Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

Біз соңғы күндері өмір сүріп жатырмыз ба?

Біз соңғы күндері өмір сүріп жатырмыз ба?
  • Қандай оқиғалардың біздің уақытымызда орын алатыны Киелі кітапта алдын ала айтылған?

  • Соңғы күндері адамдардың мінез-құлқы қандай болатынына қатысты Құдай Сөзінде не айтылған?

  • Киелі кітапта соңғы күндерге қатысты жігер беретін қандай сөздер айтылған?

1. Болашақта бізді не күтіп тұрғанын қайдан білуге болады?

ТЕЛЕДИДАРДАН жаңалықтар көріп: “Мына дүние не болып барады?”— деп таңырқаған кезің болған ба? Апаттың кенеттен, күтпеген жерден туа қалатыны соншалық — адамдар ертеңгі күні не болатынын білмейді (Жақып 4:14). Алайда болашақта не болатынын Ехоба біледі (Ишая 46:10). Оның Сөзі Киелі кітапта біздің күндерімізде болып жатқан қайғылы оқиғалар ғана емес, жақын болашақта орын алатын керемет нәрселер де ұзақ уақыт бұрын алдын ала айтылған.

2, 3. Шәкірттері Исаға қандай сұрақ қойды және ол қалай жауап берді?

2 Иса Мәсіх Құдай Патшалығы зұлымдықты жойып, жер бетін жұмаққа айналдыратынын айтқан (Лұқа 4:43). Жұрт сол Патшалықтың қашан орнайтынын білгісі келді. Шәкірттері Исадан: “Сіздің осында болуыңыз бен заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрады (Матай 24:3). Иса осы дүниенің ақыры нақты қашан келетінін тек Ехоба Құдай ғана білетінін айтты (Матай 24:36). Бірақ ол Патшалық арқылы жер бетінде тыныштық пен қауіпсіздік орнаудан азғана уақыт бұрын қандай оқиғалардың болатынын пайғамбарлық етті. Сол оқиғалар қазір орындалып жатыр.

3 “Осы заманның аяқталып қалған кезінде” өмір сүріп жатқанымыздың дәлелдерін қарастырмас бұрын бірде-бір адам көзімен көрмеген шайқасқа қысқаша шолу жасап өтейік. Бұл соғыс рухани әлемде болған, бірақ оның нәтижесі бізге әсер етуде.

КӨКТЕГІ ШАЙҚАС

4, 5. а) Иса Патша тағына отырған соң, көп ұзамай көкте не болды? ә) Аян 12:12-ге сай, көктегі шайқастың нәтижесі қандай болмақ еді?

4 Алдыңғы тарауда Иса Мәсіхтің 1914 жылы көкте Патша болғаны түсіндірілді (Даниял 7:13, 14 оқы). Содан, көп ұзамай ол әрекет етуді бастады. Киелі кітапта: “Көкте соғыс бұрқ ете түсті, — делінген. — Микайл [Исаның өзге есімі] мен періштелері айдаһармен [Шайтан Ібіліспен] соғысты. Айдаһар да өз періштелерімен бірге олармен соғысты” *. Шайтан мен оның зұлым періштелері, жын-перілер, жеңіліске ұшырап, көктен жерге қуылды. Құдайдың адал рухани ұлдары Шайтаннан құтылғандарына қуанды. Бірақ адамдар бұлай қуана алмады. Өйткені Киелі кітапта мынадай пайғамбарлық айтылған еді: “Ал жер мен теңіздегілерге қасірет, өйткені Ібіліс сендерге түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” (Аян 12:7, 9, 12).

5 Көктегі шайқастың нәтижесіне көңіл аударшы: қаһарына мінген Шайтан жер бетінің тұрғындарын қасіретке ұшыратпақ еді. Өзіміз көретіндей, біз тап сол уақытта өмір сүріп жатырмыз. Бірақ бұл — салыстырмалы түрде қысқа, “аз қалған уақыт”. Тіпті Шайтан да мұны біледі. Киелі кітапта бұл уақыт “соңғы күндер” деп аталады (Тімөтеге 2-хат 3:1). Жақында Құдай жерді Ібілістің ықпалынан арылтатыны неткен қуаныш! Ал қазір бүгінде орындалып жатқан Киелі кітаптағы кейбір пайғамбарлықтарды қарастырып көрейік. Бұл біздің соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызға және жақында Құдай Патшалығы Ехобаны сүйетіндерге мәңгі батасын төгетініне деген сенімімізді арттырады. Алдымен, біздің уақытымызға қатысты Иса атап өткен төрт ерекшелікті қарастырайық.

СОҢҒЫ КҮНДЕРДІҢ НЕГІЗГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

6, 7. Исаның соғыстар мен азық-түлік тапшылығына қатысты айтқан сөздері бүгінде қалай орындалуда?

6 “Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады” (Матай 24:7). Соңғы ғасырда миллиондаған адам соғыстарда қаза болды. Осыған орай бір британ тарихшысы былай деп жазды: “ХХ ғасыр тарихтағы ең қанқұйлы кезең болды... Бұл ара-тұра қысқа мерзімге ғана тыныштық орнаған кездерді есептемегенде, соғыстан көз ашпаған ғасыр болды”. Ал “Уорлдуотч” институтының берген есебінде былай делінген: “[ХХ ғасырда] соғыстың құрбаны болғандардың саны бірінші ғасырдан 1899 жылға дейінгі барлық соғыстарда қаза болғандардың санынан үш есе көп”. 1914 жылдан бері болған соғыстарда 100 миллионнан аса адам мерт болған. Бір сүйікті адамымыздың соғыста қаза болғанының өзі жанымызға қатты батады емес пе? Олай болса, миллиондаған адамның қазасы қаншалықты қайғы мен мұң әкелетіні жөнінде не деуге болады?!

7 “Түрлі жерлерде ашаршылық болады” (Матай 24:7). Зерттеулер соңғы 30 жылда азық-түлік өнімінің қатты өскенін көрсетіп отыр. Сөйтсе де көп адамның ақшасы да, егіндік жері де болмағандықтан, дүниеде әлі күнге дейін азық-түлік тапшылығы бар. Көптеген миллион адам үнемі аш жүреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне сай, жыл сайын қыршын кетіп жатқан бес миллионнан астам балалардың өлімі, негізінен, асқа жарымаудың нәтижесінде болады.

8, 9. Исаның жер сілкінісі мен індетке қатысты айтқан пайғамбарлығының орындалып жатқанының қандай дәлелдері бар?

8 “Қатты жер сілкіністері болады” (Лұқа 21:11). АҚШ-тың Геологиялық қызметінің болжамы бойынша, жыл сайын орта есеппен 19 күшті жер сілкінісі болады. Олардың дүмпу күші ғимараттарды зақымдап, жер қыртысын жарып жіберетіндей болады. Сонымен қатар жыл сайын дерлік дүмпу күші ғимараттарды толығымен қиратып жіберетіндей жойқын жер сілкіністері болып тұрады. Қолда бар деректерге қарағанда, 1900 жылдан бері жер сілкіністердің кесірінен екі милионнан астам адам қаза тапқан. Басқа бір мәлімет көзінде “технологиялық жетістіктердің өлім санының азаюына айтарлықтай әсер етіп жатпағаны” айтылды.

9 “Індеттер болады” (Лұқа 21:11). Медицинаның жетістіктеріне қарамастан, адамдар бұрыннан белгілі аурулардан да, жаңадан пайда болып жатқандарынан да жапа шегуде. Бір есепке сай, туберкулез, безгек, тырысқақ сияқты 20 танымал дерт соңғы онжылдықтарда кең етек алып, олардың кейбір түрлеріне барған сайын дәрі-дәрмек әсер етпейтін болып бара жатқан көрінеді. Оның үстіне, кем дегенде аурудың 30 жаңа түрі пайда болған. Олардың кейбірінің емі жоқ: тек өліммен аяқталады.

АҚЫР ЗАМАННЫҢ АДАМДАРЫ

10. Бүгінде адамдардың бойынан Тімөтеге 2-хат 3:1—5 тармақтарда жазылған қасиеттердің қайсысын байқап жүрсің?

10 Дүниедегі жағдайлармен қоса, Киелі кітапта соңғы күндері адамзат қоғамында да өзгеріс болатыны алдын ала айтылған. Елші Пауыл адамдардың, жалпы алғанда, қандай болатынын суреттеген. Тімөтеге 2-хат 3:1—5 тармақтарды оқы: “Соңғы күндері ерекше қиын уақыт болтынын біліп қой”,— делінген. Пауыл адамдардың бойында келесі қасиеттердің болатынын атап өткен:

  • Тек қара басын ойлайтын

  • Ақшақұмар

  • Ата-анасына мойынсұнбайтын

  • Алғысты білмейтін

  • Бауырмалдықтан жұрдай

  • Ұстамсыз

  • Бұзақы

  • Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін

  • Құдайшыл болып көрінгенмен, бұны істерімен көрсетпейді

11. Зәбүр 92:7-де зұлымдарды не күтіп тұрғаны қалай суреттелген?

11 Айналаңдағы адамдардың бойынан осындай мінез-құлықты байқайсың ба? Сөзсіз, байқайтын болсаң керек. Жағымсыз қасиеттері бар адамдарды кез келген жерден кезіктіруге болады. Бұл жақында Құдайдың әрекет ететінін көрсетеді, өйткені Киелі кітапта былай делінген: “Зұлымдар шөптей қаулайды, күнәкарлар өркендейді” (Зәбүр 92:7).

ҚУАНЫШТЫ ОҚИҒАЛАР

12, 13. Қалай соңғы күндері тура білім молаюда?

12 Киелі кітапта алдын ала айтылғандай, соңғы күндер қасіретке толы. Алайда осы аумалы-төкпелі дүниеде Ехобаның қызметшілері үшін қуанышты оқиғалар да бар.

13 Даниял кітабында: “Шынайы білім молая түседі”,— деп пайғамбарлық етілген. Бұл сөздер қашан орындалу керек еді? Соңғы күндердің кезінде (Даниял 12:4). Әсіресе 1914 жылдан бастап өзіне шынымен қызмет еткісі келетіндерге Ехоба Киелі кітапты терең түсінуге көмектесуде. Олардың Құдай есімі мен оның еркіне, Иса Мәсіхтің төлем құрбандығына, өлілердің қандай күйде екендігіне және қайта тірілуге қатысты білімдері арта түсуде. Бұған қоса, Ехобаның қызметшілері өздеріне пайда, ал Құдайға даңқ әкелетіндей өмір сүруді үйренуде. Сондай-ақ олар Құдай Патшалығының рөлі мен оның жер бетіндегі қиыншылықтарды қалай шешетінін анығырақ түсінді. Осы алған білімін олар не істейді? Бұл сұрақтың жауабы біздің көңілімізді қазіргі соңғы күндері орындалып жатқан тағы бір пайғамбарлыққа бұрады.

“Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады” (Матай 24:14).

14. Патшалық туралы ізгі хабардың таралуы қаншалықты ауқымды және оны кімдер уағыздауда?

14 Иса Мәсіх Шайтанның дүниесінің жойылатынына қатысты пайғамбарлығында “Патшалық жайлы осы ізгі хабар бүкіл жер бетінде уағыздалатынын” айтқан (Матай 24:3, 14 оқы). Дүниежүзі бойынша Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар — Патшалықтың не екендігі, оның не істейтіні және оның әкелетін пайдасын көру үшін не істеу керектігі — 230-дан аса ел мен аймақта 400-ден аса тілде уағыздалуда. Миллиондаған Ехоба куәгері Патшалық туралы ізгі хабарды зор құлшыныспен уағыздауда. Олар “әрбір ұлттан, халықтан, тілден шыққан” (Аян 7:9). Куәгерлер Киелі кітап шын мәнінде неге үйрететінін білгісі келетін миллиондаған адаммен Киелі кітапты зерттеу сабақтарын ақысыз жүргізеді. Исаның мәсіхшілерді “жұрттың бәрі жек көретінін” айтқанын ескерер болсақ, осы пайғамбарлықтың орындалып жатқаны қайран қалдырады емес пе!? (Лұқа 21:17).

СЕН НЕ ІСТЕЙСІҢ?

15. а) Сен біздің соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызға сенесің бе және неге бұлай жауап бердің? ә) “Заманның соңы” Ехобаға қарсы шыққандар үшін және Құдай Патшалығының билігін мойындайтындар үшін нені білдіретін болады?

15 Киелі кітапта жазылған көп пайғамбарлықтар бүгінде орындалып жатыр. Олай болса, біздің соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызбен келіседі емессің бе? Ізгі хабар Ехоба қалағандай уағыздалған соң, міндетті түрде “заманның соңы келеді” (Матай 24:14). “Заманның соңы” деген — Құдай жер бетінен зұлымдықты түптамырымен жоятын уақыт. Ехоба өзіне әдейілеп қарсы шыққандарды Иса және құдіретті періштелер арқылы құртып жібереді (Салоникалықтарға 2-хат 1:6—9). Шайтан мен оның жын-перілері бұдан былай адамдарды адастырмайтын болады. Бұдан кейін Құдай Патшалығының әділ билігін мойындайтындарға ағыл-тегіл баталар төгіледі (Аян 20:1—3; 21:3—5).

16. Сенің не істегенің дұрыс болады?

16 Шайтанның дүниесінің ақыры жақындап қалғандықтан, өзімізден: “Мен не істеуім керек?”— деп сұраған жөн. Ехобамен оның талаптары туралы білім алуды жалғастыра берудің маңызы зор (Жохан 17:3). Киелі кітапты зерттеуге жеңіл-желпі қарама. Ехобаның еркін орындауды қалайтындармен үнемі араласып тұруды әдетке айналдыр (Еврейлерге 10:24, 25 оқы). Ехоба Құдайдың бүкіл дүние жүзіндегі халықтарға молынан беріп отырған білімінен бас тартпа және оған ұнамды болу үшін өміріңде қажетті өзгерістер жаса (Жақып 4:8).

17. Неге зұлымдар үшін жойылатын уақыт қапылыста келеді?

17 Біздің соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызға адамдардың көбісі немқұрайды қарайтынын Иса алдын ала айтқан. Зұлымдардың жойылатын уақыты аяқ астынан, күтпеген жерден келеді. Адамдардың көпшілігі үшін бұл уақыт ұрының түнде түскені сияқты қапылыста келеді (Салоникалықтарға 1-хат 5:2 оқы). Иса былай деп ескертті: “Нұх пайғамбардың заманында жағдай қандай болған болса, Адам Ұлы осында болған кезде де сондай болады. Топан судан бұрын, Нұх кемеге кірген күнге дейін, адамдар ішіп-жеп, әйел алып, қыз ұзатып өмір кешіп жатты. Топан су басып, бәрін алып кеткенше, олар еш ойланбады. Адам Ұлы осында болған кезде де солай болады” (Матай 24:37—39).

18. Исаның қандай ескертуіне құлақ асқанымыз абзал?

18 Сондықтан Иса тыңдаушыларына былай деген: “Бірақ өздеріңе сақ болыңдар! Мешкейлік, ішімдікке салыну және күнделікті тұрмыс уайымы жүректеріңді жаулап алып, сол күн сендерге қапылыста келіп, тор сияқты болмасын. Өйткені бұл күн бүкіл жер бетінің тұрғындарының басына туады. Сондықтан алда болатын осы жайттардың бәрінен қашып құтыла алу үшін және Адам Ұлының алдында тұра алу үшін ұдайы жалбарынып, сергек болыңдар!” (Лұқа 21:34—36). Исаның сөздеріне құлақ асқанымыз абзал. Неге? Өйткені Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхке ұнамды болғандар Шайтанның дүниесі жойылғанда аман қалуға және өзіміз табалдырығында тұрған керемет жаңа дүниеде мәңгі өмір сүруге үміттене алады (Жохан 3:16; Петірдің 2-хаты 3:13).

^ 4-абзац Микайл Иса Мәсіхтің өзге есімі екендігіне қатысты мәліметті қосымшаның “Бас періште Микайл деген кім?” деп аталатын тақырыбынан қара.