Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН ҮШІНШІ ТАРАУ

Өмірге деген Құдайға ұнамды көзқарас

Өмірге деген Құдайға ұнамды көзқарас
  • Құдайдың өмірге деген көзқарасы қандай?

  • Құдайдың түсік жасатуға деген көзқарасы қандай?

  • Өмірді құрметтейтінімізді біз қалай көрсетеміз?

1. Тіршілік атаулыны жаратқан кім?

ЕРЕМИЯ пайғамбар Ехобаның “тірі Құдай” екенін айтқан (Еремия 10:10). Бұған қоса, Ехоба — тіршілік атаулыны жаратқан Құдай. Көктегі тіршілік иелері оған былай деді: “Бәрін жаратқан — өзіңсің, бәрі де сенің еркіңмен бар болды әрі жаратылды” (Аян 4:11). Ал Дәуіт патша Құдайға арнап: “Өмірдің қайнар көзі сенде”,— деп жырлады (Зәбүр 36:9). Өзіміз көріп отырғандай, өмір — Құдайдың сыйы.

2. Біздің өмірімізді қолдау үшін Құдай не істеуде?

2 Сонымен қатар Ехоба өмірімізді қолдап отыр (Елшілердің істері 17:28). Ол өмір сүретін жер, жейтін азық-түлік, ішетін су беріп, демалатын ауамен де қамтамасыз етуде (Елшілердің істері 14:15—17 оқы). Ехоба мұның бәрін бізге қуаныш әкелетіндей етіп жасаған. Бірақ өмірден толық қанағат алу үшін, біз оның заңдарын біліп, оларға мойынсұнуымыз керек (Ишая 48:17, 18).

ӨМІРДІ ҚҰРМЕТТЕУ

3. Қабылдың Әбілді өлтіргеніне Құдай қалай қарады?

3 Құдай өзіміздің де, өзгенің де өмірін құрметтегенімізді қалайды. Мысалы, бірде Адам мен Хауаның үлкен ұлы Қабыл інісі Әбілге қатты ашуланады. Ехоба оған ашудың ауыр күнәға түрткі болуы мүмкін екенін ескертеді. Қабыл ескертуге құлақ аспай, “інісін бас салып, ұрып өлтіреді” (Мұсаның 1-жазбасы 4:3—8). Ехоба інісін өлтіргені үшін Қабылды жазалайды (Мұсаның 1-жазбасы 4:9—11).

4. Құдай өмірге деген дұрыс көзқарас болу керектігін Мұса Заңы арқылы қалай көрсетті?

4 Осыдан мыңдаған жылдар өте, Ехоба өзіне ұнамды түрде қызмет етулері үшін Исраил халқына заңдар берді. Мұса пайғамбар арқылы берілгендіктен, олар Мұса Заңы деп те аталады. Онда: “Кісі өлтірме”,— деген заң бар еді (Мұсаның 5-жазбасы 5:17). Бұл исраилдіктерге Құдайдың өмірді бағалайтынын және олар да өзгелердің өмірін бағалауға тиіс екендерін көрсетті.

5. Түсік жасатуға деген көзқарас қандай болу керек?

5 Ал құрсақтағы бала жөнінде не деуге болады? Мұса Заңына сәйкес, ана құрсағындағы баланы өлтіру дұрыс емес еді. Иә, тіпті жарық дүниеге келмеген баланың өмірі Ехоба үшін бағалы (Мұсаның 2-жазбасы 21:22, 23; Зәбүр 127:3 оқы). Бұл — түсік жасату дұрыс емес деген сөз.

6. Неге біз өзгелерді жек көрмеуіміз керек?

6 Өмірді құрметтейтініміз өзгелерге қалай қарайтынымыздан да көріну керек. Киелі кітапта: “Бауырласын жек көретін әркім — кісі өлтіруші. Ал кісі өлтірушіде мәңгілік өмір жоқ екенін білесіңдер”,— делінген (Жоханның 1-хаты 3:15). Егер біз мәңгі өмір сүргіміз келсе, өзгелерге деген жек көрініш атаулыны түптамырымен жоюымыз керек, өйткені зұлымдық әдетте жек көрініштен бастау алады (Жоханның 1-хаты 3:11, 12). Сондықтан бір-бірімізді сүюді үйренудің маңызы өте зор.

7. Қандай әдеттер адамның өмірді құрметтемейтінін көрсетеді?

7 Өз өмірімізді құрметтеуге қатысты не деуге болады? Әдетте, адамдардың ешқайсысы өлгісі келмейді, сөйтсе де кейбіреулер рақатқа бату үшін ғана өмірлеріне қауіп төндіріп жатады. Мысалы, көп адам темекі шегеді, насыбай атады немесе есірткі қабылдайды. Мұндай нәрселер денсаулыққа зиян келтіріп, мезгілсіз өлімге әкеліп жатады. Осындай істерге құныққан адам өмірді қасиетті деп қарастырмайды. Мұндай әдеттер Құдай алдында арам болып есептеледі (Римдіктерге 6:19; 12:1; Қорынттықтарға 2-хат 7:1 оқы). Құдайға ұнамды өмір сүргіміз келсе, олардан арылуымыз керек. Бұл оңайға соқпайтын шығар, бірақ Ехоба бізге қажетті күш береді. Құдай өмірді сый ретінде берген, әрі оны құрметтеу үшін күш салып жатқанымызды бағалайды.

8. Неге қауіпсіздік шараларын сақтауды ұмытпауымыз керек?

8 Егер өмірді құрметтейтін болсақ, қауіпсіздік шараларын сақтауды ұмытпаймыз. Біз салдыр-салақ болмаймыз және көңіл көтеру не рақатқа бату үшін ғана өмірімізді тәуекелге тікпейміз. Көлікті қалай болса солай айдаудан және қатыгез немесе қауіпті спорт түрімен шұғылданудан аулақ боламыз (Зәбүр 11:5). Көне Исраил халқына берілген Құдай заңында былай делінген еді: “Егер жаңа үй соқсаң, онда үйдің төбесіне қоршау жаса. Әйтпесе үйіңнің төбесінен әлдебіреу құлап кетіп, оның қаны үй ішіңе жүктеледі” (Мұсаның 5-жазбасы 22:8). Біреу сүрініп кетіп, құлап қалмау үшін осы заңдағы принципті ескере отырып, үйіңдегі баспалдақ сияқты нәрселердің ақаусыз болуын қадағала. Көлігің бар болса, оны қолдану қауіпсіз екендігіне көз жеткіз. Үйіңде және көлігіңде өзіңе де, өзгеге де зақым келтіретін еш нәрсе болмасын.

9. Өмірді құрметтейтін болсақ, жануарларға қалай қараймыз?

9 Жануарлар жөнінде не деуге болады? Олардың да жаны Жаратушы үшін қасиетті. Құдай киім-кешек және қорек ету немесе қауіп төнген жағдайда қорғану үшін жануарларды өлтіруге рұқсат етеді (Мұсаның 1-жазбасы 3:21; 9:3; Мұсаның 2-жазбасы 21:28). Алайда жануарларға қатыгездік жасау немесе оларды ермек үшін өлтіру дұрыс емес, әрі бұл — өмірдің қасиеттілігін құрметтемеудің белгісі (Нақыл сөздер 12:10).

ҚАНДЫ ҚҰРМЕТТЕУ

10. Өмір мен қанның тығыз байланысы бар екенін Құдай қалай көрсетті?

10 Қабыл інісі Әбілді өлтіргеннен кейін, Ехоба оған: “ініңнің төгілген қаны маған жерден үн қатып тұр!”— деді (Мұсаның 1-жазбасы 4:10). Құдай Әбілдің “қаны” дегенде, оның өмірі туралы айтқан. Қабыл Әбілдің өмірін үзді, енді сол үшін жазалануы керек-тін. Былайша айтқанда, Әбілдің қаны, немесе өмірі, Ехобаның әділдік орнатуын сұрап, үн қатып жатты. Нұхтың заманында болған Топан судан кейін өмір мен қанның арасындағы байланыс тағы да көрсетілді. Топан суға дейін адамдар тек көкөніс, жеміс-жидек, дәнді дақылдармен және жаңғақпен қоректенетін. Топан судан кейін Ехоба Нұх пен ұлдарына: “Тірі мақұлықтардың бәрі сендерге азық болады. Жасыл өсімдіктерді бергенім сияқты, олардың бәрін де сендерге беремін”,— деді. Бірақ оларға мынадай тыйым салды: “Тек олардың етін жанымен, яғни қанымен, жемеңдер” (Мұсаның 1-жазбасы 1:29; 9:3, 4). Ехобаның өмір мен қанның тығыз байланысы бар деп қарастыратыны айдан анық.

11. Нұхтың заманынан бері Құдай қанға қатысты қандай тыйым салуда?

11 Қанды тағам ретінде қолданбайтын болсақ, оны құрметтейтінімізді көрсетеміз. Исраилдіктерге берген Заңында Ехоба мынаны бұйырды: “Егер исраилдіктердің бірі аң аулап жүріп, жеуге жарамды аң не құс ұстап алса, оның қанын ағызып, жерге көміп тастасын... Мен исраилдіктерге: —Сендер қан атаулыны жеуші болмаңдар,— дедім” (Мұсаның 3-жазбасы 17:13, 14). Демек, Құдайдың шамамен 800 жыл бұрын қанды жемеуге қатысты алғашқыда Нұхқа берген заңы сол уақытта әлі күшін жоғалтпаған-ды. Ехобаның көзқарасы анық еді: оның қызметшілері малдың етін жей алады, ал қанын жеулеріне болмайды. Олар қанды жерге төгулері, былайша айтқанда өмірді оны берген Құдайға қайтарулары, керек еді.

12. Бірінші ғасырда киелі рух арқылы қанға қатысты бүгінде де күшін жоғалтпаған қандай бұйрық берілді?

12 Мәсіхшілерге де осындай бұйрық берілді. Бірінші ғасырда елшілер мен жауапкершілік жүктелген өзге де ер кісілер бас қосып, барлық мәсіхшілер қауымының қандай бұйрыққа мойынсұнулары керектігі жөнінде шешім қабылдайды. Олардың шешімі келесідей болды: “Киелі рух сендерге мына маңызды нәрселерден басқа еш ауыртпалық салмауымыз керек деген шешімге келуге көмектесті: пұттарға шалынған құрбандықтардан, қаннан, арам өлген малдың етінен және азғындықтан аулақ болыңдар” (Елшілердің істері 15:28, 29; 21:25). Сонымен, біз “қаннан аулақ жүруге” тиіспіз. Құдайға біздің жалған тәңірлер мен азғындықтан аулақ жүргеніміз қаншалықты маңызды болса, қаннан аулақ жүргеніміз де соншалықты маңызды.

Дәрігер спирттік ішімдік ішуге тыйым салса, оны тамырың арқылы қабылдар ма едің?

13. Қаннан аулақ жүруге қатысты бұйрықтың қан құйдыруға да қатысты екенін мысал арқылы түсіндір.

13 Қаннан аулақ жүруге қатысты бұйрық қан құйдыруға да болмайды дегенді білдіре ме? Иә. Мысал үшін: дәрігер саған спирттік ішімдіктерді ішуге тыйым салды делік. Бұл оларды ішуге болмағанмен, тамыр арқылы қабылдауға болады дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ! Тап сол сияқты қаннан аулақ жүру — оны қандай жолмен болмасын, денеге мүлдем қабылдауға болмайды деген сөз. Сондықтан ешкімнің тамырымыз арқылы тәнімізге қан құюына жол бермейміз.

14, 15. Егер дәрігер мәсіхшіге қан құйдыруы тиіс екенін айтса, ол не істейді және неге?

14 Мәсіхші қатты жарақат алса немесе күрделі ота жасату керек болса ше? Бәлкім, дәрігер қан құйдырмаса, аман қалмайтынын айтатын шығар. Әрине, ол мәсіхші өлгісі келмес еді. Құдайдың құнды сыйы — өмірді сақтап қалу үшін ол қанмен байланысы жоқ басқа ем қабылдауға келісер еді. Сондықтан мәсіхші қан құйдырмай емделудің жолдарын іздестіріп, лайықтысына тоқталар еді.

15 Мәсіхші осы дүниеде ұзағырақ өмір сүріп қалу үшін Құдай заңын бұзар ма еді? Иса: “Кім жанын сақтағысы келсе, одан айырылады, ал кім мен үшін жанынан айырылса, оны сақтап қалады”,— деген (Матай 16:25). Біз өлгіміз келмейді. Бірақ қазір Құдай заңын бұзу арқылы өмірімізді сақтағымыз келсе, мәңгілік өмірден айырылып қалуымыз мүмкін. Олай болса, Құдай заңының дұрыс екендігіне еш шүбәланбағанымыз даналық болады. Алда-жалда өліп кетсек, Өмір беруші Құдайымыз қайта тірілу кезінде есіне алып, қайтадан өмір сыйлайтынына толықтай сенімді болсақ болады (Жохан 5:28, 29; Еврейлерге 11:6).

16. Құдайдың қызметшілері қанға қатысты не нәрсеге белдерін бекем буған?

16 Бүгінде Құдайдың адал қызметшілері оның қанға қатысты басшылығын ұстануға белдерін бекем буған. Олар қанды тағам ретінде де, ем етінде де мүлдем қолданбайды *. Олар қанды жаратқан Құдай ненің пайдалы екенін жақсы білетініне сенімді. Сен де осыған сенесің бе?

ҚАНДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ДҰРЫС ЖОЛЫ

17. Ежелгі Исраилде қанды қолданудың Ехоба Құдайға ұнамды жалғыз жолы қандай болған?

17 Мұса Заңында қанды қолданудың жалғыз дұрыс жолы көрсетілген. Ертедегі исраилдіктердің ғибадат етуіне қатысты Ехоба былай бұйырған: “тіршілік иелерінің өмірі қанда ғой. Сендердің күнәларыңды өтеу үшін қанды құрбандық ошағына әкелуге белгіледім” (Мұсаның 3-жазбасы 17:11). Исраилдіктер күнә жасап қойса, құрбан шалып, оның қанын киелі шатырдағы, ал кейінірек ғибадатханадағы құрбандық шалатын орынға бүрку арқылы кешірімге ие болатын. Қанды дұрыс қолданудың жалғыз жолы осындай еді.

18. Исаның төгілген қанының арқасында қандай игіліктер мен баталарға ие бола аламыз?

18 Шынайы мәсіхшілер Мұса Заңын ұстанбайды, сондықтан құрбандық шалып, оның қанын құрбандық орнына бүркімейді (Еврейлерге 10:1). Алайда ежелде құрбандық орнында қанның қолданылғаны Құдай Ұлы Иса Мәсіхтің болашақта беретін аса бағалы құрбандығының нышаны болған. Бесінші тараудан білгеніміздей, Иса құрбандық ретінде қанын төгу арқылы біз үшін өмірін берген. Сосын көкке көтеріліп, төгілген қанының құнын Құдайға біржола ұсынды (Еврейлерге 9:11, 12). Бұл күнәміздің кешірілуіне негіз болды және мәңгілік өмірге жол ашты (Матай 20:28; Жохан 3:16). Қанның осылай қолданылуы қаншалықты маңызды болды десеңші! (Петірдің 1-хаты 1:18, 19). Біз Исаның төгілген қанының құндылығына сену арқылы ғана құтқарыла аламыз.

Өмір мен қанды құрметтейтініңді қалай көрсетуіңе болады?

19. “Ешкімнің қанын мойнымызға жүктемеу” үшін не істеуге тиіспіз?

19 Ехоба Құдайдың біз өмір сүру үшін сүйіспеншілікпен осындай шара жасанғанына дән ризамыз! Бұл бізге өзгелердің де Исаның құрбандығына сеніп, мәңгілік өмірге ие болуға мүмкіндіктері бар екендігі туралы айтуға қозғау салады емес пе? Ехобаның өмірге деген көзқарасын білгеніміз осы хабарды зор құлшыныспен жариялауға талпындырады (Езекиел 3:17—21 оқы). Егер осы істі бар ықыласымызбен орындасақ, біз де Пауыл сияқты: “менің мойнымда ешкімнің қаны жоқ, өйткені сендерге Құдай еркін түгел айтудан тартынбадым”,— дей аламыз (Елшілердің істері 20:26, 27). Адамдарға Құдай мен оның еркі туралы айту — өмірді және қанды жоғары бағалайтынымызды көрсетудің керемет жолы.

^ 16-абзац Қан құйдырмай емдеу тәсілдері жөніндегі мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Қан өміріңді қалай сақтап қала алады?” (ор.) кітапшасын қара.