Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

29-ТАРАУ

‘Мәсіхтің сүйіспеншілігін танып білу’

‘Мәсіхтің сүйіспеншілігін танып білу’

1—3. а) Исаны Әкесіне ұқсауға талпындырған не? ә) Исаның сүйіспеншілігінің қандай қырларын қарастырамыз?

 ӘКЕСІНЕ ұқсауға тырысатын баланы көргенсің бе? Балақай әкесінің жүрісіне, сөйлеу мәнеріне немесе қылықтарына еліктейтін шығар. Уақыт өте келе, өнегелік және рухани құндылықтарын да бойына сіңіруі мүмкін. Иә, әкесіне қайран қалатын әрі сүйетін бала оған ұқсауға тырысып бағады.

2 Иса мен оның көктегі Әкесінің қарым-қатынасы туралы не деуге болады? Бірде Иса ‘Әкесін сүйетінін’ айтқан (Жохан 14:31). Көктегі Әкені жаратылыс атаулы пайда болудан ұзақ уақыт бұрын өзімен бірге болған Ұлынан артық ешкім сүйе алмаса керек. Адал Ұлының осындай сүйіспеншілігі Әкесіне ұқсауға талпындырған (Жохан 14:9).

3 Осы кітаптың алдыңғы тарауларында Ехобаның күші, әділдігі мен даналығын Исаның кемелді түрде көрсеткенін қарастырдық. Алайда ол Әкесінің сүйіспеншілігін қалай көрсетті екен? Исаның сүйіспеншілігінің үш қырын қарастырып көрейік: жанқиярлық рухы, мейірімді рақымы, немесе жанашырлығы, кешіруге деген даярлығы.

‘Ең зор сүйіспеншілік’

4. Қалай Иса жанқиярлықпен сүйіспеншілік танытудың ең керемет үлгісін қалдырды?

4 Иса жанқиярлықпен сүйіспеншілік танытудың ең керемет үлгісін қалдырған. Жанқиярлық көрсетуге өзгенің мүддесін өзіңдікінен жоғары қою кіреді. Иса осындай сүйіспеншілікті қалай көрсетті? Мұны өзі түсіндірді: “Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі — олар үшін өмірін құрбан етуі” (Жохан 15:13). Иса өзінің кемелді өмірін даярлықпен біз үшін құрбан етті. Бұл — бұрын-соңды адам тарапынан көрсетілмеген ең зор сүйіспеншілік. Бірақ Иса басқа жағынан да жанқияр сүйіспеншілік танытқан.

5. Неге Құдайдың жалғыз Ұлының көктен жерге келуі жанқиярлықпен көрсеткен сүйіспеншілік болды?

5 Құдайдың жалғыз Ұлы адам болғанға дейін көкте мәртебелі әрі жоғары дәрежелі болған. Ол Ехобамен және мың сан рухани жаратылыстармен тығыз қарым-қатынаста еді. Осындай артықшылықтарына қарамастан, “құдіреті мен салтанатты ұлылығынан Өз еркімен бас тартып, құлдың кейпін қабылдап, Адам секілді дүниеге келіп, Кәдімгі адамға ұқсап көрінді” (Філіпіліктерге 2:7). Иса даярлық рухын танытып, ‘шайтан билігін жүргізіп отырған’ дүниедегі күнәкар адамдар арасында өмір сүруге келді (Жоханның 1-хаты 5:19). Бұл Құдай Ұлының жанқиярлықпен көрсеткен сүйіспеншілігі емес пе?

6, 7. а) Жерде қызмет еткен кезде, Иса қалай жанқияр сүйіспеншілік көрсеткен? ә) Жохан 19:25—27 тармақтарда жанқияр сүйіспеншілігінің қандай аса тартымды көрінісі туралы жазылған?

6 Жерде қызмет еткен кезінің бәрінде Иса көптеген жолдармен жанқияр сүйіспеншілік көрсеткен. Ол толықтай риясыз болды, әрі қызметін беріле атқарғаны сонша — адамға тән кәдімгі қажеттіліктерден бас тартқан. “Түлкінің іні бар, құстың ұясы бар, ал көктен келген Билеушінің бас тірейтін тұрағы да жоқ”,— деді ол (Матай 8:20). Шебер ағаш ұстасы болған Иса өзіне ыңғайлы үй салып алуға немесе әдемі жиһаз жасап, оны сатып біраз қаражат жинауға уақыт бөлуіне болар еді. Бірақ ол өзінің шеберлігін мал-мүлік жинау үшін қолданбады.

7 Исаның жанқияр сүйіспеншілігінің аса тартымды көрінісінің бірі Жохан 19:25—27 тармақтарда жазылған. Өлер күні түс кезінде Исаның санасы мен жүрегінде нешеме ойлар мен сезімдер болғанын ойлап көрші: бөренеде азап шегіп тұрған ол шәкірттері мен уағыздау ісі туралы уайымдады, әсіресе мінсіздігін сақтағаны Әкесінің есіміне қалай әсер ететінін ойлады. Өйткені адамзаттың бүкіл болашағы Исаға байланысты болып тұрды ғой! Соған қарамастан дәл өлер алдында анасы Мәриямның да (Мәриям ол уақытта жесір болғанға ұқсайды) қамын ойлаған. Иса елші Жоханнан Мәриямға өз анасындай қамқорлық етуді өтінеді. Елші сол кезден бастап, Мәриямды өз үйіне алады. Осылайша Иса анасына тәндік және рухани жағынан қамқорлық көрсетілуіне қам жасады. Жанқияр сүйіспеншіліктің неткен тартымды көрінісі!

‘Исаның жаны ашыды’

8. Киелі кітапта Исаның мейірбандығын суреттеу үшін қолданылған грек сөзінің мағынасы қандай?

8 Әкесі іспетті Иса да рақымды әрі мейірбан болған. Жазбаларда Иса қасірет шегіп жүргендерге қол ұшын беруге даяр аса жанашыр адам ретінде суреттеледі. Исаның мейірбандылығын суреттеу үшін Киелі кітапта “жаны ашу” деген грек сөзі қолданылған. Бір ғалым осы сөзге қатысты былай деген: “Бұл...адамның жан дүниесін толқытатын сезімді суреттейді. Бұл — мейірбандықты білдіретін грек тіліндегі ең пәрменді сөз”. Исаның зор мейірбандығы әрекетке талпындырған жағдайлардың кейбірін қарастырып көрейік.

9, 10. а) Неге Иса мен елшілер оңаша жер іздеді? ә) Халық тыныштығын бұзғанда, Иса бұған қалай қарады және неге?

9 Рухани қажеттіліктерді қанағаттандыруға деген талпыныс. Марқа 6:30—34 тармақтардан Исаны жанашырлық танытуға талпындырған басты нәрсе не екені көрінеді. Сол оқиғаны көз алдыңа елестетіп көрші: енді ғана ауқымды уағыздау ісін бітіріп келген елшілердің көңілдері алып ұшып тұр. Олар көрген-білгендерінің бәрін Исаға айтып жеткізуге асық. Бірақ қалың халық жиналғандықтан, Иса мен елшілерінің тіпті тамақтануға да мұршалары болмайды. Елшілерінің шаршағанын байқаған Иса оларға: “Тек өздерің ғана Маған еріп оңаша бір жерге барып, біраз тынығып демалыңдар!”— дейді. Сонымен олар қайыққа мініп, Ғалилея көлінің теріскей бетімен жүзіп өтіп, оңаша бір жерге жөнеледі. Бірақ олардың кетіп бара жатқанын халық көреді. Ал өзге біреулері мұны естиді. Олар теріскей жағалаумен жүгіріп отырып, көлдің арғы бетіне қайықтан бұрын жетеді!

10 Иса тыныштығының бұзылғанына ренжіді ме? Әрине, жоқ! Өзін күтіп тұрған мыңдаған адамды көргенде, жүрегі елжіреді. Марқа былай деп жазды: “Иса... жиналған үлкен тобырды көріп, жаны ашыды. Себебі олар бағушысы жоқ қойлар сияқты еді. Сондықтан Иса жиналғандарға көп тәлім берді”. Иса халықты рухани қажеттіліктері бар жеке адамдар ретінде қарастырған. Олар қорғап, бағыт-бағдар беретін бақташысы жоқ, адасып қалған дәрменсіз қойлар іспетті еді. Иса қамқор бағушы болуға тиіс тас жүрек дінбасыларының қарапайым халықты елеусіз қалдырғанын білетін (Жохан 7:47—49). Халықты аяп кеткен Иса оларға “Құдай Патшалығы туралы” тәлім бере бастайды (Лұқа 9:11). Байқашы, тәлімін халықтың қалай қабылдайтынын білмей жатып, Исаның оларға жаны ашыған. Басқа сөздермен айтқанда, оның бойында мейірбандық сезімі тәлім бергенінің нәтижесінде туған жоқ, қайта, тәлім беруге талпындырған.

“Иса қолын созып, денесіне тигізді”

11, 12. а) Исаның заманында алапеспен ауыратындарға жұрт қалай қарайтын, бірақ Исаға “үсті-басын алапес қаптаған” бір адам жақындап келгенде, ол не істеді? ә) Исаның қолын тигізгені алапес кісіге қалай әсер еткен болуы мүмкін және бір дәрігермен болған жайттан бұл қалай көрінеді?

11 Қасіретті жеңілдетуге деген талпыныс. Әр түрлі науқасы бар адамдар Исаның мейірбандығын білетін, сондықтан оған жақындағысы келетін. Бұл әсіресе Иса мен оған еріп жүрген халыққа “үсті-басын алапес қаптаған” бір адам жақындап келгенде болған жайттан жақсы көрінеді (Лұқа 5:12). Ол уақытта алапес адам ауруын жұқтырмау үшін өзгелерге жоламайтын (Руларды санау 5:1—4). Алайда уақыт өте келе, раввиндік ұстаздар қатаң нұсқаулар ойлап тауып, өзгелердің алапестерге қатыгездікпен қарауларына түрткі болған a. Бірақ Исаның әлгі кісіге не істегеніне көңіл бөлші: “Бірде алапеспен ауырған бір кісі Исаның қасына келді де, тізе бүгіп тағзым етіп: — Егер қаласаңыз, мені құлантаза сауықтыра аласыз,— деп өтінді. Оған жаны ашыған Иса қолын созып, денесіне тигізді де: — Қалаймын, құлантаза сауығып кет!— деді. Сол сәтте-ақ ауру адам алапесінен арылып, тазарды” (Марқа 1:40—42). Иса алапеспен ауыратын кісінің адамдар арасына келуі Мұса заңына қайшы екенін білген. Сөйтсе де оны қуып жіберудің орнына, қатты жаны ашып кеткені сонша — адам сенбейтін әрекет істейді. Ол қолын созып, оның денесіне тигізді!

12 Исаның денесіне қолын тигізгені сол кісі үшін нені білдіргенін білесің бе? Мысал ретінде өмірде болған бір жағдайды қарастырып көрейік. Алапес ауруын емдейтін маман Пол Бранд Үндістанда болған бір оқиғаны әңгімелеп берді. Науқасты тексеру барысында дәрігер алапеспен ауыратын кісінің иығына қолын қойып тұрып, қандай ем қабылдайтынын аудармашы арқылы түсіндіреді. Кенет, науқас кісі жылап жібереді. Дәрігер: “Оғаш нәрсе айтып қойдым ба?”— деп сұрайды. Аудармашы сұрақты науқас жігітке аударады да, дәрігерге былай дейді: “Жоқ. Ол иығынан ұстағаныңызға жылап тұрғанын айтты. Осы уақытқа дейін, қаншама жыл бойы оған ешкім қолын тигізбеген екен”. Иса денесіне қолын тигізген кісі үшін мұның бұдан да зор мәні болды. Өйткені осыдан кейін ол өзін сонша жек көрінішті еткен ауруынан арылды ғой!

13, 14. а) Наин қаласына жеткенде, Иса кімдерді кезіктірді және сол жағдайды аса ауыр еткен не? ә) Исаның мейірбандығы Наинда тұратын жесір әйел үшін не істеуге талпындырды?

13 Қайғыдан арылтуға деген талпыныс. Өзгенің қайғысы Исаның жанына бататын. Мысалы, Лұқа 7:11—15 тармақтарда жазылған оқиғаны қарастырып көрейікші. Бұл оқиға Исаның қызметінің орта шенінде болған. Бірде ол Ғалилея өлкесіндегі Наин қаласының сыртына келіп, қала қақпасына жақындағанда, жұрт біреудің сүйегін жерлеуге алып шығып келе жатады. Бұл аса ауыр жағдай еді. Бір жесір әйелдің жалғыз баласы қайтыс болған екен. Жесір әйел күйеуін жерлегенде де, осындай рәсімге қатысқан болу керек. Ал енді ұлын жерлегелі келеді, ол оның медеу тұтқан жалғыз арқа сүйері болған шығар. Ол жерде күңіреніп жатқан жоқтаушылар мен азалы әуендер тартып келе жатқан өзге адамдар да бар болу керек (Еремия 9:17, 18; Матай 9:23). Алайда Исаның назары баласының табытының қасында келе жатқан қайғыға батқан анаға ауады.

14 Ұлынан айырылған анаға Исаның ‘жаны ашиды’. Жұмсақ дауыспен Иса оны: “Жыламаңыз!”— деп жұбатады. Сосын, жақындап келіп, табытты ұстайды. Оны көтергендер тоқтайды, олармен бірге рәсімнің атқарылуы да тоқтаса керек. Иса өлі денеге сенімді дауыспен: “Балам, саған айтамын, түрегел!”— дейді. Содан кейін не болды? Терең ұйқыдан оянған адамша “өлген жігіт түрегеліп отырып, сөйлей бастады”! Бұдан кейін жанға аса жылы тиетін сөздер жазылған: “Иса оны шешесіне табыс етті”.

15. а) Исаның жанашырлығы туралы үзінділерден мейірбандық пен әрекеттің арасындағы байланыс қалай көрінеді? ә) Қалай біз Исаға еліктей аламыз?

15 Осы үзінділерден не нәрсеге үйренуге болады? Байқасаң, әр оқиғадан мейірбандық пен әрекеттің өзара байланысы көрінеді. Иса өзгенің қасіретін көргенде жаны ауыратын, әрі мұндай мейірбандығы әрекетке талпындыратын. Қалай біз оның үлгісіне еліктей аламыз? Мәсіхші болғандықтан біз ізгі хабарды уағыздауға және шәкірт дайындауға міндеттіміз. Әрине, біз мұны ең алдымен Құдайды сүйгендіктен істейміз. Алайда бұл істің мейірбан болуды талап ететінін де ұмытпалық. Егер Иса сияқты біздің де адамдарға жанымыз ашитын болса, оларға ізгі хабарды жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін істейтін боламыз (Матай 22:37—39). Ал қайғырып не жапа шегіп жүрген бауырластар жөнінде не деуге болады? Біз керемет түрде сауықтырып немесе өлілерді тірілте алмаймыз. Десе де оларға көңіл бөлу немесе нақты көмек ұсыну арқылы мейірбандық танытуға болады (Ефестіктерге 4:32).

“Әке, оларды кешіре гөр!”

16. Қалайша Иса тіпті азап шегу бағанасында шегелеулі тұрған кезінде де, кешіруге дайын екенін көрсетті?

16 Иса көктегі Әкесінің сүйіспеншілігіне тағы бір жағынан еліктеген: ол ‘кешіруге дайын’ болған (Забур 86:5, ЖД; [85:5]). Тіпті азап шегу бағанасында шегелеулі тұрғанда да, осындай даярлығын көрсеткен. Масқара өлімге кесіліп, аяқ қолы шегелеулі тұрған Иса не айтты? Ехобадан жендеттерін жазалауды өтінді ме? Жоқ, керісінше, оның соңғы сөздерінің бірі мынадай еді: “Әке, оларды кешіре гөр! Олар не істеп жатқандарын түсінбейді” (Лұқа 23:34) b.

17—19. Иса өзінен үш рет танған елші Петірді кешіргенін қалай көрсетті?

17 Сірә, елші Петірмен болған жағдайдан Исаның кешірімділігінің одан да тартымды жағы көрінер. Петірдің Исаны қатты жақсы көргендігінде дау жоқ. Исаның өмірінің соңғы түні 14 нисанда Петір оған: “Мырза, Сізбен бірге түрмеге де, өлімге де баруға дайынмын!”— дейді. Сөйтсе де бірнеше сағаттан кейін-ақ ол үш рет Исаны тіпті танымайтынын айтады! Киелі кітапта Петір үшінші рет Исадан танғанда не болғаны айтылған: “Иеміз бұрылып, Петірге қарады”. Ауыр күнәсіне өкініп, өзегі өртенген Петір “сыртқа шығып, қатты жылады”. Сол күні Иса өлгенде, Петірдің көңілінде: “Ием мені кешірді ме екен?”— деген сұрақ қалса керек (Лұқа 22:33, 61, 62).

18 Ол бұл сұрақтың жауабын ұзақ күтпеді. Иса 16 нисан күні таңертең қайта тірілтілді де, тап сол күні болу керек, ол Петірдің жеке өзіне көрінеді (Лұқа 24:34; Қорынттықтарға 1-хат 15:4—8). Неге Иса өзінен соншама танған елшісіне осылайша жеке көңіл бөлді? Ол өзінің күнәсіне өкінген Петірді әлі де жақсы көретінін әрі бағалайтынына сендіргісі келген болу керек. Бірақ Иса бұдан да көп нәрсе істеді.

19 Біраз уақыт өткен соң, ол Ғалилея көлінің жағасында шәкірттеріне көрінеді. Сол жерде Иса (Иесінен үш рет танған) Петірден өзін сүйе ме, жоқ па, соны үш рет сұрайды. Үшінші рет сұрағанда, Петір: “Ием, Сіз бәрін де білесіз, Сізді жақсы көретінімді де білесіз”,— деп жауап береді. Әрине, адамның жүрегінде не барын біле алатын Иса Петірдің өзін сүйетінін де, өзіне деген аяулы сезімін де жақсы білетін. Сөйтсе де оның өз сүйіспеншілігін растауына мүмкіндік береді. Бұған қоса, Иса оған ‘тоқты-қозыларын бағып’, “қарап” жүруді тапсырады (Жохан 21:15—17). Бұдан бұрын Петірге уағыздау ісі тапсырылған еді (Лұқа 5:10). Енді сенім артатынының зор дәлелі ретінде оған үлкен жауапкершілік — Мәсіхтің болашақ ізбасарларының қамын ойлау ісін — жүктеп отыр. Ал сәл кейінірек Иса Петірге шәкірттердің ісіне қатысты маңызды тапсырма берді (Елшілердің істері 2:1—41). Исаның кешіріп және әлі де өзіне сенім артатынын білгені Петірге қандай жеңілдік болған болу керек десеңші!

‘Мәсіхтің сүйіспеншілігін танып білдің’ бе?

20, 21. Қалайша біз ‘Мәсіхтің сүйіспеншілігін танып біле’ аламыз?

20 Расында да, Ехобаның Сөзінде Мәсіхтің сүйіспеншілігі көркем суреттелген. Алайда Исаның сүйіспеншілігін біз қалай қабылдауымыз керек? Киелі кітап бізді ‘білім атаулыдан асып түсетін Мәсіхтің сүйіспеншілігін танып білуге’ шақырады (Ефестіктерге 3:19, ЖД). Өзіміз көргендей, Ізгі хабарларда жазылған Исаның өмірі мен қызметінен Мәсіхтің сүйіспеншілігі жайында көп нәрсе білуге болады. Алайда ‘Мәсіхтің сүйіспеншілігін танып білуге’ бұл жайлы Киелі кітапта не айтылғанынан хабардар болудан әлдеқайда көп нәрсе кіреді.

21 “Танып білу” деп аударылған грек сөзі “іс жүзінде, өз өміріңде” деген ойға нұсқайды. Егер біз Иса сияқты өзгенің мүддесін өзіміздікінен жоғары қойып, мейірбандықпен олардың қажеттіліктерін қанағаттандырып және шын жүректен кешіру арқылы сүйіспеншілік танытар болсақ, оның не сезінгенін шынымен түсіне аламыз. Осылайша өз өмірімізде қолдану арқылы ‘білім атаулыдан асып түсетін Мәсіхтің сүйіспеншілігін танып білеміз’. Сондай-ақ Мәсіхке ұқсай түскен сайын, ол кемелді түрде еліктеген сүюші Құдай Ехобаға жақындай түсетінімізді ешқашан ұмытпалық.

a Раввиндік ұстаздардың ережелері бойынша, алапес кісіге төрт шынтақтан (шамамен 1,8 метр) артық жақындауға болмайтын. Ал жел соғып тұрса, алапес кісі 100 шынтақ (шамамен 45 метр) қашықтықты сақтауға тиіс болған. “Мидраш Раббада” екі раввин жөнінде айтылған, олардың бірі алапестерден жасырынып жүрсе, екіншісі тас лақтырып қуып жіберетіні әңгімеленеді. Алапеспен ауыратындар елден аластатылудың қалай жанға бататынын, сондай-ақ жек көрінішті болу мен ешкімге керексіз сезінудің не екенін білген.

b Кейбір көне қолжазбаларда Лұқа 23:34-тармақтың бірінші жартысы алынып тасталған. Алайда көптеген өзге беделді қолжазбаларда аталмыш сөздер бар болғандықтан, олар “Жаңа дүние аудармасы” мен басқа да аудармаларға ендірілді. Бұл сөздерді Иса өзін өлімге кескен Рим сарбаздарына қатысты айтқан болу керек. Исаның шынымен кім екенін білмеген олар не істеп жатқандарын түсінбеген. Иса сондай-ақ өзін өлтіруді талап еткен, бірақ кейіннен оған сенген яһудилерді де айтқан болуы мүмкін (Елшілердің істері 2:36—38). Ал Исаның осылай өлтірілуіне түрткі болған дінбасыларының кінәсі әлдеқайда ауыр еді, өйткені олар мұны залымдықпен әдейі істеген. Олардың көбісі кешірімге лайықсыз еді (Жохан 11:45—53).