаның құрбандығының арқасында ‘Құдайдың тағына еш қысылмастан жақындай’ алады (Еврейлерге 4:14—16). Ал күнәлары толығымен кешіріледі (Ефестіктерге 1:7). Кемелсіз болғандарына қарамастан, ар-ұждандары таза (Еврейлерге 9:9; 10:22; Петірдің 1-хаты 3:21). Құдаймен тек болашақта ғана емес, тіпті қазірдің өзінде де татуласуға болады! (Қорынттықтарға 2-хат 5:19, 20Мыңжылдық Патшалықтың кезінде олар “өткіншіліктің құлдығынан босатылып”, ақырында “Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жетеді” (Римдіктерге 8:21).

20. Төлем туралы ой жүгірткенің саған қалай әсер етеді?

20 Азаттық төлем бергені үшін Иса Мәсіх арқылы Құдайға дән ризамыз! (Римдіктерге 7:25) Төлемнің өтелуі қарапайым принципке негізделген, десе де мәнінің тереңдігі көңіл толқытады (Римдіктерге 11:33). Ризашылықпен ой жүгіртер болсақ, төлем жүрегімізге әсер етіп, әділ Құдайымызға бұрынғыдан да жақындай түсеміз. Бізде де забур жыршысы іспетті ‘әділдік пен туралықты сүйетін’ Ехоба Құдайды мадақтауға барлық негіз бар (Забур 33:5, ЖД [32:5]).

a Мысырдан шығу 25:17—22 тармақтардағы “қақпақ” деп аударылған сөз ко’фер сөзінің түбірінен шыққан.

b Адам мен Хауа төлемнің пайдасын көре алмас еді. Мұса заңында әдейі кісі өлтірушіге қатысты келесі принцип жазылған: “Кісі өлтіріп, өлімге лайық болған адамның жаны үшін төлем алмаңдар” (Руларды санау 35:31, ЖД). Біле тұра Құдайға әдейі мойынсұнбағандықтан Адам мен Хауаның өлімге лайық болғаны тайға таңба салғандай ап-анық. Олар солай етулерімен мәңгі өмір сүру мүмкіндігінен бас тартқан.