Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

26-ТАРАУ

‘Кешіруге дайын’ Құдай

‘Кешіруге дайын’ Құдай

1—3. а) Дәуіттің мойнында қандай ауыр жүк болған және ол жаралы жүрегіне жұбанышты қайдан тапты? ә) Күнә жасап қойсақ, мойнымызға қандай жүк түсуі мүмкін, бірақ Ехоба бізді не нәрсеге сендіреді?

 “МЕНІҢ заңсыздықтарым өз басымнан асып кетті, маған түскен ауыртпалықтың салмағы еңсемді езіп барады... Мен шамадан тыс әлсіредім және күйреп біттім”,— деп жазды жыршы Дәуіт (Забур 37:5, 9). Ол өзін кінәлі сезінудің қаншалықты ауыр екенін білген. Бірақ жаралы жүрегіне жұбаныш тапқан. Ехоба күнәні жек көргенімен, шынымен өкініп, теріс жолдан қайтқан күнәкарды жек көрмейтінін Дәуіт түсінген. Ехобаның күнәсіна өкінгендерге мейірімділік танытуға ықыласты екеніне толықтай сенімді болған ол: “Сен, уа, Ехоба... кешіруге дайынсың”,— деген (Забур 86:5, ЖД; [85:5]).

2 Күнә жасап қойсақ, ар-ұжданымыздың азабы біздің де мойнымызға жүк болар еді. Негізінен, мұндай сезім пайдалы. Ол қателіктерімізді жөндеуге қажетті қадамдар жасауға талпындыруы мүмкін. Алайда оған тым беріліп кету қаупі де бар. Кінәлағыш жүрегіміз қалай өкінсек те, Ехоба бәрібір кешірмейді деп тұрып алатын болар. Егер ‘шексіз қайғыға батып’ кетсек, Шайтан — Ехоба бізді түкке тұрғысыз әрі өзіне қызмет етуге лайықсыз деп қарастырады деген сезім тудырып, ұнжырғамызды түсіруге тырысып бағады (Қорынттықтарға 2-хат 2:5—11).

3 Ехоба шынымен бізге солай қарай ма? Әрине, жоқ! Кешірімділік — Ехобаның зор сүйіспеншілігінің бір қыры. Өз Сөзінде ол бізді егер күнәмізді шынымен мойындап, шын жүректен өкінер болсақ, кешіруге дайын екендігіне сендіреді (Нақыл сөздер 28:13). Ехобаның кешіріміне ешқашан ие бола алмаймыз деген ойдан аулақ болу үшін, оның неге және қалай кешіретінін қарастырып көрейік.

Неге Ехоба ‘кешіруге дайын’?

4. Болмысымызға қатысты не нәрсе Ехобаның есінде және ол бізге қатысты қалай әрекет етеді?

4 Ехобаға мүмкіндіктеріміздің шектеулі екені белгілі. Забур жыршысы: “Неден жаратылдық, соны біледі, топырақтан екеніміз Оның есінде”,— деген (Забур 102:14). Ол біздің топырақтан жаратылғанымызды әрі кемелсіз болғандықтан кемшіліктеріміз бен әлсіздіктеріміз бар екенін ұмытпайды. Киелі кітапта Ехоба құмырашыға, ал біз оның жасап шығарған қыш ыдысына теңелеміз, “неден жаратылдық, соны біледі” деген сөздер осыны есімізге салады (Еремия 18:2—6). Ұлы Құмырашы біздің күнәкар болмысымыздың әлсіз екенін ескереді және өзінің басшылығын қалай қабылдайтынымызға қарай әрекет етеді.

5. Римдіктерге арналған хатта күнәнің мықты құрсауы қалай суреттелген?

5 Ехоба күнәнің әсері қаншалықты күшті екенін біледі. Оның Сөзінде күнә адамды құрсаулап алған, өліспей беріспейтін зор күш ретінде суреттеледі. Оның құрсауы қаншалықты берік? Римдіктерге арналған хатында елші Пауыл былай түсіндірді: сарбаздардың қолбасшыларының билігінде болғаны сияқты біз де күнәнің ‘билігіндеміз’ (Римдіктерге 3:9); күнә адамзатты патша іспетті ‘билеп-төстеуде’ (Римдіктерге 5:21); ол біздің ‘бойымызда’ (Римдіктерге 7:17, 20); ол — бізге үнемі бағыт беріп отыруға тырысатын бойымыздағы ‘заңдылық’ (Римдіктерге 7:23, 25). Күнә әлсіз тәнімізді қалайша мықтап құрсаулаған десеңші! (Римдіктерге 7:21, 24)

6, 7. а) Бар көңілімен өзінен мейірімділік іздейтіндерге Ехоба қалай қарайды? ә) Неге біз Құдайдың мейірімділігін теріс пайдаланбауымыз керек?

6 Сонымен, қанша қаласақ та, өзіне кемелді түрде мойынсұна алмайтынымызды Ехоба жақсы біледі. Сондықтан сүйіспеншілік танытып, егер бар көңілімізбен оның мейірімділігін іздесек, бізді кешіретініне сендіреді. Забур 50:19-да: “Құдайға ұнамды сый, құрбандық — Күнәсына шынымен өкінген рух, Шын өкініп, бағынған жүрекке Сен Теріс қарамайсың, уа, Құдай Ием”,— делінген. Өзін кінәлі сезініп, көңілін мұң басып, жүрегі жаралы болған адамнан Ехоба ешқашан бас тартпайды.

7 Алайда бұл күнәкар екенімізді бұлдап, Құдайдың мейірімділігін теріс пайдалануға болады дегенді білдіре ме? Әлбетте, жоқ! Ехоба соқыр сезімнің жетегінде емес. Оның мейірімділігінің шегі бар. Ол еш өкінбестен әдейі күнә жасай беретіндерді кешірмейді (Еврейлерге 10:26). Ал күнәсін мойындап, жүрегі жаралы болғандарды кешіруге дайын. Ехобаның сүйіспеншілігінің осы бір керемет қырын суреттеу үшін Киелі кітапта қандай әсерлі бейнелердің қолданылғанын көрейік.

Ехоба толық кешіре ме?

8. Ехоба күнәларымызды кешіргенде, былайша айтқанда, не істейді және бұл бізге қандай сенімділік береді?

8 Күнәсіне өкінген Дәуіт: “Саған сонда күнәмды ашық айттым, Әділетсіздігімді жасырмадым... Сен сонда барлық күнәмды кешірдің”,— деген (Забур 31:5). Мұндағы “кешіру” деп аударылған еврей сөзі негізінде “көтеру” немесе “алып жүру” дегенді білдіреді. Бұл сөз мұнда “кінә, күнә, қателікті” көтеріп алып кету мағынасында қолданылған. Сонда, былайша айтқанда, Ехоба Дәуіттің күнәларын көтеріп, алып кеткен. Өзін кінәлі сезініп, еңсесін мұң басқан Дәуіттің жеңілдеп қалғанында сөз жоқ (Забур 31:3). Исаның төлем құрбандығына деген сеніміне негізделіп, Құдайдан кешірім іздейтіндердің күнәларын көтеріп, алып кететін Ехобаға біздің де толықтай сенім артуымызға болды (Матай 20:28).

9. Ехоба күнәларымызды бізден қаншалықты алыстатады?

9 Дәуіт Ехобаның кешірімділігін суреттеу үшін тағы бір әсерлі тіркесті қолданған: “Шығыс батыстан қашық болғаны сияқты, Күнәмызды бізден шексіз қашықтатты” (Забур 102:12). Күн шығыстан шығып, батыстан батады. Ал шығыс батыстан қаншалықты қашық? Шығыс әрқашан батыстан шексіз ұзақ қашықтықта, олар ешқашан бір-бірімен кездеспейді. Бір ғалым аталмыш тіркестің “мейлінше алыс, адам айтқысыз алыс” дегенді білдіретінін ескерді. Киелі рухтың жетелеуімен жазған Дәуіттің осы сөздерінен Ехоба кешіргенде, күнәларымызды бізден адам айтқысыз қашықтыққа алыстататыны көрінеді.

Ехоба өзінің ‘кешіруге дайын’ екенін білгенімізді қалайды

10. Ехоба күнәларымызды кешірсе, неге олардың дағынан өмір бойы арыла алмаймын деген ойда болмауымыз керек?

10 Ашық түсті киімге түскен дақты тазалап көргенсің бе? Қанша тырысқаныңа қарамастан, бәрібір дақ байқалып тұрған болар. Өзінің қаншалықты кешірімді екенін Ехобаның қалай суреттегеніне қарашы: “Күнәларың ал қызыл болса да, рақым етіп, сендерді қар сияқты аппақ қылмақпын. Қылмыстарың қан қызыл болса да, сендерді кешіріп, аппақ жүндей ағартпақпын” (Ишая 1:18). “Ал қызыл” деген ашық қызыл түске нұсқайды a. Ал “қан қызыл” деп қанық қызыл түске боялған мата жайында айтылған (Нағұм 2:3). Біз ешқашан күнәнің дағынан өздігімізден арыла алмаймыз. Бірақ Ехоба бізді ал қызыл және қан қызыл күнәлардан қар немесе аппақ жүндей тазарта алады. Ехоба күнәларымызды кешірсе, олардың дағынан өмір бойы арыла алмаймын деген ойда болмауымыз керек.

11. Қай мағынада Ехоба күнәларымызды ту сыртына лақтырады?

11 Ауырып өлім аузынан қалған Езекия Ехобаға ризашылығын білдіріп айтқан көңіл толқытатын жырында: “Менің барлық күнәләрімді Өзіңнің ту сыртыңа лақтырып жібердің”,— деген (Ишая 38:17). Мұнда Ехоба қателіктеріне өкінгендердің күнәларын алып, артына қарай лақтырып жіберіп, оларды енді қайтып көрмейтін әрі ескермейтіндей суреттелген. Бір сөздікте мұндағы ойды: “Сен [менің күнәларымды] мүлде жасалмағандай еттің”,— деп жеткізуге болатыны айтылған. Неткен жұбанышты сөздер!

12. Ехоба кешірсе, күнәларымызды мәңгіге аластататынын Миха пайғамбар қалай көрсетті?

12 Миха пайғамбар Ехобаның қалпына келтіру туралы уәдесін айтқанда, оның өкінген халқын кешіретініне сенімді екенін көрсеткен: “Қылмыс атаулыны Сенің жұрнағыңа [халқыңның тамтығына] кінә ғып тақпайтын Сендей Құдай қайда бар? Сен біздің күллі күнәмізді теңіздің тұңғиығына жібересің” (Миха 7:18, 19). Сол уақытта өмір сүргендер үшін бұл сөздер нені білдіргенін ойлап көрші. “Теңіздің тұңғиығына” лақтырылған нәрсені қайтып алуды үміттенуге болар ма еді? Миханың сөздерінен егер Ехоба кешірсе, күнәларымызды мәңгіге аластататыны көрінеді.

13. Исаның “қарызымызды кеше гөр” деген сөздері нені білдіреді?

13 Иса Ехобаның кешірімділігін қарыз беруші мен алушының арасындағы қарым-қатынас арқылы көрсеткен. Ол: “Біздің қарызымызды кеше гөр”,— деп дұға етуге шақырды (Матай 6:12, Тт). Иса күнәні “қарызға” теңеген (Лұқа 11:4). Күнә жасаған сайын, біз Ехобаға “қарыз” боламыз. Бір еңбекте “кешіру” деп аударылған грек етістігінің “қарызды өтеуді талап етпей, ұмыту” дегенді білдіретіні айтылған. Ехоба кешіргенде, қарызымызды жоя салады, ал олай болмаған күнде оны өтеуге тиіс болар едік. Бұл күнәсіне өкінгендер үшін жұбаныш болуы мүмкін. Ехоба өзі жойған қарызды өтеуді ешқашан талап етпейді! (Забур 31:1, 2)

14. Елшілердің істері 3:19-да қолданылған грек етістігі қандай ойға нұсқайды?

14 Елшілердің істері 3:19-да былай делінген: ‘Сондықтан теріс жолдан қайтыңдар! Сонда Құдай Ие күнәларыңды кешіреді’. Мұнда “кешіру” деп “сүртіп тастау,...жоқ қылу, жою” дегенді де білдіретін грек етістігі аударылған. Кейбір ғалымдардың ойынша, бұл бейнелі сөздің мәні жазылған жазуды өшіруге болатындығында. Қалайша? Ежелде сия әдетте күйе, шайыр және судың қоспасынан жасалатын. Мұндай сиямен жазылған жазуды көп ұзамай дымқыл сорғышпен өшіріп тастауға болатын. Ехобаның мейірімділігінің неткен көркем суреттемесі! Ехоба кешіргенде, былайша айтқанда, сорғыш алып, күнәларымызды өшіріп тастайды.

15. Ехоба өзі жайлы нені білгенімізді қалайды?

15 Осындай сан алуан бейнелі сөздердің үстінен ой жүгірткенде, күнәларымызға шын жүректен өкінген кездің бәрінде Ехоба, шынында да, кешіруге дайын екенін білгенімізді қалайтыны анық көрінеді емес пе? Ертеңгі күні ол күнәларымызды бетімізге салық қылады деп қорқудың қажеті жоқ. Бұны біз Киелі кітапта ашылатын Ехобаның зор мейірімділігінің тағы бір қырынан көре аламыз: Ехоба кешірген нәрсесін мүлдем ұмытады.

‘Күнәларыңды қар сияқты аппақ қылмақпын’

“Істеген күнәларын бұдан былай еске алмаймын”

16, 17. Киелі кітапта Ехобаның күнәларымызды ұмытатыны туралы айтылғанда, бұл нені білдіреді және неге сен бұлай жауап бердің?

16 Жаңа келісімде тұратындарға қатысты Ехоба былай уәде еткен: “Олардың заңсыздықтарына кешірім жасаймын және өздері істеген күнәларын бұдан былай еске алмаймын” (Еремия 31:34). Бұл Ехоба кешіргенде, жасалған күнәларды қайтып есіне түсіре алмайды дегенді білдіре ме? Әрине, мұны білдірмейді. Киелі кітапта, Дәуітті қоса алғанда, көп адамдардың жасаған күнәларын Ехобаның кешіргені турасында айтылған (Патшалықтар 2-жазба 11:1—17; 12:13). Ехобаға олардың күнәлары әлі де белгілі болу керек. Олардың күнәлары, өкінгендері және Құдайдың кешіріміне ие болғандары бізге тәлім болсын деп жазылып қалдырылған (Римдіктерге 15:4). Олай болса, Киелі кітапта Ехобаның өзі кешіргендердің күнәларын ‘еске алмайтыны’ айтылғанда, мұны қалай түсінуіміз керек?

17 “Еске алу” деп аударылған еврей тілінің етістігі өткенді еске түсіруден әлдеқайда көп нәрсені білдіреді. Бір еңбекте аталмыш етістіктің “лайықты әрекет жасауды” да білдіретіні ескерілген (Theological Wordbook of the Old Testament). Осыны ескерер болсақ, күнәні “еске алуға” күнәкарға қарсы қандай да бір әрекет жасау кіреді (Ошия 9:9). Бірақ Құдай “күнәларын бұдан былай еске алмаймын” деуімен өкінген кісіні кешірсе, ертеңгі күні сол күнәсі үшін оған қарсы әрекет етпейтініне сендіреді (Езекиел 18:21, 22). Басқаша айтқанда, Ехоба көп рет кінәлау немесе жазалау үшін күнәларымызды қайта-қайта еске ала бермеу мағынасында ұмытады. Құдайымыздың кешіретінін және күнәларымызды ұмытатынын білгеніміз көңілімізге жұбаныш береді емес пе?

Күнәнің зардабы

18. Неге күнәнің кешірілгені адамды жасаған күнәларының барлық зардабынан босатады дегенді білдірмейді?

18 Ехобаның өкінген күнәкарды кешіруге дайын болғаны жасаған күнәларының барлық зардабынан босатады дегенді білдіре ме? Мүлдем олай емес. Жазаланбастан күнә жасай бере алмаймыз. Пауыл: “Адам не ексе, соны орады”,— деген (Ғалаттықтарға 6:7). Біз істеген істеріміздің белгілі бір зардабын тартуымыз мүмкін. Бұл Ехоба кешіргеннен кейін, басымызды бәлеге ұшыратты дегенді білдірмейді. Қиындыққа кезіккен мәсіхші: “Ехоба бұрынғы күнәларым үшін жазалап жатқан шығар”,— деген ойда болмау керек (Жақып 1:13). Ал басқа жағынан қарайтын болсақ, ол бізді жасаған қателіктеріміздің нәтижесінде туған бақытсыздықтардан қорғамайды. Отбасының ойран болуы, қалаусыз жүктілік, жыныстық қатынас арқылы берілетін аурулар, өз-өзіне деген сенім мен сыйлау сезімінің жоғалуы — осының бәрі күнәнің қайғылы әрі даусыз нәтижесі болуы мүмкін. Ехоба Дәуіттің Барсабия мен Ұрияға қатысты жасаған күнәсін кешірсе де, оның зардабынан қалқаламағанын есіңе алшы (Патшалықтар 2-жазба 12:9—12).

19—21. а) Қалайша Леуіліктер 6:1—7 тармақтарда жазылған заң жәбірленуші үшін де, қателік жасаған адам үшін де пайдалы? ә) Біздің күнәміздің кесірінен біреу жапа шексе, қандай әрекет жасағанымыз Ехобаға ұнамды болады?

19 Біздің күнәміздің басқа да салдары болуы мүмкін, әсіресе соның кесірінен біреу жапа шексе. Мысал ретінде Леуіліктер 6-тарауда айтылған жағдайды қарастырайық. Мұнда жақынының затын ұрлап, күштеп не алаяқтықпен иемденіп, ауыр күнә жасаған адамның ісі Мұса заңына сай қарастырылады. Ол істеген ісін мойындамай, тіпті жалған ант береді. Бұл — қылмысты дәлелдеу оңайға соқпайтын жағдай. Алайда кейінірек күнә жасаған кісінің ар-ұжданы мазалап, күнәсін мойындайды. Құдайдың кешіріміне ие болу үшін одан үш нәрсе талап етіледі: алған затын қайтару, оның 20 пайыз құнын жәбірленушіге үстемелеп беру және айыбы үшін құрбандыққа қошқар шалу. Сосын, заңда діни қызметкердің оны Ехобаның алдында тазартып, оған кешірім жасалатыны айтылған (Леуіліктер 6:1—7).

20 Аталмыш заң Құдайдың мейірімділікпен жасаған шарасы еді. Заңның пайдасын заты өзіне қайтарылған және кінәлі кісінің ақырында күнәсін мойындағанын естіп, сөзсіз, жеңілдік сезінетін жәбірленуші көретін. Сонымен қатар ол ар-ұжданы кінәсін мойындауға және қателігін түзетуге талпындырған кісі үшін де пайдалы болған. Егер олай әрекет етпегенде, ол Құдайдың кешіріміне ие бола алмас еді.

21 Әрине, Мұса заңының біз үшін күші жоқ, сөйтсе де ол Ехобаның ой-ниетін, сондай-ақ кешірімге деген көзқарасын түсінуімізге көмектеседі (Қолостықтарға 2:13, 14). Біздің күнәміздің кесірінен біреу жапа шексе, қателікті түзету үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанымыз Құдайға ұнамды болады (Матай 5:23, 24). Бұл үшін күнәміз бен қателігімізді мойындап, тіпті кешірім сұрау керек болатын шығар. Сонда Исаның құрбандығына негізделіп, Ехобаға жалбарына аламыз және оның бізді кешіргеніне сенімді бола аламыз (Еврейлерге 10:21, 22).

22. Ехоба кешіруімен қатар не істеуі мүмкін?

22 Сүюші әке іспетті Ехоба да кешіруімен қоса, қандай да бір шамада жөнге салуы мүмкін (Нақыл сөздер 3:11, 12). Өкінген мәсіхші — ақсақал, қызмет көмекшісі немесе толық уақытты жариялаушы болу артықшылығынан айырылып қалуы мүмкін. Қатты бағалайтын артықшылықтарынан айырылу адамға ауыр тиетін шығар. Алайда осылайша жөнге салу Ехоба кешіргісі келмейді дегенді білдірмейді. Ехобаның жөнге салуы сүйіспеншілігінің белгісі екенін ұмытпаған жөн. Оны қабылдасақ, қор болмаймыз (Еврейлерге 12:5—11).

23. Неге біз ешқашан Ехобаның мейірімділігіне ие бола алмаймыз деп ойламауымыз керек және не себепті оның кешірімділігіне еліктеуіміз қажет?

23 Құдайдың ‘кешіруге дайын’ екенін білу қалайша жігерлендіреді десеңші! Қателік істеп қоюымыз мүмкін екендігіне қарамастан, ешқашан Ехобаның мейірімділігіне ие бола алмаймыз деп ойламауымыз керек. Шынымен өкініп, қателігімізді түзетуге қадамдар жасап, сондай-ақ Исаның төгілген қанына негізделіп, бар көңілімізбен дұға етсек, Ехобаның кешіретініне толықтай сенімді болуымызға болады (Жоханның 1-хаты 1:9). Өзіміз де бір-бірімізбен қарым-қатынасымызда оның кешірімділігіне еліктейік. Егер еш күнә жасамайтын Ехоба бізді сондай сүйіспеншілікпен кешіретін болса, біз, күнәкар адамдар, бір-бірімізді кешіру үшін қолдан келгеннің бәрін істеуіміз керек емес пе?

a Бір ғалымның айтуынша, ал қызыл түс “берік, оңайлықпен кетпейтін болған. Мұндай түске боялған мата шыққа да, жаңбырға да, жуса да оңбайтын, ұзақ қолданылса да өңін бермейтін”.