Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

27-ТАРАУ

‘Шіркін, оның ізгілігі қандай!’

‘Шіркін, оның ізгілігі қандай!’

1, 2. Құдайдың ізгілігінің аясы қаншалықты кең және Киелі кітапта осы қасиет жөнінде не айтылған?

 ТАЗА ауада дастарқан басына жиналған ескі достар ұясына еңкейген күн шапағының керемет көрінісін тамашалап, әңгіме-дүкен құрып, мәре-сәре болып отыр. Жердің басқа бір шетінде егінші өз танабына көз жіберіп, риза болып езу тартты, өйткені көкжиекте қою қара бұлт үйіріліп, қуаңшылықтан әбден шөліркеген егістікке жауынның алғашқы тамшылары түсіп жатыр. Ал бір ерлі-зайыпты балаларының тәй-тәй басқан алғашқы қадамдарын көріп, мәз-мейрам.

2 Өздері білсе де, білмесе де осы кісілердің бәрі Ехоба Құдайдың ізгілігінің рақатын көруде. Кейбір діндар адамдар “Құдай ізгі” деген сөздерді жиі айтады. Киелі кітап бұл сөздерді анағұрлым әсерлі етіп жеткізеді: ‘Шіркін, оның ізгілігі қандай!’ (Зәкәрия 9:17) Бірақ бүгінде бұл сөздің мағынасын түсінетіндер кемде-кем сияқты. Ехоба Құдайдың ізгілігі неден тұрады және оның осы қасиеті әрқайсымызға қалай әсер етеді?

Құдай сүйіспеншілігінің ерекше қыры

3, 4. Ізгілік деген не және неге Ехобаның ізгілігі сүйіспеншілігінің керемет көрінісі?

3 Киелі кітапта ізгілік сөзі өнегелілік, жақсылық мағынасында қолданылады. Олай болса, Ехоба ізгілікке толы. Оның күшін, әділдігі мен даналығын қоса алғанда, барлық қасиеттерінен ізгілігі көрініп тұрады. Сөйтсе де ізгілік — Ехобаның сүйіспеншілігінің көрінісі. Неге бұлай дейміз?

4 Ізгілік — әрекеттен көрінетін қасиет. Елші Пауыл бұл қасиеттің адамдар үшін әділдіктен де тартымды екенін көрсеткен (Римдіктерге 5:7). Әділ адам заңның талаптарын адал орындайды, ал ізгі адам одан да көп нәрсе істейді. Ол өзгелердің игілігін ойлап, бірінші болып әрекет етеді. Өзіміз көретіндей, Ехоба тап осы мағынада ізгі. Мұндай ізгілік Ехобаның шексіз сүйіспеншілігінің көрінісі екендігінде сөз жоқ.

5—7. Неге Иса “Ізгі Ұстаз” деп аталудан бас тартты және осылайша ол қандай маңызды шындықты ашты?

5 Ізгілік танытуда Ехобаға тең келетін ешкім жоқ. Өлерінен көп ұзамай Исаны бір кісі “Ізгі Ұстаз” деп атап, оған сұрақ қояды. Сонда ол: “Мені неге ізгі дейсің? Құдайдан басқа ешкім де ізгі емес”,— дейді (Марқа 10:17, 18). Исаның жауабы саған қызық көрінуі мүмкін. Неге ол әлгі кісіні түзетті? Иса, шынымен де, “Ізгі Ұстаз” емес пе?

6 Әлгі кісі “Ізгі Ұстаз” деген лауазымды жағымпаздану үшін қолданғаны анық. Иса қарапайымдылық танытып, теңдесі жоқ ізгілік көктегі Әкесіне тиесілі екенін айтқан (Нақыл сөздер 11:2). Осылай деуімен ол маңызды бір шындықты да ашқан: тек Ехоба ғана ізгіліктің нормаларын орната алады. Тек соның ғана ненің жақсы, ненің жаман екенін шешу құқы бар. Адам мен Хауа жаман мен жақсыны танытатын жемісті жеулерімен осы құқықты өздеріне иемденуге тырысқан. Ал Иса болса жақсы мен жаманды айыру құқын кішіпейілділікпен Әкесіне қалдырған.

7 Оған қоса, Иса шынымен ізгі нәрсенің бәрі Ехобадан келетінін білген. Ехоба — “ізгі сый мен мүлтіксіз тарту” атаулының Қайнар көзі (Жақып 1:17, Тт). Қалайша Ехобаның жомарттығы ізгілігінің дәлелі болып табылатынын көрелік.

Ехобаның көл-көсір ізгілігінің дәлелдері

8. Ехоба адамзатқа қалай ізгілік көрсетіп отыр?

8 Дүниеде тіршілік еткен әр адам Ехобаның ізгілігінің рақатын көрген. Забур жыршысы: “Ехоба барлығына да ізгі”,— деген (Забур 145:9, ЖД; [144:9]). Кейбір дәлелдерді қарастырып көрейік. Киелі кітапта мынадай сөздер бар: “Өзінің бар екендігіне игі істерімен анық куәлік келтіруін тоқтатпады: аспаннан жаңбыр жаудырып, дер кезінде өнім беріп, мол азық сыйлап, жанымызды қуанышқа толтырады” (Елшілердің істері 14:17). Керемет даярланған асты ішіп рақаттанған кезің болған ба? Ехоба ізгі болғандықтан ғана жерді үнемі айналымдағы тұщы суы бар және бізге азық болатын ‘өнім беретіндей’ етіп жаратты ғой. Ол осындай ізгілігін өзін сүйетіндерге ғана емес, барлық адамдарға көрсетіп отыр. Иса: “Ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін бірдей түсіріп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбырды бірдей жауғызады”,— деген (Матай 5:45).

9. Алма ағашынан Ехобаның ізгілігі қалай көрінеді?

9 Көп адам күн сәулесін, жауын және мол өнім алатын кезеңдерді кәдімгі нәрседей қабылдайды, өйткені олар үнемі қайталанып отырады. Мысал ретінде алманы алып көрейік. Бұл — климаты қоңыржай аймақтарда көп өсетін ағаш. Алма — әдемі, мәуесі шырынды әрі нәрлі заттарға толы жеміс ағашы. Дүние жүзі бойынша алма ағашының қызыл, сары, жасыл және алтын түсті, үлкендігі ірі шиедей, тіпті грейпфруттай болып келетін шамамен 7 500 түрі бар екенін білгенсің бе? Алма ағашының дәні кіп-кішкентай. Бірақ одан ең керемет ағаштардың бірі өсіп шығады (Таңдаулы әндер 2:3). Көктем сайын алма ағашы таңғажайып гүл шоқтарына оранып, ал күз сайын жеміс береді. 75 жыл бойы орташа алма ағашы жылда 19 килограмдық 20 жәшік жеміс беріп отырады!

Ехоба ‘аспаннан жаңбыр жаудырып, дер кезінде өнім сыйлайды’

Осы кіп-кішкентай дәннен ондаған жылдар бойы жеміс беретін әрі адамдарға қуаныш сыйлайтын ағаш өсіп шығады

10, 11. Қалай сезу мүшелері Ехобаның ізгілігін паш етеді?

10 Ізгілікке толы Ехоба бізге өзінің жаратқан нәрселерінің керемет екенін сезініп, олардан рақат таба алатындай ‘тамаша жаралған’ тән берген (Забур 138:14). Осы тараудың басындағы сөздерді есіңе алшы. Сондай сәттерде көзді қуантатын не? Мәз-мейрам болған бөбектің бал-бұл жайнаған нарттай беттері. Танапқа себелеп жауған нөсер. Батып бара жатқан күн сәулесінің қызыл, сары, күлгін түстерге құбылуы. Адамның көзі жүздеген мың, бәлкім, тіпті миллиондаған түсті ажырата алатындай етіп жаратылған! Ал есту қабілетінің арқасында біз сүйікті адамның даусының, ағаш басын тербеткен самал желдің, ішек-сілесі қатқан бала күлкісінің өзгерісін бірден байқаймыз. Неге көру және есту қабілеті бізге қуаныш әкеледі? Киелі кітапта былай делінген: “Еститін құлақ пен көретін көздің Екеуі де жаратқаны Тәңір Иенің” (Нақыл сөздер 20:12). Бірақ бұлар сезім мүшелерінің екеуі ғана.

11 Иіс сезу қабілеті — Ехобаның ізгілігінің тағы бір дәлелі. Зерттеулерге сүйенсек, адамның мұрны өте көп — мыңдаған иістен бастап 1 триллионға дейін — иісті айыра алады. Бірнешеуін ғана есіңе алып көрші: өзің жақсы көретін тағамның әдемі иісі, гүлдердің жұпар иісі, жерге түскен жапырақтардың хош иісі, болар-болмас қана сезілетін түтіннің жағымды иісі. Ал жанаса сезу қабілеті жүзіңді сипап өткен майда желді, сүйікті адамның нәзік құшағын, қолыңдағы жемістің еш кедірсіз, теп-тегіс екенін сезінуіңе мүмкіндік береді. Оны тістегенің сол-ақ екен, дәм сезу қабілеті іске қосылады. Дәм сезу баданаларың жемістің білінер-білінбес химиялық қоспаларын түйсіне сала, дәмнің сан алуан түрін сезесің. Иә, Ехобаны: ‘Сенен қорқатындарға арнап Өзің сақтап жүрген игіліктерің қандай көп еді!’— деп мадақтауға барлық негіз бар (Забур 30:20). Алайда Ехоба өзінен қорқатындарға игіліктерін қалай “сақтап” жүреді?

Мәңгілікке жеткізетін ізгіліктер

12. Ехоба көрсетіп отырған қандай ізгілік анағұрлым маңызды және неге?

12 Иса: “Киелі жазбада “Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді” деп жазылған ғой!”— деген (Матай 4:4). Әрине, Ехобаның тәндікке қарағанда рухани жағынан көрсеткен ізгілігі әлдеқайда маңызды, өйткені олар мәңгілік өмірге жеткізеді. Осы кітаптың 8-тарауында қазіргі соңғы күндері рухани жұмақ орнату үшін Ехобаның қалпына келтіретін күшін қолданып жатқаны ескерілген еді. Рухани жұмақтың басты ерекшелігі — рухани ас-судың молдығы.

13, 14. а) Езекиел пайғамбар қандай аян алды және оның біздің күнімізге қатысты мағынасы қандай? ә) Ехоба адал қызметшілеріне өмір беретін қандай рухани сыйлар беріп отыр?

13 Киелі кітапта қайта қалпына келтіру туралы керемет пайғамбарлық бар. Ол Езекиел кітабында сәулетті ғибадатхананы қалпына келтіруге қатысты аянда суреттеледі. Сол ғибадатханадан су ағып жатады да, барған сайын ені де, тереңдігі де үлкейе түседі. Ол айналасындағылардың бәріне зор баталар әкеледі. Ал жағасында шипалы жеміс беретін, жайқалған ағаштар өседі. Ол тіпті тұзды, тіршіліктен жұрдай Өлі теңізге де тіршілік береді! (Езекиел 47:1—12) Бірақ мұның бәрі нені білдіреді?

14 Езекиел көрген бұл аян Ехоба таза ғибадатты қайта қалпына келтіретінін білдірді. Енді ол қайтадан Құдайдың әділ нормаларына сай келмек еді. Аяндағы өзен іспетті Құдайдың өмір беретін сыйы молайған үстіне молая түспек еді. 1919 жылы таза ғибадат қалпына келтірілгеннен бері, Ехоба өз халқына өмір беретін батасын төгуде. Қалайша? Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттер және кездесулер мен конгрестер — осылардың бәрі миллиондаған адамдардың шындыққа келуіне көмектесуде. Солар арқылы адамдардың Ехобаның берген ең зор сыйы — Өзін сүйетіндер мен қастерлейтіндерге мәңгілік өмірге деген үміт, сондай-ақ Өзінің алдында таза болуға мүмкіндік беретін Мәсіхтің төлем құрбандығы — туралы білім алуға мүмкіндіктері бар a. Сондықтан да қазіргі соңғы күндері осы дүниедегі адамдар рухани аштықтан жапа шегіп жүргенде, Ехобаның халқы қуанышпен рухани ас-суды тойына ішіп-жеуде (Ишая 65:13).

15. Мәсіх мың жыл патшалық еткенде, қалай Ехоба адал адамдарға ізгілігін төгеді?

15 Бірақ қазіргі заман жойылған соң, Езекиел көрген судың ағысы тоқтап қалмайды. Керісінше, Мәсіхтің Мыңжылдық патшалығының кезінде оның суы бұрынғыдан да молая түседі. Сол кезде Ехоба Патшалық арқылы Исаның құрбандығының күшін толықтай қолданып, адамзатты бірте-бірте кемелділікке жеткізеді. Сонда Ехобаның ізгілігіне қалайша қуанамыз десеңші!

Ехобаның ізгілігінің басқа да қырлары

16. Ехобаның ізгілігі басқа да керемет қасиеттерден тұратыны Киелі кітаптан қалай көрінеді және олардың кейбірі қандай?

16 Ехобаның ізгілігіне жомарттықтан көп нәрсе кіреді. Құдай Мұсаға: “Мен сенің алдыңнан бүкіл игілігімді өте шығатын етіп, қасыңда “Жаратқан Ие” деген есімімді атап шақырамын”,— деді. Сосын, Жазбада былай делінген: ‘[Ехоба] Мұсаның алдынан өтіп бара жатып:— Жаратқан Ие! Жаратқан Ие! Рақымды да қайырымды Құдай! Қаһарлануға асықпайды, табанды сүйіспеншілігі мен сенімділігі ағыл-тегіл мол,— деп дауыстады’ (Мысырдан шығу 33:19; 34:6, сілтемені қара). Көріп отырғанымыздай, Ехобаның ізгілігі басқа да керемет қасиеттерден тұрады. Солардың екеуін ғана қарастырып көрейікші.

17. Қайырымдылық деген не және қалай Ехоба жұмыр басты пенделеріне қайырымдылық танытады?

17 “Қайырымдылық”. Бұл қасиет “жанашыр” деп те аударылады. Одан Ехобаның өз жаратылыстарына қалай қарайтыны туралы көп нәрсе білеміз. Әдетте өзгелерге билігі жүретін адам жиі дөрекі, суық немесе қатал болып келеді, бірақ Ехоба ондай емес, қайта, жұмсақ әрі мейірбан. Мысалы, оның Ыбырамға не дегеніне көңіл аударшы: “Айналаңа көз тастап, тұрған жеріңнен бастап солтүстік пен оңтүстікке, шығыс пен батысқа қара” (Жаратылыс 13:14). Киелі кітап сөздерін зерттейтін ғалымдар көне еврей тілінде бұл сөйлемде бұйрық райды сыпайы тілекке айналдыратын жұрнақ қолданылғанын атап өткен. Киелі кітапта басқа да осындай мысалдар бар (Жаратылыс 31:12, ЖД; Езекиел 8:5, ЖД). Ойлап көрші, Әлемнің Әміршісі жұмыр басты пендеге өтініш жасаған! Мына дүниеде адамдардың инабаттылық атаулыдан жұрдай, дөрекі екеніне қарамастан, Құдайымыз Ехобаның сонша қайырымды екендігі жанымызға жұбаныш береді емес пе?

18. Қай мағынада Ехобаның “сенімділігі ағыл-тегіл мол” және неге бұл сөздер бізді нығайтады?

18 “Сенімділігі ағыл-тегіл мол”. Өтірік пен алаяқтық қазіргі дүниеде кәдімгі нәрсе болып кеткен. Бірақ Киелі кітапта: “Өтірік айтатындай, Құдай пенде емес”,— деген сөздер бар (Руларды санау 23:19). Ал Титке 1:2-де Құдайдың жалған сөйлей алмайтыны айтылған. Ехобаның ізгілігі сонша — оның бойында өтірікке орын жоқ. Сондықтан оның уәделеріне толығымен сенім артуға болады. Оның сөзі әрқашан жүзеге асады. Ехоба тіпті ‘ақиқаттың Құдайы’ деп аталады (Забур 30:6). Ол өтірік айтудан аулақ жүріп қана қоймайды, сондай-ақ өзгелерге шындықты молынан ашады. Ехоба өзгеге ашыла бермейтін тұйық емес, қайта, адал қызметшілеріне даналығын көл-көсір етіп жомарттықпен береді b. Қызметшілері ‘шындық жолымен жүре’ алулары үшін Ехоба өзі ашып отырған шындықты қалай өмірде қолдануға болатынын да үйретіп отыр (Жоханның 3-хаты 3). Алайда Ехобаның ізгілігі жеке бізге қалай әсер ету керек?

“Олар Ехобаның ізгілігін көріп, шат-шадыман болады”

19, 20. а) Шайтан Хауаны Ехобаның ізгілігіне деген сенімділігінен қалай айырды және мұның нәтижесі қандай болды? ә) Ехобаның ізгілігі бізге қалай әсер ету керек және неге?

19 Шайтан Едем бағында Хауаны азғыруды Ехобаның ізгілігіне деген сенімінен қулықпен айырудан бастайды. Ехоба Адам атаға: “Саған бақтағы күллі ағаштардың жемістерін жеуге болады”,— деген еді. Ехоба баққа көрік беріп тұрған мың сан ағаштардың ішіндегі біреуінің ғана жемісін жеуге тыйым салған. Соған қарамастан Шайтанның Хауаға қалай сұрақ қойғанына көңіл қойшы: “Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма?” (Жаратылыс 2:9, 16; 3:1) Шайтан Хауадан қандай да бір жақсы нәрсе жасырын қалды деген ойға меңзеп, Ехобаның сөздерін бұрмалап жеткізді. Өкінішке орай, оның өтірігі өрге басты. Хауа қолындағы бар игілікті Құдайдан алса да, оның ізгілігіне күмәндана бастады, бүгінде сонша көп әйелдер мен еркектер де сөйтуде.

20 Осы күмәннің қандай зор қайғы-қасірет әкелгені мәлім. Олай болса, Еремия 31:12-де (ЖД) жазылған сөздерді жүрегімізде сақталық: “Олар міндетті түрде Ехобаның ізгілігін көріп, шат-шадыман болады”. Ехобаның ізгілігіне қуанып, шат-шадыман болуымыз керектігінде сөз жоқ. Ізгілікке толы Құдайымыздың пейіліне ешқашан күмәнданудың қажеті жоқ. Өзін сүйетіндерге тек жақсылық тілейтін Ехобаға толығымен сенім артуымызға болады.

21, 22. а) Ехобаның ізгілігіне деген лебізімізді қалай білдіруімізге болады? ә) Келесі тарауда қандай қасиет талқыланады және оның ізгіліктен қандай айырмашылығы бар?

21 Оған қоса, Құдайдың ізгілігі туралы өзгелерге айтуға мүмкіндік туса, қуанамыз. Ехобаның халқы жөнінде Забур 145:7-де (ЖД) былай делінген: “Сенің мол ізгілігің туралы айтқанда, олардың көңілдері таситын болады”. Тіршілік еткен әр күні Ехобаның ізгілігін көрудеміз. Олай болса, әр күні мүмкіндігінше Ехобаның нақты бір ізгілігін атап, ризашылығымызды білдіруді неге әдет етпеске? Осы қасиет жөнінде ойлап, Ехобаға сол үшін күнделікті ризашылық білдіріп және ол туралы өзгелерге айтқанымыз ізгі Құдайымызға еліктеуге көмектеседі. Сондай-ақ Ехобаға еліктеп, ізгілік істеудің жолын іздер болсақ, оған жақындай түсеміз. Егде тартқан елші Жохан: “Сүйікті бауырым, жамандыққа еліктемей, жақсылыққа елікте! Жақсылық істейтін адам Құдайдікі”,— деп жазған (Жоханның 3-хаты 11).

22 Ехобаның ізгілігінің басқа қасиеттермен де байланысы бар. Мысалы, Құдайдың “сүйіспеншілікке толы мейірімділігі”, немесе айнымас сүйіспеншілігі, мол (Мысырдан шығу 34:6, ЖД). Бұл қасиеттің ізгілік сияқты қолдану аясы кең емес, өйткені Ехоба оны, ең алдымен, өзінің адал қызметшілеріне танытады. Келесі тарауда Ехобаның осы қасиетті қалай танытатынын көреміз.

a Төлем құрбандығы — Ехобаның ізгілігінің ең зор көрінісі. Миллиондаған рухани жаратылыстарының арасынан біз үшін жанын қиюға Ехоба өзінің жалғыз сүйікті ұлын таңдап алған.

b Киелі кітапта шындық лайықты түрде нұрға теңеледі. Забур жыршысы: “Өзіңнің нұрың мен шындығыңды жолдай гөр”,— деп жырлаған (Забур 43:3, ЖД; [42:3]). Ехоба өзінен тәлім алуға даяр адамдарға рухани нұрын көл-көсір етіп төгеді (Қорынттықтарға 2-хат 4:6; Жоханның 1-хаты 1:5).