Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

18-ТАРАУ

‘Құдай сөзіндегі’ даналық

‘Құдай сөзіндегі’ даналық

1, 2. Ехоба бізге қандай хат жазған және не үшін?

 АЛЫСТА тұратын сүйікті адамыңнан соңғы рет қашан хат алдың? Көңілге жақын жанның шын жүректен жазған хатын алғанда, мәз-мейрам боламыз. Оның аман-сау екенін, не істеп, не қойып жатқанын, алға қойған арман-мақсатын біліп, көңіліміз бір марқайып қалады. Ара-қатынасты үзбей, осылай араласып тұрғаны қашықтыққа қарамастан, адамдарды бір-біріне жақындата түседі.

2 Ал өзіміз сүйетін Құдайдан “хат” алғанымыз бізді одан да бетер қуантуы керек емес пе? Қандай да бір мағынада Ехоба, шынымен-ақ, бізге хат жазған. Бұл — оның Сөзі Киелі кітап. Киелі кітапта ол өзі жайлы, не істегенін және болашақта не істейтінін, сондай-ақ көптеген басқа да нәрселер жазған. Ехоба бізге өз Сөзін берді, өйткені ол бізбен тығыз қарым-қатынаста болуды қалайды. Бұл үшін асқан дана Құдайымыз ең керемет жолды таңдаған. Киелі кітаптың қалай жазылғаны және онда не жазылғаны — теңдесі жоқ даналықтың көрінісі.

Неге жазбаша түрде?

3. Ехоба Мұсаға өз Заңын қалай берген?

3 Бәлкім, әлдебіреу: “Неге Ехоба адамдармен әлдеқайда әсерлі болатындай етіп, айталық, аспаннан сөйлеу арқылы қарым-қатынас жасамайды?”— деп сұрар. Шындығына келгенде, оның періштелер арқылы көктен сөйлеген кездері болған. Мысалы, ол Исраил халқына Таурат заңын бергенде солай еткен (Ғалаттықтарға 3:19). Көктен келген дауыстың айбарлы болғаны соншалық — исраилдіктерді үрей билеп, Ехоба Мұса арқылы тілдессе екен деген өтініш білдірген (Мысырдан шығу 20:18—20). Сондықтан 600-дей ережеден тұратын Заңның әрбір сөзі Мұсаға ауызша айтылған.

4. Неге Құдай заңын ауызша жеткізу сенім артуға тұрарлық тәсіл болмас еді?

4 Алайда бұл Заң ешқашан қағаз бетіне түсірілмеген болса ше? Мұса халыққа осы ұсақ-түйегіне дейін толық берілген заң жинағының сөз саптауын өзгертпестен, ештеңені бұрмаламастан жеткізе алар ма еді? Ал кейінгі ұрпақтар жөнінде не деуге болады? Олар өздеріне ауызша жеткен сөздерге толық сенім арта алар ма еді? Құдай заңдары осылай жеткізілсе, оған сенім артуға болатындығына күмән бар. Мысалы, сен бір оқиға айтып, содан оны біраз адам бірінен-бірі іліп әкетіп отырды делік. Соңғы адамның естігені о бастағы айтылған оқиғадан мүлдем өзгеше болатындығы сөзсіз. Бірақ Құдай заңына мұндай қауіп төнген жоқ.

5, 6. Ехоба Мұсаға не істеуді бұйырды және неге Ехобаның жазбаша Сөзі біз үшін зор бата?

5 Дана Құдай Ехоба өз сөзін қағаз бетіне түсірілсін деп шешті. Ол Мұсаға: “Осы сөздерді жазып қой. Мен сенімен және бүкіл Исраил халқымен келісімімді солардың негізінде жасаймын”,— деп бұйырды (Мысырдан шығу 34:27). Сөйтіп, б. з. б. 1513 жылдан бастап Киелі кітап жазыла бастады. Келесі 1 610 жыл бойы Ехоба Киелі кітапты жазған 40-қа жуық кісіге “әлденеше рет түрлі жолдармен өз хабарын” жеткізіп отырды (Еврейлерге 1:1). Ал адал “көшірмешілер”, өз кезегінде, тура көшірмелер жасап, Жазбаларды бұрмаланудан сақтап қалу үшін барынша күш салды (Езра 7:6, ЖД; Забур 44:2, ЖД).

6 Ехобаның жазбаша Сөзі — біз үшін зор бата. Жүрегіңе жылы тигені соншалық — бәлкім жаныңа жұбаныш бергеннен болар — сақтап қойып, қайта-қайта оқыған хат алғансың ба? Ехобаның бізге жазған хаты тап сондай. Ехобаның Сөзі жазбаша болғандықтан, біз оны үнемі оқып, онда айтылғандардың үстінен ой жүгірте аламыз (Забур 1:2). Қай кезде болмасын, одан жұбаныш алуымызға болады (Римдіктерге 15:4).

Неге адамдар жазған?

7. Киелі кітапты адамдарға жаздырғанынан Ехобаның даналығы қалай көрінеді?

7 Ехобаның өз Сөзін жаздыру үшін адамдарды қолданғаны — даналығының көрінісі. Өзің ойлап көрші, егер ол бұл істі періштелерге тапсырғанда, Киелі кітап бізге дәл қазіргідей тартымды болар ма еді? Періштелер Ехобаны өздерінің асқақ көзқарастарына сай суреттеп, оған деген берілгендіктерін білдіріп, сондай-ақ адамдар арасындағы оның адал қызметшілері жөнінде, әрине, жаза алар еді. Бірақ білімі, қабілеті мен күші біздікінен әлдеқайда зор осы кемелді рухани жаратылыстардың ой қалпын біз түсіне алар ма едік? (Еврейлерге 2:6, 7)

8. Қай мағынада Киелі кітапты жазған адамдар өз қабілеттерін қолданған? (Сілтемені де ескер)

8 Киелі кітапты адамдарға жаздыруымен Ехоба тап бізге қажетті нәрсені, яғни ‘Құдай Рухының жетелеуімен жазылған’, сөйте тұра адамдарға түсінікті жазбаны, берген (Тімотеге 2-хат 3:16). Ехоба оны қалай жаздырды екен? Көп жағдайда ол ‘шындық сөздерді анық жазу’ үшін ‘әдемі сөздерді’ адамдардың өз қабілеттеріне сай таңдауларына жол бергенге ұқсайды (Екклесиаст 12:10, 11). Осыны ескерер болсақ, Киелі кітаптың әр түрлі мәнерде жазылғанын түсінуге болады: әр кітаптан жазушының шыққан тегі мен болмысының әсері байқалады a. Бірақ олар оны ‘Құдайдың Киелі Рухының қозғау салуымен’ жазған (Петірдің 2-хаты 1:21). Сондықтан олардың еңбектерінің нәтижесін орынды түрде Құдай сөзі деуге болады (Салониқалықтарға 1-хат 2:13).

‘Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған’

9, 10. Неге адамдар жазғандықтан Киелі кітап бізге тартымды әрі жанға жылу береді деуге болады?

9 Адамдар жазғандықтан Киелі кітап бізге тартымды әрі жанға жылу береді. Сол кемелсіз адамдарда да біздікі сияқты сезімдер болған, біз сияқты қиындықтарға кезіккен, қысымшылық көрген. Кейде Ехобаның рухы ішкі сезімдері мен жан күйзелістерін жазуға қозғау салып отырған (Қорынттықтарға 2-хат 12:7—10). Олар бірінші жақтан жазып, ешбір періште айтып жеткізе алмайтын жайттарды әңгіме еткен.

10 Мысал ретінде Исраил патшасы Дәуітті алып көрейікші. Бірнеше ауыр күнә жасап қойғаннан кейін, ол Құдайға жалбарынып кешірім сұрап, көңіліндегіні ақтарып жыр қылып жазған. Ол былай жырлады: “Күнәларымнан түгел тазарта гөр! Қылмыстарымды жақсы білемін де, Күнәларым әрдайым тұр есімде. Мен күнәкар боп дүниеге келдім, Құрсақта жатқанда-ақ күнәкар едім. Қасыңнан мені қуып шыға көрме, Киелі Рухыңды менен ала көрме, Ал Құдайға ұнамды сый, құрбандық — Күнәсына шынымен өкінген рух, Шын өкініп, бағынған жүрекке Сен Теріс қарамайсың, уа, Құдай Ием” (Забур 50:4, 5, 7, 13, 19). Дәуіттің қалай жаны күйзелгенін сезіне алдың ба? Жүректен шыққан осындай сөздерді тек кемелсіз адамдар ғана айтып жеткізе алады емес пе?!

Неге адамдар жайлы жазылған?

11. Киелі кітапта ‘бізге тәлім болатын’ қандай өмірден алынған мысалдар жазылған?

11 Киелі кітапты біз үшін тартымды ететін тағы бір нәрсе бар. Жалпы алғанда, ол — тарихта өмір сүрген адамдар жайлы кітап. Ал олардың бірі Құдайға қызмет еткен болса, өзгелері олай етпеген. Біз олардың не істегені, бастарынан кешкен қиындықтары мен қуаныштары жөнінде оқимыз. Олардың өмірде қабылдаған шешімдерінің арты не болғанын көреміз. Мұндай оқиғалар “бізге тәлім болсын деп” жазылған (Римдіктерге 15:4). Өмірден алынған осындай мысалдар арқылы Ехоба біздің жүрегімізге жететіндей етіп тәлім береді. Сондай мысалдардың бірнешеуін қарастырып көрейік.

12. Киелі кітаптағы опасыз адамдар жөніндегі үзінділер қай жағынан бізге көмектеседі?

12 Киелі кітапта опасыз, тіпті зұлым адамдар жөнінде әрі олармен не болғаны туралы жазылған. Мұндай үзінділерден біз жағымсыз қасиеттердің қалай көрініс алатынын байқаймыз, осылайша олардың қаншалықты тартымсыз екендігін түсіну оңайырақ болады. Мысалы, ешқандай заң опасыздықтың қаншалықты сорақы қылық екенін Исаға сатқындық жасаған Яһуданың айқын бейнесінен артық суреттеп бере алмаса керек-ті (Матай 26:14—16, 46—50; 27:3—10). Осындай үзінділер бізге қатты әсер етіп, жағымсыз қасиеттерді көре білуге және олардан аулақ болуға көмектеседі.

13. Қалайша Киелі кітап жағымды қасиеттердің мәнін тереңірек түсінуімізге көмектеседі?

13 Киелі кітапта Құдайдың көптеген адал қызметшілері жөнінде де әңгімеленеді. Біз олардың Құдайға берілгендік танытқандары туралы оқимыз. Олардың бойынан Ехобаға жақындау үшін қандай қасиеттер дамытуымыз керектігін көреміз. Мысалға сенімді алайық. Киелі кітапта сенімге нақты анықтама беріледі және Құдайға ұнамды болу үшін оның қаншалықты маңызды екендігі айтылады (Еврейлерге 11:1, 6). Сондай-ақ онда өмірлерінде зор сенім танытқан адамдардың әсерлі мысалдары да бар. Ысқақты құрбандыққа бергелі жатқандағы Ыбырайымның сенімі жайлы ойлап көрші (Жаратылыс 22-тарау; Еврейлерге 11:17—19). Осындай үзінділердің арқасында “сенім” сөзінің мәні тереңдей түсіп, оны түсіну де анағұрлым оңай болады. Ехобаның бізді жағымды қасиеттерді дамытуға шақырып қана қоймай, оларды өмірде қалай танытуға болатынын көрсету үшін керемет мысалдардың өз Сөзінде жазылғанына қам жасағаны неткен даналық десеңші!

14, 15. Киелі кітапта ғибадатханаға келген жесір әйел жөнінде не айтылған және осы оқиғадан Ехоба жайында не білеміз?

14 Киелі кітапта өмірде болған оқиғалар әңгімеленгенінің арқасында біз Ехобаның болмысы жөнінде біраз нәрсе білеміз. Ғибадатханада Исаның назары ауған әйел жөнінде не жазылғанын қарастырып көрейікші. Иса садақа салатын сандықтардың қасында адамдардың садақа салып жатқандарына қарап отырады. Көптеген бай адамдар келіп, ‘өздерінен артылғанын садақа етіп’ жатады. Бірақ Исаның назары бір бейшара жесір әйелге ауады. Ол сандыққа (Тт) “бір кодрант болатын екі лепта салды” b. Бұл оның соңғы ақшасы еді. Сонда Ехобаның көзқарасын кемелді түрде көрсететін Иса былай деп ескерді: “Ақша салғандардың барлығынан да мына бейшара жесір көп салды”. Осы сөздерге сай, оның салған садақасы өзгелердікінің бәрін қоса алғандағыдан көп болған (Марқа 12:41—44; Лұқа 21:1—4; Жохан 8:28).

15 Сол күні ғибадатханаға келгендердің бәрінің ішінен жесір әйелге ерекше көңіл бөлінгені әрі ол жайында Киелі кітапқа жазылғаны қайран қалдырады емес пе? Осы мысал арқылы Ехоба өзін ризашылықты білетін Құдай ретінде танытады. Ол біздің шын көңілден берген тарту-таралғымызды, мейлі ол өзгелердікімен салыстырғанда болмашы ғана болсын, ризашылықпен қабыл алады. Ехоба жүрекке сондай жылы тиетін осы шындықты бұдан жақсы жолмен көрсете алар ма еді!?

Киелі кітапта не жазылмаған?

16, 17. Өз Сөзіне нені жазып, нені жазбауды шешкенінен Ехобаның даналығы қалай көрінеді?

16 Өзің сүйетін адамға хат жазғанда, әдетте көңіліңдегінің бәрін хатқа сыйдыру мүмкін емес. Сондықтан не жазу керектігін байсалдылықпен салмақтап-саралап аласың. Сол сияқты Ехоба да өз Сөзінде белгілі бір адамдар мен оқиғалар жайлы жазған. Бірақ сол әсерлі оқиғалар барлық бүге-шігесіне дейін суреттеліп, ұсақ-түйегіне дейін түсіндіріле бермейді (Жохан 21:25). Мысалы, Құдайдың үкімінің жүзеге асырылуы жөнінде айтылғанда, туындаған сұрақтарымыздың бәріне жауап таба бермейтін шығармыз. Ехобаның өз Сөзіне нені жазып, нені жазбауды шешкенінен де даналығы көрінеді. Қалайша?

17 Киелі кітаптың жазылу әдісі арқылы біздің жүрегімізде не бары тексеріледі. Еврейлерге 4:12-де: “Құдайдың сөзі [немесе хабары] тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзді семсердің қайсысынан да өткір, бойымызға терең еніп, жан мен рухты айырып... ішкі дүниеміздегі ой-ниетімізді әшкерелеп, бағалайды”,— делінген. Киелі кітаптағы хабар тұла бойымызға терең еніп, ойымыз бен ниетімізді аян етеді. Оны сын көзбен оқитын адамға қанағаттандырарлық мәлімет жетіспейтіндей болып көрінетін үзінділер “сүріндіретін тас” бола береді. Мұндай адам тіпті Ехобаның, шынында да, сүюші, дана әрі әділ екендігіне де күмәндануы мүмкін.

18, 19. а) Қандай да бір үзіндіге қатысты сұрақтар туып, оларға бірден жауап таба алмасақ неге қамықпауымыз керек? ә) Құдай Сөзін түсіну үшін не қажет және неге бұл Ехобаның асқан даналығының көрінісі болып табылады?

18 Ал егер Киелі кітапты шын көңілмен мұқият зерттер болсақ, мәнмәтінді үйлестіре отырып, Ехобаның қандай Құдай екенін танып-білеміз. Сондықтан қандай да бір үзіндіге қатысты сұрақтар туып, оларға бірден жауап таба алмасақ қамықпаймыз. Ойлап көрейікші, үлкен құрастырма суреттен жасалған жұмбақты шешкенде, оның қандай да бір бөлшегін қайда қоярымызды немесе өзге бір бөлшегін қалай қиюластыратынымызды білмейтін шығармыз. Бірақ, мейлі үздік-үздік болсын, әр бөлігін құрастырған сайын, ақыр соңында суреттің қандай болуы керектігі айқындала түседі ғой. Тап сол сияқты Киелі кітапты зерттегенде, біртіндеп Ехобаның қандай Құдай екенін терең түсіне бастаймыз, сөйтіп, оның болмысымен жалпы танысамыз. Тіпті қандай да бір үзіндіні түсіне алмаған немесе оны Құдайдың болмысымен үйлестіре алмаған күнде де, бүгінге дейін Киелі кітаптан Ехоба туралы білгеніміз оны сүйіспеншілікке адал және әділ Құдай деп білуімізге жеткілікті.

19 Олай болса, Құдай Сөзін түсіну үшін, біз оны шын жүректен әрі дұрыс ниетпен зерттеуге тиіспіз. Бұдан Ехобаның асқан даналығы көрінеді емес пе? Оқымысты адамдардың қолынан тек ‘данышпандар мен білгіштер’ түсіне алатын кітап жазу келеді. Ал ниеті дұрыс адамдар ғана түсіне алатын кітаптың авторы болу тек Құдайдың даналығына тән! (Матай 11:25)

“Даналықтың” қазынасы жатқан кітап

20. Неге өмір сүрудің ең керемет жолын Ехоба ғана көрсете алады және Киелі кітапта бізге көмек болатын не бар?

20 Ехоба өз Сөзінде өмір сүрудің ең керемет жолын көрсетеді. Жаратушымыз болғандықтан, ол біздің қажеттіліктерімізді өзімізден де жақсы біледі. Жалпы алғанда, адамның сүйікті болу, бақытты әрі айналадағылармен жақсы қарым-қатынаста болу сияқты негізгі қажеттіліктері өзгермейді. Киелі кітапта біздің мағыналы өмір кешуімізге көмектесетін ‘даналықтың’ қазынасы жатыр (Нақыл сөздер 2:7, ЖД). Осы кітаптың әрбір бөлімінде Құдай Сөзіндегі дана кеңестерді қалай қолдануға болатыны көрсетілетін тарау бар, бірақ қазір де бір мысалды қарастырып кетейікші.

21—23. Қандай кеңес бізді кекшіл және өкпешіл болудан сақтайды?

21 Өзгенің қателігін жіпке тізіп жүретін кекшіл адамның өз жанына жара салатынын байқағансың ба? Өкпелеу — адам үшін ауыр жүк. Кек сақтау сананы улап, тыныштық пен қуаныштан айырады. Ғалымдардың зерттеулері ашушаңдықтың жүрек ауруы, сондай-ақ басқа да созылмалы дертке ұшырататынын көрсеткен. Алайда ғалымдардың мұндай зерттеулерінен ұзақ уақыт бұрын Киелі кітапта келесі дана сөздер жазылған еді: “Ашуыңды бас та долылығыңды тоқтат” (Забур 36:8). Бірақ мұны қалай істеуге болады?

22 Құдай Сөзінде мынадай дана кеңес беріледі: “Даналығы [“қырағылығы”, ЖД] адамға сабыр сыйлар, Қатені кешіру оған құрмет болар” (Нақыл сөздер 19:11). Қырағылық дегеніміз — айқын көрініп тұрмаған нәрсенің астарындағы мәнін көре білу қабілеті. Сондай-ақ қырағылықты түсіну қабілеті деуге де болады, өйткені ол бізге адамның белгілі бір сөздерінің не істерінің себебін түсінуге көмектеседі. Ал адамның сезімдерін, жағдайын және ниеті таза екенін түсінуге тырысқанымыз ол туралы жаман ойлар мен жағымсыз сезімдерден арылуымызға көмектеседі.

23 Киелі кітапта тағы мынадай кеңес бар: ‘Өзара төзімді, кешірімді болыңдар’ (Қолостықтарға 3:13). “Өзара төзімді болыңдар” деген сөздер өзгелердің бойындағы бізге ұнамсыз не ашуымызды келтіретін нәрселерге кешірімді болуды білдіреді. Мұндай төзімділік кек сақтаудан аулақ болуымызға көмектеседі. Ал “кешірімділік” бойды билеген ашудан арылуды білдіреді. Дана Құдайымыз өзгені кешіруге келелі себеп бар болса, кешіруіміз керектігін біледі. Бұлай еткеніміз олар үшін ғана емес, өзіміздің де ой-санамыз бен жүрегімізде тыныштық орнауы үшін қажет (Лұқа 17:3, 4). Құдай Сөзінде неткен даналық жатыр!

24. Өмірде Құдайдың даналығын басшылыққа алғанымыздың нәтижесі қандай болады?

24 Ехобаның сүйіспеншілігі шексіз, сондықтан бізбен қарым-қатынаста болуды қалайды. Ол мұны ең керемет жолмен, яғни киелі рухтың қозғау салуымен, адамдарға жаздырған хаты арқылы жасайды. Сондықтан онда Ехобаның даналығы жатыр. Ал оның даналығы сенім артуға тұратындай шынайы (Забур 18:8). Егер өмірімізде сол даналықты басшылыққа алатын және сол туралы өзгелерге айтатын болсақ, дана Құдайымыз Ехобаға жақындай түсеміз. Келесі тарауда Ехобаның қырағы даналығының тағы да бір керемет қырын қарастырамыз: ол болашақты болжай алады және өз еркін жүзеге асырады.

a Мысалы, бақташы болған Дәуіт қойшылардың өмірінен алынған мысалдарды келтіреді (Забур 22). Ал бұрын салық жинаушы болған Матай сандар мен ақша құндылығы туралы жиі айтады (Матай 17:27; 26:15; 27:3). Дәрігер Лұқа болса осы мамандықтың иесі екендігін көрсететін сөздерді қолданады (Лұқа 4:38; 14:2; 16:20).

b Бірінші ғасырда кодранттың құны бір күндік жалақының 1/64 бөлігін құрайтын. Екі лепта тіпті бір торғай сатып алуға да жетпейтін, ал торғай болса кедейлер жейтін ең арзан ас болып есептелетін.