Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН БІРІНШІ ТАРАУ

Неге Құдай қайғы-қасіретке жол беріп отыр?

Неге Құдай қайғы-қасіретке жол беріп отыр?
  • Дүниеде болып жатқан қайғы-қасірет Құдайдан ба?

  • Едем бағында қандай дау көтерілді?

  • Адамзаттың басына түскен қайғы-қасіретті Құдай қалай жояды?

1, 2. Адамдар не нәрселерден қасірет шегуде және оларда қандай сұрақтар туындайды?

СОҒЫС ушығып тұрған бір елде болған кезекті ұрыста қазаға ұшыраған мыңдаған әйелдер мен балалар ортақ молаға көміліп, қабір айналдыра тақтайшалармен қоршалды. Әр тақтайшада “Не үшін?” деген жазу бар еді. Кейде бұл сұрақтың астарында адамның жанайқайы жатады. Соғыс, қандай да бір апат, ауру яки жасалған қылмыстың кесірінен жақын адамынан немесе үй-жайынан айырылғанда, я болмаса басқа бір нәрсе жанға жара салғанда, салы суға кеткен адамдар осы сұрақты қойып жатады. Олар не үшін осындай қасіретке душар болғандарын білгілері келеді.

2 Неге Құдай қайғы-қасіретке жол беріп отыр? Егер Ехоба Құдай құдіретті, сүюші, дана әрі әділ болса, неге мына дүние жек көрушілік пен әділетсіздікке толы? Өзіңе осындай сұрақтар қойған кездерің болған ба?

3, 4. а) Құдайдың қайғы-қасіретке неге жол беріп отырғанын сұрағанда еш оғаштық жоқ екені неден көрінеді? ә) Ехоба зұлымдық пен қайғы-қасіретке қалай қарайды?

3 Құдайдың қайғы-қасіретке неге жол беріп отырғанын сұрау оғаш нәрсе ме? Кейбіреулер мұндай сұрақ қою сенімнің жетіспеушілігінің белгісі немесе Құдайды сыйламау деп қорқады. Алайда Киелі кітапты оқи отырып, Құдайды қастерлеген адал кісілер де кезінде осындай сұрақтар қойғанын байқайсың. Мысалы, Абақұқ пайғамбар Ехобадан былай сұраған: “Неге мені зұлымдықты көруге мәжбүр етесің? Неге көз алдымда қырып-жою, зорлық-зомбылық болып жатыр? Неге ұрыс-керіс пен қақтығыс көбейіп кетті?” (Абақұқ 1:3).

Ехоба қайғы-қасірет атаулыны жоқ қылады

4 Ехоба осындай сұрақтары үшін адал пайғамбары Абақұқты айыптады ма? Жоқ. Қайта, оның шын көңілмен айтқан сөздерін Киелі кітапқа жаздырып қойды. Сондай-ақ жағдайды анығырақ түсінуіне және сенімін нығайтуға көмектесті. Ехоба саған қатысты да осылай етуді қалайды. Киелі кітап Ехобаның біздің “қамымызды ойлайтынына” үйрететінін ұмытпа (Петірдің 1-хаты 5:7). Құдай зұлымдық пен соның салдарынан туып жатқан қайғы-қасіретті бізден де қатты жек көреді (Ишая 55:8, 9). Олай болса, неге дүниеде қайғы-қасірет сонша көп?

НЕГЕ ДҮНИЕДЕ ҚАЙҒЫ-ҚАСІРЕТ СОНША КӨП?

5. Адамдардың қасірет шегіп жатқаны кейде қалай түсіндіріледі, бірақ Киелі кітап неге үйретеді?

5 Әртүрлі дін өкілдері қайғы-қасіреттің неге көп екенін өздерінің дінбасылары мен діни мұғалімдерінен сұрайды. Жиі олар Құдайдың жазғаны солай, дүниедегі жағдайлардың бәрі, тіпті апаттар да, соның еркімен болып жатыр деген жауап алады. Діндердің көбісі Құдайдың ісі құпия немесе Құдай адамдарды, тіпті балаларды да, өзімен бірге көкте болу үшін алады деп түсіндіреді. Алайда өзің көргендей, Ехоба Құдайдан ешқашан жамандық келмейді. Киелі кітапта былай делінген: “Құдайдың зұлымдықты жасауы, Құдірет Иесінің жамандыққа баруы мүмкін емес!” (Әйүп 34:10).

6. Көп адам дүниедегі қайғы-қасірет үшін неге Құдайды кінәлайды?

6 Көп адамның дүниедегі қайғы-қасірет үшін неге Құдайды кінәлайтынын білесің бе? Көп жағдайда олар осы дүниені Құдіреті шексіз Құдай билеп отыр деп ойлағандықтан сондай пікір түзеді. Олар Киелі кітаптағы қарапайым, бірақ сөйте тұра өте маңызды шындықты білмейді. Біз бұл жөнінде 3-тарауда талқылаған болатынбыз: қазіргі дүниенің билеушісі Шайтан Ібіліс.

7, 8. а) Қалай қазіргі дүние өз билеушісінің болмысының көрінісі болып отыр? ә) Қалай адамдар кемелсіздіктің және “уақыт пен жағдайдың орайлас келуінің” салдарынан қайғы-қасірет шегеді?

7 Киелі кітапта: “Бүкіл дүние шайтанның билігінде”,— деп анық айтылған (Жоханның 1-хаты 5:19). Осы жөнінде ойланып көрер болсаң, барлық нәрсе айқындалады емес пе? Қазіргі дүние — “бүкіл жержүзін адастырып” отырған көзге көрінбейтін рухани жаратылыстың болмысының көрінісі (Аян 12:9). Шайтан зұлым, алдамшы әрі жауыз. Сондықтан оның ықпалындағы дүние зұлымдыққа, өтірік пен жауыздыққа толы. Дүниеде қайғы-қасіреттің көптігінің бір себебі — осы.

8 Қайғы-қасіреттің кең етек алғанының екінші себебі — үшінші тарауда талқыланғандай, Едем бағында бүлік шыққан кезден бері адамдар кемелсіз әрі күнәкар. Күнәкар адамдар өзгеге үстемдік етуге тырысып бағады, ал мұның нәтижесі — соғыстар, қанаушылық пен қайғы-қасірет (Уағыздаушы 4:1; 8:9). Үшінші себеп — “қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайларға тап болу” (Уағыздаушы 9:11 оқы). Бұл дүниенің Билеушісі қамқорлыққа толы Ехоба емес, сол себепті адам қолайсыз уақытта, қолайсыз жерде болып қалғандықтан жапа шегуі мүмкін.

9. Неге біз Ехобаның қайғы-қасіретке жол беруіне келелі себеп бар екеніне сенімді бола аламыз?

9 Қайғы-қасіреттің Құдайдан келмейтінін білу жұбаныш береді. Соғыстардың, қылмыс пен қанаушылықтың, тіпті адамдар жапа шегіп жатқан табиғи апаттардың болып жатқанына ол кінәлі емес. Сөйтсе де неге Ехоба осындай нәрселерге жол беріп отыр? Ол зор күш иесі Құдіреті шексіз Құдай болса, неге қайғы-қасіретке тосқауыл қоймайды? Өзіміз танысып жатқан сүйіспеншілікке толы Құдайдың бұған келелі себебі болса керек (Жоханның 1-хаты 4:8).

МАҢЫЗЫ ЗОР ДАУ

10. Шайтан нені дауға салды және қалай?

10 Қайғы-қасірет бастау алған кезде болған оқиға жайында ойланып көргеніміз Құдайдың қайғы-қасіретке жол беріп отырғандығының себебін түсінуімізге көмектеседі. Шайтан Адам мен Хауаны Ехобаға бойсұнбауға азғырғанда, аса маңызды сұрақ көтерілді. Шайтан Ехобаның күшіне шек келтірмеді. Тіпті ол Ехобаның күші шексіз екенін мойындайды. Шайтан Ехобаның билік ету құқын дауға салды. Ол Құдай қол астындағыларға жақсылық тілемейді деген жала жауып, Ехобаны жаман билеуші деп кінәлады (Мұсаның 1-жазбасы 3:2—5 оқы). Шайтан адамзаттың Құдайдың билігінен бас тартқаны әлдеқайда артық дегенге меңзеді. Бұл Ехобаның бүкіләлемдік билігіне, яғни оның билік ету құқына, қол сұғу еді.

11. Неге Ехоба Едем бағында бүлік шығарғандарды жойып жібере салмады?

11 Адам мен Хауа Ехобаға қарсы бүлік шығарды. Былайша айтқанда, олар: “Біз Ехобаның Билеуші болғанына мұқтаж емеспіз. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өзіміз-ақ айыра аламыз”,— деді. Ехоба осы даулы мәселені қалай шеше алар еді? Бүкіл саналы жаратылыстарға бүлікшілердің қателесетінін әрі өз жолының ең керемет жол екенін қалай көрсете алар еді? Әлдекім Құдайдың бүлікшілерді жойып жіберіп, бәрін басынан бастай салғаны дұрыс еді ғой деп ойлар. Бірақ Ехоба жерді Адам мен Хауаның ұрпақтары толтыратынына қатысты еркін мәлімдеп қойған еді, сонымен қатар ол олардың жердегі жұмақта өмір сүргендерін қалады (Мұсаның 1-жазбасы 1:28). Ехоба өзінің ниетін әрқашан жүзеге асырады (Ишая 55:10, 11). Оның үстіне, Едем бағында бүлік шығарғандарды жойып жібергенмен, Ехобаның билік ету құқығына қатысты көтерілген дау шешілмес еді.

12, 13. Шайтанның осы дүниеге билік етуіне, ал адамдар өздерін басқаруына Ехобаның неге жол бергенін мысалмен түсіндір.

12 Мынадай мысалды қарастырып көрейікші: мұғалім оқушыларына бір күрделі есепті шығарудың жолын айтады. Оқушылар арасынан алғыр, бірақ бүлікшіл бір оқушы мұғалімнің шешу жолы дұрыс емес деп сендіреді. Әлгі оқушы мұғалімі қабілетсіз дегенге меңзеп, есепті қалай шешу керек екенін әлдеқайда жақсы білетінін айтып, табан тіресіп тұрып алады. Кейбір оқушылар оның айтқаны дұрыс деп ойлап, олар да қарсы шығады. Осы жағдайда мұғалім не істеу керек? Бүлікшілерді сабақтан қуып жіберсе, бұл өзге оқушыларға қалай әсер етпек? Мұндай әрекет әлгі оқушы мен оның жағына шыққандардыкі дұрыс екендігінің дәлелі іспетті болмай ма? Қалған оқушылардың бәрі мұғалім өз қателігінің ашылып қалуынан қорықты деп ойлап, оны сыйлаудан қалады ғой. Сірә, мұғалім сол оқушының есепті өз тәсілі бойынша шығаруына жол беретін болса керек.

Оқушы мұғалімінен артық біле ала ма?

13 Ехобада осыған ұқсас әрекет жасады. Едемдегі даудың тек бүлікшілерге қатысты болмағанын есіңе алшы. Сол оқиғаны миллиондаған періштелер бақылап тұрды (Әйүп 38:7; Даниял 7:10). Ехобаның аталмыш дауды қалай шешпек болғаны барлық періштелерге, ақыр соңында, бүкіл саналы жаратылыстарға зор әсер етпек еді. Сонымен Ехоба не істеді? Ол Шайтанның адамзатқа қалай билік етпек екенін көрсетуіне жол берді. Сонымен қатар Құдай адамдарға да Шайтанның билігінің астында өздерін басқаруға жол берді.

14. Ехобаның адамзаттың өзін басқаруына жол бергенінің қандай пайдасы болмақ?

14 Жоғарыда келтірілген мысалдағы мұғалім бүлікшінің де, оның жағына шыққан оқушылардың да қателесіп отырғандарын біледі. Сөйте тұра өз тұжырымдарын дәлелдеп көруге мүмкіндік беретін болса, мұның барлық оқушыларға пайдалы болатынын да біледі. Бүлікшілердің әрекетінен түк шықпағанын көрген ақ көңіл оқушылар басшылықты қолға алуға тек мұғалімнің қабілетті екеніне көз жеткізер еді. Кейін тағы да осындай дау көтеріліп, мұғалім бүлікшілерді сыныптан шығарып жіберетін болса, олар оның әрекетінің себебін түсінетін болады. Сол сияқты Ехобада Шайтан мен оның бүлігіне қосылғандардың әрекетінен түк шықпағанын және адамзаттың өзін басқара алмайтынын көргендері барлық ақ жүректі адамдар мен періштелер үшін пайдалы болатынын біледі. Ерте заманда өмір сүрген Еремия пайғамбар сияқты олар келесі шындыққа көз жеткізеді: “Уа, Ехоба, пенденің өмір жолы өз билігінде емес екенін білемін. Адам тіпті өз қадамына бағыт бере алмайды” (Еремия 10:23).

НЕГЕ СОНШАМА ҰЗАҚ?

15, 16. а) Неге Ехоба қайғы-қасіреттің соншама ұзаққа созылуына жол беріп отыр? ә) Неге Ехоба жан түршігерлік қылмыстар сияқты зұлым істерге тосқауыл қоймайды?

15 Десе де неге Ехоба қайғы-қасіреттің соншама ұзаққа созылуына жол беріп отыр? Неге ол жамандыққа тосқауыл қоймайды? Біздің мысалымыздағы мұғалім қандай екі нәрсені істемес еді, соны қарастырып көрейікші. Біріншіден, ол бүлікшіл оқушысының өз тұжырымын дәлелдеуіне тыйым салмас еді. Екіншіден, оны дәлелдеп жатқанда, оған көмектеспес еді. Ал енді Ехобаның қандай екі нәрсені істемеуді шешкенін қарастырып көрейік. Біріншіден, ол Шайтан мен оған ергендердің өз әрекеттерінің дұрыстығын дәлелдеуге тыйым салып отырған жоқ. Қайта, сол үшін қажетті уақыт берді. Адамзат өзінің мыңдаған жылғы тарихында билік етудің, немесе үкімет билігінің, сан алуан түрін байқап көрді. Ғылым мен басқа да салаларда адам баласы қандай да бір жетістіктерге жеткенмен, әділетсіздік, кедейлік жайлап, қылмыс пен соғыс барған сайын көбейіп барады. Адамдардың билігі өз дәрменсіздігін көрсетуде.

16 Екіншіден, Ехоба Шайтанға осы дүниені билеуге көмектесіп жатқан жоқ. Егер Құдай, мысалы, жан түршігерлік қылмыстарға тосқауыл қойса, мұнысымен, былайша айтқанда, бүлікшілерді қолдамас па еді? Онда Құдай адамдардың өзіміз-ақ басқара алады екенбіз ғой деген ой түзуіне ықпал етпес пе еді? Ехоба осылай етер болса, жалған сөзге ортақтасқан болар еді. Алайда “Құдайдың өтірік айтуы мүмкін емес” (Еврейлерге 6:18).

17, 18. Адамдардың өздеріне басшылық етуі мен Шайтанның ықпалының салдарын Ехоба не істейді?

17 Алайда Құдайға қарсы көтерілген бүліктің кесірінен келген соншама залал жөнінде не деуге болады? Ехобаның құдіреті шексіз екенін есте сақтағанымыз дұрыс. Ол адамзаттың басына түскен қайғы-қасіреттің салдарын құрта алады, әрі құртады да. Өзіміз білгендей, қазір әбден бүлінген планетамыз жұмаққа айналып, қайта қалпына келтіріледі. Исаның төлем құрбандығына деген сенімнің арқасында күнәнің, ал қайта тірілу арқылы өлімнің салдары жоқ болады. Құдай Иса арқылы “Ібілістің істерін талқандайды” (Жоханның 1-хаты 3:8). Ехоба осының барлығын өз уақытында жүзеге асырады. Бізді Құдайдың әрекет етуді ертерек бастамағаны қуантады, өйткені оның шыдамдылығы біздің шындықты біліп, оған қызмет етуімізге мүмкіндік берді (Петірдің 2-хаты 3:9, 10 оқы). Қазір Құдай бар ықыласымен өзіне қызмет еткісі келетін ақ жүректі адамдарды іздеп, қиындыққа толы дүниедегі кез келген қасіретке төтеп берулеріне көмектесуде (Жохан 4:23; Қорынттықтарға 1-хат 10:13).

18 Кейбіреулер: “Егер Құдай Адам мен Хауаны бүлік шығара алмайтындай етіп жаратқанда, осыншама қайғы-қасірет болмас еді ғой?”— деп ойлайды. Бұл сұрақтың жауабын табу үшін, Ехобаның бізге бағалы сый бергенін еске түсіруіміз керек.

ҚҰДАЙДАН АЛҒАН СЫЙДЫ СЕН ҚАЛАЙ ҚОЛДАНАСЫҢ?

Құдай басыңа түскен қасіретке төтеп беруіңе көмектеседі

19. Ехоба бізге қандай құнды сый берген және неге біз оны бағалауымыз керек?

19 Бесінші тарауда ескерілгендей, адамдар ерік бостандығымен жаратылған. Мұның қаншалықты бағалы сый екенін түсінесің бе? Құдай сансыз жануарларды жаратқан, әрі олар түйсік сезімінің жетегінде (Нақыл сөздер 30:24). Адамдар белгілі бағдарлама бойынша жұмыс істейтін роботтар құрастырып жатады. Құдай бізді сондай етіп жаратса, бақытты болар ма едік? Жоқ. Біз қандай адам болуды, қандай өмір жолын ұстануды, кімдермен дос болуды және сол сияқты нәрселерді таңдай алатынымызға қуанамыз. Біз белгілі шамада еркіндігіміздің болғанын ұнатамыз, Құдай да соны қалайды.

20, 21. Қалайша ерік бостандығын мейлінше дұрыс қолдануға болады және неге біз солай етуді қалағанымыз дұрыс?

20 Ехоба ықтиярсыз атқарылған қызметті ұнатпайды (Қорынттықтарға 2-хат 9:7). Мысалы, ата-анаға қайсысы жағымды болар еді: баласының біреудің үйретуімен “мен сені жақсы көремін” деуі ме, әлде мұны шын жүректен өзінің айтқаны ма? Сондықтан: “Ехоба берген ерік бостандығын мен қалай қолданамын?”— деп ойланып көрген орынды. Шайтан және Адам мен Хауа ерік бостандықтарын мейлінше жаман қолданды. Олар Ехоба Құдайдан бас тартты. Ал сен не істейсің?

21 Сен үшін осы бір керемет сыйды мейлінше дұрыс қолданудың мүмкіндігі бар. Атап айтқанда, Ехобаның жағына шыққан миллиондаған адамның қатарына қосылуыңа болады. Олар Құдайды қуантуда, өйткені Шайтанның өтірікші және нашар билеуші екенін белсенділікпен дәлелдеп жүр (Нақыл сөздер 27:11). Дұрыс өмір жолын таңдау арқылы сен де солай ете аласың. Келесі тарауда әңгіме осы жөнінде болады.