Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

17-ТАРАУ

О, Құдайдың даналығы неткен терең!

О, Құдайдың даналығы неткен терең!

1, 2. Ехобаның жетінші күнге қатысты ниеті қандай болған және сол күннің басында Ехобаның даналығы қалай сынға салынды?

 ҚҰЛАДЫ! Алтыншы күннің шарықтау шегі болған адам шыңырау биіктен әп-сәтте тұңғиыққа құлады. Ехоба, адамды қоса алғанда, жасағандарының бәріне қарап: “Өте жақсы”,— деген еді (Жаратылыс 1:31). Бірақ жетінші күн бастала бере, Адам мен Хауа Шайтанның бүлігіне қосылды. Енді олардың үлесі күнә, кемелсіздік және өлім болды.

2 Ехобаның жетінші күнге қатысты ниеті сәтсіздікке ұшырап, енді қайтып жүзеге аспайтындай көрінді. Алдындағы алты күн іспетті, сол күн де мыңдаған жылдарға созылуы керек еді. Ехоба оны қасиетті деп белгіледі, әрі сол күннің соңында бүкіл жер беті кемелді адамдарға толған жұмаққа айналмақ еді (Жаратылыс 1:28; 2:3). Бірақ осындай сорақы бүліктен кейін мұның бәрі қалай жүзеге асуы мүмкін? Құдай не істемек? Ехобаның даналығы үлкен сынға салынды, тіпті бұны ең үлкен сын деуге де болатын шығар.

3, 4. а) Неге Ехобаның Едемде болған бүліктен кейін қалай әрекет еткені даналық танытудың керемет үлгісі болып табылады? ә) Ехобаның даналығын зерттей түскен сайын, кішіпейілділігіміз қандай маңызды шындықты жадымызда ұстауға талпындыру керек?

3 Ехоба бірден әрекет етті. Ол бүлікшілерге үкім шығарды, сөйте тұра, керемет үміт сәулесін де берді: жаңа ғана басталған “ауруға” дауа болар шара қолданатын ниеті бар екенін ашты (Жаратылыс 3:15). Ехобаның көреген ниеті сонау Едем бағынан бастап адам баласының бүкіл тарихы мен алыстағы болашағын қамтиды. Оның ниеті өте қарапайым, бірақ мәні терең болғаны соншалық — Киелі кітап оқырмандарының оны зерттеп, ой жүгірту үшін бүкіл ғұмырын жұмсауларына болады. Оған қоса, Ехобаның ниеті міндетті түрде жүзеге асады. Ол зұлымдық пен күнә атаулыны, сондай-ақ өлімді жояды; адал адамдарды кемелділікке жеткізеді. Оның ниеті жетінші күн аяқталмас бұрын толығымен орындалады, бұл дегеніміз — ешбір кедергіге қарамастан, Ехоба адам баласы мен жерге қатысты еркін о баста өзі белгілеген уақытта жүзеге асырады деген сөз.

4 Мұндай даналық терең қастерлеу сезіміне бөлейді емес пе? Осындай сезім елші Пауылды: “О, неткен бай Құдайдың даналығы, Неткен терең Оның білік-парасаты!”— деуге талпындырған (Римдіктерге 11:33). Құдайдың осы қасиетінің қыр-сырын зерттей түскен сайын, кішіпейілділігіміз келесі маңызды шындықты жадымызда ұстауға талпындыруы керек: керемет түсіндік деген күннің өзінде, біз Ехобаның ұшан-теңіз даналығының бір тамшысын ғана ұғына аламыз (Әйүп 26:14). Алдымен, осы керемет қасиеттің анықтамасына көңіл бөлейік.

Құдайдың даналығы деген не?

5, 6. Білім мен даналықтың қандай байланысы бар және Ехобаның білімінің ауқымы қандай?

5 Даналық пен білім — бір нәрсе емес. Мысалы, компьютерде өте көп білім қоры болуы мүмкін, бірақ оны ешкім дана деп атамаса керек-ті. Сөйткенмен де білім мен даналықтың өзара байланысы бар (Нақыл сөздер 10:14). Егер бір қауіпті аурудың емі жөнінде дана кеңес алғың келсе, медицинадан еш хабары жоқ адаммен кеңесер ме едің? Олай етуің екіталай. Демек, шынымен дана болу үшін тура білімнің маңызы зор.

6 Ехобаның білімінде шек жоқ. “Мәңгілік Патша” ретінде жалғыз сол ғана әрқашан бар болған және бола да береді (Тімотеге 1-хат 1:17). Сол шексіз уақыт аралығында ол еш нәрсені назарынан қалт жібермеген. Осыған орай, Киелі кітапта: “Құдайдан жасырын жатқан ешбір жан иесі жоқ, Оның көз алдында барлығы ашық та айқын көрініп тұр. Біз Оның алдында есеп беруге тиіспіз”,— делінген (Еврейлерге 4:13; Нақыл сөздер 15:3). Жаратушымыз болғандықтан Ехоба біз жайлы бәрін біледі және әрекеттерімізді о бастан бақылап отыр. Оған әрбір адамның жүрегінде не бар екені белгілі, одан ештеңе жасырын қалмайды (Шежірелер 1-жазба 28:9). Адам баласын ерік бостандығымен жаратқандықтан, оған өмірімізде дана шешімдер қабылдағанымыз ұнамды. Ол бір мезгілде сансыз көп дұғаларды тыңдай алады (Забур 64:3). Ал оның есте сақтау қабілеті кемелді екені жөнінде айтпаса да түсінікті.

7, 8. Қалай Ехоба түсінушілік, қырағылық және даналық танытады?

7 Ехоба — ұшан-теңіз білім иесі ғана емес. Сондай-ақ ол оқиғалардың өзара қалай байланысып жатқанын және мың сан ұсақ-түйектерден құралатын тұтас оқиғаны көре алады. Ол жаман мен жақсының, маңызды мен болмашы нәрсенің аражігін ажыратып, баға беріп, саралайды. Бұған қоса, Ехоба адамның сырт келбетіне емес, жан дүниесіне қарайды (Патшалықтар 1-жазба 16:7). Сондықтан Ехобаның түсінігі мол әрі қырағы, ал бұл қасиеттер құр білімнен әлдеқайда жоғары. Бірақ бәрінен де даналықтың орны бөлек.

8 Білім, түсінушілік және қырағылықтың өзара үйлесе іске қосылуын даналық дейміз. Негізінде, түпнұсқадан “даналық” деп аударылған кейбір сөздердің сөзбе-сөз мағынасы “іске қосатын” немесе “іс жүзіндегі даналық” дегенді білдіреді. Сондықтан Ехобаның даналығы — жай дерексіз түсінік емес. Даналық — нақты әрекеттерден көрінетін, пайдалы қасиет. Мол білімі мен терең түсінігінің арқасында Ехоба әрқашан ең керемет шешімдер қабылдап, оларды ең дұрыс жолмен жүзеге асырады. Нағыз даналық деп осыны айт! Ехобаның даналығы Исаның: “Даналық өзінен туған істермен ақталады”,— деген сөздерінің растығын паш етеді (Матай 11:19). Бүкіл әлемдегі жаратылыстары оның даналығының керемет дәлелі болып табылады.

Құдай даналығының дәлелдері

9, 10. а) Ехоба қандай даналықты паш етті және ол оны қалай көрсетті? ә) Қалайша жасуша Ехобаның даналығының дәлелі болып табылады?

9 Он саусағынан өнері тамған қас шебер жасаған әсем заттың жақсы жұмыс істеп тұрғанына таңырқаған кезің болған ба? Бұл — ғажайып даналықтың көрінісі (Мысырдан шығу 31:1—3). Ехобаның өзі де — осындай даналықтың қайнар көзі әрі нақ иесі. Дәуіт патша Ехоба жайлы былай деген: “Тамаша жаралдым, Сені мақтаймын, Керемет ғажап — жасаған істерің, Мұны мен шын жүректен мойындаймын” (Забур 138:14). Расында да, адам ағзасы турасында біле түскен сайын, Ехобаның даналығына қайран қаламыз.

10 Мысалы: Сенің өмірің бір ғана жасушадан, атап айтқанда әкеңнің сперматозойды ұрықтандырған анаңның жұмыртқа жасушасынан, бастау алған. Көп ұзамай аталмыш жасуша бөліне бастады. Ол бөліне келе, 100 триллион жасушаға жеткенінің нәтижесінде сен пайда болғансың. Бұл жасушалар өте ұсақ. Орташа көлемді 10 000-дай жасуша түйреуіштің басындай-ақ болуы мүмкін. Соған қарамастан, олардың әрқайсысы өте күрделі. Жасушаның құрылысы адам жасаған кез келген механизм немесе фабрикадан әлдеқайда күрделі. Ғалымдардың айтуынша, жасуша күзетілетін қақпалары, тасымалдау және байланыс жүйелері, энергия өндіретін станциялары мен өндіріс фабрикалары, қоқыс шығаратын және қайта өндіретін жерлері, сондай-ақ қорғаныс жүйесі, тіпті ядросында орналасқан басқару орталығы бар бейне бір бекініске ұқсайды. Бір ғажабы, жасуша не бары бірнеше-ақ сағатта өзінің тура көшірмесін жасай алады!

11, 12. а) Эмбрионның жасушаларының түрленуіне не ықпал етеді және қалайша бұл Забур 138:16-дағы сөздерге сай келеді? ә) Адам миының ‘тамаша жаратылғаны’ неден көрінеді?

11 Әрине, жасушалардың бәрі бірдей емес. Эмбрионның жасушалары бөлінген сайын, сан алуан функцияларды атқарады: кейбірі жүйке, ал өзге бірі сүйек, бұлшық ет, қан немесе көз жасушаларын түзейді. Олардың осындай өзгешеліктерінің бәрі жасушаның генетикалық коды ДНҚ-ның “кітапханасына” ендіріліп қойылған. Бір көңіл қоятын жайт, Дәуіт киелі рухтың жетелеуімен Ехобаға: “Ұрық күйімде маған көз тастадың... [“оның бөліктерінің”, ЖД] бәрі Кітабыңда жазулы тұрған еді”,— деген (Забур 138:16).

12 Дененің кейбір мүшелері өте күрделі. Мысалға адам миын алып көрейік. Кейбіреулер оны Әлемдегі ең күрделі объект деп қарастырады. Ол 100 миллиардтай жасушадан тұрады. Ал бұл біздің Галактикамыздағы жұлдыздардың санына тең болуы мүмкін. Сол жасушалардың әрқайсысы өзге жасушалармен мыңдаған байланыстар жасайды. Ғалымдардың пайымдауынша, адамның миы дүниедегі кітапханалардағы барлық мәліметті сыйдыра алар еді. Сондай-ақ оның есте сақтау қабілеті шексіз болса керек. Ғалымдар ондаған жылдар бойы зерттеліп келе жатқанына қарамастан, осы ‘тамаша жаратылған’ мүшенің қалай жұмыс істейтінін ешқашан толық түсіне алмайтындарын мойындайды.

13, 14. а) Құмырсқалар мен басқа да тіршілік иелерінде ‘түйсікті сезім даналығы’ бар екені неден көрінеді және бұдан олардың Жаратушысы жөнінде не білуге болады? ә) Ехобаның бәрін де ‘даналықпен жасағаны’ өрмекшінің өрмегінен қалай көрінеді?

13 Алайда адам баласы Ехобаның жаратушы ретінде даналық танытқанының бір-ақ мысалы. Забур 103:24-те: “Сенің істерің не деген көп, Жаратқан Ие? Сен бәрін даналықпен жасадың; жер Сенің туындыларыңа лықып тұр”,— делінген. Айналамыздағы жаратылыс атаулы — Ехобаның даналығының көрінісі. Мысалы, құмырсқаның “түйсікті сезім даналығы” бар (Нақыл сөздер 30:24, ЖД). Олардың илеуінде керемет тәртіп орнатылған. Кейбір құмырсқалар илеулерінде өсімдік битін “асырап”, мал ретінде ұстайды. Ал өзге бір құмырсқалар “бақша егіп”, “саңырауқұлақ” өсіріп, бағбан ретінде әрекет етеді. Басқа да жаратылыстар түйсік сезімінің жетегімен таңғаларлық нәрселер істейді. Кәдімгі қара шыбын адам жасаған ешбір ұшақ қайталай алмайтын ұшу шеберлігін көрсетеді. Жыл құстары жұлдыздар арқылы, Жердің магнит өрісін немесе қандай да бір ішкі картаны қолданып бағыт-бағдар алады. Ғалымдар осы тіршілік иелерінің ерекшеліктерін зерттеуге көптеген жылдар жұмсайды. Тіршілік атаулының Жаратушысы неткен дана!

14 Ғалымдар Ехобаның жасампаз даналығынан көп нәрсеге үйренген. Тіпті тіршілік иелерінің құрылысын қайталайтын биомиметика деген инженерлік сала да бар. Мысалы, өрмекші өрмегінің әдемілігіне талай рет таңғалған шығарсың. Ал инженер алдымен оның керемет құрылысына көңіл бөлер еді. Кейбір өрмектердің бір қарағанда нәзік болып көрінетін талшықтары пропорционал шамада оққағар сауыттар жасалатын болаттан да берік. Сонда қаншалықты берік? Егер өрмекті балық аулайтын ау сияқты етіп үлкейтер болса, онымен әуедегі жолаушылар ұшағын ұстап алуға болар еді! Иә, Ехоба бәрін де ‘даналықпен жасаған’.

“Түйсікті сезім даналығы” бар жаратылыстарға бағыт-бағдар берген кім?

Жер аясынан тысқары даналық

15, 16. а) Қалай сансыз жұлдыздар Ехобаның даналығын паш етеді? ә) Қалайша миллиондаған періштеге қолбасшылық етіп отырғандығынан Ехобаның дана Меңгеруші екендігі көрінеді?

15 Әлемдегі бар жаратылыс Ехобаның даналығын паш етеді. 5-тарауда әңгімеленген сансыз жұлдыздар ғарыш кеңістігінде ретсіз шашылып жатқан жоқ. Ехоба даналықпен орнатқан “аспан заңдарының” арқасында жұлдыздар жұлдыз шоғырларын, яғни галактикаларды құрайды, ал олар, өз кезегінде, галактикалар шоғырын құрап, аса ірі шоғырлар пайда болады (Әйүп 38:33, The New Jerusalem Bible). Олай болса, Ехобаның аспан денелерін “жасаққа” теңейтініне таңғалуға бола ма!? (Ишая 40:26, ЖД) Алайда Ехобаның даналығын бұдан әлдеқайда керемет түрде паш ететін тағы да бір жасақ бар.

16 Төртінші тарауда Құдай жүздеген миллион рухани жаратылыстардан тұратын қалың жасақтың Ұлы Қолбасшысы болғандықтан, “Әскерлер Басшысы Ехоба” деп аталатыны айтылған еді. Бұл — оның зор күшінің дәлелі. Бірақ бұған даналықтың қандай қатысы бар? Ойлап көрші, Ехоба мен Иса ешқашан еңбектен қол үзбейді (Жохан 5:17). Демек, Ең Жоғарғы Құдайдың періштелері де ешқашан қол қусырып отырмайды деген сөз. Ал олардың ақыл-ой жағынан да, күш жағынан да адамнан жоғары екенін есіңе алшы (Еврейлерге 1:7; 2:7). Сөйткенмен де Ехоба миллиардтаған жылдар бойы сол періштелердің бәріне жұмыс беріп отыр: олар қуанышпен оның ‘сөзін іске асырып’, ‘еркін орындап’ жүр (Забур 102:20, 21). Осындай Меңгерушінің даналығы қайран қалдырады емес пе!?

Ехоба — “даналықтың бірден-бір Иесі”

17, 18. Неге Киелі кітапта Ехоба “даналықтың бірден-бір Иесі” делінген және неге оның даналығы туралы ойлағанда таң-тамаша қаламыз?

17 Осыншама дәлелдерді қарастырғаннан кейін, Киелі кітапта Ехобаның даналығы барынша дәріптелетініне таңғалу керек пе? Мысалы, онда Ехоба “даналықтың бірден-бір Иесі” екендігі айтылған (Римдіктерге 16:27). Тек сол ғана шексіз дана. Ехоба — шынайы даналықтың қайнар көзі (Нақыл сөздер 2:6). Міне, сондықтан жаратылыс атаулының ең данасы Иса өз даналығына сүйеніп емес, Әкесі тапсырғандай сөйлейтін (Жохан 12:48—50).

18 Ехобаның теңдесі жоқ даналығын елші Пауылдың қалай суреттегеніне қарашы: “О, неткен бай Құдайдың даналығы, Неткен терең Оның білік-парасаты! Шешімдеріне адам ақылы жетпес, Жолдарын Оның ешкім зерттеп бітпес!” (Римдіктерге 11:33) Пауыл сөзін “о” деген одағаймен бастауымен өзін қандай күшті сезім кернегенін — Құдайдың даналығына таң-тамаша болып, бойын терең қастерлеу сезімі билегенін — көрсеткен. Оның “терең” деген ойды жеткізу үшін таңдаған грек сөзі “тұңғиық” деген сөзбен тығыз байланысты. Бұл сөзді оқығанда, санада анық бейне пайда болады. Ехобаның даналығы туралы ой жүгірту нобайын салмақ немесе ерекшеліктерін қағазға түсірмек түгілі, ауқымы қандай яки түбі қайда екенін ұғынуға адам санасы жетпейтін түпсіз тұңғиыққа үңілгенмен тең (Забур 91:6). Бұл бізді кішіпейілділік дамытуға талпындырады емес пе?!

19, 20. а) Неге бүркіт Құдайдың даналығының лайықты бейнесі болып табылады? ә) Болашаққа үңіле алатынын Ехоба қалай көрсетті?

19 Басқа жағынан да Ехоба — “даналықтың бірден-бір Иесі”: одан басқа ешкім болашаққа үңіле алмайды. Даналығының бейнесі ретінде Ехобаның қырағы бүркітті қолданғанын есіңе алшы. Дала бүркітінің салмағы бес-ақ килограмм болуы мүмкін, бірақ көзі ересек адамның көзінен де үлкен. Керемет көру қабілетінің арқасында бүркіт ұсақ жемтікті жүздеген метр биіктіктен, тіпті бір шақырымнан аса қашықтықтан да байқап қояды. Бірде Ехобаның өзі бүркіт жайында: “Көзі алысқа қарайды”,— деген (Әйүп 39:29). Сол сияқты Ехоба да ‘алысқа қарап’, болашақта не болатынын көре алады.

20 Киелі кітапта мұның растығын дәлелдейтін мысалдар көп. Онда жүздеген пайғамбарлықтар бар. Соғыстардың нәтижесі, дүниежүзілік ірі мемлекеттердің шарықтауы мен күйреуі, сондай-ақ тіпті белгілі бір қолбасшылардың соғысу тәсілі — осының бәрі Киелі кітапта алдын ала, ал кей жағдайларда жүздеген жылдар бұрын айтылған (Ишая 44:25—45:4; Даниял 8:2—8, 20—22).

21, 22. а) Неге Ехоба сенің өмір жолыңды алдын ала болжап қойған деуге негіз жоқ? Мысал келтір. ә) Ехобаның даналығының тас жүрек, сезімсіз емес екендігін қайдан білеміз?

21 Алайда бұл Ехоба сенің өмір жолыңды алдын ала болжап қойған дегенді білдіре ме? Тағдырға сенетіндер солай деп ойлайды. Бірақ мұндай тұжырым Ехобаны болашаққа үңілу қабілетін қадағалай алмайтындай етіп көрсетіп, оның даналығын жоққа шығарады. Келесі мысалды қарастырып көрейік: сенің керемет әрі зор даусың бар делік. Алайда бұл солай болды екен деп тоқтамастан ән айта беруің керек дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ! Бұл — ақылға қонбайтын нәрсе ғой! Тап сол сияқты Ехоба болашақта не болатынын біле алады, бірақ мұндай қабілетін үнемі қолдана бермейді. Әйтпесе бұл Ехобаның біздің ерік бостандығымызға, яғни қайтарып беруді ешқашан талап етпейтін өзі берген керемет сыйға, қол сұғуымен тең болар еді (Заңды қайталау 30:19, 20).

22 Бұдан да сорақысы, тағдыр туралы ілім Ехобаның даналығын тас жүрек, сезімсіз, сүйіспеншілік пен жанашырлықтан жұрдай етіп көрсетер еді. Ал бұл шындыққа мүлдем жанаспайды! Киелі кітап Ехоба жайында “жүрегі даналыққа толы” деп үйретеді (Әйүп 9:4). Әрине, бұл Ехобаның тура мағынадағы жүрегі бар дегенді білдірмейді. Киелі кітапта “жүрек” сөзі жиі жан дүниемен байланыстырылып, ішкі ой-ниеттер мен сүйіспеншілік сияқты сезімдерді білдіреді. Сондықтан Ехобаның даналығы оның басқа да қасиеттері іспетті сүйіспеншілікпен тығыз байланысып жатады (Жоханның 1-хаты 4:8).

23. Ехобаның асқан даналығы бізді не істеуге талпындыру керек?

23 Ехобаның даналығына толық сенім артуға болатындығы айдан анық. Оның біздің даналығымыздан жоғары болғаны соншалық — Құдай Сөзі мынаған шақырады: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе. Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, Сонда ол тура жолмен жетелер сені” (Нақыл сөздер 3:5, 6). Асқан дана Құдайымыз Ехобаға жақындай түсу үшін, оның даналығын тереңірек зерттеп көрейік.