Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

28-ТАРАУ

“Жалғыз сен ғана шексіз берілгенсің”

“Жалғыз сен ғана шексіз берілгенсің”

1, 2. Неге Дәуіт патша үшін опасыздық беймәлім нәрсе емес еді деуге болады?

 ДӘУІТ ПАТША үшін опасыздық беймәлім нәрсе емес еді. Ол билік құрған аумалы-төкпелі кезеңде оған өз халқынан шыққан адамдар талай қаскөйлік істеді. Тіпті қолдау көрсетеді деп күткен адамдардың өзі сатқындық жасаған. Мысалға Дәуіттің бірінші әйелі Михолды алып көрейікші. Бастапқыда ол “Дәуітке ғашық болатын”, патшалық құру кезінде оған қолдау көрсеткені де сөзсіз. Алайда кейін Михол Дәуітті “іштей менсінбеді”, тіпті оған “ұяттан безген дөрекі әлдекім” деп қарады (Патшалықтар 1-жазба 18:20; Патшалықтар 2-жазба 6:16, 20).

2 Дәуіттің жеке кеңесшісі Ахитопелді де еске алып көрейікші. Оның кеңесі тікелей Ехобадан келген сөздер сияқты бағаланатын (Патшалықтар 2-жазба 16:23). Бірақ ақырында соншама сенім артылған сол кісі сатқындық жасап, Дәуітке қарсы ұйымдастырылған бүлікке қосылып кетеді. Ал бүлікті бастаған кім? Дәуіттің туған баласы Абессалом! Сол арсыз, қаскөй адам патша тағын иемденуді көксеп, қулықпен исраилдіктердің сеніміне кіріп алады. Абессаломның бүлігіне көп адам қосылып, Дәуіт бас сауғалап қашуға мәжбүр болады (Патшалықтар 2-жазба 15:1—6, 12—17).

3. Дәуіт не нәрсеге сенімді болған?

3 Сонда Дәуітке ешкімнің шексіз берілгендік сақтамағаны ма? Ол басына бақытсыздық түскен кездің бәрінде өзіне шексіз берілген Біреудің барын білген. Ол кім? Ехоба Құдайдың өзі. Дәуіт ол туралы: “Өзіңе шексіз берілгендерге сен де шексіз берілгендік танытасың”,— деген (Патшалықтар 2-жазба 22:26, ЖД). Шексіз берілгендік деген не және қалай Ехоба осы қасиетті ең керемет түрде танытады?

Шексіз берілгендік деген не?

4, 5. а) “Шексіз берілгендік” деген не? ә) Шексіз берілгендік пен адалдықтың арасында қандай айырмашылық бар?

4 Еврей жазбаларында “шексіз берілгендік” деген сөз біреуге қатысты өз мақсатына жетпейінше сүйіспеншілікпен әрі үздіксіз көрсетіле беретін мейірімділікті білдіреді. Ол — адалдықтан тереңірек ұғым. Бұл расында да солай, өйткені адам борышты сезінгендіктен ғана адалдық танытуы мүмкін. Ал шексіз берілгендік болса сүйіспеншілікке негізделеді a. Сосын, “адалдық” сөзі жансыз нәрселерге қатысты да қолданыла береді. Мысалы, забур жыршысы ай түн сайын көкке көтерілетін болғандықтан, оны “көктегі адал куәгер” деп атаған (Забур 89:37, ЖД; [88:38]). Бірақ айды шексіз берілген деп айта алмайсың. Неге? Өйткені шексіз берілгендік — сүйіспеншіліктің көрінісі, сондықтан оны жансыз нәрселер таныта алмайды.

Ай адал куәгер деп аталады, бірақ тек саналы жаратылыстар ғана Ехобаның шексіз берілгендігіне шынымен еліктей алады

5 Жазбалардағы шексіз берілгендік сөзі өте жылы сезімді білдіреді. Аталмыш қасиет екі адамның арасында өзара тығыз қарым-қатынастың барына нұсқайды. Шексіз берілгендік — әрі-бері тербеле беретін жел қуған толқын іспетті баянсыз қасиет емес. Керісінше, шексіз берілгендік, немесе айнымас сүйіспеншілік — өте қиын кезеңдерге де төтеп беруге мүмкіндік беретін берік қасиет.

6. а) Адамдар арасында шексіз берілгендік қаншалықты сирек кездеседі және Киелі кітапта осы ой қалай жеткізілген? ә) Шексіз берілгендікке не кіретінін білудің ең керемет жолы қандай және неге?

6 Рас, мұндай шексіз берілгендік бүгінде кемде-кем. Жиі жақын адамдар ‘бірін-бірі күйретіп’ жіберуге дайын. Жұбайын тастап кетіп жатқандар барған сайын көбейіп барады (Нақыл сөздер 18:24; Малахи 2:14—16). Опасыздықтың кең тарағаны сонша — Миха пайғамбардың сөздерін қайталап: “Жер бетінде мейірімді [“шексіз берілген”, ЖД] жан қалмады”,— дегіміз келеді (Миха 7:2). Адамдар жиі сүйіспеншілікке толы мейірімділік таныта бермейтін болғанмен, Ехоба шексіз берілгендігімен ерекшеленеді. Сондықтан сүйіспеншіліктің керемет қыры болып табылатын шексіз берілгендікке не кіретінін білудің ең керемет жолы — Ехобаның осы қасиетті қалай танытатынын зерттеу.

Ехобаның теңдесі жоқ шексіз берілгендігі

7, 8. Қалайша жалғыз Ехоба шексіз берілген деуге болады?

7 Киелі кітапта Ехоба жайында: “Жалғыз Сен ғана толықтай қасиеттісің [“шексіз берілгенсің”, ЖД]!”— делінген (Аян 15:4). Сонда бұл қалай болғаны? Адамдар да, періштелер де керемет шексіз берілгендік танытқан кездер болған ғой? (Әйүп 1:1; Аян 4:8) Ал Иса Мәсіх ше? Құдайдың нағыз (ЖД) “шексіз берілгені” сол емес пе? (Забур 15:10) Онда қалайша жалғыз Ехоба шексіз берілген деуге болады?

8 Алдымен, мынаны ұмытпалық: шексіз берілгендік — сүйіспеншіліктің бір қыры. “Құдай — сүйіспеншілік”, яғни сүйіспеншіліктің нақ бейнесі, олай болса, әлдебіреудің Ехобадан артық шексіз берілгендік көрсете алуы мүмкін бе? (Жоханның 1-хаты 4:8) Періштелер мен адамдардың Құдайға тән қасиеттерді танытуы мүмкін екені рас, бірақ жалғыз Ехоба ғана шексіз берілгендікті ең жоғары деңгейде көрсете алады. ‘Көне қарт’ Ехоба көк пен жердегі кез келген жаратылысқа қарағанда, сүйіспеншілікке толы мейірімділікті әлдеқайда ұзақ танытқан (Даниял 7:9). Сондықтан ол — шексіз берілгендіктің нақ өзі. Бұл қасиетті ол сияқты ешкім таныта алмайды. Кейбір мысалдарды қарастырып көрейік.

9. Қалайша Ехоба “барлық істерінде шексіз берілгендік” танытады?

9 Ехоба “барлық істерінде шексіз берілгендік” танытады (Забур 145:17, ЖД; [144:17]). Қалайша? Бұл сұрақтың жауабын 135-ші Забур жырынан табуға болады. Онда, Қызыл теңіз арқылы исраилдіктерді керемет түрде азат еткенін қоса алғанда, халқын құтқару үшін жасаған Ехобаның талай істері айтылады. Бір көңіл бұрарлық жайт, аталмыш жырдың әр тармағында “өйткені оның сүйіспеншілікке толы мейірімділігі [немесе шексіз берілгендігі] мәңгілік” деген сөздерге ерекше назар аударылады. Осы жыр 289-беттегі “ Ой жүгіртуге арналған сұрақтарда” бар. Сол тармақтарды оқығанда, Ехобаның өз халқына сүйіспеншілікке толы мейірімділігін түрлі-түрлі жолмен танытқанын көріп, қайран қаласың. Иә, Ехоба адал қызметшілерінің көмек сұрап жалбарынғанын естіп, лайықты уақытта әрекет етуімен шексіз берілгендік танытады (Забур 33:7). Қызметшілері оған деген шексіз берілгендіктерін сақтаған кездердің бәрінде Ехоба айнымас сүйіспеншілік таныта береді.

10. Қалай Ехоба өзінің нормаларына қатысты шексіз берілгендік танытады?

10 Ехоба өзінің нормаларына берік болуымен де қызметшілеріне шексіз берілгендік көрсетеді. Ол сезімнің жетегіндегі кейбір тұрақсыз адамдар іспетті емес, жаман мен жақсыға қатысты көзқарасы өзгермейді. Оның сиқырлық, жалған тәңірлерге табыну және кісі өлтіру сияқты нәрселерге деген көзқарасы мыңдаған жылдар бұрын қандай болса, әлі сондай. Ишая пайғамбар арқылы ол: “Сендер қартайған шақта да Мен өзгермеймін”,— деген (Ишая 46:4). Сондықтан құлықтылыққа қатысты Құдай Сөзінде анық айтылған басшылықты ұстанғанымыз өз пайдамыз үшін екендігіне сенімді бола аламыз (Ишая 48:17—19).

11. Ехоба өз уәдесіне берік екенін көрсететін мысалдар келтір.

11 Ехоба уәделерін орындауымен де шексіз берілгендік танытады. Оның алдын ала айтқанының бәрі орындалады. Сондықтан ол былай дейді: “Менің аузымнан шыққан сөзім... Өзіме нәтижесіз оралмайды. Қайта, Менің сөзім еркімді толық орындап, көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады” (Ишая 55:11). Айтқан сөзін бұлжытпай орындауымен Ехоба өз халқына шексіз берілгендік көрсетеді. Ол бос уәделермен халқын алдамайды. Ехоба өз сөзіне әрқашан берік болғандықтан, қызметшісі Ешуа: “Жаратушы Иенің Исраил әулетіне айтқан ізгі сөздерінің бірде-біреуі орындалмай қалған жоқ; бәрі іске асты”,— дей алған (Ешуа 21:45). Сондықтан Ехобаның уәделері орындалмай қалғандықтан ешқашан көңіліміз қалмайтынына сенімді бола аламыз (Ишая 49:23; Римдіктерге 5:5).

12, 13. Қай мағынада Ехобаның сүйіспеншілікке толы мейірімділігі мәңгілік?

12 Жоғарыда ескерілгендей, Киелі кітапта Ехобаның сүйіспеншілікке толы мейірімділігі мәңгілік екені айтылады (Забур 135:1). Мұны қалай түсінуге болады? Бір жағынан, бұл Ехоба күнәларымызды кешірсе, біржола кешіретінін білдіреді. 26-тарауда талқыланғандай, ол кешірген қателікті қайта-қайта есіне түсіріп, адамның бетіне баса бермейді. ‘Бәріміз де күнә жасап, Құдайдың ұлылығынан құр алақан қалғанбыз’, сондықтан Ехобаның сүйіспеншілікке толы мейірімділігінің мәңгілік екеніне риза болғанымыз жөн (Римдіктерге 3:23).

13 Бірақ Ехобаның сүйіспеншілікке толы мейірімділігі басқа жағынан да мәңгілік. Оның Сөзінде әділдердің ‘мерзімінде жемісін беретін, жапырақтары еш кеуіп сембейтін, Су жағасындағы ағашқа ұқсайтыны: Не істесе де, табыссыз қалмайтыны’ айтылған (Забур 1:3). Көз алдыңа жапырақтары ешқашан қурамайтын, жайқалып тұрған ағашты елестетіп көрші. Сол сияқты біз де Құдай Сөзінен шынымен рақат табатын болсақ, өміріміз ұзақ, тыныш әрі жемісті болады. Ехобаның адал қызметшілеріне беретін баталары мәңгілік. Иә, Ехоба орнататын әділ жаңа дүниеде тіл алғыш адамзат оның сүйіспеншілікке толы мейірімділігін мәңгілік көре бермек (Аян 21:3, 4).

Ехоба “өзіне шын берілгендерді тастамайды”

14. Ехоба қызметшілерінің шексіз берілгендіктеріне деген ризашылығын қалай білдіреді?

14 Ехоба әрқашан шексіз берілгендік таныта береді. Ешқашан өзгермейтін болғандықтан, оның адал қызметшілеріне деген шексіз берілгендігі де тұрақты. Забур жыршысы былай деп жазған: “Мен жас болдым, енді қартайдым. Бірақ әділ кісіні Құдайдың тастағанын не оның ұрпағының нан сұрап жүргенін көрмедім. Ехоба әділдікті сүйеді және өзіне шын берілгендерді тастамайды” (Забур 37:25, 28, ЖД; [36:25, 28]). Жаратушымыз болғандықтан Ехоба ғибадатқа лайық (Аян 4:11). Сөйтсе де өзі шексіз берілген, сондықтан біздің адалдықпен істеген істерімізді бағалайды (Малахи 3:16, 17).

15. Исраил халқын азат еткенінен қалай Ехобаның шексіз берілгендігі көрінетінін түсіндір.

15 Халқы қайғы-қасіретке ұшырағанда, сүйіспеншілікке толы мейірімділігі Ехобаны талмай қолдау көрсетуге талпындырады. Забур жыршысы: “Ол өзіне шын берілгендердің жандарын сақтайды, зұлымдардың қолынан құтқарып алады”,— дейді (Забур 97:10, ЖД; [96:10]). Оның Исраил халқына не істегенін қарастырып көрейікші. Қызыл теңіз арқылы керемет түрде азат етілгеннен кейін, исраилдіктер Ехобаға арнап: “Құтқарған халқыңды рақымыңмен [немесе айнымас сүйіспеншілігіңмен] жетелейсің”,— деп ән айтады (Мысырдан шығу 15:13). Ехобаның Қызыл теңізде азат еткені оның тарапынан көрсетілген айнымас сүйіспеншілік екендігінде дау жоқ. Сондықтан да Мұса исраилдіктерге келесі сөздерді айтты: ‘Жаратушы Ие сендерді барлық халықтардың арасындағы саны көп болғандықтарыңнан өз қол астына алған жоқ, қайта барлық халықтардың арасында сендер аз болғаннан кейін сендерді таңдап алды. Бұлай істеп отырғандығының себебі сол, Жаратушы Ие сендерді шексіз сүйеді және де әкелеріңнің алдында берген антынан таймау үшін Жаратушы Ие Өзінің қуатты қолдары арқылы сені құлдық шаңырағынан, Мысыр патшасының қол астынан босатып алып шығып, осыларды істеді’ (Заңды қайталау 7:7, 8).

16, 17. а) Қалай исраилдіктер ризашылықтан жұрдай екендерін көрсетті, сөйтсе де қалай Ехоба оларға аяушылық танытты? ә) Қалай исраилдіктердің көбісі ‘оларды енді сауықтырудың ешбір шарасы қалмағанын’ көрсетті және қалайша бұл біз үшін ескерту болып табылады?

16 Исраил халық ретінде Ехобаның сүйіспеншілікке толы мейірімділігіне ризашылық білдірмеді, оның ‘алдында күнә жасап, ашуына тиюді жалғастыра берді’ (Забур 77:17). Олар Ехобаны тастап, арамдалудан басқа түк те әкелмейтін жалған тәңірлер мен жексұрын салт-жораларға бет бұрып, ғасырлар бойы қайтпастан бүлік шығарумен болды. Сөйтсе де Ехоба олармен жасасқан келісімін бұзған жоқ. Қайта, Еремия пайғамбар арқылы халқынан: ‘Исраилдің ақ жолдан тайған қызы, орал. Мен сендерге қаһарымды төкпеймін; Мен кешірімдімін [“шексіз берілгенмін”, ЖД]’,— деп өтінді (Еремия 3:12). Алайда, 25-тарауда ескерілгендей, олар өзгеруге еш ықылас білдірмеді. Керісінше, “Құдайдың хабаршыларын мазақ қылып, сөздеріне күліп, пайғамбарларын келемеждей берді”. Мұның нәтижесі қандай болды? “Ақыр соңында Жаратқан Ие өз халқына әбден қаһарланды. Оларды енді сауықтырудың ешбір шарасы қалмады” (Шежірелер 2-жазба 36:15, 16, сілтемені қара).

17 Бұдан қандай сабақ алуға болады? Ехобаның шексіз берілгендігі соқыр сезімге негізделмеген әрі жеңілтек те емес. Рас, Ехобаның сүйіспеншілікке толы мейірімділігі ағыл-тегіл мол, әрі негіз бар болса, ол мейірімділік көрсетуден рақат табады. Ал күнәкар қайтпай зұлымдық жасай берсе ше? Онда Ехоба әділ нормаларына сай әрекет етіп, айыптау үкімін шығарады. Мұса мұндай жағдайда Ехобаның адамды ‘жазалаусыз қалдырмайтынын’ айтқан (Мысырдан шығу 34:6, 7).

18, 19. а) Неге Құдайдың зұлымдарды жазалауы да шексіз берілгендіктен келіп шығатын әрекет? ә) Өле-өлгенше қуғын көрген қызметшілеріне деген шексіз берілгендігін Ехоба қалай көрсетеді?

18 Құдайдың зұлымдарды жазалауы да — шексіз берілгендіктен келіп шығатын әрекет. Қалайша? Аян кітабында Ехобаның жеті періштеге не бұйырғанына көңіл аударып көрейік: “Барыңдар да, Құдайдың қаһарына толы жеті тостағанды жер бетіне төгіп жіберіңдер!” Үшінші періште тостағандағысын “өзендер мен су көздеріне төгіп жібергенде олар қанға айналды”. Сосын, періште Ехобаға былай дейді: “Әрдайым бар және мәңгі болып келген Қасиетті [“Шексіз берілген”, ЖД] Жаратқан Ие, Сен әділеттісің, Шығарған осы үкімдерің де әділ! Сол адамдар Сенің халқыңның, пайғамбарларыңның Қанын төккендіктен, оларға қан ішкіздің: Соларға осы лайық” (Аян 16:1—6).

19 Көңіл бөлші, үкімді жария етіп жатып, періште Ехобаны “Шексіз берілген” деп атайды. Не себепті? Өйткені зұлымдарды жоюымен Ехоба көпшілігі өле-өлгенше қуғын көрген өз қызметшілеріне шексіз берілгендік танытады. Ехоба оларға шексіз берілген, олардың бәрі де оның санасында тірі. Ол өмірден өткен сол адал адамдарды көруді аңсайды, Киелі кітапта қайта тірілу арқылы Құдайдың оларға қарымтасын қайтармақ ниеті бар екені айтылады (Әйүп 14:14, 15). Ехоба “көзі жоқтың, өзі жоқ” деп шексіз берілген қызметшілерін ұмытып кете салмайды. Қайта, “Оның алдында [олардың] бәрі де тірі” (Лұқа 20:37, 38). Ехобаның өз жадындағылардың бәріне қайта өмір беру ниеті — шексіз берілгендігінің зор дәлелі.

Ехоба өле-өлгенше адалдықтарын сақтап қалғандарды есіне түсіріп, қайта тірілтуімен шексіз берілгендік танытады

Бернард Лёймис (жоғарыда) пен Вольфганг Куссеровті (ортада) нацистер өлім жазасына кескен

Мозес Ниамусуді бір саяси топтың мүшелері найзамен түйрелеп өлтірген

Ехобаның айнымас сүйіспеншілігі құтқарылуға жол ашады

20. Рақым төгілетін ыдыстар кімдерді білдіреді және Ехоба оларға деген шексіз берілгендігін қалай көрсетеді?

20 Тарих бойы Ехоба адал адамдарға керемет шексіз берілгендік танытып келеді. Мыңдаған жылдар бойы Ехоба “құртылуға лайықты болса да, солардың [қаһар төгетін ыдыстардың] жаман іс-әрекеттеріне үлкен сабырлықпен шыдап келген”. Не үшін? ‘Басқалары [рақым төгілетін ыдыстар] арқылы Құдай Өзінің шексіз ұлылығын көрсетпек болып, бұларды салтанатты ұлылықты иемденуге алдын ала дайындаған еді’ (Римдіктерге 9:22, 23). Ехоба рақымын төгетін осы ыдыстар — Мәсіхпен бірге Патшалықты мұра ету үшін киелі рухпен майланған түзу ниетті адамдар (Матай 19:28). Осы кісілердің құтқарылуына жол ашу арқылы Ехоба Ыбырайымға деген шексіз берілгендігін сақтады, өйткені онымен келісім жасасып, мынаны уәде еткен еді: “Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады. Себебі сен Менің тілімді алып жүрдің” (Жаратылыс 22:18).

Ехоба шексіз берілген, сондықтан адал қызметшілерінің болашаққа деген берік үміттері бар

21. а) Ауыр азаптан аман өтуге үміттенетін “өте үлкен тобырға” Ехоба шексіз берілгендігін қалай көрсетеді? ә) Ехобаның шексіз берілгендігі сені не нәрсеге талпындырады?

21 Ехоба ауыр азаптан аман өтіп, жердегі жұмақта мәңгі өмір сүруге үміттенетін “өте үлкен тобырға” да шексіз берілгендік көрсетеді (Аян 7:9, 10, 14). Қызметшілерінің кемелсіз екеніне қарамастан, Ехоба оларға жердегі жұмақта мәңгі өмір сүруге мүмкіндік ашып отыр. Қалайша? Ол мұны шексіз берілгендігінің ең зор көрінісі — төлем арқылы жүзеге асырды (Жохан 3:16; Римдіктерге 5:8). Жүректері әділдікті аңсап, сусаған адамдарды Ехобаның шексіз берілгендігі баурап алады (Еремия 31:3). Ехобаның көрсетіп жатқан және көрсете беретін шексіз берілгендігі туралы көбірек білгенің сені оған жақындата түсті ме? Бәріміз де Құдайға жақын болуды қалаймыз, сондықтан оның сүйіспеншілігіне шексіз берілгендікпен қызмет етуге деген шешімімізді нығайта беру арқылы жауап берейік.

a Бір көңіл қоярлық жайт, Патшалықтар 2-жазба 22:26-дағы “шексіз берілгендік” сөзі “Жаңа Дүние аудармасындағы” басқа тармақтарда “айнымас сүйіспеншілік” деп аударылған.