Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

19-ТАРАУ

“Қасиетті құпиядағы Құдайдың даналығы”

“Қасиетті құпиядағы Құдайдың даналығы”

1, 2. Бізді қандай “қасиетті құпия” қызықтыру керек және неге?

 ҚҰПИЯ! Адамның көңілін баурап әкетіп, білуге құштар етіп, таң-тамаша қалдыратын болғандықтан, құпияны құпия күйінде сақтау оңай емес. Бірақ Киелі кітапта: “Істі құпиялау — Құдайдың даңқы”,— делінген (Нақыл сөздер 25:2). Иә, Ехоба — Әлемнің Әміршісі әрі Жаратушымыз, сондықтан өзі белгілеген уақыт келгенше, қандай да бір нәрселерді адамдардан құпия етіп сақтауға қақы бар.

2 Сөйтсе де Ехоба өз Сөзінде көңілімізді баурап, білуге құштар ететін бір құпияны ашқан. Ол “[Құдай] еркінің қасиетті құпиясы” деп аталады (Ефестіктерге 1:9, ЖД). Оны білгеніміз әуесқойлығымызды қанағаттандырып қана қоймайды. Осы құпияның ашылғанының арқасында аман қалуымыз мүмкін, сондай-ақ бұл Ехобаның шексіз даналығын аз да болса түсінуге мүмкіндік береді.

Құпияның бірте-бірте ашылуы

3, 4. Жаратылыс 3:15-те жазылған пайғамбарлық қандай үміт береді және онда қандай “қасиетті құпия” жатыр?

3 Адам мен Хауа күнә жасап қойғанда, Ехобаның жер бетіндегі жұмақты кемелді адамдармен толтыруға қатысты ниеті сәтсіздікке ұшырағандай көрінген болуы мүмкін. Бірақ Ехоба кідірместен әрекет етті. Ол: “Әйел екеуіңді, сенің [яғни жылан] ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы басыңды мыжып, ал сен оның өкшесін шағатын боласың”,— деді (Жаратылыс 3:15).

4 Бұл сөздердің астарында сыр жатқан еді. Әйел деген кім? Жылан және оның ‘басын мыжитын’ “ұрпақ” кім? Адам мен Хауа бұл жөнінде тек долбар жасай алар еді. Сөйткенмен де сол тілазар адам жұбының адал ұрпақтары үшін бұл үміт беретін сөздер болды. Әділдік салтанат құру керек-тін. Ал Ехобаның еркі жүзеге аспақ еді. Бірақ қалай? Құпияның мәні де осында ғой! Киелі кітапта бұл ‘қасиетті құпиядағы Құдайдың даналығы, яки жасырын даналық,’ деп аталады (Қорынттықтарға 1-хат 2:7, ЖД).

5. Ехобаның өз құпиясын неге бірте-бірте ашатынын мысалмен түсіндір.

5 “Сыр біткенді ашатын” Ехоба уақыт өте келе, аталмыш құпияға қатысты маңызды жайттарды аян етті (Даниял 2:28). Бірақ бірден емес, бірте-бірте ашты. Мысалы, баласы: “Көке, мен қалай туылдым?”— деп сұраса, сүюші әкенің қалай жауап беретіні жөнінде ойланып көрсек болады. Дана әке баласы түсіне алатын жайттарды ғана айтады. Ал өсе келе, оған көбірек мәлімет береді. Тап сол сияқты Ехоба да халқының Өз еркі мен ниетін түсіну қабілетін ескеріп отырған (Нақыл сөздер 4:18; Даниял 12:4).

6. а) Келісім, немесе келісімшарт, жасасудың мақсаты не? ә) Неге Ехобаның адамдармен келісім жасасуы көңіл қоярлық жайт?

6 Ехоба мұны қалай істеді екен? Ол бірнеше келісім, немесе келісімшарт, жасады. Бәлкім, сенің үй сатып алу, қарызға ақша алу немесе беру жөнінде келісімшарт жасасқан кездерің болған шығар. Бұл екі жаққа да шарттағы талаптардың орындалатынына заңды кепілдік береді. Бірақ Ехобаға адамдармен ресми келісім жасасу не үшін қажет болды? Оның сөзінің өзі — уәделерін орындайтындығының берік кепілі ғой. Бұл рас, десе де Ехоба, көп жағдайда, өз сөзін заңды келісімшарттармен бекітіп отырған. Мызғымайтын осындай келісімдер біздерді, кемелсіз адамдарды, Ехоба өз уәделеріне берік екендігіне бұрынғыдан да сендіре түседі (Еврейлерге 6:16—18).

Ыбырайыммен жасасқан келісім

7, 8. а) Ехоба Ыбырайыммен қасиетті құпияға сәулесін төгетін қандай келісім жасасты? ә) Қалай Ехоба Ұрпақтың қай әулеттен шығатынын біртіндеп көрсетті?

7 Адамның Жұмақтан қуылғанынан екі мыңнан аса жыл өткен соң, Ехоба өзінің адал қызметшісі Ыбырайымға: “Аспандағы жұлдыздар...қаншалықты көп болса, Мен сенің ұрпақтарыңды да соншалықты сансыз етіп көбейтемін... Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады. Себебі сен Менің тілімді алып жүрдің”,— деді (Жаратылыс 22:17, 18). Бұл жай ғана уәде емес еді, Ехоба Ыбырайыммен заңды келісім жасасып, оны мызғымас антымен бекітті (Жаратылыс 17:1, 2; Еврейлерге 6:13—15). Әлемнің Әміршісінің адамзатқа батасын беруге, былайша айтқанда, міндеттеме алғаны қайран қалдырады емес пе!?

“Аспандағы жұлдыздар...қаншалықты көп болса, Мен сенің ұрпақтарыңды да соншалықты сансыз етіп көбейтемін”

8 Ыбырайыммен жасалған келісімнен уәде етілген Ұрпақтың адам ретінде келетіні көрінді, өйткені ол Ыбырайымның ұрпағы болу керек қой. Бірақ ол кім болмақ еді? Уақыт өте келе, Ехоба Ұрпақтың Ыбырайымның ұлы Ысқақтың үрім-бұтағынан шығатынын ашты. Сосын, Ысқақтың екі ұлының біреуі, Жақып, таңдалды (Жаратылыс 21:12; 28:13, 14). Кейінірек Жақып өзінің он екі ұлының біріне пайғамбарлық мәні бар келесі сөздерді айтты: “Қолынан оның патша таяғын ешкім тартып алмайды, Биліктің белгісі Яһуданың әулетінде берік орнайды, Ал соңында бейбітшілік Әкелуші [“оның шын иесі”] келеді, Халықтар Оған мойынсұнатын болады!” (Жаратылыс 49:10) Енді Ұрпақтың Яһуда әулетінен шыққан патша болатыны анықталды.

Исраилмен жасасқан келісім

9, 10. а) Ехоба Исраил халқымен қандай келісім жасасқан және бұл келісім олар үшін қалай қорғаныш болған? ә) Мұса заңы арқылы адамзаттың төлемге мұқтаж екені қалай көрсетілді?

9 Б. з. б. 1513 жылы Ехоба қасиетті құпияның айқындала түсуіне жол ашты. Ол Ыбырайымның үрім-бұтағы Исраил халқымен келісім жасасты. Қазір күшін жоғалтқанмен, Мұса заңы арқылы жасасқан осы Заң келісімі Ехобаның уәде етілген Ұрпақтың келуіне қатысты ниетінің маңызды бөлігі болған. Қалайша? Мұның үш себебін қарастырып көрейік. Біріншіден, Мұса заңы қорғап тұратын қабырға іспетті еді (Ефестіктерге 2:14). Ондағы әділ талаптар исраилдіктерді өзге халықтардың әсерінен қорғайтын. Осылайша Мұса заңы уәде етілген Ұрпақ шығатын әулетті құрып кетуден сақтады. Осындай қорғаныштың арқасында Құдай белгілеген уақытта Яһуда руынан Мәсіх туылғанда, Исраил халқы құрып кетпеген еді.

10 Екіншіден, Мұса заңы арқылы адамзаттың төлемге мұқтаж екені анық көрсетілген. Осы кемелді заңды күнәкар адамдардың толық ұстана алмайтыны аян болды. Сондықтан ол уәде етілген ұрпақ келгенше, “күнәларды әшкерелеу” үшін берілді (Ғалаттықтарға 3:19). Халық заңның талабына сай, күнәлары үшін құрбандыққа мал шалып тұрды. Бірақ Пауылдың ‘бұқалар мен қошқарлардың қаны адамның күнәсін өтеп, тазарта алмайтыны’ туралы жазғанын ескерер болсақ, олар Мәсіхтің төлем құрбандығының нышаны ғана еді (Еврейлерге 10:1—4). Демек, бұл келісім адал исраилдіктер үшін ‘Мәсіх келгенше, тәрбиелеуші болған’ (Ғалаттықтарға 3:24, сілтемені қара).

11. Заң келісімі арқылы Исраил халқына қандай керемет мүмкіндік ұсынылды, бірақ, жалпы алғанда, Исраил халқы бұл мүмкіндіктен неге айырылып қалды?

11 Үшіншіден, осы келісім арқылы Исраил халқына керемет мүмкіндік ұсынылды. Егер келісімге адал болса, Ехоба олардың ‘діни қызметкерлер патшалығын’ құрайтындарын айтты (Мысырдан шығу 19:5, 6, ЖД). Расында да, көктегі діни қызметкерлер патшалығының алғашқы мүшелері сол халықтан болды. Алайда, жалпы алғанда, Исраил халқы Мәсіх болуға тиіс Ұрпақты мойындамай, Заң келісіміне қарсы шығып, сол керемет мүмкіндіктен айырылып қалды. Онда діни қызметкерлер патшалығының санын кім толтырмақ? Сондай-ақ жарылқанған сол халықтың уәде етілген Ұрпаққа қандай қатысы бар? Қасиетті құпияның бұл қырлары Құдай белгілеген уақытта ашылмақ еді.

Дәуітпен патшалыққа қатысты жасалған келісім

12. Ехоба Дәуітпен қандай келісім жасасты және қалай бұл қасиетті құпияның мәнін аша түсті?

12 Б. з. б. ХІ ғасырда Ехоба тағы бір келісім жасауымен қасиетті құпияның мәнін аша түсті. Ол адал патша Дәуітке: “Мен артыңнан бір ұлыңды [немесе ұрпағыңды] тағайындап, патша етіп нығайтамын....Оның патшалық тағын мәңгілікке орнатамын”,— деп уәде етті (Патшалықтар 2-жазба 7:12, 13; Забур 88:4). Енді уәде етілген Ұрпақтың Дәуіттің тұқымынан шығатыны анықталды. Бірақ жұмыр басты пенде мәңгі билік ете ала ма? (Забур 88:21, 30, 35—37) Адамзатты күнә мен өлімнен азат ете ала ма?

13, 14. а) Забур 109-шы жырдағы сөздерге сай, Ехоба майланған Патшаға қандай уәде берген? ә) Ехобаның пайғамбарлары арқылы Ұрпаққа қатысты тағы қандай жайттар айқындалды?

13 Киелі рухтың қозғау салуымен Дәуіт: “Жаратқан Ие менің иеме былай деді: — Мен сенің жауларыңды табаныңның астына Салып бергенімше өзің отыр оң жағымда! Жаратқан былай деп ант берген еді, Онысын ешқашан да өзгертпейді: — Мәліксадықтай діни қызметкерсің, Мәңгі сондай боп қала да бересің!”— деп жазды (Забур 109:1, 4). Дәуіттің сөздері нақты уәде етілген Ұрпаққа, немесе Мәсіхке, қатысты айтылды (Елшілердің істері 2:35, 36). Аталмыш Патша Иерусалимнен емес, Ехобаның ‘оң жағында’ отырып, көктен билік етпек еді. Ол тек Исраил еліне емес, бүкіл жер бетіне билік жүргізу керек-тін (Забур 2:6—8). Мұнда тағы бір жайт анықталды. Көңіл бөлші, Ехоба Мәсіхтің ‘Мәліксадықтай діни қызметкер’ болатынына берік ант етті. Ыбырайымның заманында әрі патша, әрі діни қызметкер болған Мәліксадық іспетті болашақ Ұрпақты Құдайдың өзі әрі Патша, әрі Діни қызметкер етіп тағайындамақ еді (Жаратылыс 14:17—20).

14 Көптеген жылдар бойы Ехоба өз пайғамбарлары арқылы қасиетті құпияның өзге де қырларын ашып отырды. Мысалы, Ишая Ұрпақтың өз жанын құрбан ететінін айтқан (Ишая 53:3—12). Миха Мәсіхтің қайда туылатынын айтты (Миха 5:2). Ал Даниял болса Ұрпақтың нақты қай кезде пайда болып, қай кезде өлетінін пайғамбарлық еткен (Даниял 9:24—27).

Қасиетті құпия ашылды!

15, 16. а) Қалай Ехобаның Ұлын әйел баласы дүниеге әкелді? ә) Иса ата-анасынан нені мұра етті және қашан ол уәде етілген Ұрпақ ретінде пайда болды?

15 Бұл пайғамбарлықтардың қалай орындалатыны Ұрпақ пайда болғанша, құпия күйінде қала берді. Ғалаттықтарға 4:4-те: ‘Құдай белгілеген уақыты жеткенде рухани Ұлын жіберді. Ол бір әйел арқылы дүниеге келді’,— делінген. Б. з. б. 2 жылы Мәриям деген яһудилік пәк қызға бір періште келіп, былай дейді: “Енді құрсақ көтеріп, Ұл табасың, Оның атын Иса деп қоясың. Ол өте мәртебелі болып, Құдай Тағаланың рухани Ұлы деп аталады. Құдай Ие Оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды....Сенің үстіңе Киелі Рух келіп, Құдай Тағаланың құдіреті саған көлеңкесін түсіреді. Сондықтан да сен табатын Киелі Бала “Құдайдың рухани Ұлы” деп аталмақ” (Лұқа 1:31, 32, 35).

16 Кейінірек Ехоба Өз Ұлын әйел баласы дүниеге әкелу үшін, оның өмірін көктен Мәриямның құрсағына салады. Мәриям кемелсіз әйел болған. Сөйтсе де Иса оның кемелсіздігін мұра етпеді, өйткені ол “Құдайдың рухани Ұлы” еді. Ал Исаның ата-анасының Дәуіт әулетінен шыққандығы тегі жағынан да, заңи тұрғыдан да Дәуіттің мұрагері болуына құқық берді (Елшілердің істері 13:22, 23). Б. з. 29 жылы Иса шомылдыру рәсімінен өткенде, Ехоба оны киелі рухпен майлап: “Бұл Менің сүйікті рухани Ұлым”,— деді (Матай 3:16, 17). Ақырында, Ұрпақ пайда болды! (Ғалаттықтарға 3:16) Енді қасиетті құпияны аша түсетін уақыт келді (Тімотеге 2-хат 1:10).

17. Жаратылыс 3:15-ші тармақтың мәні қалай ашылды?

17 Жердегі қызметінің барысында Иса Жаратылыс 3:15-те айтылған жыланның Шайтан, ал жыланның ұрпағы Шайтанның соңынан ерушілер екенін анық көрсетті (Матай 23:33; Жохан 8:44). Кейін олардың бәрі қалай мәңгіге жойылатыны айқындалды (Аян 20:1—3, 10, 15). Ал әйелдің “көктегі Иерусалим” — Ехобаның рухани жаратылыстардан тұратын, әйелге теңелетін көктегі ұйымы — екені анық болды a (Ғалаттықтарға 4:26; Аян 12:1—6).

Жаңа келісім

18. Жаңа келісімнің мақсаты неде?

18 Иса өлер түні адал шәкірттеріне “Жаңа келісім” туралы айтқанда, құпия болғанның барлығы ап-айқын болса керек (Лұқа 22:20). Жаңа келісім, бұның алдындағы Заң келісімі іспетті, “діни қызметкерлер патшалығы” туралы болды (Мысырдан шығу 19:6, ЖД; Аян 5:10). Алайда бұл келісім кәдімгі халықпен емес, рухани халықпен — Мәсіхтің майланған адал ізбасарларынан ғана құралған ‘Құдайдың рухани Исраил халқымен’ — жасалмақ еді (Ғалаттықтарға 6:16). Осы келісімнің мүшелері Исамен бірге адам баласына зор бата төкпек еді.

19. а) Неге жаңа келісімнің арқасында “діни қызметкерлер патшалығын” құруға мүмкіндік бар деуге болады? ә) Неге майланған мәсіхшілер “жаңа жаратылыс” деп аталады және Мәсіхпен бірге көкте билік ететіндердің саны қанша?

19 Бірақ неге жаңа келісімнің арқасында адам баласына бата әкелетін “діни қызметкерлер патшалығын” құруға мүмкіндік бар деуге болады? Өйткені ол Исаның шәкірттерінің күнәларын әшкерелемейді, қайта, оның құрбандығының арқасында кешірілулеріне мүмкіндік береді (Еремия 31:31—34). Өзінің алдында әділ болғандықтан, Ехоба оларды көктегі отбасына қабылдап, киелі рухпен майлайды (Римдіктерге 8:15—17; Қорынттықтарға 2-хат 1:21). Осылайша олар ‘қайта туылып, сөнбес үмітке кенеліп’, ‘көкте сақтаулы тұрған’ мұраларын алады (Петірдің 1-хаты 1:3, 4, сілтемені қара). Адам баласы үшін мұндай жоғары дәреже мүлдем жаңа болғандықтан, киелі рухтан туылған майланған мәсіхшілер “жаңа жаратылыс” деп аталады (Қорынттықтарға 2-хат 5:17, ЖД). Киелі кітапта ақырында сол 144 000 адамның төлемі өтеліп алынған адамзатқа көктен билік жүргізетіні айтылады (Аян 5:9, 10; 14:1—4).

20. а) Қасиетті құпияға қатысты б. з. 36 жылы не ашылды? ә) Ыбырайымға уәде етілген баталардың игілігін кімдер көреді?

20 Сол майланған мәсіхшілер де Иса сияқты ‘Ыбырайымның ұрпағы’ болады b (Ғалаттықтарға 3:29). Олардың алғашқылары яһуди халқынан болған. Бірақ б. з. 36 жылынан бастап қасиетті құпияның тағы бір қыры ашылды: өзге халықтан шыққандар да көктегі үмітке ие бола алады (Римдіктерге 9:6—8; 11:25, 26; Ефестіктерге 3:5, 6). Ыбырайымға уәде етілген баталардың игілігін тек майланған мәсіхшілер ғана көре ме? Жоқ. Өйткені Иса бүкіл адамзат үшін құрбан болды (Жоханның 1-хаты 2:2). Уақыт өте келе, Ехоба Шайтанның дүниесі жойылғанда, адам баласы санай алмайтын “өте үлкен тобырдың” аман қалатынын ашты (Аян 7:9, 14). Сондай-ақ миллиондаған адам қайта тіріліп, жердегі Жұмақта өмір сүруге мүмкіндік алады (Лұқа 23:43; Жохан 5:28, 29; Аян 20:11—15; 21:3, 4).

Құдайдың даналығы және қасиетті құпия

21, 22. Қай мағынада қасиетті құпия Ехобаның даналығының көрінісі болып табылады?

21 Қасиетті құпия — “Құдайдың жан-жақты даналығының” керемет көрінісі (Ефестіктерге 3:8—10). Бұл құпияны тамаша құрастырып, кейін оны бірте-бірте ашқандағы Ехобаның даналығын айтсаңшы! Ол адамдардың жүрегінде шынымен не бар екенін көрсетулеріне мүмкіндік беріп, олардың пенде екендіктерін даналықпен ескерген (Забур 102:14).

22 Ехоба Исаны Патша етуді шешкенімен де зор даналық танытқан. Әлемдегі жаратылыс атаулының ішінде Ехобаның Ұлы — толық сенім артуға болатын бірден-бір тұлға. Ол ет пен сүйектен жаралған адам іспетті өмір сүргенде, түрлі-түрлі қиындықтарды бастан кешірген. Иса адамдардың проблемаларын толық түсінеді (Еврейлерге 5:7—9). Ал онымен бірге билік жүргізетіндер жөнінде не деуге болады? Ғасырлар бойы түрлі тілдерде сөйлейтін, түрлі нәсілдерден шыққан әрі тектері де сан алуан еркектер мен әйелдер киелі рухпен майланған. Олар кезікпеген қиындық та, ауыртпалық та жоқ деуге болады (Ефестіктерге 4:22—24). Осы мейірімді патша әрі діни қызметкерлердің билігінің астында өмір сүру жан рақаты ғой!

23. Мәсіхшілерге Ехобаның қасиетті құпиясына қатысты қандай мәртебе көрсетілген?

23 Елші Пауыл былай деп жазды: “Бұл хабар [“қасиетті құпия”, ЖД] ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жасырын болып келді... оның сыры Құдайдың адамдарына ашылды” (Қолостықтарға 1:26). Иә, Ехобаның майланған адамдары қасиетті құпия жөнінде көп нәрсе түсініп, өздері білгенді миллиондаған адамға жеткізді. Біз үшін бұл неткен мәртебе! Ехоба бізге “өз еркінің қасиетті құпиясын ашты” (Ефестіктерге 1:9, ЖД). Осы таңғажайып құпияны өзгелерге де айтып, Ехоба Құдайдың шексіз даналығын ұғынуға көмектесе берейік!

a ‘Құдайға ұнамдылық туралы құпияны’ да Иса ашты (Тімотеге 1-хат 3:16). Ехобаға мінсіздігін кемелді түрде сақтай алатын адам бар ма деген сұрақ ұзақ уақыттан бері құпия болып келді. Бұл сұрақтың жауабын Иса берді. Шайтан қалай сынаса да, ол мінсіздігін сақтап қалды (Матай 4:1—11; 27:26—50).

b Сондай-ақ Иса сол топпен “патшалық туралы келісім” жасасқан (Лұқа 22:29, ЖД; 30). Былайша айтқанда, Иса “кішкентай қораны” Ыбырайымның ұрпағының қосалқы бөлігі ретінде өзімен көктен билік ету үшін олармен келісім жасасты (Лұқа 12:32, сілтемені қара).