Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН ЖЕТІНШІ ТАРАУ

Құдайға дұға арқылы жақында

Құдайға дұға арқылы жақында
  • Неге Құдайға дұға етуіміз керек?

  • Құдай дұғаларымызға құлақ асу үшін не істеуіміз керек?

  • Құдай дұғаларымызға қалай жауап береді?

“Аспан мен жерді жаратқан” Ехоба дұғаларымызға құлақ асуға дайын

1, 2. Неге дұғаны зор мәртебе деп қарастыруымыз керек және Киелі кітаптың бұл жөнінде не нәрсеге үйрететін білгеніміз неге маңызды?

ҰЛАН-ҒАЙЫР Әлеммен салыстырғанда, Жер кіп-кішкентай. Ал “көк пен жерді жаратқан” Ехоба үшін көптеген халықтар шелектегі судың бір тамшысындай-ақ (Зәбүр 115:15; Ишая 40:15). Сөйтсе де Киелі кітапта: “Ехоба өзін шақыратындардың бәрінің қасында, өзін шын жүректен шақыратындардың бәрінің жанында. Ол өзінен қорқатындардың тілегін орындайды, көмек сұраған үндерін естіп, аман сақтайды”,— делінген (Зәбүр 145:18, 19). Ойлап көрші, “шын жүректен шақыратын” болсақ, құдіретті Жаратушының өзі жанымыздан табылып, дұғаларымызды естиді! Құдайға дұға ету неткен мәртебе!

2 Алайда Ехобаның дұғаларымызды тыңдағанын қаласақ, оған ұнамды болатындай етіп сыйынуымыз керек. Ал мұны Киелі кітаптың дұға жөнінде не нәрсеге үйрететінін түсініп алмай, істей алмайсың. Жазбаларда бұған қатысты не айтылатынын білу өте маңызды, өйткені дұға Ехобаға жақындауға көмектеседі.

НЕГЕ ЕХОБАҒА ДҰҒА ЕТУІМІЗ КЕРЕК?

3. Ехобаға дұға ету керектігінің маңызды бір себебі қандай?

3 Ехобаға дұға ету керектігінің маңызды бір себебі — оның өзі солай етуге шақырады. Оның Сөзінде былай делінген: “Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер. Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Иса арқылы сақтайды” (Філіпіліктерге 4:6, 7). Сөз жоқ, Әлемнің Ең жоғарғы Билеушісінің біз үшін жасаған осындай шарасына немкетті қарауды қаламас едік.

4. Үнемі дұға еткеніміз Ехобамен қарым-қатынасымызды қалай нығайтады?

4 Дұға етудің тағы бір себебі — үнемі мінажат ету арқылы Ехоба мен қарым-қатынасымызды нығайтамыз. Нағыз жолдастар өздеріне бір нәрсе керек болғанда ғана сөйлеспейді. Керісінше, олар бір-бірінің хал-жағдайын сұрасып тұрады, ал шер тарқатып, өз сезімдері жөнінде айтып, ойларымен еркін бөліскен сайын, достық қарым-қатынастары нығая түседі. Қандай да бір мағынада, біздің Ехоба Құдаймен қарым-қатынасымызға қатысты да осылай деуге болады. Осы кітаптың көмегімен сен Ехоба туралы және оның болмысы мен ниетіне қатысты Киелі кітаптың не нәрсеге үйрететіні жөнінде біраз жайттарды білдің. Ехобаның тұлға екеніне көз жеткіздің. Сен дұға арқылы көктегі Әкеңе көкейіңдегі ойларың мен жан адамға айтпайтын сезімдеріңді аша аласың. Осылай еткен сайын, Ехобаға жақындай түсесің (Жақып 4:8).

ҚҰДАЙ ДҰҒАЛАРЫМЫЗДЫ ЕСТУ ҮШІН НЕ ТАЛАП ЕТІЛЕДІ?

5. Ехобаның барлық дұғаларды тыңдамайтыны неден көрінеді?

5 Ехоба барлық дұғаларды тыңдай ма? Ишая пайғамбардың күндерінде Құдай бүлікшіл исраилдіктерге не айтқанын қарастырып көрейік: “Қанша дұға етсеңдер де, сөздеріңе құлақ салмаймын, өйткені қолдарың қанға малынған” (Ишая 1:15). Демек, белгілі бір әрекеттеріміздің кесірінен Құдай дұғаларымызды тыңдамай қоюы мүмкін. Сондықтан Құдай дұғаларымызды ұнамды деп тауып, оларды тыңдау үшін, негізгі талаптарды орындауға тиіспіз.

6. Құдай дұғаларымызды тыңдау үшін қойылатын басты талап қандай және біз оны қалай орындай аламыз?

6 Ең басты талап — сенім таныту (Марқа 11:24 оқы). Елші Пауыл былай деп жазды: “Сенім болмаса Құдайға ұнау мүмкін емес. Өйткені Құдайға жақындайтын әркім оның бар екеніне және өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретініне сену керек” (Еврейлерге 11:6). Сенім таныту деген Құдайдың бар екенін және оның дұғаларды естіп, оларға жауап беретінін білуден әлдеқайда көп нәрсені білдіреді. Сеніміміз ісімізбен дәлелденеді. Күнделікті өмірімізден сеніміміздің бар екені анық көрініп тұру керек (Жақып 2:26).

7. а) Неліктен Ехобаға дұға еткенде, құрметпен сөйлеуіміз керек? ә) Құдайға дұға еткенде, қалай кішіпейілділік пен шынайылық көрсете аламыз?

7 Ехоба дұғаларымызды есту үшін қойылатын келесі талап — кішіпейілділік пен шынайылық. Ехобамен сөйлескенде, кішіпейіл болуымызға келелі себеп бар, солай емес пе? Ел басы немесе министрмен кездесудің орайы түссе, әдетте адам жоғары дәрежелі басшының алдында тұрғанын түсініп, құрметпен сөйлейді. Олай болса, Ехобаға дұға еткенде, оны қаншалықты құрметтеуіміз керек десеңші! (Зәбүр 138:6). Өйткені Ехоба Құдіреті шексіз Құдай ғой (Мұсаның 1-жазбасы 17:1). Оған қалай дұға ететінімізден жұмыр басты пенде екенімізді кішіпейілділікпен мойындайтынымыз көрініп тұру керек. Мұндай кішіпейілділік болса, өз кезегінде, шын жүректен дұға етуге талпындырады. Сонда біз ойланбастан дұға етуден немесе жаттанды сөздерді қайталай беруден аулақ боламыз. Иса былай деген: “Дұға еткенде, басқа ұлт адамдары іспетті бір нәрсені қайталай бермеңдер” (Матай 6:7, 8).

8. Қалай біз дұғаларымызға сай әрекет ете аламыз?

8 Бізге қойылатын келесі талап — біз дұғаларымызға сай әрекет етуіміз керек. Ехоба бізден сұраған нәрселерімізге сай әрекет ету үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейді деп күтеді. Мысалы, “бүгінгі күнге қажетті нанымызды бере көр” деп дұға етсек, аянбай еңбек етіп, табылған жұмысты істеуге тиіспіз (Матай 6:11; Салоникалықтарға 2-хат 3:10). Ал егер дұғада тән әлсіздігімен күресуге көмек сұрасақ, азғырылуға итермелеуі мүмкін жағдайлардан аулақ жүру үшін сақ болу керек (Қолостықтарға 3:5). Біз дұғаға қатысты негізгі талаптармен таныстық, енді бірнеше маңызды сұрақты қарастырып көрейік.

ДҰҒАҒА ҚАТЫСТЫ КЕЙБІР СҰРАҚТАРДЫҢ ЖАУАПТАРЫ

9. Біз кімге және кім арқылы дұға етуіміз керек?

9 Кімге дұға етуіміз керек? Иса ізбасарларын “көктегі Әкеге” дұға етуге үйретті (Матай 6:9). Олай болса, біз тек Ехоба Құдайға дұға етуіміз керек. Алайда Ехоба өзінің жалғыз Ұлы Иса Мәсіхтің дәрежесін мойындауды талап етеді. Бесінші тараудан білгеніміздей, Иса төлемімізді өтеп, бізді күнә мен өлімнен босату үшін жер бетіне жіберілген еді (Жохан 3:16; Римдіктерге 5:12). Ол — тағайындалған Бас діни қызметкер және Төреші (Жохан 5:22; Еврейлерге 6:20). Сол себепті Жазбаларда Иса арқылы дұға етуіміз керектігі айтылған. Оның өзі былай деген: “Жол, шындық және өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге келе алмайды” (Жохан 14:6). Сонымен біз Иса арқылы тек Ехобаға дұға етуіміз керек. Сонда ол біздің дұғаларымызды естиді.

10. Неге дұға еткенде, денені белгілі бір қалыпта ұстау талап етілмейді?

10 Дұға еткенде, денемізді белгілі бір қалыпта ұстауымыз керек пе? Жоқ. Ехоба қолдарымыздың да, денеміздің де белгілі бір қалыпта болуын талап етпейді. Киелі кітаптан түрлі қалыпта — отырып, иіліп, тізе бүгіп және тұрып дұға ете беруге болатыны көрінеді (Шежірелер 1-жазба 17:16; Нехемия 8:6; Даниял 6:10; Марқа 11:25). Ең маңыздысы — денені өзгелердің назарына ілігетіндей арнайы қалыпта ұстау емес, ниеттің дұрыс болуы. Расында да, біз күнделікті істерімізбен айналысқанда немесе күтпеген жағдайға кезіккенде, кез келген жерде іштей дұға ете аламыз. Ехоба айналадағы адамдар байқамай да қалуы мүмкін осындай дұғаларды естиді (Нехемия 2:1—6).

11. Жеке басымызға қатысты қандай нәрселер жөнінде дұға еткен орынды?

11 Не жөнінде дұға етуге болады? Киелі кітап былай деп түсіндіреді: “Оның еркіне сай не сұрасақ та, Құдайдың бізге құлақ асатынына кәміл сенеміз” (Жоханның 1-хаты 5:14). Демек, Құдайдың еркіне сай кез келген нәрсе жөнінде дұға етуімізге болады. Ал жеке басымызға қатысты нәрселер жөнінде дұға ету оның еркіне сай ма? Әрине! Ехобаға дұға айту жақын досымызбен сөйлескенге ұқсайды. Оған көңіліміздегіні ашық айтып, шер тарқатуға болады (Зәбүр 62:8). Киелі рух сұрап дұға еткен де дұрыс, өйткені ол бұрыс әрекеттен аулақ болуға көмектеседі (Лұқа 11:13). Сонымен қатар дана шешімдер қабылдауға басшылық және қиындықтарға төзу үшін күш сұрай аламыз (Жақып 1:5). Күнә жасап қойсақ, Мәсіхтің құрбандығына негізделе отырып кешірім сұраған жөн (Ефестіктерге 1:3, 7). Әрине, дұғаларымыз жеке басымызға қатысты нәрселер жөнінде ғана болмау керек. Біздің өзіміз жайлы ғана емес, туыстарымыз бен бауырластарымыз үшін де дұға еткеніміз дұрыс (Елшілердің істері 12:5; Қолостықтарға 4:12).

12. Көктегі Әкемізбен байланысты нәрселерді дұғаларымызда басты орынға қоятынымызды қалай көрсетуге болады?

12 Ехоба Құдаймен байланысты нәрселер дұғаларымызда басты орында болу керек. Құдайды шын жүректен мадақтап, әрі барлық игілігі үшін оған ризашылық білдіруге себеп бар екендігінде дау жоқ (Шежірелер 1-жазба 29:10—13). Матай 6:9—13 (оқы) тармақтарда жазылған үлгілі дұғасында Иса қалай мінажат ету керектігін үйреткен. Ол алдымен Құдай есімінің қастерленуін, сосын, Құдай Патшалығының орнауын және оның еркінің көкте орындалғандай жер бетінде де орындалуын сұрау керектігін айтқан. Ехобамен байланысты осы маңызды нәрселерден кейін ғана Иса жеке бастың қажеттіліктеріне көңіл бөлген. Сол сияқты дұғаларымызда Құдаймен байланысты нәрселер басты орында болса, бізді өз игілігіміз ғана емес, басқа да маңызды жайттар қызықтыратынын көрсетеміз.

13. Жазбалардан дұғалардың ұзақтығы жөнінде не білуге болады?

13 Қанша уақыт дұға ету керек? Киелі кітапта жеке не көпшіліктің алдында айтылатын дұғалардың ұзақтығы қандай болу керектігі айтылмаған. Дұға ас алдындағы іспетті қысқа немесе көңіліміздегіні ақтарып, Ехобамен жеке сырласқандағы сияқты ұзақ болуы мүмкін (Самуилдің 1-жазбасы 1:12, 15). Алайда Иса басқалардың көзіне түсу үшін ұзақ мінажат ететін өз әділдігіне сенімді адамдарды айыптаған (Лұқа 20:46, 47). Мұндай дұғалармен Ехобаны таңғалдыра алмайсың. Әлдеқайда маңыздысы — дұғаның жүрегімізден шыққаны. Сондықтан Ехоба тыңдайтын дұғалардың ұзақтығы қажеттіліктерге және жағдайға қарай әртүрлі болуы мүмкін.

Сенің дұғаң кез келген жағдайда Құдайдың құлағына жетеді

14. Киелі кітаптың “ұдайы дұға етуге” шақыруы нені білдіреді және бұл неге жұбаныш береді?

14 Қаншалықты жиі дұға ету керек? Киелі кітап бізді “ұдайы дұға етуге” шақырады (Матай 26:41; Римдіктерге 12:12; Салоникалықтарға 1-хат 5:17). Әрине, бұл сөздер күні бойы, тоқтамастан дұға ете беру керек дегенді білдірмейді. Мұнда Киелі кітап бізді жүйелі түрде дұға етіп, Ехобаның жасаған игіліктеріне ұдайы ризашылық білдіруге және одан басшылық, жұбаныш пен күш сұрап отыруға шақырады. Ехобаның қанша уақыт және қанша рет дұға ететінімізге шектеу қоймайтыны көңілімізге жұбаныш береді емес пе? Егер дұға ету мәртебесін шынымен бағалайтын болсақ, көктегі Әкемізбен сөйлесудің мүмкіндігін қалт жібермейтін боламыз.

15. Жеке не көпшіліктің атынан айтылған дұғаның соңында неге “аумин” деуіміз керек?

15 Неге дұғаның соңында “аумин” деу керек? “Аумин” сөзі “рас” немесе “солай болсын” дегенді білдіреді. Жазбалардағы мысалдардан дұғаны, мейлі ол жеке не көпшіліктің атынан айтылсын, “аумин” деп аяқтау орынды екені көрінеді (Шежірелер 1-жазба 16:36; Зәбүр 41:13). Жеке дұғамыздың соңында “аумин” деуімізбен оны шын жүректен айтқанымызды растаймыз. Біреудің көпшілік атынан айтқан дұғасының соңында іштей не дауыстап “аумин” деуімізбен оның сөздерімен келісетінімізді көрсетеміз (Қорынттықтарға 1-хат 14:16).

ҚҰДАЙ ДҰҒАЛАРЫМЫЗҒА ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕДІ?

16. Дұғаларымызға қатысты не нәрсеге сенімді бола аламыз?

16 Ехоба дұғаларымызға жауап беретініне сенімді бола аламыз ба? Әрине! “Дұғаларды тыңдайтын” Құдайымыздың миллиондаған адамның шын көңілмен айтқан дұғаларына құлақ асатынына сенімді болуға барлық негіз бар (Зәбүр 65:2). Ол біздің дұғаларымызға сан алуан жолмен жауап беруі мүмкін.

17. Неге Ехоба дұғаларымызға періштелері, сондай-ақ жер бетіндегі қызметшілері арқылы жауап береді деуге болады?

17 Ехоба дұғаларымызға періштелері, сондай-ақ жер бетіндегі қызметшілері арқылы жауап береді (Еврейлерге 1:13, 14). Киелі кітапты түсінуге көмектесуін сұрап Құдайға дұға еткен соң, көп ұзамай Ехобаның қызметшілерінің бірін жолықтырып жатқан адамдар аз емес. Мұндай оқиғалардан уағыздау ісінің періштелердің басшылығымен атқарылып жатқаны көрінеді (Аян 14:6). Жанымыз қиналған шақтарда айтқан дұғаларымызға жауап беру үшін Ехоба бауырластардың бірін бізге қолдау көрсетуге талпындыруы мүмкін (Нақыл сөздер 12:25; Жақып 2:16).

Дұғаларымызға жауап беру үшін Ехоба бауырластардың бірін бізге қолдау көрсетуге талпындыра алады

18. Ехоба қызметшілерінің дұғаларына жауап беру үшін киелі рухты және өзінің Сөзін қалай қолданады?

18 Сонымен қатар Ехоба өзінің қызметшілерінің дұғаларына жауап беру үшін киелі рухты және өз Сөзі Киелі кітапты қолданады. Сынақ кездерінде табандылық сұрап дұға етсек, ол киелі рухы арқылы басшылық пен күш беруі мүмкін (Қорынттықтарға 2-хат 4:7). Ехобадан басшылық сұрасақ, ол жиі Киелі кітап арқылы жауап береді. Онда дана шешімдер қабылдауымызға көмектесетін көптеген кеңестер бар. Оларды жеке зерттеу кезінде немесе осы кітап сияқты мәсіхшілердің басылымдарын оқу барысында табуға болады. Бәлкім, өзімізге көмегі тиетін Жазбаларға негізделген ойларды қауым кездесулерінде немесе қамқор ақсақалмен әңгімелескенде еститін болармыз (Ғалаттықтарға 6:1).

19. Дұғаларымыз жауапсыз қалғандай болып көрінсе, нені есте сақтау керек?

19 Егер Ехоба дұғаларымызға жауап бермей жатқандай болып көрінсе, бұл — оның жауап беруге дәрменсіз екендігінің белгісі емес. Ехобаның дұғаларға өз еркіне сай әрі өзі дұрыс көрген уақытта жауап беретінін ұмытпауымыз керек. Ол біздің қажеттіліктерімізді де, оларды қалай қанағаттандыру керектігін де өзімізден жақсы біледі. Көп жағдайда Ехоба біздің “сұрай беруімізге, іздей беруімізге, есікті қағып тұруымызға” жол береді (Лұқа 11:5—10). Осылай қайтпай дұға ету — сұраған нәрсемізді қатты қалайтынымызды және сеніміміздің шынайы екенінің белгісі. Оның үстіне, дұғаларымызға Ехобаның қалай жауап бергенін кейде байқамай қалуымыз мүмкін. Мысалы, басымызға түскен қандай да бір қиыншылық туралы дұға еткен болсақ, ол бізді одан арылтпайтын шығар, бірақ төзуге күш беруі мүмкін (Філіпіліктерге 4:13 оқы).

20. Неге әрдайым дұға ету арқылы осы керемет мәртебені бағалайтынымызды көрсетуіміз керек?

20 Ұлан-ғайыр ғаламды жаратқан Құдайдың өзіне лайықты түрде дұға ететіндердің жанынан табылып, қол ұшын беретініне қалайша ризамыз десеңші! (Зәбүр 145:18 оқы). Әрдайым дұға ету арқылы осы керемет мәртебені бағалайтынымызды көрсете берейік. Солай ететін болсақ, дұғаны Тыңдайтын Ехобаға мәңгілік бойы жақындай беру мүмкіндігіне ие боламыз.