Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

23-ТАРАУ

“Ол бізді алдымен сүйді”

“Ол бізді алдымен сүйді”

1—3. Не нәрсе Исаның өлімін ерекше етті?

 ЕКІ МЫҢ жылдай уақыт бұрын көктемнің бір күнінде жазықсыз кісі тергеліп, ешқашан істемеген қылмысы үшін айыпталып, ақырында азапталып өлтірілді. Бұл тарихтағы қатыгез әрі әділетсіздікпен жүзеге асырылған өлім жазасының алғашқысы да, бір өкініштісі, соңғысы да емес еді. Сөйтсе де бұл ерекше өлім болды.

2 Сол кісінің өлер алдындағы азапты сағаттарында тіпті аспанның өзі бұл оқиғаның қаншалықты маңызды екенін аңғартты: тал түс болғанына қарамастан, сол аймақты кенеттен қараңғылық басты. Бұл құбылысты бір тарихшы ‘күн жарығы сөнді’ деп суреттеді (Лұқа 23:44, 45). Сосын, соңғы демін шығарарда, әлгі кісі еш ұмытылмайтын: “Енді түгел орындалды!”— деген сөздерді айтты. Расында да, ол өз жанын қию арқылы бір керемет нәрсені орындаған еді. Оның өзін құрбан етуі адамға тән сүйіспеншіліктің ең керемет көрінісі болды (Жохан 15:13; 19:30).

3 Әңгіме, әрине, Иса Мәсіх жөнінде болып отыр. Оның азап шегіп, өлген күні, б. з. 33 жылының нисан айының 14 жұлдызы, көпке мәлім. Алайда бір маңызды жайт жиі назардан тыс қалып жатады. Иса қатты азап шеккенмен, тағы да біреу одан да қатты азап шеккен еді. Шындығында, сол күні тағы да біреу әлдеқайда зор құрбандыққа барды. Осылайша ол бүкіл ғалам бойынша ең зор сүйіспеншілік көрсетті. Сол сүйіспеншіліктің мәні неде? Бұл сұрақтың жауабы Ехобаның сүйіспеншілігі деген аса маңызды тақырыпты талқылауға лайықты кіріспе болып табылады.

Ең зор сүйіспеншілік

4. Рим жүзбасы Исаның кәдімгі адам болмағанын қалай түсінді және ол қандай тұжырымға келді?

4 Өлім жазасының жүзеге асырылуын бақылаған Рим жүзбасын Иса өлерде айналаны басқан қараңғылық пен одан кейінгі жер сілкінісі қайран қалдырады. Ол: “Бұл шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!”— деді (Матай 27:54). Рас, Иса кәдімгі адам емес еді. Жүзбасы Әлемнің Әміршісінің жалғыз Ұлын өлтіруге көмектесті! Ал Әкесі үшін Ұлы қаншалықты қымбат болды?

5. Ехоба мен оның Ұлы қаншалықты ұзақ уақыт бірге болғанын қандай мысалмен көрсетіп беруге болады?

5 Киелі кітапта Исаның ‘жаратылыс атаулыдан бұрын бар болғаны’ айтылған (Қолостықтарға 1:15, сілтемені қара). Көңіл аударшы, Ехобаның Ұлы физикалық Әлемнен бұрын бар болған. Әкесі мен Ұлы қанша уақыт бірге болды? Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, Әлемнің жасы 13 миллиард жылға тең. Неткен ұзақ уақыт! Адамдардың осы уақыттың қаншалықты көп екендігін түсінулеріне көмектесу үшін, ғалымдар бір планетарийде 110 метрлік уақыттық сызық жасаған. Адамның сол сызықтың бойымен жасаған әр қадамы Әлем жасының 75 миллион жылына тең. Ал адамзаттың бүкіл тарихы сызықтың ең соңында көрсетілген. Ол — шаштың жуандығындай бір-ақ сызық! Алайда ғалымдардың пайымдауы дұрыс болды деген күннің өзінде сол сызықтың бар ұзындығы Құдай Ұлының өмірінің ұзақтығына жетпес еді! Осыншама уақыттың ішінде ол немен айналысты?

6. а) Адами өміріне дейін Ехобаның Ұлы немен айналысқан? ә) Ехоба мен Ұлының қарым-қатынасы қаншалықты берік болған?

6 Ұлы — Әкесінің “шебер жұмысшысы” ретінде қуана қызмет еткен (Нақыл сөздер 8:30, ЖД). Киелі кітапта: “Жаратылған ештеңе де Онсыз [Ұлының қатысуынсыз] пайда болмаған”,— делінген (Жохан 1:3). Демек, жаратылыс атаулыға бастама беру үшін, Әкесі мен Ұлы бірге еңбек еткен. Олар үшін бұл көңіл толқытып, бақытқа бөлейтін неткен ғажап кезең болды десеңші! Бүгінде ата-ана мен баланың арасындағы сүйіспеншіліктің өте берік болатынымен келіспейтін адам жоқ. Ал сүйіспеншілік “мүлтіксіз біріктіреді” (Қолостықтарға 3:14, сілтемені қара). Олай болса, сонша көп уақыт аралығында қалыптасқан сүйіспеншіліктің қаншалықты берік болғанын түсіне алар ма екенбіз? Ехоба мен Ұлының теңдесі жоқ сүйіспеншілікке негізделген қарым-қатынасының берік болғаны айдан анық.

7. Иса шомылдыру рәсімінен өткенде, Әкесі Ұлына деген сезімін қалай білдірді?

7 Соған қарамастан Әкесі Ұлын адам кейпінде туылу үшін жер бетіне жіберді. Бұл — Ехоба сүйікті Ұлымен көкте тығыз қарым-қатынаста болудан ондаған жылдарға бас тарту керек болды деген сөз. Ол көктен Исаның кемелді адам ретінде ержетіп келе жатқанын тебірене бақылап отырды. Отыздарға келгенде Иса шомылдыру рәсімінен өтті. Сол кезде Ехоба не сезінді десеңші! Әкесі оған көктен тікелей: “Бұл Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!”— деді (Матай 3:17). Исаның өзі туралы барлық пайғамбарлықтарды және өзіне тапсырылған барлық істі адалдықпен орындап шыққанын көргенде, Әкесін зор қуаныш кернеген болса керек (Жохан 5:36; 17:4).

8, 9. а) Б. з. 33 жылы 14 нисанда Исамен не болды және бұл оның көктегі Әкесіне қалай әсер етті? ә) Неге Ехоба Ұлының азап шегіп, өлуіне жол берді?

8 Алайда б. з. 33 жылының 14 нисанында Ехоба өзін қалай сезінді екен? Исаға сатқындық жасалып, түн ортасында оны қалың тобыр тұтқындағанда, Әкесінің бойын қандай сезім биледі? Оны достары тастап қашып кеткенде және заңсыз соттағанда ше? Исаны келеке-мазақ қылғанда, жағынан тартып-тартып жібергенде, жұдырықтап ұрғанда ше? Арқа етін жұлым-жұлым етіп, қамшымен сабағанда ше? Қол-аяғын ағаш бөренеге шегелеп, іліп қойғанда, жұрт оны қорлағанда ше? Ал қатты қиналып, жаны азапқа түскен Ұлы өзіне жалбарына дауыстағанда, Әкесі қандай сезімде болды? Аяулы Ұлы ақырғы демін шығарып, жаратылғаннан бері алғаш рет тіршіліктен ғайып болғанда, Ехоба не сезінді? (Матай 26:14—16, 46, 47, 56, 59, 67; 27:38—44, 46; Жохан 19:1)

9 Айтарға сөз бар ма? Ехобаның сезімдерін, Ұлының өлімі қаншалықты жанына батқанын, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Алайда Ехобаның осының бәріне не себепті жол бергенін сөзбен жеткізуге болады. Неге ол өзін осындай қасіретке душар етті? Мұның себебін “ізгі хабардың кішірейтілген нұсқасы” деп те аталатын Киелі кітаптың бір тармағынан білуге болады. Жохан 3:16-да келесі сөздер жазылған: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады”. Ехобаны бұған талпындырған — сүйіспеншілік. Оның бізге берген сыйы — аяулы Ұлын біз үшін азап шегіп, жанын қиюға жібергені — ең зор сүйіспеншіліктің көрінісі.

‘Құдай жалғыз Ұлын құрбандыққа берді’

Құдайдың сүйіспеншілігі

10. Адамдар не нәрсеге мұқтаж және “сүйіспеншілік” сөзінің мағынасымен не болуда?

10 “Сүйіспеншілік” деген не? Сүйіспеншілік — адамның аса мұқтаж қажеттілігі. Адам туылғаннан өле-өлгенше сүйіспеншілікке талпынады, ол бар жерде жайнап сала береді, ал жоқ жерде солып, тіпті өліп қалады. Десе де сүйіспеншілікке анықтама беру қиынның қиыны. Сөз жоқ, адамдар ол туралы көп айтады. Сүйіспеншілікке арнап сансыз кітаптар жазылып, әндер айтылып, өлеңдер шығарылып жатады. Бірақ бұдан оның мағынасы ашылатыны шамалы, қайта, шынайы мағынасы көмескілене түседі.

11, 12. а) Сүйіспеншілік туралы көп нәрсені қайдан білуге болады және неге? ә) Ежелгі грек тілінде “сүйіспеншілікті” білдіретін қандай сөздер қолданылған және Грек жазбаларында олардың қайсысы жиі қолданылады? (Сілтемені де ескер) б) А·га́·пи деген не? б) Киелі кітапта А·га́·пи деген сөз жиі қандай мағынаны білдіреді?

11 Алайда Киелі кітапта сүйіспеншіліктің мағынасы анық түсіндіріледі. Бір түсіндірме сөздікте: “Сүйіспеншілікті тек талпындыратын істері арқылы танып білуге болады”,— делінген (У. Е. Вайн Expository Dictionary of New Testament Words). Киелі кітаптан Ехобаның қалай әрекет ететіні туралы оқығанда, оның сүйіспеншілігі — жаратылыстарына деген аяулы сезімі — жайында көп нәрсе білеміз. Мысалы, оның осы қасиетін жоғарыда қарастырылған сүйіспеншілікке толы әрекетінен артық не нәрсе суреттей алар еді? Келесі тараулардан да Ехобаның іс жүзіндегі сүйіспеншілігіне қатысты көптеген мысал қарастырамыз. Бұған қоса, түпнұсқадан “сүйіспеншілік” деп аударылған сөздердің мағынасын қарастыру арқылы да біраз нәрсе түсінуге болады. Көне грек тілінде, негізінен, төрт сөз қолданылған a. Грек жазбаларында солардың ішіндегі ең көп қолданылатыны а·га́·пи сөзі. Киелі кітапқа жасалған бір түсіндірме сөздікте бұл сөздің “сүйіспеншілікті білдіретін ең әсерлі сөз” екендігі айтылған. Не себепті?

12 Киелі кітапта А·га́·пи сөзі жиі принциптерге негізделген сүйіспеншілікке нұсқайды. Ол біреуге қатысты аяқ асты туатын сезімнен әлдеқайда көп нәрсені білдіреді. Бұл — барлығын мұқият салмақтап-саралап, саналы түрде танытылатын сезім. Ал, ең бастысы, мәсіхшілік сүйіспеншілік — өте риясыз сезім. Мысал ретінде тағы да Жохан 3:16-ны қарастырайық. Құдай кімді сондай қатты сүйгендіктен жалғыз Ұлын құрбандыққа берді? Бұл — төлемге мұқтаж адамзат. Олардың арасында күнәкарлар да көп. Ехоба солардың әрқайсысын өзінің досы адал Ыбырайымды сүйгендей сүйе ме? (Жақып 2:23) Жоқ. Бірақ өзіне қаншалықты қымбатқа түсетініне қарамастан, Ехоба барлығына шапағатын түсіреді. Ол барлық адамның күнәларына өкініп, теріс жолдан қайтқанын қалайды (Петірдің 2-хаты 3:9). Көбісі солай етіп те жатыр. Ехоба мұндай адамдарды достары ретінде құшақ жая қарсы алады.

13, 14. Мәсіхшілік сүйіспеншілік жиі біреуге қатты бауыр басуды да білдіретіні неден көрінеді?

13 Алайда кейбіреулер Киелі кітаптағы а·га́·пи сөзін дұрыс түсінбейді. Олардың ойынша, ол — суық, тек санамен байланысты сүйіспеншілік. Бірақ, шындығына келгенде, мәсіхшілік сүйіспеншілік біреуге қатты бауыр басуды да білдіреді. Мысалы, Иса: ‘Әкесі Ұлын сүйеді’,— дегенде, а·га́·пи сөзінің тұлғасын қолданған. Бұл аяулы сезімсіз сүйіспеншілік пе? Жоқ. Ал Жохан 5:20-да түпнұсқа тілінде Иса фи·ле́·о (аяулы сезім) сөзінен шыққан сөзді қолданған (Жохан 3:35). Ехобаның сүйіспеншілігіне жиі аяулы сезім де кіреді. Десе де оның сүйіспеншілігі сезімнің жетегінде емес. Оған әрқашан өзінің даналығы мен әділ принциптері бағыт береді.

14 Өзіміз көріп отырғандай, Ехобаның қасиеттерінің бәрі керемет, кемелді әрі тартымды. Сөйтсе де олардың ең тартымдысы — сүйіспеншілік. Бізді Ехобаға жақындауға қатты талпындыратын да сол. Сүйіспеншілік — оның басты қасиеті. Мұны біз қайдан білеміз?

“Құдай — сүйіспеншілік”

15. Ехобаның сүйіспеншілігі жөнінде Киелі кітапта не делінген және сол сөздерді ерекше ететін не? (Сілтемені де ескер)

15 Киелі кітапта сүйіспеншілік туралы Ехобаның өзге негізгі қасиеттеріне қатысты айтылмайтын бір нәрсе жазылған. Жазбаларда былай делінбеген: Құдай — күш немесе әділдік, Құдай — даналық. Осы үш қасиеттің ешқайсысы Ехобаға тең бола алмайды, ол — жай ғана осы қасиеттердің иесі, солардың қайнар көзі. Алайда төртінші қасиет жөнінде терең мәнді сөздер айтылған: “Құдай — сүйіспеншілік” b (Жоханның 1-хаты 4:8). Мұны қалай түсінуге болады?

16—18. а) Неге Киелі кітапта “Құдай — сүйіспеншілік” делінген? ә) Неге жердегі жаратылыстардың ішінде тек адам ғана Ехобаның сүйіспеншілігінің бейнесі болуға лайықты?

16 “Құдай — сүйіспеншілік” деген сөздер “Құдай мен сүйіспеншілік тең” дегенді білдірмейді. Мысалы, біз екі сөздің орнын ауыстырып, “сүйіспеншілік — Құдай” дей алмаймыз. Ехоба жай ғана дерексіз қасиеттен әлдеқайда жоғары. Ол — Тұлға, әрі оның сүйіспеншілікпен қатар басқа да сан алуан сезімдері мен қасиеттері бар. Сөйткенмен де оның бүкіл болмысы сүйіспеншіліктен тұрады. Осыған қатысты бір анықтамалық кітапта: “Құдайдың өзі, яки табиғаты — сүйіспеншілік”,— делінген. Мұны былай түсіндіруге болады: Ехобаның күші әрекет етуге қабілетті етеді. Әділдігі мен даналығы әрекетіне бағыт береді. Ал сүйіспеншілігі әрекет етуге қозғау салады. Сондай-ақ ол басқа қасиеттерінің бәрін сүйіспеншілікпен бірге танытады.

17 Ехобаның сүйіспеншіліктің нақ бейнесі екендігі жиі айтылады. Сондықтан принципке негізделген сүйіспеншілік туралы білгіміз келсе, Ехобаны жақыннан тануға тиіспіз. Әрине, осы бір әдемі қасиетті адамдардың бойынан да көруге болады. Бірақ неге бұл қасиет оларға да тән? Жаратылыс кезеңінде Ехоба, Ұлына болу керек, келесі сөздерді айтқан: “Біз Өзімізге рухани жағынан ұқсас адамдарды жаратайық” (Жаратылыс 1:26). Жер бетіндегі жаратылыстардың ішінде тек адамдар ғана көктегі Әкелеріне еліктеп, саналы түрде сүйіспеншілік таныта алады. Ехоба өзінің негізгі қасиеттерін бейнелегенде, түрлі жануарларды қолданғанын есіңе алшы. Бірақ басты қасиеті сүйіспеншіліктің бейнесі ретінде жердегі жаратылыстардың ең жоғарғысын — адамды — таңдаған (Езекиел 1:10).

18 Егер біз принциптерге негізделіп, риясыз сүйіспеншілік танытсақ, Ехобаның басты қасиетін көрсетеміз. Елші Жохан: “Біз сүйеміз, себебі Ол бізді алдымен сүйді”,— деген (Жоханның 1-хаты 4:19). Бірақ қалайша Ехоба бізді алдымен сүйді?

Ехоба бірінші болып әрекет етті

19. Неге Ехобаның жаратылыс ісінде сүйіспеншілік басты орында деуге болады?

19 Сүйіспеншілік — жаңа нәрсе емес. Ехобаны жарата бастауға не талпындырған еді? Ол жалғызсырап, серікті қажет еткен жоқ. Өйткені Ехоба ешкімнен ештеңені қажет етпейді. Бірақ оның сүйіспеншілігі, ал бұл — белсенді қасиет, тіршілік етуден келер қуанышты саналы жаратылыстармен бөлісуге талпындырған, әрі олар осы сыйды бағалай біледі. “Құдайдың жаратылысының Бастауы” өзінің жалғыз Ұлы болған (Аян 3:14, сілтемені қара). Сосын, Ехоба осы Шебер жұмысшысы арқылы періштелерден бастап барлық нәрсені жаратқан (Әйүп 38:4, 7; Қолостықтарға 1:16). Еркіндік, сана және сезімдер берілген сол құдіретті рухани жаратылыстар өзара, ал ең бастысы Ехоба Құдаймен жылы қарым-қатынаста бола алатын (Қорынттықтарға 2-хат 3:17). Олар сүйіспеншілік танытады, өйткені алдымен өздеріне сүйіспеншілік көрсетілді.

20, 21. Адам мен Хауа Ехобаның өздеріне деген сүйіспеншілігін қалай сезінді, бірақ соған қарамастан не істеді?

20 Адам баласының жағдайында да солай болды. О бастан Адам мен Хауа сүйіспеншілік нұрына шомылды. Олар өз мекендері — Едемдегі Жұмақта қайда қараса да, Әкелерінің өздеріне деген сүйіспеншілігін көретін. Киелі кітаптағы сөздерге көңіл аударшы: “Құдай Ие шығыста, Едем деген жерге пейіш бағын орнатып, Өзі жасаған адамды сонда орналастырды” (Жаратылыс 2:8). Сен шынымен әдемі бақта болып көрдің бе? Саған әсіресе не ұнады? Ағаш арасынан түскен күн сәулесінің нұры ма? Алаңқайдағы гүлдердің көз жауын алатын сан алуан түстері ме? Бұлақ суының сылдыры, құстар әні мен жәндіктер ызыңы үйлесе шыққандағы әуен бе? Жоқ әлде гүлге оранған ағаштар, жеміс-жидек пен гүлдердің аңқыған жұпар исі болар? Қалай болған күнде де, бүгінде ешқандай бақ Едеммен салыстыруға да келмейді. Неге?

21 Ол бақты Ехобаның өзі отырғызған! Бұл әсемдігін сипаттауға сөз жетпейтін бақ болған болу керек. Ондағы әрбір ағаш ерекше ғажайып, сондай-ақ олардың керемет мәуелері болған. Бақ жақсы суарылатын, әрі аумақты еді. Ал іші алуан түрлі жан-жануарларға толы болған. Қанағатқа бөлейтін жұмыстары мен кемелді достық қарым-қатынаста болу мүмкіндіктерін қоса алғанда, Адам мен Хауаның бақытты да мағыналы өмір кешулеріне барлық жағдай жасалған еді. Ехоба оларды алдымен сүйген, олардың да сүйіспеншілік танытуына барлық негіз болды. Бірақ олар бұлай етпеді. Көктегі Әкелеріне сүйіспеншілікпен мойынсұнудың орнына, өзімшілдікпен оған қарсы шықты (Жаратылыс 2-тарау).

22. Қалай Ехобаның Едемдегі бүлікке қатысты жасаған әрекеті айнымас сүйіспеншілігінің дәлелі болып табылады?

22 Бұл Ехобаның жанына қатты батса керек! Алайда оның сүйіспеншілікке толы жүрегі қатуланып кетті ме? Әрине, жоқ! “Оның рақымы [немесе айнымас сүйіспеншілігі] мәңгілік” (Забур 135:1). Сондықтан ол кідірместен Адам мен Хауаның ниеті ақ ұрпақтарын құтқару үшін сүйіспеншілікке толы шара жасады. Өзіміз көргендей, бұл шараға өзі үшін сонша қымбатқа түссе де, сүйікті Ұлын төлем құрбандығы ретінде бергені де кіреді (Жоханның 1-хаты 4:10).

23. Ехобаның “бақытты Құдай” екендігінің бір себебі қандай және келесі тарауда қандай маңызды сұрақ талқыланады?

23 Иә, адамзатқа сүйіспеншілік көрсету үшін Ехоба о бастан-ақ бірінші болып әрекет еткен. Оның ‘бізді алдымен сүйген’ кездерінің есебіне жетіп болмайсың. Сүйіспеншілік бірлік пен қуанышқа жеткізеді, сондықтан Ехобаның “бақытты Құдай” деп аталатынына таңғалмаса да болады (Тімотеге 1-хат 1:11, ЖД). Алайда маңызды бір сұрақ туындайды: шынында да, Ехоба жеке әрқайсымызды сүйе ме? Келесі тарауда осы сұрақ талқыланады.

a Жан дос не бауыр сияқты адамдарды “аяулы сезіммен жақсы көруді, жақын тартуды” білдіретін фи·ле́·о етістігі де Грек жазбаларында жиі қолданылады. Ал Тімотеге 2-хат 3:3-те стор·ге, немесе отбасындағы сүйіспеншілік, сөзінің тұлғасы қолданылған, әрі онда қазіргі соңғы күндері осындай сүйіспеншіліктің жетіспейтіні көрсетіледі. Киелі кітапта еркек пен әйел арасындағы махаббат жөнінде айтылғанымен, Грек жазбаларында э́рос сөзі кездеспейді (Нақыл сөздер 5:15—20).

b Бұдан басқа тағы да екі Жазба орнында осы іспеттес құрылым қолданылған: “Құдай — Нұр” және “Құдай жалмап қоятын от болып табылады” (Жоханның 1-хаты 1:5; Еврейлерге 12:29, Тт). Бірақ бұл тармақтарды метафора деп түсінген дұрыс, өйткені Ехоба мұнда табиғи құбылыстарға теңелген. Ехоба нұр сияқты, өйткені ол киелі әрі әділ. Оның ішінде ешқандай “түнек”, немесе арам нәрсе, жоқ. Сондай-ақ жоюшы күші бар болғандықтан, оны отқа теңеуге болады.