Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

Шомылдыру рәсімі және сенің Құдаймен қарым-қатынасың

Шомылдыру рәсімі және сенің Құдаймен қарым-қатынасың
  • Шомылдыру рәсімі қалай жасалады?

  • Шомылдыру рәсімінен өту үшін қандай қадамдар жасау керек?

  • Құдайға қалай бағышталуға болады?

  • Шомылдыру рәсімінен өтудің мақсаты қандай?

1. Не себепті эфиопиялық уәзір шомылдыру рәсімінен өтуге ықылас білдірді?

“МЫНАУ су ғой! Шомылдыру рәсімінен өтуіме қандай кедергі бар?” Бұл сұрақты бірінші ғасырда бір эфиопиялық уәзір қойған еді. Філіп деген мәсіхші Исаның Жазбаларда уәде етілген Мәсіх екендігін дәлелдеп бергеннен кейін, естіп-білгені жүрегіне әсер еткен уәзір біліміне сай әрекет етеді: ол шомылдыру рәсімінен өтуге ықылас білдіреді (Елшілердің істері 8:26—36).

2. Неге шомылдыру рәсімі жөнінде жақсылап ойланғаның дұрыс?

2 Егер осы кітапты Ехоба куәгерлерінің бірімен мұқият зерттеп жатқан болсаң, сен де: “Менің шомылдыру рәсімінен өтуіме қандай тосқауыл бар?”— деп сұрауға өзіңді дайын санайтын шығарсың. Сен жұмақта мәңгі өмір сүруге болатынына қатысты Құдайдың берген уәдесін білдің (Лұқа 23:43; Аян 21:3, 4). Сондай-ақ өлілердің қандай күйде екендігі туралы және қайта тірілуге деген үміт жөнінде білім алдың (Уағыздаушы 9:5; Жохан 5:28, 29). Бәлкім, қауым кездесулерінде Ехоба куәгерлерімен араласып, олардың шынайы ғибадатты ұстанатынына көз жеткізген шығарсың (Жохан 13:35). Ал ең бастысы, Ехоба Құдаймен жеке қарым-қатынас дамыта бастаған да боларсың.

3. а) Иса ізбасарларына не істеуді бұйырған? ә) Шомылдыру рәсімі қалай жасалады?

3 Құдайға қызмет еткің келетіндігін қалай көрсетуіңе болады? Иса өзінің ізбасарларына: “Сондықтан барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындап... оларды шомылдыру рәсімінен өткізіңдер”,— деген (Матай 28:19). Исаның өзі де шомылдыру рәсімінен өтіп, үлгі қалдырған. Бұл рәсімнен өткенде, жай ғана оның басына су құйылып немесе үстіне су бүркіліп қойған жоқ (Матай 3:16). “Шомылдыру рәсімі” деп аударылған грек сөзі “батыру” дегенді білдіреді. Сондықтан мәсіхші ретінде шомылдыру рәсімінен өту толығымен суға батырылуды білдіреді.

4. Шомылдыру рәсімінен өту ненің белгісі болып табылады?

4 Шомылдыру рәсімінен өту — Ехоба Құдаймен дос болғысы келетіндердің бәріне қойылатын талап. Осы рәсімнен өту арқылы адам Құдайға қызмет еткісі келетінін ел алдында паш етеді. Бұл — Ехобаның еркін орындауға деген зор ықыластың белгісі (Зәбүр 40:7, 8). Алайда шомылдыру рәсімінен өту үшін нақты қадамдар жасау керек.

БІЛІМ ЖӘНЕ СЕНІМ ҚАЖЕТ

5. а) Шомылдыру рәсімінен өту үшін жасалатын алғашқы қадам қандай? ә) Неге мәсіхшілердің қауым кездесулеріне қатысу маңызды?

5 Сен қажетті қадамдардың алғашқысын жасап та қойдың. Қалайша? Ехоба Құдай мен Иса Мәсіх туралы білім алуды бастау арқылы. Бәлкім, сен Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеп жатқан шығарсың (Жохан 17:3 оқы). Бірақ әлі де білу керек нәрсең өте көп. Мәсіхшілер саналарын “Құдайдың еркі жайлы тура білімге” толтырғылары келеді (Қолостықтарға 1:9). Осы орайда Ехоба куәгерлерінің қауым кездесулеріне қатысу зор көмек болады. Осындай кездесулерге қатысу маңызды (Еврейлерге 10:24, 25). Кездесулерге үзбей баратын болсаң, Құдай туралы білімің молая түседі.

Құдай Сөзінен тура білім алу — шомылдыру рәсімінен өту үшін жасалатын маңызды қадам

6. Шомылдыру рәсімінен өту үшін Киелі кітаппен қаншалықты таныс болуың керек?

6 Әрине, Киелі кітапта жазылғандардың бәрін білу шарт емес. Эфиопиялық уәзірдің біршама білімі болған, сөйтсе де Жазбалардың белгілі бір үзінділерін түсінуге қатысты оған көмек қажет еді (Елшілердің істері 8:30, 31). Сол сияқты саған да әлі біраз білім алу керек. Негізінде, Құдай туралы білімнің түбіне жету мүмкін емес: мәңгі үйрене беруге болады (Уағыздаушы 3:11). Дей тұрса да шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, жоқ дегенде, Киелі кітаптың негізгі ілімдерін білуің әрі қабылдауың керек (Еврейлерге 5:12). Мұндай ілімдерге өлілердің қандай күйде екендігі, сондай-ақ Құдай есімінің және оның Патшалығының маңыздылығы жатады.

7. Киелі кітапты зерттегенің саған қалай әсер ету керек?

7 Алайда тек білім алып қою жеткіліксіз, өйткені “сенім болмаса, Құдайға ұнау мүмкін емес” (Еврейлерге 11:6). Киелі кітапта ертедегі Қорынт қаласының кейбір тұрғындары мәсіхшілердің хабарын естігенде, оған сеніп, шомылдыру рәсімінен өткені жайлы айтылған (Елшілердің істері 18:8). Сол сияқты Киелі кітапты зерттегенің сенің де бойыңда бұл кітаптың рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзі екендігіне деген сенім ояту керек. Сондай-ақ бұл Құдайдың уәделері орындалатынына және Исаның құрбандығы арқылы құтқарыла алатыныңа сенім дамытуыңа көмектесу керек (Ешуа 23:14; Елшілердің істері 4:12; Тімөтеге 2-хат 3:16, 17).

КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ШЫНДЫҚТЫ ӨЗГЕЛЕРГЕ АЙТУ

8. Өзің білгенді өзгелерге айтуға сені не талпындыратын болады?

8 Сенімің нығайған сайын, өзің білгенді өзгеге айтпай тұру қиын болатынын байқайсың (Еремия 20:9). Сенің бойыңда Құдай мен оның ниеті туралы өзгелерге айтуға деген зор ықылас пайда болады (Қорынттықтарға 2-хат 4:13 оқы).

Сенім өз нанымдарың жөнінде өзгелерге айтуға талпындыруы керек

9, 10. а) Киелі кітаптағы шындықты айтуды кімнен бастауыңа болады? ә) Ехоба куәгерлерімен бірге уағыздау ісіне қатысқың келсе, не істеуің керек?

9 Киелі кітаптан білген шындықты өзгелерге ілтипатпен айтып жеткізуді туыстарың, достарың, көршілерің мен әріптестеріңнен бастауыңа болады. Ал уақыт өте келе, Ехоба куәгерлерімен бірге уағыздау ісіне қатысқың келетін болар. Онда мұндай ниетің жөнінде өзіңмен Киелі кітапты зерттеп жүрген Куәгермен сөйлесіп көр. Егер талаптарға сай келетінің байқалып тұрса, сенімен зерттеп жүрген бауырлас екеуіңмен қауымның екі ақсақалы әңгімелесу үшін шаралар жасалады.

10 Осылайша Құдай отарын бағып жүрген мәсіхші ақсақалдардың кейбірімен жақсырақ танысуыңа мүмкіндік туады (Елшілердің істері 20:28; Петірдің 1-хаты 5:2, 3). Егер олар Киелі кітаптың негізгі ілімдерін түсінетініңді әрі оларға сенетініңді, өміріңді Құдайдың принциптеріне сай келтіргеніңді және шынымен Ехоба куәгері болғың келетінін көрсе, шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы ретінде ізгі хабарды уағыздау ісіне қатысуыңа болатынын айтады.

11. Жариялаушы ретінде уағыздау ісіне қатысу үшін кейбіреулерге қандай өзгерістер жасау қажет болуы мүмкін?

11 Алайда жариялаушы ретінде уағыздау ісіне қатысу үшін өмірде белгілі бір өзгерістер жасау немесе қандай да бір әдеттерден арылу қажет болуы мүмкін. Мысалы, өзгелердің көзінен таса жасалып жүрген қылықтарды тастау керек болатын шығар. Сондықтан шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болуға өтініш білдірмес бұрын, азғындық, маскүнемдік және нашақорлық сияқты ауыр күнәлардан тазару керек (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10; Ғалаттықтарға 5:19—21 оқы).

ӨКІНУ ЖӘНЕ БЕТ БҰРУ

12. Не себепті өкіну қажет?

12 Шомылдыру рәсімінен өту үшін басқа да қадамдар жасалу керек. Елші Петір былай деген: “Өкініп, теріс жолдан қайтыңыздар. Сонда күнәларыңыз кешіріледі” (Елшілердің істері 3:19). Өкіну дегеніміз — тәубаға келіп, істеп қойған қылық үшін шынымен опық жеу. Егер біреу азғын өмір кешсе, өкіну керектігі анық. Бірақ салыстырмалы түрде таза жүріп-тұратын адамның да өкінуі керек. Неліктен? Өйткені адам атаулының бәрі күнәкар әрі Құдайдың кешіріміне мұқтаж (Римдіктерге 3:23; 5:12). Киелі кітапты зерттемес бұрын сен Құдайдың еркін білген жоқсың, солай емес пе? Олай болса, толығымен оның еркіне сай өмір сүрмегенің белгілі. Міне, сондықтан өкіну қажет.

13. Бет бұру деген нені білдіреді?

13 Ал өкінгеннен кейін, бет бұру, немесе “теріс жолдан қайту”, керек. Адамның істеген бұрыс қылықтары үшін опық жеуі жеткіліксіз. Ол бұрынғы өмір салтынан бас тартып, енді тек дұрыс жүріп-тұруға белін бекем бууы керек. Өкіну және теріс жолдан қайту — шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын жасалуға тиіс қадамдар.

ҚҰДАЙҒА БАҒЫШТАЛУ

14. Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын қандай маңызды қадам жасауың керек?

14 Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын жасалатын тағы бір маңызды қадам бар. Сен Ехоба Құдайға бағышталуың керек.

Дұғада Құдайға бағышталдың ба?

15, 16. Құдайға бағышталу деген нені білдіреді және адамды бұған не талпындырады?

15 Шын жүректен дұға етіп, өзіңді бағыштағанда, сен тек Ехоба Құдайға ғана мәңгі бақи шексіз берілгендік сақтауды уәде етесің (Мұсаның 5-жазбасы 6:15). Неге адамда мұндай ниет пайда болуы мүмкін? Мысалы, жігіттің бір қызға көңілі ауып жүр делік. Жігіт онымен жақынырақ танысып, бойындағы жақсы қасиеттерді біле түскен сайын, қыз оған тартымды бола түседі. Ал уақыт өте келе қыздың өзіне тұрмысқа шығуын өтінері сөзсіз. Рас, отбасын құру белгілі бір жауапкершілік жүктейді. Бірақ жігіттің қызға деген сүйіспеншілігі сол бір маңызды қадамды жасауға талпындырады.

16 Сол сияқты Ехоба туралы білім алып, оған деген сүйіспеншілік дамытқаның сені қалтқысыз әрі шын жүректен қызмет етуге талпындырады. Құдай Ұлы Иса Мәсіхтің ізбасары болғысы келетін әркім “өзінен бас тарту” керек (Марқа 8:34). Өз мүддемізден бас тарту — арман-тілектеріміз бен мақсаттарымыздың Құдайға толығымен мойынсұнуға кедергі болуына жол бермеу деген сөз. Олай болса, Ехоба Құдайдың еркін орындауды шомылдыру рәсімінен өтпей тұрып өмірдегі басты мақсатың етуің керек (Петірдің 1-хаты 4:2 оқы).

ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ҚАШҚАҚТАМАУ

17. Неге кейбіреулер Құдайға бағышталуды кейінге ысыра беруі мүмкін?

17 Кейбіреулер осы бір маңызды қадамды жасауға жүрексініп, Ехобаға бағышталуды кейінге ысыра береді. Олар бағышталған мәсіхші болудың Құдай алдындағы жауапкершілігінен қорқуы мүмкін. Мұндай адамдар Ехобаның сенімін ақтай алмай, оның көңілін қалдырудан қорқып, оданда оған бағышталмаған жақсы деп ойлайтын шығар.

18. Ехобаға бағышталуға сені не талпындырады?

18 Егер Ехобаны жақсы көретін болсаң, бұл сені оған бағышталуға және соған сай өмір сүру үшін қолыңнан келгеннің бәрін істеуге талпындыратын болады (Уағыздаушы 5:4). Бағышталғаннан кейін, “Ехобаның есіміне лайықты өмір сүріп, оған барлық жағынан ұнамды болғанымызды” қалайтының сөзсіз (Қолостықтарға 1:10). Құдайды сүйгендіктен оның еркін орындауды тым қиын нәрсе деп қарастырмайтын боласың. Елші Жоханның келесі сөздерімен келісетініңде күмән жоқ: “Өйткені Құдайды сүю дегеніміз — оның өсиеттерін орындау. Ал оларды орындау қиын емес” (Жоханның 1-хаты 5:3).

19. Неге Құдайға бағышталуға қорқудың қажеті жоқ?

19 Құдайға бағышталу үшін сенен кемелді болу талап етілмейді. Ехоба мүмкіндіктеріңнің шектеулі екенін біледі, әрі қолыңнан келмейтін нәрсені күтпейді (Зәбүр 103:14). Ол сенің бар ісіңнің жемісті болғанын қалайды және сені қолдап, көмектесетін болады (Ишая 41:10 оқы). Шын жүректен арқа сүйейтін болсаң, Ехобаның “жолыңды тегістейтініне” сенімді болуыңа болады (Нақыл сөздер 3:5, 6).

БАҒЫШТАЛҒАНЫҢДЫ ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТУ АРҚЫЛЫ ПАШ ЕТ

20. Адамның Ехобаға бағышталғаны неге жасырын күйінде қалмауы керек?

20 Жоғарыда қарастырған жайттар жөнінде ой жүгірткенің дұғада Ехобаға бағышталуыңа көмектесуі мүмкін. Бірақ Құдайды шынымен сүйетін адам сонымен қатар сенімін “аузымен жариялауға” тиіс (Римдіктерге 10:10). Мұны қалай істеуге болады?

Шомылдыру рәсімінен өту — бұрынғы өмір салты үшін өліп, Құдайдың еркін орындау үшін тірілудің белгісі

21, 22. Сеніміңді ел алдында қалай мойындауыңа болады?

21 Шомылдыру рәсімінен өткің келетінін қауымның ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісіне айт. Ол бірнеше ақсақалдың сенімен Киелі кітаптың негізгі ілімдеріне қатысты сұрақтарды талқылауы үшін қам жасайды. Егер олар сені талаптарға сай деп тапса, шомылдыру рәсімінен өтуіңе болатынын айтады *. Ал шомылдыру рәсімінен өтерде, әдетте баяндама айтылып, осы қадамның мәніне тағы да көңіл бөлінеді. Сосын, баяндамашы кандидаттарды екі қарапайым сұраққа жауап беруге шақырады. Міне, сол кезде өз сеніміңді “аузыңмен жариялаудың” бір мүмкіндігі туады.

22 Шомылдыру рәсімінен өтуіңмен Құдайға бағышталғаныңды және енді Ехоба куәгерлерінің бірі болғаныңды өзгелерге паш етесің. Толығымен суға батырылу арқылы кандидаттар Ехобаға бағышталғандарын ел алдында көрсетеді.

ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТУІҢНІҢ МӘНІ

23. Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атымен шомылдыру рәсімінен өту нені білдіреді?

23 Иса шәкірттерінің “Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атымен” шомылдыру рәсімінен өтетінін айтқан (Матай 28:19). Бұл шомылдыру рәсімінен өтушінің Ехоба Құдайдың және Иса Мәсіхтің билігін мойындайтынын білдіреді (Зәбүр 83:18; Матай 28:18). Сонымен қатар Құдайдың киелі рухының, немесе әрекет етуші күшінің, атқаратын рөлін мойындайтынын көрсетеді (Ғалаттықтарға 5:22, 23; Петірдің 2-хаты 1:21).

24, 25. а) Шомылдыру рәсімінен өту нені бейнелейді? ә) Қандай сұрақтың жауабы біз үшін маңызды?

24 Алайда шомылдыру рәсімінен өту, бұл — жай ғана суға малынып шығу емес, аса маңызды жайттың бейнесі. Суға батырылу сенің бұрынғы өмір салтың үшін өлгеніңді, ал судан қайта шығу Құдайдың еркін орындау үшін тірілгеніңді бейнелейді. Сонымен қатар сен қандай да бір жұмысқа не іске, белгілі бір адамға немесе ұйымға емес, Ехоба Құдайдың өзіне бағышталғаныңды ұмытпа. Бағышталып, шомылдыру рәсімінен өту — Құдаймен ерекше “тығыз қарым-қатынастың” бастамасы (Зәбүр 25:14).

25 Әрине, шомылдыру рәсімінен өту құтқарылуға кепілдік бермейді. Елші Пауыл: “Әрі қарай да мойынсұнғыш болып, қалтырай қорқып, құтқарылуға ұмтыла беріңдер”— деген (Філіпіліктерге 2:12). Шомылдыру рәсімінен өту — құтқарылу үшін жасалған алғашқы қадам ғана. Сондықтан: “Құдайдың сүйіспеншілігінің саясында болу үшін мен не істеуім керек?” деген маңызды сұрақ туады. Бұл сұрақтың жауабын соңғы тараудан табуға болады.