Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

22-ТАРАУ

Өміріңде ‘көктен келген даналықты’ қолданасың ба?

Өміріңде ‘көктен келген даналықты’ қолданасың ба?

1—3. а) Баланың анасын анықтауға қатысты дауды шешкенде, Сүлеймен қалай керемет даналық көрсетті? ә) Ехоба бізге не беруді уәде еткен және бұған қатысты қандай сұрақтар туындайды?

 БҰЛ қиын мәселе еді: екі әйел бір балаға таласып, дауласып жатыр. Бір үйде тұратын осы әйелдер арасына бірнеше күн салып, екеуі де бала табады. Баланың біреуі шетінейді де, енді екеуі де тірі баланың анасы екендігіне сендіруге тырысып бағуда a. Ал болған жайтты өз көзімен көрген тірі жан жоқ. Бұл іс төменгі сотта қаралып, бірақ еш шешім табылмаса керек. Содан олар Исраил патшасы Сүлейменнің алдына әкелінеді. Ол шындықтың бетін аша алар ма екен?

2 Сүлеймен ол екеуін біраз тыңдап отырады да, семсер алдыртады. Сосын, сенімді кейіппен баланы екі әйелге қақ бөліп беруді бұйырады. Шын анасы патшаның аяғына жығыла кетіп, баланы, іштен шыққан шаранасын, екінші әйелге бере салуын өтінеді. Ал ол әйел баланың шабылуын талап етіп тұрып алады. Енді Сүлейменге шындық аян еді. Ол ананың өз баласы дегенде жүрегі елжіреп тұратынын білетін, әрі осы білімін таласты шешу үшін қолданады. Сүлеймен нәрестені қолына табыстап жатып: “Оның анасы — мына әйел”,— дегенде, сәбидің анасы қандай жеңілдік сезінгенін ойлап көрші (Патшалықтар 3-жазба 3:16—27).

3 Керемет даналық, солай емес пе? Халық Сүлейменнің қалай төрелік еткенін естігенде, ‘Құдай берген ақылы бар екеніне көздері жетіп’, қайран қалады. Иә, оның даналығы Құдайдан келген сый еді. Ехоба оған ‘дана әрі қырағы жүрек берді’ (Патшалықтар 3-жазба 3:12, ЖД; 28). Ал біз жөнінде не деуге болады? Біз де Құдайдан даналық ала аламыз ба? Иә, өйткені Сүлеймен киелі рухтың қозғау салуымен: “Жаратқан Ие даналық сыйлар”,— деп жазған (Нақыл сөздер 2:6). Ехоба шын жүректен іздегендерге даналықты — білім, түсінік пен қырағылықты дұрыс қолдана білу қабілетін — сыйлауды уәде еткен. Қалай біз көктен келген даналыққа ие бола аламыз? Сондай-ақ оны өмірде қалай қолдануымызға болады?

Даналыққа қалай кенелуге болады?

4—7. Даналыққа ие болу үшін қандай төрт талап қойылады?

4 Көктен келген даналыққа ие болу үшін, біз кемеңгер не жоғары білімді болуымыз керек пе? Жоқ. Ехоба шыққан тегіміз бен алған білімімізге қарамастан, даналық сыйлауға дайын (Қорынттықтарға 1-хат 1:26—29). Бірақ біз бірінші болып әрекет етуіміз керек, өйткені Киелі кітап бізді ‘даналыққа кенелуге’ шақырады (Нақыл сөздер 4:7). Мұны қалай істеуге болады?

5 Біріншіден, біз Құдайдан қорқуымыз керек. ‘Даналықтың бастауы [“даналыққа жеткізетін бірінші қадам”, The New English Bible] — Тәңір Иені Терең қастерлеу’ (Нақыл сөздер 9:10). Құдайды терең қастерлеу, немесе оның алдындағы қорқыныш — шынайы даналықтың негізі. Неге? Даналық дегеніміз білімді дұрыс қолдана білу қабілеті екенін есіңе алшы. Құдайдан қорқу — оның алдында шошына үрейлену емес, оны құрмет тұтып, арқа сүйеп бас июді білдіреді. Осы мағынада қорқу пайдалы әрі зор қозғаушы күш болады. Ол бізді Құдайдың еркі мен жолдарына қатысты білімімізге сай өмір сүруге талпындырады. Бұл — керемет өмір жолы, өйткені Ехобаның талаптары оны ұстанатындарға әрқашан зор пайдасын тигізеді.

6 Екіншіден, біз кішіпейіл де қарапайым болуға тиіспіз. Бұл қасиеттерсіз Құдайдан келетін даналыққа кенелу мүмкін емес (Нақыл сөздер 11:2). Неге бұлай дейміз? Егер біз кішіпейіл әрі қарапайым болсақ, барлық нәрсені біле бермейтінімізді, біздің ойымыз әрқашан дұрыс бола бермейтінін және Ехобаның ой-ниетін біліп алуымыз керектігін қуана мойындайтын боламыз. Ехоба “тәкаппарларға қарсы тұрады”, ал шын жүректен кішіпейілдерге даналық сыйлайды (Жақып 4:6).

7 Үшіншіден, Құдай Сөзін оқуымыз керек. Ехоба өз даналығын Сөзі арқылы ашады. Даналыққа кенелу үшін біраз күш салып, оны іздеу қажет (Нақыл сөздер 2:1—5). Төртінші талап — дұға. Егер шын көңілден Құдайдан даналық сұрасақ, ол жомарттықпен береді (Жақып 1:5). Киелі рухының көмегін сұрап айтқан дұғаларымыз жауапсыз қалмайды. Құдай рухы Киелі кітаптан қиыншылықтарымызды шешуге, қауіп-қатерден аулақ болуға және дана шешімдер қабылдауға көмектесетін қазына табуға қабілет береді (Лұқа 11:13).

Даналыққа кенелу үшін, оны іздеуге біраз күш салу қажет

8. Құдайдан келген даналыққа шынымен кенелгеніміз неден көрінеді?

8 Он жетінші тараудан білгеніміздей, Ехобаның даналығы нақты әрекеттерден көрінеді. Сондықтан Құдайдан келген даналыққа шынымен кенелгеніміз жүріс-тұрысымыздан көрініп тұрады. Құдайдан келген даналықтың жемістерін шәкірт Жақып былай суреттеген: “Жоғарыдан келген даналық: ең алдымен, таза, сонан соң бейбіт, парасатты, бойсұнуға дайын, қайырымдылық пен игі жемістерге толы, алаламайды, екі жүзді емес” (Жақып 3:17, ЖД). Құдайдан келген даналықтың әрбір қырын қарастырған сайын, өзімізден былай деп сұрағанымыз абзал: “Өмірімде жоғарыдан келген даналықты қолданып жүрмін бе?”

“Таза, сонан соң бейбіт”

9. Таза болу деген нені білдіреді және неге тазалықтың даналыққа тән жемістердің арасында бірінші тұрғаны орынды?

9 “Ең алдымен, таза”. Таза болу сырттай ғана емес, іштей де кіршіксіз әрі арамдалмаған дегенді білдіреді. Киелі кітапта даналық жүрекпен байланыстырылады, бірақ жаман ой мен зұлым пиғыл арамдаған жүрекке көктен келген даналық ене алмайды (Нақыл сөздер 2:10; Матай 15:19, 20). Ал жүрегіміз кемелсіз адам үшін мүмкін шамада таза болса, жамандыққа жоламай, жақсылық істейтін боламыз (Забур 36:27; Нақыл сөздер 3:7). Олай болса, даналыққа тән жемістердің арасында тазалықтың бірінші тұрғаны орынды емес пе? Сондай-ақ егер өнегелік және рухани жағынан таза болмасақ, даналықтың басқа қырларын шынымен таныта аламыз деуге бола ма?

10, 11. а) Неге өзара тату болғанымыздың маңызы зор? ә) Егер бауырласыңды ренжітіп қойғандай сезінсең, татуластырушы екеніңді қалай көрсетуіңе болады? (Сілтемені де ескер)

10 “Содан соң бейбіт”. Көктен келген даналық Құдай рухының жемісінің бір қырына жататын тыныштыққа, немесе бейбіт болуға, талпындырады (Ғалаттықтарға 5:22). Біз Ехобаның халқын өзара біріктіретін татулықты бұзудан аулақ болуға тырысамыз (Ефестіктерге 4:3). Сондай-ақ татулық бұзылған жерде оны қайта орнату үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз. Неге бұл маңызды? Киелі кітапта былай делінген: “Тату болыңдар! Сонда сүйіспеншілік пен тыныштықтың қайнар көзі — Құдай сендерге жар болады” (Қорынттықтарға 2-хат 13:11). Демек, біз өзара татулық сақтаған уақыттың бәрінде тыныштықтың қайнар көзі — Құдай бізбен бірге болады. Бауырластарымызға қалай қарайтынымыздың Ехобамен қарым-қатынасымызбен тікелей байланысы бар. Қалай біз өзімізді татуластырушы ретінде таныта аламыз? Бір мысалды қарастырып көрейік.

11 Егер бауырласыңды ренжітіп қойғандай сезінсең, не істегенің дұрыс? Иса: “Сонымен сен Құдайға арнаған сый-тартуыңды құрбандық үстеліне алып барғанда, егер бауырласыңның өзіңе өкпелеп жүргені сол жерде есіңе түсіп кетсе, алып келгеніңді сонда қалдыр да, бауырласыңа барып, онымен татулас! Бұдан кейін қайтып келіп, сый-тартуыңды Құдайға бағышта”,— деген (Матай 5:23, 24). Бауырласыңа бірінші болып бару арқылы осы кеңесті қолдануыңа болады. Қандай мақсатпен бару керек? ‘Татуласу’ мақсатымен b. Бұл үшін оның сезімі жаралы екенін мойындап, мұны елеусіз қалдырмауың керек. Сенің көздегенің татуласу болып, әрі сол бетіңнен таймасаң, бір-біріңді түсініп, кешіре алуларың әбден мүмкін. Егер бірінші болып әрекет етер болсаң, Құдайдың даналығын басшылыққа алатыныңды көрсетесің.

“Парасатты, бойсұнуға дайын”

12, 13. а) Жақып 3:17-де “парасатты” деп аударылған сөздің мағынасы қандай? ә) Біз парасатты екендігімізді қалай паш ете аламыз?

12 “Парасатты”. Парасатты болу деген нені білдіреді? Ғалымдардың айтуынша, Жақып 3:17-де “парасатты” деп аударылған түпнұсқадағы грек сөзінің мағынасын жеткізу оңай емес. Бұл сөз иліккіш болу деген ойға нұсқайды. Кейбір аудармашылар “төзімді”, “жұмсақ” және “ілтипатты” деген сөздерді қолданған. Даналықтың осы бір қыры біздің өмірімізден орын алатынын қалай көрсетуге болады?

13 Філіпіліктерге 4:5-те: “Сендердің кіші пейіл [“парасатты”, ЖД] екендеріңді елдің бәрі көре алсын”,— делінген. Өзге бір аудармада: “Парасаттылықтарыңмен танымал болыңдар”,— делінеді (Д. Б. Филлипс, The New Testament in Modern English). Байқасаң, әңгіме біздің өзіміз туралы не ойлайтынымызда емес, өзгелер біз турасында не ойлайды немесе біз қай жағынан танымал екендігімізде. Парасатты адам заңның әр әрпін қатып ұстанбайды, сондай-ақ тек өз дегенінен қайтпай тұрып алмайды. Қайта, өзгелерге құлақ асып, лайықты жерде олардың айтқанына көнуге дайын. Сондай-ақ өзгелерге дөрекілік жасамайды, жұмсақ. Әрине, барлық мәсіхшілер осындай болу керек, бірақ бұл әсіресе ақсақалдар үшін маңызды. Жұмсақтық — тартымды қасиет, ондай ақсақалдарға өзгелер үйір болады (Салониқалықтарға 1-хат 2:7, 8). Бәріміздің де өзімізден: “Мен өзгелерге мұқият, ымырашыл әрі жұмсақ адам ретінде танымалмын ба?”— деп сұрағанымыз дұрыс.

14. “Бойсұнуға дайын” екенімізді қалай көрсетуге болады?

14 “Бойсұнуға дайын”. Грек тілінен “бойсұнуға дайын” деп аударылған сөз Грек жазбаларының басқа еш жерінде кездеспейді. Бір ғалымның түсіндіруіне сай, бұл сөз “жиі әскери тәртіпке қатысты қолданылады”. Мұның астарында “көнбіс”, “тіл алғыш” деген ой жатыр. Жоғарыдан келген даналықты басшылыққа алатын адам Жазбаларда айтылғандарға мойынсұнуға дайын. Ол қабылдап қойған шешіміне қайшы келетін жайттар көрсетілсе де, өз дегенінен қайтпай табан тіресіп тұратын адам ретінде танымал емес. Қайта, Жазбаларға негіздеп көзқарасының дұрыс емес екені көрсетілсе, өзгеріс жасауға дайын болады. Сені өзгелер осындай адам ретінде біле ме?

“Қайырымдылық пен игі жемістерге толы”

15. Қайырымдылық деген не және неге Жақып 3:17-де “қайырымдылық” пен “игі жемістер” деген сөздердің бірге қолданылғаны орынды?

15 “Қайырымдылық пен игі жемістерге толы” c. Қайырымдылық — жоғарыдан келген даналықтың маңызды қыры, сондықтан мұндай даналық ‘қайырымдылыққа толы’ делінеді. “Қайырымдылық” пен ‘игі жемістердің’ бірге айтылғанына көңіл бөлші. Бұл орынды да, өйткені Киелі кітапқа сай, қайырымдылық көп жағдайда өзгелерге деген қамқорлықты, яғни молынан игілік істеуге талпындыратын жанашырлық сезімін, білдіреді. Бір анықтамалық еңбекте қайырымдылыққа “біреудің бақытсыздығына ортақтасу, оған көмектесуге тырысу” деген анықтама берілген. Демек, Құдайдың даналығы — сезімсіз, суық немесе мидағы дерексіз нәрсе емес. Керісінше, жылы әрі тартымды. Қайырымдылыққа толы екендігімізді қалай көрсетуге болады?

16, 17. а) Құдайға деген сүйіспеншілікке қоса, уағыз айтуға бізді не талпындыруы керек және неге? ә) Қайырымдылыққа толы екенімізді қалай көрсетуге болады?

16 Әрине, мұның басты жолы — Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау. Бұған бізді не талпындыруы керек? Ең алдымен, Құдайға деген сүйіспеншілік. Бірақ бізді өзгелерге деген қайрымдылық немесе жанашырлық та талпындырады (Матай 22:37—39). Бүгінде көп адам “бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара” күйде (Матай 9:36). Жалған діндердің бағушылары оларды елеусіз қалдырып, рухани соқыр етіп отыр. Сондықтан олар Құдай Сөзіндегі дана басшылықтан да, Патшалықтың жақында жер бетіне төгетін баталарынан да бейхабар. Айналадағылардың рухани мұқтаждықтары жайлы ойлағанда, оларға шын жүректен жанымыз ашып, Ехобаның сүйіспеншілікке толы ниеті туралы айту үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге талпынамыз.

Өзгелерге қайырымдылық, немесе жанашырлық, таныту арқылы ‘жоғарыдан келген даналықты’ көрсетеміз

17 Қайырымдылыққа толы екенімізді тағы қалай көрсетуге болады? Қарақшылар тонап, соққыға жығып, жол бойына тастап кеткен кісіге тап болған самариялық туралы Исаның астарлы әңгімесін есіңе алшы. Самариялық кісінің жанашырлығы оның жараларын жуып-шайып, қамқорлықпен ‘қайырымдылық көрсетуге’ талпындырады (Лұқа 10:29—37). Бұдан мұқтаждарға қол ұшын беру де қайырымдылыққа жататыны көрінеді емес пе? Киелі кітапта ‘барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істеуіміз’ керек екендігі жазылған (Ғалаттықтарға 6:10). Мұның бірнеше жолын қарастырып көрейік. Бәлкім, егде бауырласты қауым кездесуіне апарып-әкелу керек шығар. Қауымдағы жесір бауырластың үйі жөндеуді қажет етіп тұруы мүмкін (Жақып 1:27). Еңсесі түсіп жүрген мәсіхші көңіліне медеу болатын “жақсы сөзге” мұқтаж шығар (Нақыл сөздер 12:25). Осылайша қайырымдылық көрсетер болсақ, көктен келген даналықты өмірде қолданатынымызды дәлелдейміз.

“Алаламайды, екі жүзді емес”

18. Жоғарыдан келген даналықты басшылыққа алар болсақ, неден арылуға күш салуға тиіспіз және неге?

18 “Алаламайды”. Құдайдың даналығы алалаушылық пен ұлтжандықтан аулақ. Осындай даналықты басшылыққа алар болсақ, алалауға деген кез келген бейімділіктен арылуға күш саламыз (Жақып 2:9). Біз білім деңгейіне, әл-ауқаттылығына немесе қауымдағы жауапкершілігіне қарай әлдекімге ерекше қарамаймыз, сондай-ақ қаншалықты қарапайым болып көрінбесін, бауырласымызды кемсітпейміз. Егер Ехобаның өзі оларды сүйіспеншілігіне бөлеп отырса, біз оларды одан бетер сүюіміз керек емес пе?

19, 20. а) “Екі жүзді” дегенді білдіретін грек сөзі қайдан шыққан? ә) Бауырластарымызды ‘шын жүректен сүйетінімізді’ қалай көрсетеміз және неге бұның маңызы зор?

19 “Екі жүзді емес”. “Екі жүзді” дегенді білдіретін грек сөзі “рөлін ойнап жатқан әртіске” нұсқайды. Ертеде грек және рим әртістері ойын кезінде үлкен бетперде тағатын. Сондықтан “екі жүзді” дегенді білдіретін грек сөзі айлакер немесе жасанды қылық көрсететін адамға қолданылатын. Даналықтың осы қыры өзімізді басқалармен қалай ұстайтынымызға ғана емес, шындығында олар туралы қандай ойда екендігімізге де әсер етуі керек.

20 Елші Петір шындыққа мойынсұнғанымыз бауырластарымызға деген ‘нағыз сүйіспеншілікке кенелуге’ талпындыратынын айтқан (Петірдің 1-хаты 1:22). Иә, бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз жасанды болмауы керек. Біз көзбояушылық жасап, өз рөлін ойнайтын әртістердей бетперде кимейміз. Біздің сезімдеріміз шынайы болуға тиіс. Солай етер болсақ, бауырластарымыздың сеніміне ие боламыз, өйткені олар ісіміздің ниетімізге сай екенін көретін болады. Ал мұндай шынайылық мәсіхшілер арасында ашық та шыншыл қарым-қатынастың болуына жол ашады, әрі қауымда сенімділік рухының орнауына ықпал етеді.

“Даналықты сақтап жүр”

21, 22. а) Неге Сүлеймен даналықты сақтай алмады? ә) Қалай біз даналықты сақтай аламыз және бұның қандай пайдасы бар?

21 Көктен келетін даналық — Ехобаның сыйы. Біз оны сақтап жүруіміз керек. Сүлеймен: “Ей, балам... Дұрыс ой [“даналық”, ЖД] мен естілікті сақтап жүр әр уақытта”,— деген (Нақыл сөздер 3:21). Өкінішке орай, Сүлейменнің өзі олай ете алмады. Ол жүрегі мойынсұнғыш болған уақыттың бәрінде даналықты сақтап жүрді. Бірақ ақырында көп шетелдік әйелдер алып, олар оның жүрегін Ехобаға деген шынайы ғибадаттан бұрып әкетті (Патшалықтар 3-жазба 11:1—8). Егер дұрыс қолданбайтын болсақ, білімнің ешбір пайдасы жоқ екенін Сүлейменнің мысалынан көріп отырмыз.

22 Қалай біз даналықты сақтай аламыз? Киелі кітапты және “адал да ақылды құл” қамтамасыз етіп отырған әдебиеттерді үнемі оқып қана қою жеткіліксіз, біз білгендерімізді қолдануға тырысуымыз керек (Матай 24:45, ЖД). Құдайдан келген даналықты іс жүзінде қолдануға бізде барлық негіз бар. Бұл — ең керемет өмір жолы. Сол арқылы біз “шынайы өмірді” — Құдайдың жаңа дүниесіндегі өмірді — берік ұстана аламыз (Тімотеге 1-хат 6:19). Ал, ең бастысы, жоғарыдан келген даналыққа ие болу бізді даналық атаулының қайнар көзі Ехоба Құдайға жақындатады.

a Патшалықтар 3-жазба 3:16-ға (ЖД) сай, бұл екі әйел жезөкше болған. “Киелі жазбаларды түсіну” энциклопедиясында былай делінеді: “Олардың бұлай аталу себебі жезөкшелікті кәсіп еткендіктен емес, азғындық жасағандықтан болса керек. Бұл әйелдер яһуди болуы ықтимал, десе де басқа ұлттан шыққан болуы әбден мүмкін”.

b Грек тілінен “татулас” деп аударылған тіркес “өштестіктен достыққа өту, қайтадан достасу, арақатынасты қалпына келтіру не тігісін жатқызу” деген ойға нұсқайды. Демек, сенің мақсатың жағдайды өзгертіп, мүмкіндігінше өкпелеген адамды жүрегіндегі реніштен арылту болу керек (Римдіктерге 12:18).

c Басқа бір аудармада бұл сөздер “жанашырлық пен игі істерге толы” деп аударылған (Чарльз Б. Уильямс, A Translation in the Language of the People).