Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚОСЫМША

Құдай есімі. Оның қолданылуы мен мағынасы

Құдай есімі. Оның қолданылуы мен мағынасы

СЕНІҢ Киелі кітабыңда Зәбүр 83:18 қалай аударылған? “Осылайша адамдар сенің есімің Ехоба екенін, Бүкіл жер бетін билейтін жалғыз Құдай Тағала екеніңді білсін”. Кейбір Киелі кітап аудармаларында бұл тармақ осылай берілген. Дей тұрса да көп аудармашылар Ехобаның есімін “Тәңір Ие” немесе “Жаратушы” деген лауазымдармен ауыстырған. Негізінде онда не тұру керек, лауазым ба, Ехоба деген есім бе?

Көне еврей әріптерімен жазылған Құдай есімі

Бұл тармақта есім жөнінде айтылған. Киелі кітаптың басым бөлігі жазылған көне еврей тіліндегі жазбада мұнда ерекше бір есім тұр. Еврей әріптерімен ол былай жазылады: יהוה (ЙХВХ). Қазақ тілінде бұл есім “Ехоба” деп дыбысталады. Ехоба деген есім Киелі кітаптың тек осы тармағында кездесе ме? Жоқ. Еврей жазбаларының түпнұсқасында ол 7000-ға жуық рет кездеседі!

Құдай есімінің мәні қаншалықты зор? Иса Мәсіхтің үлгілі дұғасына көңіл аударып көрейікші. Ол былай басталады: “Көктегі Әкеміз, сенің есімің киелі тұтылсын!” (Матай 6:9). Кейінірек Иса: “Әке, есіміңді даңқтай көр”— деп дұға еткенде, Құдай көктен былай деп жауап берген: “Мен оны даңқтадым, тағы да даңқтаймын” (Жохан 12:28). Құдай есімінің мәні аса зор екендігі айдан анық. Онда неге кейбір аудармашылар Киелі кітапта оның есімінің орнына лауазымдарды қолданған?

Мұның басты екі себебі бар болса керек. Бірінші себебі — көп адам бұл есімнің о баста қалай дыбысталғаны бүгінде белгісіз болғандықтан, оны қолданбау керек деген ойда. Көне еврей тілінің жазуында дауысты әріптер қолданылмайтын. Сондықтан Киелі кітап жазылған заманда ЙХВХ қалай дыбысталғанын ешкім нақты айта алмайды. Алайда солай екен деп Құдай есімін мүлдем қолданбай қоюымыз керек пе? Киелі кітап жазылған заманда Иса деген есім Ешуа немесе Иеһошуа деп дыбысталған болуы мүмкін. Оның шындығында қалай айтылғанына ешкім сенімді емес. Десе де дүние жүзіндегі адамдар Исаның есімі өз тілдерінде қалай орныққан болса, оны солай атайды. Олар бірінші ғасырда қалай дыбысталғанын білмегендеріне бола, Исаның есімін қолданбай қоймайды. Сол сияқты егер басқа елге барған болсаң, олардың тілінде өз есіміңнің басқаша айтылатынын байқаған шығарсың. Демек, Құдай есімінің ежелде қалай дыбысталғанын нақты білмегеніміз оны мүлдем қолданбауға себеп болмау керек.

Құдай есімінің Киелі кітаптан алынып тасталуының екінші себебі яһудилердің атам заманғы дәстүрімен байланысты. Яһудилердің көбі Құдайдың есімін атауға болмайды деп сенеді. Мұндай наным Киелі кітаптағы: “Ехоба Құдайыңның есімін орынсыз аузыңа алма. Ехоба өз атын орынсыз қолданатын адамды жазасыз қалдырмайды”,— деген заңды дұрыс түсінбегендіктен туған болу керек (Мұсаның 2-жазбасы 20:7).

Аталмыш заңда Құдай есімін бұрыс қолдануға тыйым салынған. Бірақ онда бұл есімді қадір тұтып қолдануға тыйым салынған ба? Әрине, жоқ. Еврей Киелі кітабын (“Көне өсиетті”) жазған кісілердің бәрі ежелдегі исраилдіктерге берілген Мұса Заңын ұстанатын адал жандар болған. Олар Құдай есімін жазбаларында көп рет қолданған. Мысалы, исраилдіктер дауыстап айтқан зәбүр жырларының көбінде Құдай есімі болған. Тіпті Ехоба халқын өзінің атын атап шақыруға талпындырған, әрі адал қызметшілері бұған құлақ асқан (Жоел 2:32; Елшілердің істері 2:21). Сондықтан бүгінгі таңда мәсіхшілер Құдай есімін Иса іспетті құрметпен қолданудан бас тартпайды (Жохан 17:26).

Киелі кітап аудармашыларының Құдай есімін лауазымдармен ауыстыруы — үлкен қателік. Киелі кітап адамдарды “Ехобамен достасуға” шақырады, ал олар болса Құдайды алыстатып, аты-жөні жоқ бірдеңе ретінде көрсетіп отыр (Зәбүр 25:14). Өзіңнің жан досың жайлы ойлап көрші. Есімін білмесең, сен онымен қаншалықты жақын болар едің? Сол сияқты Ехоба Құдайдың есімін елемесе, қалай адам онымен тығыз қарым-қатынаста болмақ? Бұған қоса, адам Құдайдың есімін қолданбаса, оның керемет мағынасынан да бейхабар қалады. Ал оның мағынасы қандай?

Есімінің мағынасын адал қызметшісі Мұсаға Құдайдың өзі түсіндіріп берген. Мұса есімін сұрағанда, Ехоба былай деген: “МЕН КІМ БОЛҒЫМ КЕЛСЕ, СОЛ БОЛАМЫН” (Мұсаның 2-жазбасы 3:14). Ротергамның аудармасында бұл сөздер: “Мен кім болуды қаласам, сол боламын”,— деп берілген. Демек, өзінің еркін орындау үшін кім болу қажет болса, Ехоба сол бола алады.

Сенің кім болуды қаласаң, сол бола алатын қабілетің бар болса, достарың үшін не істер едің? Біреуі қатты науқастанып қалса, сірә, тәжірибелі дәрігер болып, оны емдерсің. Өзге бірі бар мал-мүлкінен айырылып қалса, оған көмектесе алатын ауқатты адамға айналарсың. Алайда, шындыққа тура қарайтын болсақ, сенің мүмкіндіктерің шектеулі. Сен ғана емес, бәріміз де сондаймыз. Киелі кітапты зерттеу барысында сен Ехобаның өз уәделерін орындау үшін жағдай кім болуды қажет етсе, сол болатынын көріп, таң тамаша қалатын боласың. Бұған қоса, құдіретті күшін өзін сүйетіндердің игілігіне қолдану оған ұнайды (Шежірелер 2-жазба 16:9). Ехобаның болмысының осындай керемет қырлары оның есімін білмейтіндер үшін ашылмай қалады.

Киелі кітапта Ехобаның есімі қолданылу керек екені тайға таңба салғандай анық. Көктегі Әкеміз Ехобаның есімінің мағынасын білу әрі ғибадат еткенде оны еркін қолдану оған жақындау үшін зор көмек болып табылады *.

^ 3-абзац Құдай есімі мен оның мағынасы және ғибадат еткенде оны неге қолдануымыз керек екендігіне қатысты көбірек мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Құдайдың есімі мәңгілік” (ор.) кітапшасынан табуға болады.