Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Отбасы өмірін қалай бақытты етуге болады?

Отбасы өмірін қалай бақытты етуге болады?
  • Жақсы күйеу болу үшін не істеу керек?

  • Әйел отбасында өз рөлін қалай жақсы атқара алады?

  • Жақсы ата-ана болу үшін не істеу керек?

  • Отбасы бақытты болу үшін балалар қалай өз үлестерін қоса алады?

1. Отбасы бақытты болу үшін не істеу қажет?

ЕХОБА ҚҰДАЙ сенің отбасының бақытты болғанын қалайды. Құдай өз Сөзі Киелі кітапта отбасы мүшелерінің әрқайсысының өз рөлдерін қалай атқару керектігіне қатысты басшылық берген, әрі олардың сол басшылықты өмірде қолданғандарын қалайды. Әрқайсысының өз рөлін Құдай белгілегендей атқарғаны отбасының бақытты болуына ықпал етеді. Иса: “Құдай Сөзін естіп, оны орындайтындар бақытты!”— деген (Лұқа 11:28).

2. Отбасы бақытты болу үшін нені мойындау керек?

2 Отбасы бақыты, негізінен, мынаны мойындауымызға байланысты: отбасына Иса “Әкеміз” деп атаған Ехоба Құдай бастау берген (Матай 6:9). Жер бетінде көтерілген әрбір шаңырақ көктегі Әкенің арқасында пайда болып отыр. Сондықтан отбасы өмірін қалай бақытты қылуға болатынын оның білетіндігінде еш күмән жоқ (Ефестіктерге 3:14, 15). Олай болса, отбасы мүшелерінің атқаратын рөлдері жөнінде Киелі кітап не нәрсеге үйретеді?

ОТБАСЫ ҚҰДАЙДАН БАСТАУ АЛҒАН

3. Отбасының қалай бастау алғаны туралы Киелі кітапта не айтылған және неге бұны шындық деуге болады?

3 Ехоба алғашқы адамдар Адам ата мен Хауа ананы жаратқан соң, оларды қосып, күйеуі мен әйелі етті. Оларды жердегі керемет жұмаққа — Едем бағына — қоныстандырып, балалы болулары керек екенін айтты. “Өсіп-өніп көбейіңдер, ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар”— деді ол (Мұсаның 1-жазбасы 1:26—28; 2:18, 21—24). Бұл жай ғана аңыз емес, өйткені Исаның сөздерінен Мұсаның 1-жазбасы кітабындағы отбасының қалай бастау алғаны туралы мәліметтің шынайы екендігі көрінеді (Матай 19:4, 5). Біз көптеген қиыншылықтарға кезігеміз және бүгінде өмір Құдайдың о бастағы ниетіне сай емес, осыған қарамастан отбасы бақытты бола алады. Неге бұлай деуге болатынын қарастырып көрейік.

4. а) Қалайша отбасы мүшелерінің әрқайсысы оның бақытты болуына үлес қоса алады? ә) Неге отбасының бақытты болуы үшін Исаның өмірін зерттеу өте маңызды?

4 Құдайдың сүйіспеншілігіне еліктеу арқылы үй ішіндегілердің әрқайсысы отбасының бақытты болуына үлес қоса алады (Ефестіктерге 5:1, 2). Алайда біз Құдайды көре алмаймыз ғой, онда қалайша оған еліктей аламыз? Ехобаның жалғыз Ұлын жерге жібергенінің арқасында біз оның қалай әрекет ететінін біле аламыз (Жохан 1:14, 18). Жерде өмір сүргенде Иса Мәсіхтің көктегі Әкесіне тура еліктегені соншалық — Исаны көріп, оның айтқандарын тыңдау Ехоба мен бірге жүріп, оны тыңдаумен бірдей болған (Жохан 14:9). Сол себепті Исаның қалай сүйіспеншілік танытқаны туралы көбірек білу және оған еліктеу арқылы отбасымыздың бақытты болуына бәріміз де үлес қоса аламыз.

КҮЙЕУЛЕР ҮШІН ҮЛГІ

5, 6. а) Қай жағынан Иса күйеулерге үлгі қалдырды? ә) Күнәлары кешірілу үшін адам не істеуге тиіс?

5 Киелі кітапта Иса шәкірттеріне қалай қараса, күйеулердің де әйелдеріне солай қарау керектігі айтылған. Онда мынадай басшылық бар: “Күйеулер, әрдайым әйелдеріңді сүйіңдер. Мәсіх те қауымды сүйді, әрі сол үшін өмірін қиды! ...Тап солай, күйеулер әйелдерін өз тәніндей сүюлері керек. Әйелін сүйген өзін де сүйеді. Ешкім де өз тәнін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, аялап күтеді. Мәсіх те қауымға осылай етеді” (Ефестіктерге 5:23, 25—29).

6 Исаның қауымға деген сүйіспеншілігі күйеулерге кемелді үлгі болып табылады. Иса кемелсіздіктеріне қарамастан, өмірін шәкірттері үшін құрбан етуімен “оларды ақырына дейін сүйді” (Жохан 13:1; 15:13). Сол сияқты күйеулер де “әйелдерін сүйіп, оларға дөрекілік жасамау” керек (Қолостықтарға 3:19 сілтемені қара). Ер адамның осы кеңесті ұстануына, әсіресе әйелі ойланбастан әрекет еткенде, не көмектеседі? Ол өзінің де қателік жіберетінін және Құдайдың кешіріміне ие болу үшін не істеуге міндетті екенін есте сақтау керек. Сонда ол не істеуге міндетті? Ол өзіне қарсы күнә жасағандарды кешіруге тиіс, ал ондай адамдарға әйелі де кіреді. Әлбетте, әйелі де солай істеу керек (Матай 6:12, 14, 15 оқы). Әдетте, бақытты отбасы — кешіруге дайын екі адамның одағы деп жатады. Жоғарыда айтылғандарды ескерсек, мұның мәнін түсіну қиын емес.

7. Иса нені ескерген және күйеулер оған қалай еліктей алады?

7 Сонымен қатар күйеулер Исаның әрқашан шәкірттерінің қамын ойлағанын есте ұстаулары керек. Ол олардың мүмкіншіліктерінің шектеулі екенін ескерген және тәндік қажеттіліктерін ұмытпаған. Бірде шәкірттері шаршағанда, Иса оларға: “Жүріңдер, менімен бірге оңаша жерге барып, аздап тынығып алыңдар”— дейді (Марқа 6:30—32). Сол сияқты әйелдердің де қажеттіліктері мұқият ескеріліп отыру керек. Киелі кітапта олар “нәзік құтыға” теңелген, әрі күйеулерге әйелдеріне “құрмет көрсету” бұйырылған. Неліктен? Өйткені “Құдай рақымының арқасында” күйеулер де, әйелдер де “өмірді мұра етеді” (Петірдің 1-хаты 3:7). Күйеулер мынаны ұмытпаулары керек: адамды Құдай алдында бағалы ететін — жынысы емес, адалдығын сақтағаны (Зәбүр 101:6).

8. а) Неге “әйелін сүйген [күйеу] өзін де сүйеді” деуге болады? ә) “Біртұтас” болу ерлі-зайыптылар үшін нені білдіреді?

8 Киелі кітапта “әйелін сүйген [күйеудің] өзін де сүйетіні” айтылған. Мұның себебі — Иса айтқандай, еркек пен оның әйелі “енді екеу емес, біртұтас” (Матай 19:6). Сондықтан олар тек бір-бірімен ғана жыныстық қатынаста болу керек (Нақыл сөздер 5:15—21; Еврейлерге 13:4). Ол үшін әрқайсысы тек өзін ойламай, бір-бірінің қажеттіліктерін ескеру керек (Қорынттықтарға 1-хат 7:3—5). Келесі жайтты елеусіз қалдырмаған жөн: “Ешкім де өз тәнін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, аялап күтеді”. Күйеулер өздерінің басы Иса Мәсіхке есеп беретіндерін есте ұстай отырып, әйелдерін өздеріндей сүю керек (Ефестіктерге 5:29; Қорынттықтарға 1-хат 11:3).

9. Філіпіліктерге 1:8-де Исаның қандай қасиеті туралы айтылған және неліктен күйеулер осы қасиетті таныту керек?

9 Елші Пауылдың сөздерінен Исаның бойында аяулы сезім болғанын байқауға болады (Філіпіліктерге 1:8). Исаның осындай жанға жай беретін қасиеті оның шәкірті болған әйелдер үшін аса тартымды еді (Жохан 20:1, 11—13, 16). Әйелдер де күйеулерінің осындай аяулы сезім көрсеткендерін қатты қалайды.

ӘЙЕЛДЕР ҮШІН ҮЛГІ

10. Басшылық принципін ұстануда әйелдер Исаға қалай еліктей алады?

10 Отбасы ұйыған айрандай болу үшін, басшылықты отағасы қолға алу керек. Тіпті Исаның да Басы болған. “Мәсіхтің басы Құдай” болса, “әйелдің басы — еркек” (Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Құдайдың басшылығына Исаның мойынсұнуы біз үшін керемет үлгі болып табылады, өйткені бәріміз де біреуге бойсұнуымыз керек.

11. Әйелдің отағасына деген көзқарасы қандай болу керек және оның жүріс-тұрысы күйеуіне қалай әсер етуі мүмкін?

11 Кемелсіз адам қателесуге бейім, әрі жақсы отағасы болу қолынан келе бермейді. Олай болса, әйел не істеу керек? Әйелі күйеуінің істерін, я болмаса отағасы ретінде өз міндетін атқаруға тырысып жатқанын жоққа шығармағаны дұрыс. Рухының мейірімді де сабырлы болғаны Құдай алдында аса бағалы екенін оның ұмытпағаны жақсы (Петірдің 1-хаты 3:4). Осындай рух танытса, тіпті қиын жағдайларда да басшылық принципін ұстану оған әлдеқайда оңай болады. Оның үстіне, Киелі кітапта: “Әйел болса күйеуіне зор құрмет көрсетсін”,— делінген (Ефестіктерге 5:33). Ал күйеуі Мәсіхті өзінің Басы деп мойындамаса ше? Киелі кітап әйелдерді мынаған шақырады: “Әйелдер, күйеулеріңе бағыныңдар. Осылайша Құдай сөзіне мойынсұнбайтын күйеулерің сөздерің арқылы емес, жүріс-тұрыстарың арқылы оған мойысұнатын болсын. Олар таза жүріс-тұрыстарыңды әрі өздерін барынша құрметтейтіндеріңді көргенде, осылай болмақ” (Петірдің 1-хаты 3:1, 2).

12. Неге әйелдің өз ойын құрметпен білдіруі оғаш нәрсе емес?

12 Ерлі-зайыптылардың ойлары бір жерден шықпаған жағдайда, күйеуі сенуші болсын-болмасын, әйелдің өз ойын ілтипатпен білдіргені — отағасын құрметтемейтіндігінің белгісі емес. Оның айтқандары дұрыс болып, әрі күйеуі оған құлақ асса, мұның игілігін бүкіл отбасы көруі мүмкін. Бірде әйелі Сара отбасында туған қиындықты шешуге қатысты ұсыныс жасағанда, Ыбырайым келіспеген еді. Бірақ Құдай оған “Сараның сөзіне құлақ асуды” айтты (Мұсаның 1-жазбасы 21:9—12 оқы). Отағасы белгілі бір мәселеде Құдай заңына қайшы келмейтін шешім қабылдаса, оны қолдауымен әйелі мойынсұнғыштығын көрсетеді (Елшілердің істері 5:29; Ефестіктерге 5:24).

Сара әйелдерге қандай жақсы үлгі қалдырған?

13. а) Титке 2:4, 5-те тұрмыстағы әйелдер не істеуге шақырылады? ә) Киелі кітапта бөлек тұру мен ажырасуға қатысты не делінген?

13 Әйел отбасының игілігі үшін көп нәрсе істей алады. Мысалы, Киелі кітапта тұрмыстағы әйелдер “өз күйеулері мен балаларын сүюге, есті, пәк таза, үй шаруасына ұқыпты әрі ізгілікті болуға, күйеулеріне мойынсұнуға” шақырылады (Титке 2:4, 5). Осылай ететін әйелді әрі ананы отбасы әрдайым сүйіп, құрметтейтін болады (Нақыл сөздер 31:10, 28 оқы). Неке — екі кемелсіз адамның одағы, сондықтан қандай да бір келеңсіз жайттардың кесірінен ерлі-зайыптылардың бөлек тұруы немесе отбасының ойран болуы мүмкін. Киелі кітапқа сай, кейбір жағдайларда бөлек тұруға тыйым салынбайды. Дегенмен бөлек тұруға жеңіл-желпі қарауға болмайды, өйткені Киелі кітапта: “әйел күйеуінен кетпеу керек... Күйеу де әйелінен кетпеу керек”— деген бұйрық бар (Қорынттықтарға 1-хат 7:10, 11). Ал Жазбаларға сай, ажырасуға негіз беретін жалғыз себеп — ерлі-зайыптылардың біреуінің неке адалдығын бұзуы (Матай 19:9).

АТА-АНАЛАР ҮШІН КЕМЕЛДІ ҮЛГІ

14. Иса балаларға қалай қараған және ата-аналардың тарапынан балаларға не қажет?

14 Исаның балаларға қалай қарағаны ата-аналар үшін кемелді үлгі болып табылады. Иса бөбектердің өзіне жақындауына бөгет жасағандарға: “Балалардың маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар”— деген. Киелі кітапта осыдан кейін оның “балаларды құшақтап, үстеріне қолын қойып бата бергені” айтылған (Марқа 10:13—16). Иса балаларға уақыт бөлген, ендеше біз де өз ұл-қыздарымызға уақыт бөлуіміз керек емес пе? Олар өздеріне азғана емес, көп уақыт бөлгенімізді қажет етеді. Сондай-ақ біз оларға тәлім-тәрбие беруге уақыт бөлуіміз керек, өйткені бұл — Ехобаның ата-аналарға қоятын талабы (Мұсаның 5-жазбасы 6:4—9 оқы).

15. Ата-аналар балаларын қорғау үшін не істей алады?

15 Қазіргі дүниеде зұлымдық барған сайын кең етек алып барады, сондықтан ата-аналар балаларын арам пиғылды адамдардан, мысалы балаларды азғырушылардан, қорғаулары қажет. Иса мейіріммен “балаларым” деп атаған шәкірттерін қалай қорғағанын қарастырып көрейік. Тұтқынға алынып, көп ұзамай өлімге кесілуі керек шақта Иса шәкірттерінің құтылып кетуі үшін қам жасаған (Жохан 13:33; 18:7—9). Әке не ана болсаң, жас балаларың Шайтанның қармағына ілініп қалмау үшін қырағы болуың керек. Оларды алдын ала ескертіп, сақтандырғаның дұрыс * (Петірдің 1-хаты 5:8). Өйткені осы күнге дейін оларға тәндік, рухани және құлықтылық жағынан осыншама қауіп төнген емес.

Исаның балаларға қалай қарағанынан ата-аналардың қандай үлгі алуына болады?

16. Шәкірттерінің кемшіліктеріне Исаның қалай қарағанынан ата-аналар не нәрсеге үйрене алады?

16 Иса өлетін түні шәкірттері қайсымыз ұлымыз деп өзара дауласады. Бірақ Иса ашуланған жоқ, қайта, сөзімен де, ісімен де оларды ақылға келуге шақырудан талмаған (Лұқа 22:24—27; Жохан 13:3—8). Балаларың бар болса, олардың қателіктерін түзетуде Исаға қалай еліктеуге болатынын байқадың ба? Рас, оларды жөнге салу керек, бірақ мұны “тиісінше істеу”, яғни шектен шықпау керек, әрі мұны ешқашан ашу үстінде істемеген дұрыс. Сонымен қатар біз ойланбай сөйлеп, “тілімізбен семсердей жаралағымыз” келмейді (Еремия 30:11; Нақыл сөздер 12:18). Жөнге салғанда, мынаны ескерген дұрыс: кейінірек бала оның шынымен орынды болғанын түсіну керек (Ефестіктерге 6:4; Еврейлерге 12:9—11).

БАЛАЛАР ҮШІН ҮЛГІ

17. Иса қай жағынан балаларға кемелді үлгі қалдырған?

17 Ал балалар үшін Иса үлгі қалдырған ба? Әрине, қалдырған! Балалардың ата-аналарына қалай мойынсұну керектігін Иса іс жүзінде көрсеткен. Ол: “Әкем не үйретсе, соны айтатынымды білесіңдер”,— деген. Сосын былай деп қосты: “Мен әрқашан Оған ұнайтынды істеймін” (Жохан 8:28, 29). Иса көктегі Әкесіне мойынсұнған. Киелі кітапта балалардың да ата-аналарына бойсұну керектігі айтылған (Ефестіктерге 6:1—3 оқы). Иса кемелді бала болғанына қарамастан, кемелсіз ата-анасы Жүсіп пен Мәриямның тілін алып жүрген. Мұның бүкіл отбасының бақытты болуына ықпал еткендігі сөзсіз! (Лұқа 2:4, 5, 51, 52).

18. Неге Иса көктегі Әкесіне әрқашан мойынсұнған және бүгінде балалардың ата-аналарына бойсұнғаны кімді қуантады?

18 Балалар Исаға көбірек еліктеудің жолдарын іздестіріп, ата-аналарын қуанышқа бөлей ала ма? Рас, кейде ата-анаға бағыну қиын болып көрінуі мүмкін, бірақ Құдай балалардан осыны күтеді (Нақыл сөздер 1:8; 6:20). Иса тіпті аса қиын шақтарда да көктегі Әкесіне мойынсұнған. Бірде Құдай еркін орындау Иса үшін ерекше қиын болғанда, ол: “Бұл тостағаннан маған ішкізе көрме”,— деген. Бірақ Иса бәрібір Құдайдың өтінішін орындаған, өйткені аталмыш жағдайда ненің жақсы болатынын Әкесінің жақсырақ білетінін түсінген (Лұқа 22:42). Балалар мойынсұнғыш болуды үйренсе, ата-аналарын да, көктегі Әкелерін де қатты қуантады * (Нақыл сөздер 23:22—25).

Сыналған кездерінде, жастар не жайында ойлану керек?

19. а) Шайтан жастарды қалай сынайды? ә) Баласының әдепсіз қылығы ата-анаға қалай әсер етеді?

19 Кезінде Ібіліс Исаны сынаған. Бүгінгі күні де оның жастарды жамандық істеуге азғыратынына күмәнданбасақ та болады (Матай 4:1—10). Ібіліс Шайтан құрбы-құрдастар арқылы қысым жасайды. Ал бұған қарсы тұру — оңай нәрсе емес. Олай болса, балалардың жамандық жасаушылармен араласпағаны өте маңызды (Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Жақыптың қызы Дина Ехобаға қызмет етпейтін адамдармен араласуды әдетке айналдырып, мұның арты көп қиындыққа ұшыратқан болатын (Мұсаның 1-жазбасы 34:1, 2). Үй ішінде біреудің азғындыққа баруы отбасына қаншалықты ауыр тиетінін ойлап көрші (Нақыл сөздер 17:21, 25).

ОТБАСЫ БАҚЫТЫНЫҢ КІЛТІ

20. Отбасы бақытты болу үшін үй ішіндегілердің әрқайсысы не істеу керек?

20 Отбасында Киелі кітап кеңестері қолданылатын болса, қиыншылықтарды шешу жеңілдейді. Иә, Киелі кітап кеңестерін қолдану — отбасы бақытының кілті. Сондықтан күйеулер, әйелдеріңді сүйіңдер және Исаның қауымға қалай қарайтынынан үлгі алыңдар. Әйелдер, күйеулеріңнің басшылығына мойынсұныңдар, Нақыл сөздер 31:10—31 тармақтарда суреттелген жақсы әйелдің үлгісіне еліктеңдер. Ата-аналар, балаларыңа тәлім-тәрбие беріңдер (Нақыл сөздер 22:6). Отағалары, “отбасыларыңа жақсы басшылық” етіңдер (Тімөтеге 1-хат 3:4, 5; 5:8). Балалар, ата-аналарыңның тілін алыңдар (Қолостықтарға 3:20). Отбасы мүшелерінің ешқайсысы кемелді емес, сондықтан бәрі де қателік жібереді. Осыны ескере отырып, кішіпейілділікпен бір-біріңнен кешірім сұраңдар.

21. Алда қандай керемет болашақ бар және қазірдің өзінде отбасын қалай бақытты етуге болады?

21 Расында да, Киелі кітапта отбасына қатысты көптеген бағалы кеңестер мен нұсқаулар бар. Сонымен қатар одан Құдайдың жаңа дүниесі туралы және жер бетінде орнаған жұмақты Ехобаға қызмет ететін бақытты адамдар толтыратыны жөнінде білуге болады (Аян 21:3, 4). Неткен керемет болашақ! Бірақ қазірдің өзінде Құдай Сөзі Киелі кітапта жазылған нұсқауларды өмірде қолданып, отбасын бақытты етуге болады.

^ 15-абзац Балаларды қалай қорғауға болатынына қатысты мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Ұлы Ұстаздан үйренейік” кітабының 32-ші тарауынан табуға болады.

^ 18-абзац Әкесі немесе анасы Құдай заңын бұзуды талап етсе ғана, бала оған мойынсұнудан бас тартады (Елшілердің істері 5:29).