Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

20-ТАРАУ

“Жүрегі даналыққа толы” бола тұра, кішіпейіл

“Жүрегі даналыққа толы” бола тұра, кішіпейіл

1—3. Неге біз Ехобаның кішіпейіл екендігіне сенімді бола аламыз?

 КІШКЕНТАЙ балаға әкесі маңызды сабақ бергісі келді делік. Әкесі берген тәлімінің баласының жүрегіне жеткенін қалайды. Оның не істегені дұрыс? Баланың зәресін ұшыра үстіне төніп тұрып, дөрекі сөздер айтуы керек пе? Жоқ әлде еңкейіп, жұмсақ та жылы сөздер айтқаны дұрыс па? Дана әрі кішіпейіл әкенің жұмсақтықпен әрекет ететінінде сөз жоқ.

2 Ал Ехоба қандай Әке? Өр көкірек пе, кішіпейіл ме, дөрекі ме, жұмсақ па? Оның ұшан-теңіз білімі бар, әрі ол шексіз дана. Алайда біліктілік пен зерделіліктің адамды міндетті түрде кішіпейіл ете бермейтінін байқаған боларсың? Киелі кітапта айтылғандай, “білік” мақтаншақ етеді” (Қорынттықтарға 1-хат 3:19; 8:1). Бірақ Ехоба “жүрегі даналыққа толы” бола тұра, кішіпейіл (Әйүп 9:4). Бұл оның дәрежесін төмендетіп немесе салтанатты ұлылығынан айырмайды, жай ғана оның өркөкіректіктен аулақ екенін білдіреді. Неге бұлай дейміз?

3 Ехоба киелі. Сондықтан оның бойында өркөкіректік сияқты арам қасиет жоқ (Марқа 7:20—22). Еремия пайғамбардың Ехобаға не дегеніне көңіл бөлші: “Сен міндетті түрде есіңе аласың, қол ұшын беру үшін маған еңкейесің” a (Еремияның зары 3:20, ЖД). Міне, ғажап! Бүкіл Әлемнің Әміршісі Ехоба сол кемелсіз адамға мейірін түсіру үшін ‘еңкеюге’, немесе Еремияның деңгейіне дейін түсуге, дайын болған (Забур 112:7). Иә, Ехоба кішіпейіл. Бірақ мұны қалай түсінуге болады? Мұның даналықпен қандай байланысы бар? Сондай-ақ неге бұл біз үшін маңызды?

Ехоба кішіпейілділікті қалай танытады?

4, 5. а) Кішіпейілділік деген не, ол қалай көрініс табады және неге біз әлсіздік немесе жасықтықты кішіпейілділікпен шатастырмауымыз керек? ә) Қалай Ехоба Дәуітке қатысты кішіпейілділік танытқан және Ехобаның кішіпейілділігінің біз үшін қандай маңызы бар?

4 Кішіпейілділік дегеніміз — паңдық пен көкіректіктің болмауы. Осы жан дүниеден шығатын қасиет (ЖД) жұмсақтық, шыдамдылық және парасаттылық арқылы көрініс табады (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Алайда Құдайға ұнамды осы қасиеттерді әлсіздік немесе жасықтықпен шатастырмаған жөн. Әлсіздік пен жасықтық Ехобаның әділ ашуы немесе жоюшы күшімен үйлесімділікте бола алмайды. Керісінше, кішіпейілділік пен жұмсақтық таныту арқылы Ехоба өзін кемелді түрде жүгендей алатын теңдесі жоқ күш иесі екендігін көрсетеді (Ишая 42:14). Кішіпейілділік пен даналықтың қандай байланысы бар? Киелі кітапқа жасалған бір анықтамалықта былай делінген: ‘Сайып келгенде, кішіпейілділік дегеніміз — жанқиярлық, әрі бүкіл даналық негізделетін маңызды нәрсе’. Демек, кішіпейілділік жоқ жерде нағыз даналық та жоқ. Ехобаның кішіпейілділігінің біз үшін қандай пайдасы бар?

Дана әке өз балаларына кішіпейіл әрі жұмсақ болады

5 Дәуіт патша Ехобаға арнап былай жырлаған: “Сен құтқаратын қалқаныңды бересің, оң қолың мені қолдайды, сенің кішіпейілділігің менің мәртебемді көтереді” (Забур 18:35, ЖД; [17:36]). Ехоба осы кемелсіз пендесін күн сайын қолдап-қорғап отыру үшін, былайша айтқанда, еңкею керек болған. Дәуіт өзінің құтқарылуы, тіпті патшалығының қаншалықты зор болатыны Ехобаның оған кішіпейілділік танытуға дайын болғанының арқасында ғана мүмкін екенін мойындаған. Расында да, егер Ехоба кішіреюге дайын, жұмсақ әрі сүюші Әке ретінде кішіпейілділік танытпаса, қайсымыздың құтқарылуға деген үмітіміз болар еді дейсің?

6, 7. а) Неге Киелі кітапта ешқашан Ехобаға қатысты қарапайым сөзі қолданылмайды? ә) Жұмсақтық пен даналықтың арасында қандай байланыс бар және осыған қатысты ең керемет үлгіні кімнен алуға болады?

6 Бір көңіл қоярлық нәрсе, кішіпейілділік пен қарапайымдылық деген — екі түрлі түсінік. Қарапайымдылық — адал кісілер дамытуы қажет керемет қасиет. Кішіпейілділік іспетті оның да даналықпен байланысы бар. Мысалы, Нақыл сөздер 11:2-де (ЖД): “Қарапайымдарда даналық бар”,— делінген. Алайда Киелі кітапта ешқашан Ехобаның қарапайым екендігі туралы айтылмайды. Не себепті? Жазбаларда қарапайымдылық сөзі біреудің өз мүмкіншіліктерінің шектеулі екендігін мойындауы мағынасында қолданылады. Құдіреті шексіз Құдай үшін әділ талаптарына негізделіп өзіне қойған шектеулерден басқа ешқандай шектеу жоқ (Марқа 10:27; Титке 1:2). Оның үстіне, Ең Жоғарғы болғандықтан, ол ешкімге тәуелді емес. Сондықтан Ехобаға қатысты қарапайым деген сөз мүлдем қолданылмайды.

7 Алайда Ехоба кішіпейіл әрі жұмсақ. Ол өз қызметшілерін де жұмсақ болу шынайы даналықтың ажырамас бөлігі екендігіне үйретеді. Оның Сөзінде жұмсақтықтың “даналыққа тән” екендігі айтылған b (Жақып 3:13, ЖД). Осыған қатысты Ехоба көрсеткен мысалды қарастырып көрейік.

Ехоба кішіпейілділікпен өзгелерге жауапкершілік жүктейді және сөзге құлақ асады

8—10. а) Неге Ехобаның өзгелерге міндет жүктеуге және сөзге құлақ асуға дайын екендігі таңғалдырады? ә) Қалайша Құдіреті шексіз Құдай періштелеріне кішіпейілділікпен қарайды?

8 Ехоба жүрекке жылу беретін тағы да бір жолмен кішіпейілділік танытады: ол өзгелерге жауапкершілік жүктейді және сөзге құлақ асады. Бұл — таңғаларлық нәрсе, өйткені Ехоба көмекшіге де, ақылшыға да мұқтаж емес қой (Ишая 40:13, 14; Римдіктерге 11:34, 35). Соған қарамастан Киелі кітапта Ехобаның осылайша кішірейетінін көрсететін мысалдар баршылық.

9 Мысалы, Ыбырайымның басынан кешкен қызықты оқиғаны қарастырып көрейік. Оған үш қонақ келеді. Ыбырайым олардың бірін “Ехоба” (ЖД) деп атайды. Негізінде, бұл періштелер еді, бірақ олардың бірі Ехобаның атынан келіп, соның атынан әрекет етеді. Оның сөзі мен әрекетін Ехобаның сөздері мен әрекеттері деп қарастыруға болатын. Сол періште арқылы Ехоба Ыбырайымға ‘адамдардың Содом мен Ғомораның зұлымдығы туралы дауыстап зарлап’ жатқанын естігенін айтады. Сосын: “Мен жерге түсіп, сол жердегі әділетсіздік Маған жеткен шағым туғызатындай дәрежеде ме, жоқ па, соған көз жеткізбекпін”,— деп қосады (Жаратылыс 18:3, 20, 21, сілтемені қара). Әрине, Ехобаның хабаршысы Құдіреті шексіз Құдайдың өзі сол жерге ‘түсетінін’ айтқан жоқ. Оның орнына, Ехоба тағы да өкілдері ретінде періштелерін жібереді (Жаратылыс 19:1). Неге? Бәрін көріп отыратын Құдай сол жердің шынымен қандай ахуалда екеніне ‘көз жеткізе’ алмағаны ма? Әрине, ол ондағы жағдайды жақсы білетін. Бірақ соған қарамастан істің анық-қанығына жетуді және Содомдағы Лут пен оның отбасына баруды кішіпейілділікпен періштелеріне тапсырған.

10 Сондай-ақ Ехоба өзгенің сөзіне құлақ асады. Бірде ол періштелерінен зұлым патша Ахабты құрту үшін не істеуге болатынын сұрайды. Ехоба кеңеске мұқтаж емес еді. Сөйтсе де бір періштесінің ұсынысын қабылдап, айтқанын жүзеге асыруға рұқсат береді (Патшалықтар 3-жазба 22:19—22). Бұл кішіпейілділік емес пе?

11, 12. Ыбырайым Ехобаның қаншалықты кішіпейіл екендігін қалай көрді?

11 Ехоба тіпті өздерін алаңдатқан жайтпен бөліскісі келген кемелсіз адамдардың сөзіне де құлақ асады. Ехоба Ыбырайымға Содом мен Ғомораны жоятын ниеті барын алғаш рет айтқанда, сол адал кісінің төбесінен жай түскендей болады. Ол (Тт): “Сенен ондай [іс-әрекеттің] болуы мүмкін емес!”— дейді. Сосын: “Күллі жердің Әділ Қазысы ондай әділетсіз сот жасар ма екен?”— деп қосады. Ыбырайым егер онда 50 әділ адам болса, сол қалаларға рақым етер ме еді, соны сұрайды. Ехоба рақым ететініне сендіреді. Бірақ ол тағы да өтініп, адам санын 45-ке, одан кейін 40-қа түсіріп, солай азайта береді. Ехобаның сендіргеніне қарамастан, Ыбырайым қайтпастан адам санын онға дейін азайтады. Сірә, ол Ехобаның қаншалықты мейірімді екенін әлі толық түсінбесе керек. Қалай болған күнде де, Ехоба шыдамдылық пен кішіпейілділік танытып, досы әрі қызметшісі болған Ыбырайымның көңіліндегі уайымын айтуына рұқсат етеді (Жаратылыс 18:23—33).

12 Кемеңгер, біліктілердің қаншасы ақыл-ойы өздерінен төмен адамдарды осыншама шыдамдылықпен тыңдайды? c Ал біздің Құдайымыздың солай етуге кішіпейілділігі жетеді. Сол жағдайда Ыбырайым Ехобаның ‘қаһарлануға асықпайтынын’ да көрген (Мысырдан шығу 34:6). Ыбырайым Ең жоғары Құдайдың әрекетіне күмәндануға құқы жоқ екендігін түсінгендіктен де, екі қайыра: ‘Ием, ашулана көрме’,— деп жалбарынған болса керек (Жаратылыс 18:30, 32). Әрине, Ехоба оған ашуланған жоқ. Өйткені ол, расында да, “даналыққа тән жұмсақтық” иесі.

Ехоба парасатты

13. Киелі кітапта қолданылған “парасаттылық” сөзінің тура мағынасы қандай және неге бұл Ехобаны суреттеуге лайық сөз?

13 Ехобаның кішіпейілділігі тағы бір керемет қасиеттен көрінеді. Бұл — парасаттылық. Бір өкініштісі, кемелсіз адамдардың бойынан бұл қасиет табыла бермейді. Ал Ехоба болса саналы жаратылыстарына құлақ асуға ғана емес, өзінің әділ принциптеріне қайшы келмейтін болса, көндігуге де дайын. Киелі кітапта қолданылған “парасаттылық” сөзінің тура мағынасы “көнгіштік не ымырашылдық” дегенді білдіреді. Бұл қасиет те — Құдайдың даналығының ерекшелігі. Жақып 3:17-де (ЖД): “Жоғарыдан келген даналық... парасатты”,— делінген. Асқан дана Ехоба қай мағынада парасатты? Мысалы, ол бейімделгіш. Есіңе алшы, Ехобаның есімінің өзі ниетін жүзеге асыру үшін кім болу керек болса, сол болатынын білдіретін еді ғой (Мысырдан шығу 3:14). Бұл парасаттылық әрі бейімделгіштік рухына нұсқайды емес пе?

14, 15. Езекиел көрген Ехобаның күймесінен Оның көктегі ұйымы туралы не білуге болады және мұның адамдардың ұйымдарынан қандай айырмашылығы бар?

14 Киелі кітапта Ехобаның қаншалықты бейімделгіш екенін түсіне бастауымызға көмектесетін керемет тармақтар бар. Езекиел пайғамбар аян алып, Ехобаның рухани жаратылыстардан тұратын көктегі ұйымын көрген. Ол Ехоба үнемі өзі басқарып, бағыт беріп отыратын ерекше үлкен күймені, былайша айтқанда Ехобаның өз “көлігін”, көреді. Ең қызығы, оның қалай қозғалатыны еді. Күйменің аса үлкен дөңгелектері төрт жаққа бірдей жүре алатын және айнала көптеген көздері бар еді, сондықтан олар барлық жерді көре алатын және тоқтап не бұрылмай-ақ бағытын бірден өзгерте алатын. Бұл алып күйме адам баласы жасаған ебедейсіз көлікке ұқсамайтын. Ол көз ілеспейтін жылдамдықпен келе жатып тік бұрыш жасап бұрыла алатын! (Езекиел 1:1, 14—28) Иә, Ехобаның ұйымы, оған басшылық етіп отырған құдіреті шексіз Құдайдың өзі іспетті, ерекше бейімделгіш, өзгеріп жатқан жағдайға сай лезде әрекет етеді, әрі қанағаттандырылуы тиіс қажеттіліктерге де аса мұқият.

15 Адамдар осылайша кемелді түрде бейімделе алмайды. Олардың өздері де, ұйымдары да жиі бейімделгіштіктен гөрі сыңаржақтыққа, парасаттылықтан гөрі ымырасыздыққа бейім. Мысалы, супертанкердің не жүк пойызының көлемі мен күші таң-тамаша қалдыруы мүмкін. Бірақ қажет бола қалған жағдайда қайсысы лезде жағдайға бейімделе алады? Егер жолында бөгет пайда бола қалса, жүк пойызы бұрылып кете алмайды. Оның кілт тоқтай қалуы да қиынның қиыны. Ауыр жүк пойызы тежегіш басылғаннан кейін де 2 шақырымдай жүріп барып бір-ақ тоқтайды! Супертанкер де солай: ол қозғалтқыш өшірілгеннен кейін де 8 шақырымға, тіпті оны кері бағытқа қосқанның өзінде 3 шақырым жерге сырғып баруы мүмкін! Сыңаржақтық пен ымырасыздыққа бейім адами ұйымдар да тап сондай. Өр көкірек болғандықтан, адам баласы қажеттіліктер мен жағдайдың өзгергеніне бейімделгісі келмейді. Банкротқа ұшыраған кәсіпорындарға, тіпті күйреген үкіметтерге осындай қыңырлық тән болған (Нақыл сөздер 16:18). Ехобада да, оның ұйымында да мұндай нәрсенің атымен жоқ екендігіне қандай қуаныштымыз десеңші!

Ехобаның парасаттылық танытуы

16. Содом мен Ғомораны жоймас бұрын, Ехоба Лутқа қатысты қалай парасаттылық танытты?

16 Содом мен Ғомораның жойылуына қатысты оқиғаны тағы да қарастырып көрейікші. Лут пен оның отбасы Ехобаның періштесінен: “Тауға барып, соны паналаңдар!”— деген анық басшылық алды. Алайда Лут мұны қаламайды. “Жоқ, Тақсыр!”— деп жалбарынды ол. Лут тауға қашса өліп қалатынына сендіріп, отбасымен Сиғор деген көрші қалаға қашуға рұқсат етуді өтінеді. Ехоба ол қаланы жоюды шешіп қойғаны есіңде болар. Оның үстіне, Луттың қорқуына келелі себеп жоқ еді. Ехобаның оны тауда аман алып қалуға құдіреті жетер еді ғой! Сөйткенмен де ол Луттың айтқанына көнді. Ехобаның періштесі оған: ‘Жарайды. Мен осы тілегіңді де орындаймын, сен айтып тұрған қаланы жоймай-ақ қояйын’,— дейді (Жаратылыс 19:17—22). Ехоба парасаттылық танытты емес пе?

17, 18. Ниневиліктермен болған оқиғада Ехоба парасатты екенін қалай көрсетті?

17 Сонымен қатар Ехоба шын жүректен өкінгендерге құлақ асып, әрқашан мейірімді әрі дұрыс әрекет етеді. Жүніс пайғамбар зұлым, зорлықшыл қала Ниневиге жіберілгенде не болғанын қарастырып көрейікші. Жүністің Ниневи көшелерімен жүріп жария еткені қарапайым хабар еді: қырық күннен кейін құдіретті қала Ниневи күйреп, тас-талқан болады. Алайда жағдай қатты өзгереді: ниневиліктер зұлым істеріне өкінеді! (Жүніс 3-тарау)

18 Бұның Ехоба мен Жүніске қалай әсер еткенін салыстыру біз үшін сабақ болады. Осы жағдайда Ехоба бейімделіп, өзін “батыр жауынгер” емес, күнәларды кешіруге дайын Құдай ретінде көрсетеді d (Мысырдан шығу 15:3). Ал Жүніс болса мейірімділік танытпай, өзін бейімделуі қиын адам ретінде көрсетеді. Ехобаның парасаттылығына еліктеудің орнына, оның әрекеті жоғарыда айтылған жүк пойызы немесе супертанкерге көбірек ұқсайды. Ол жойылатынын айтты ғой, демек, жойылуы тиіс! Алайда Ехоба шыдамсыз пайғамбарына төзімділік танытып, парасаттылық пен мейірімділікке қатысты естен кетпес сабақ берді (Жүніс 4-тарау).

Ехоба парасатты және біздің мүмкіншіліктеріміздің шектеулі екенін түсінеді

19. а) Ехобаның бізден не күтетініне қатысты парасатты екеніне неге сенімді бола аламыз? ә) Нақыл сөздер 19:17-ден Ехобаның “игі әрі парасатты” Қожайын және барынша кішіпейіл екендігі қалай көрінеді?

19 Ехоба бізден не күтетініне қатысты да парасаттылық танытады. Дәуіт патша: “Неден жаратылдық, соны біледі, Топырақтан екеніміз Оның есінде”,— деген (Забур 102:14). Ехоба біздің мүмкіндіктеріміз шектеулі әрі кемелсіз екенімізді өзімізден де жақсы түсінеді. Ол ешқашан қолымыздан келмейтін нәрсені талап етпейді. Киелі кітапта “игі әрі парасатты” қожайындар “көңілінен шығу қиын” қожайындармен салыстырылады (Петірдің 1-хаты 2:18, ЖД). Ехоба қандай Қожайын? Нақыл сөздер 19:17-де айтылған сөздерге қарашы: “Жарлыны қамқорлаған — Жаратқанға қарыз бергені”. Тек игі әрі парасатты қожайынның ғана жарлыларға көрсетілген мейірімділікті қалт жібермейтіні анық. Бір көңіл бұрарлық жайт, осы тармақтан бүкіл әлемді жаратқан Құдай осындай мейірімділік жасаған пендесінің алдында өзін қарыздар деп біледі! Бұл — кішіпейілділіктің ең керемет көрінісі ғой!

20. Ехобаның біздің дұғаларымызға құлақ асып, жауап беретініне не нәрсе сендіреді?

20 Бүгінгі күні де Ехоба өз қызметшілеріне тап солай жұмсақтықпен және парасаттылықпен қарайды. Біз сеніммен дұға еткенде, ол тыңдайды. Әрине, бүгінде бізбен сөйлесуге періштелерін жібермейді, десе де ол дұғаларымызға жауап бермейді деген тұжырым жасамағанымыз жөн. Елші Пауылдың бауырластарынан ‘Құдайға сиынып’ өзінің түрмеден шығуын сұрауды өтінген соң: “Маған тезірек өздеріңе қайтып баруға жол ашсын”,— деп қосқанын есіңе алшы (Еврейлерге 13:18, 19). Демек, біздің дұғаларымыз Ехобаны біз сұрамағанда істемеуі мүмкін әрекетке талпындыруы ықтимал (Жақып 5:16).

21. Ехобаның кішіпейілділігі турасында қандай тұжырым жасамағанымыз абзал, қайта, біз нені мойындауымыз керек?

21 Әрине, Ехобаның кішіпейілділігінің көрінісінің ешқайсысы да — оның жұмсақтығы, құлақ асуға дайындығы, шыдамдылығы мен парасаттылығы — ол өзінің әділ принциптеріне немқұрайды дегенді білдірмейді. Мәсіхшілер әлемінің дінбасылары Ехобаның құлықтылық нормаларына немкетті қарап, өз отарының құлақтарына жаққандарды айтқанымыз, парасаттылық танытқанымыз деп ойлайтын шығар (Тімотеге 2-хат 4:3). Алайда адамдардың пайда көздеп істейтін әрекеттері мен Құдайдың парасаттылығының айырмашылығы жер мен көктей. Ехоба киелі. Ол ешқашан өзінің әділ нормаларының арамдалуына жол бермейді (Леуіліктер 11:44). Сондықтан Ехобаның кішіпейілділігінің көрінісі болып табылатын парасаттылығын жақсы көрейік. Әлемдегі ең дана Тұлға Ехоба Құдайдың теңдесі жоқ кішіпейіл екендігі көңіл толқытады емес пе? Адамның бойында қорқыныш тудыратын, сөйте тұра жұмсақ, шыдамды әрі парасатты Құдайға жақындау неткен қуаныш!

a Ежелдегі дін мұғалімдері, немесе соферимдер, еңкейген Ехоба емес, Еремия екенін көрсету үшін бұл тармақты өзгерткен. Бәлкім, олар мұндай кішіпейіл әрекетті Құдайға тән деуді оғаш көрсе керек. Соның нәтижесінде көп аудармаларда осы керемет тармақтың мағынасы ауытқып кеткен. Алайда “Жаңа ағылшын Киелі кітабында” Еремияның Ехобаға айтқан сөздері дұрыс аударылған: “Есіңе түсір! Уа, есіңе түсіріп, маған қарай еңкейе гөр!”

b Басқа бір аудармаларда бұл тармақ былай аударылған: “Даналықтан туған кішіпейілділік” және “даналықтың белгісі болып табылатын жұмсақтық”.

c Бір қызығы, Киелі кітапта төзімділік пен тәкаппарлық қарама-қайшы қасиеттер ретінде көрсетіледі (Екклесиаст 7:8). Ехобаның төзімділігі — кішіпейіл екендігінің тағы бір дәлелі (Петірдің 2-хаты 3:9).

d Забур 86:5-те (ЖД; [85:5]) Ехобаның ‘игі әрі кешіруге дайын’ екендігі айтылған. Осы жыр грек тіліне аударылғанда, “кешіруге дайын” деген сөздер е·пи·и·кис немесе “парасатты” деп аударылған.