Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Өлген адамдар қайда болады?

Өлген адамдар қайда болады?
  • Адам өлген соң, онымен не болады?

  • Біз неге өлеміз?

  • Өлілер туралы шындықты білгеніміз біз үшін жұбаныш бола ма?

1—3. Өлілерге қатысты адамдарда қандай сұрақтар туындайды және әртүрлі діндер бұған қалай жауап береді?

БҰЛ — адамдарды ғасырлар бойы толғантып келе жатқан әрі өте маңызды сұрақтар. Кім екендігімізге және жер шарының қай бұрышында тұратынымызға қарамастан, осы сұрақтардың жауабы бәрімізді қызықтырары сөзсіз.

2 Алдыңғы тарауда Иса Мәсіхтің төлем құрбандығының мәңгілік өмірге жол ашқанын қарастырдық. Сондай-ақ Киелі кітапта “өлім болмайтын” уақыттың келетіні жөнінде алдын ала айтылғанын білдік (Аян 21:4). Бірақ бүгінде өлімнен қашып құтылып жатқан адам жоқ. Дана патша Сүлеймен: “Тірілер өлетінін біледі”,— деген (Уағыздаушы 9:5). Кез келген адам мүмкіндігінше ұзақ жасауға тырысады. Сөйте тұра бізді өлген соң адаммен не болатыны қызықтырады.

3 Жақын адамдарымыз қайтыс болса, қайғыға батамыз. Бәлкім, бізді: “Олар енді қандай күйде? Азап шегіп жатыр ма? Олар бізді бақылап жүр ме? Біз оларға көмектесе аламыз ба? Оларды қайта көретін күн бола ма?”— деген сұрақтар мазалайтын болар. Бұл сұрақтарға дүниедегі әртүрлі діндердің әрқайсысы өзінше жауап береді. Олардың кейбірі адал өмір сүрсең, көкке барасың, ал азғын өмір кешсең, от жанып жатқан жерде азап шегесің деп үйретеді. Өзге бір діндер өлілер рухани әлемдегі ата-бабаларына барады деп түсіндіреді. Адам өлген соң жер астына түседі де, сол жерде сотталады, сосын, оған басқа тән беріліп, қайта дүниеге келеді дейтіндер де бар.

4. Өлімге қатысты көп діндерде қандай ортақ нәрсе бар?

4 Мұндай діндердің бәріне ортақ бір нәрсе бар: тәні өлгенде, адамның қандай да бір бөлігі аман қалады. Кез келген діннің ілімі бойынша, адам көру, есту және ойлау қабілетін сақтап, әйтеуір мәңгі өмір сүре береді. Алайда осылай болуы мүмкін бе? Біздің ойымыз бен сезімдеріміздің барлығы миымызбен тығыз байланыста. Ал адам өлгенде ми өз жұмысын тоқтатады. Сезімдеріміз және түйсіну мен есте сақтау қабілетіміз өздігінен дербес әрекет етуін жалғастыра бермейді. Мұнда ешқандай сиқырлық жоқ, ми жұмысын тоқтатқанда, олар да ғайып болады.

ӨЛГЕН СОҢ, АДАММЕН ШЫН МӘНІНДЕ НЕ БОЛАДЫ?

5, 6. Өлілердің күйіне қатысты Киелі кітап не нәрсеге үйретеді?

5 Өлген соң, адаммен не болатыны миды жаратқан Ехоба үшін құпия емес. Ол шындықты біледі, әрі оның Сөзі Киелі кітапта өлілердің қандай күйде болатыны анық түсіндірілген. Киелі кітап мынаған үйретеді: адам өлгенде, ол тіршіліктен ғайып болады. Өлім — тіршілікке қарама-қарсы нәрсе. Өлген адам көре де, ести де, ойлана да алмайды. Тән өлгенде, ешқандай да көзге көрінбейтін нәрсе аман қалып, тіршілік етуін жалғастырмайды. Бізде өлмейтін жан, немесе рух, жоқ *.

Жалын қайда кетті?

6 Сүлеймен тірілер өмірден өтетіндерін білетінін айтқаннан кейін: “Өлгендер ештеңе білмейді”,— деп жазған. Сосын, ол осы қарапайым шындықтың мәнін аша түсіп, өлілердің сүйе де, жек көре де алмайтынын және “көрде еңбектену де, жоспарлау да, білім де, даналық та жоқ” екенін айтқан (Уағыздаушы 9:5, 6, 10 оқы). Сол сияқты Зәбүр 146:4-те де адам өлгенде, бар ой-ниеті құрып жоғалатыны айтылған. Біз ажалды пенделерміз, әрі тәніміз өлгеннен кейін өмір сүре алмаймыз. Біздің өмірімізді шамның жалынына теңеуге болады. Шамды сөндіргенде, оның жалыны басқа бір жерге барып жанып тұрмайды. Ол жай ғана ғайып болады.

ӨЛІЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ИСАНЫҢ АЙТҚАНЫ

7. Иса өлілердің күйін неге теңеген?

7 Иса өлілердің қандай күйде болатыны туралы айтқан. Иса мұны өзі жақсы таныған Елазар өлгенде айтты. Ол шәкірттеріне: “Досымыз Елазар ұйықтап жатыр”,— деді. Олар Елазар тынығып жатқан шығар, енді ауруынан айығып кетер деп ойлайды. Бірақ Исаның айтқысы келгені бұл емес еді. Сондықтан ол: “Елазар қайтыс болды”,— деді (Жохан 11:11—14 оқы). Байқашы, Иса өлімді тынығып, ұйықтауға теңеген. Елазар көкке де көтерілген жоқ, тозақ отында да жанған жоқ. Ол періштелерді көріп немесе ата-бабаларын кездестірген жоқ. Елазар басқа адам болып қайта туылған да жоқ. Ол түс көрместен қатты ұйықтап жатқандай, өлім ұйқысына кеткен еді. Басқа Жазба орындарында да өлім ұйқыға теңеледі. Мысалы, Иса Жайырдың қызын тірілткенде де: “Ол өлген жоқ, ұйықтап жатыр”,— деген (Лұқа 8:52, 53).

Ехоба адамдарды жерде мәңгі өмір сүру үшін жаратқан

8. Біз адамдардың өлуі Құдайдың ниетіне кірмегенін қайдан білеміз?

8 Құдай о баста адамдардың өлгенін қалаған ба? Жоқ, бұл оның ниетіне мүлдем кірмеген! Ехоба адамдарды жер бетінде мәңгі өмір сүрсін деп жаратқан. Алдыңғы тараудан көргеніміздей, Құдай алғашқы адам жұбын ғажайып баққа орналастырып, оларға зор денсаулық берген. Ехоба оларға тек жақсылық тілеген. Сүюші ата-ана өз балаларының кәріліктен азап шегіп, өлгенін қалай ма? Әрине, қаламайды! Ехоба балаларын жақсы көрген, әрі олардың жер бетінде бақытты ғұмыр кешкенін қалаған. Адамдарға қатысты Киелі кітапта: “[Ехоба] олардың жүректеріне мәңгілікті салған”,— делінген (Уағыздаушы 3:11). Құдай бізді жаратқанда, бойымызға мәңгі өмір сүруге деген құштарлық дарытқан. Сондай-ақ оны қанағаттандыру үшін шаралар жасады.

АДАМДАР НЕГЕ ӨЛЕДІ?

9. Ехоба Адамға қандай шектеу қойды және неге оның бұйрығына мойынсұну қиын емес еді?

9 Олай болса, адамдар неге өледі? Бұл сұрақтың жауабын табуға жер бетінде тек бір еркек пен әйел өмір сүргенде не болғанын қарастырғанымыз көмектеседі. Киелі кітап былай түсіндіреді: “Ехоба Құдай жерден көзге тартымды, жемісі жеуге жақсы түрлі ағаштар өсіріп шығарды” (Мұсаның 1-жазбасы 2:9). Алайда бір шектеу қойылды. Ехоба Адамға былай деді: “Бақтағы жеміс ағаштарының бәрінен тойғанша жеуіңе болады. Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеме! Өйткені одан жеген күні өлесің” (Мұсаның 1-жазбасы 2:16, 17). Бұл орындауға қиын бұйрық емес еді. Бақта Адам мен Хауа жемісін жеуіне болатын ағаштар көп болған. Енді олар үшін кемелді өмірді қоса алғанда, барлық нәрсені берген Құдайға ризашылықтарын білдірудің керемет мүмкіндігі туған еді. Мойынсұнушылық танытуымен олар көктегі Әкелерінің билігін құрметтейтіндерін және сүйіспеншілікпен нұсқау беріп отырғанын қалайтындарын да көрсетер еді.

10, 11. а) Қалай алғашқы адам жұбы Құдайға мойынсұнбады? ә) Неге Адам мен Хауаның тілазарлығы ақтауға болмайтын қылық болды?

10 Өкінішке орай, алғашқы адам жұбы Ехобаға мойынсұнбауды шешті. Шайтан Хауаға жылан арқылы сөйлеп: “Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма?”— деп сұрады. Хауа: “Бақтағы ағаштардың жемісін жей аламыз. Бірақ бақтың ортасындағы ағаштың жемісі жайлы Құдай: —Одан жемеңдер, тіпті оған тимеңдер, әйтпесе өлесіңдер,— деген”,— деп жауап берді (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—3).

11 “Жоқ, өлмейсіңдер. Оны жеген күні көздерің ашылып, ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп, Құдай сияқты болатындарыңды ол біледі” (Мұсаның 1-жазбасы 3:4, 5). Шайтан Хауаны тыйым салынған жемісті жегені пайдалы болады дегенге сендіргісі келді. Оның айтуынша, бұл Хауаға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін шешіп, өз еркінше әрекет етуге құқық бермек еді. Сондай-ақ Шайтан сол ағаштың жемісін жеудің нәтижесі қандай болатынына қатысты Ехоба өтірік айтты деген жала жапты. Хауа Шайтанға сенді. Сөйтіп, жемісті алып жеді. Сосын, күйеуіне де берді, ол да жеді. Олар білместікпен әрекет еткен жоқ. Қайта, тура Құдай істеме деген нәрсені істеп жатқандарын жақсы білді. Сол жемісті жеулерімен олар орындау оңай әрі ақылға қонымды бұйрыққа саналы түрде мойынсұнбады. Адам мен Хауа көктегі Әкелерін және оның билігін сыйламады. Бұл сүюші Жаратушыға қарсы істелген ақтауға болмайтын қылық еді!

12. Адам мен Хауа қарсы шыққанда, Ехобаның қандай сезімде болғанын түсінуімізге не көмектеседі?

12 Сен ұл не қыз өсіріп, бағып-қақтың делік, бірақ кейін ол сені сыйламайтынын немесе сүймейтінін көрсетіп, тілазар болып кетсе, не сезінер едің? Мұндай қылық жүрегіңе жазылмас жара салады емес пе? Олай болса, Адамның да, Хауаның да қарсы шыққаны Ехобаға қаншалықты ауыр тигенін ойлап көрші.

Адам ата топырақтан жаратылған және топыраққа оралды

13. Ехоба Адам өлгенде онымен не болатынына қатысты не деді және бұл нені білдірді?

13 Ехоба тілазар Адам мен Хауаның мәңгі өмір сүруіне жол бере алмады. Ехоба айтқандай, ол екеуі өлді. Олар тіршіліктен ғайып болды. Адам мен Хауа рухани әлемге кеткен жоқ. Бұны біз жақсы білеміз, өйткені Адамды жауапқа тартқанда, Ехоба: “Өзің жаратылған жердің қойнына қайтып кіретін боласың. Сен топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айналасың!”— деп анық айтты (Мұсаның 1-жазбасы 3:19). Құдай Адамды жердегі топырақтан жасаған (Мұсаның 1-жазбасы 2:7). Оған дейін ол еш жерде тіршілік еткен жоқ. Сондықтан Ехобаның “қайтадан топыраққа айналасың” деген сөздері Адам ата қайтадан тіршіліктен ғайып болады дегенді білдірген. Ол өзі жаратылған топырақ сияқты жансыз болмақ еді.

14. Біз неге өлеміз?

14 Адам мен Хауа бүгінде тірі бола алар еді, бірақ олар Құдайға мойынсұнбауды шешіп, күнә жасағандықтан өлді. Адам ата ұрпақтарының бәріне күнә мен өлімді қалдырды, сондықтан біз өлеміз (Римдіктерге 5:12 оқы). Күнә қашып құтылу мүмкін емес тұқым қуалайтын жаман ауру іспетті. Түбінде ол өлім әкеледі, бұл — қарғыс. Өлім — дос емес, жау (Қорынттықтарға 1-хат 15:26). Ехобаның бізді осындай қорқынышты жаудан құтқару үшін төлем берілуіне қам жасағанына қаншалықты ризамыз десеңші!

ӨЛІМ ТУРАЛЫ ШЫНДЫҚТЫ БІЛУДІҢ ПАЙДАСЫ ЗОР

15. Өлілер туралы шындықты білгеніміз неге жұбаныш береді?

15 Өлілердің күйіне қатысты Киелі кітаптың не нәрсеге үйрететіні көңілге жұбаныш береді. Өзіміз көргендей, өлілер қиналмайды да, қасірет те шекпейді. Олардан қорқудың қажеті жоқ, өйткені олар бізге жамандық істей алмайды. Олар біздің көмек көрсеткенімізге мұқтаж емес, өздері де бізге қолғабыс ете алмайды. Сондай-ақ біз олармен, олар бізбен сөйлесе алмайды. Көп дінбасылары өлілерге қандай да бір көмек көрсете алатындарына сендіреді, ал бұған сенетіндер оларға ақша төлейді. Бірақ шындықты білгеніміз осындай жалған ілімдердің бізді адастыруынан сақтайды.

16. Жалған діндердің ілімдеріне кім ықпал етуде және қалай?

16 Сен ұстанатын діннің өлілерге қатысты ілімі Киелі кітаптың іліміне сай келе ме? Көп діндердің ілімі сай келмейді. Неге олай? Өйткені олардың ілімдеріне Шайтан ықпал еткен. Ол жалған дін арқылы адам өлген соң, аруағы о дүниеде өмір сүре береді дегенге сендіргісі келеді. Бұл — жалған, әрі Шайтан оны басқа да жалған ілімдермен үйлестіріп, адамдарды Ехоба Құдайдан алшақтатуға тырысып бағады. Қалайша?

17. Неге адамдарды мәңгі қинайтын орын жөніндегі ілім Ехобаны қорлайды?

17 Жоғарыда айтылғандай, кейбір діндер егер адам азғын өмір кешсе, өлгеннен кейін сөнбес от жанып тұратын жерде мәңгі қасірет шегеді деп үйретеді. Мұндай ілім Құдайды қорлайды. Құдай — сүйіспеншілік, әрі ешқашан адамдарды бұлай қинамайды (Жоханның 1-хаты 4:8 оқы). Егер біреу тілін алмаған баласын жазалау үшін қолын отқа күйдіріп жатса, не ойлар едің? Мұндай кісіні сыйлар ма едің? Онымен жақынырақ танысқың келер ме еді? Әрине, жоқ! Ол кісі саған барып тұрған жауыз болып көрінсе керек. Шайтан біздің Құдай жайлы осындай ойда болғанымызды қалайды. Ол Ехоба адамдарды от жанып тұрған жерде мәңгі қинайды дегенге сендіргісі келеді.

18. Аруақтарға табыну қандай жалған ілімге негізделген?

18 Шайтан кейбір діндер арқылы адам өлгеннен кейін, тірілер оның аруағын сыйлап, дәріптеу керек деп те үйретеді. Мұндай ілімдерге сәйкес, аруақтар тірілердің құдіретті досы немесе қорқынышты дұшпаны болады. Көп адам осы жалған ілімге сенеді. Олар аруақтардан қорқып, оларды дәріптеп, табынып жатады. Ал Киелі кітап болса өлген адамдар ұйықтап жатыр, біз Жаратушымыз әрі Қамқоршымыз Ехоба Құдайға ғана ғибадат етуіміз керек деп үйретеді (Аян 4:11).

19. Өлілер туралы шындықты білгенің Киелі кітаптың қандай басқа ілімін түсінуіңе көмектеседі?

19 Өлілер туралы шындықты білгенің жалған ілімдердің ықпалына түсіп қалудан қорғайды. Сондай-ақ Киелі кітаптың басқа ілімдерін де түсінуіңе көмектеседі. Мысалы, өлген соң адамның рухани әлемге кетпейтінін түсінгенде, жер бетінде орнайтын жұмақта мәңгі өмір сүру үміті сен үшін мағыналы болады.

20. Келесі тарауда қандай сұрақты қарастырамыз?

20 Көп жылдар бұрын Әйүп деген әділ кісі: “Адамдар өлсе, қайтадан өмір сүре ала ма?”— деп сұраған (Әйүп 14:14). Өлім ұйқысына кеткен адамның қайта оянуы мүмкін бе? Келесі тараудан көретініміздей, осы сұраққа қатысты Киелі кітаптың не нәрсеге үйрететіні жұбаныш береді.

^ 5-абзац “Жан” және “рух” деген сөздерге қатысты көбірек мәліметті қосымшаның “Жан” және “рух” деген шын мәнінде не?” деген тақырыбынан табуыңа болады.