Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚОСЫМША

Мәсіхтің келуі жайындағы Даниялдың пайғамбарлығы

Мәсіхтің келуі жайындағы Даниялдың пайғамбарлығы

ДАНИЯЛ пайғамбар Исадан 500 жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген. Дегенмен Ехоба Даниялға Исаның Мәсіх ретінде майланатын, немесе тағайындалатын, уақытын дәл анықтауға көмектесетін мәлімет берген. Даниялға былай айтылды: “Сен мынаны біліп, ұғып ал: Иерусалимді қалпына келтіріп, қайта тұрғызу жайлы жарлық шыққаннан бастап Мәсіх Көсем келгенге дейін 7 апта және 62 апта өтеді” (Даниял 9:25).

Мәсіхтің келетін уақытын анықтау үшін, алдымен, Даниялдың пайғамбарлығы қашан орындала бастағанын анықтап алу қажет. Аталмыш пайғамбарлықтың өзінде көрсетілгендей, ол “Иерусалимді қалпына келтіріп, қайта тұрғызу туралы жарлық шыққаннан бастап” орындала бастады. Ал бұл “жарлық” қашан шықты? Нехемия кітабынан Иерусалим қабырғаларын қайта қалпына келтіру жайындағы жарлық “[Артаксеркс] патшаның билік құруының жиырмасыншы жылы” шыққанын білеміз (Нехемия 2:1, 5—8). Тарихшылардың айтуынша, Артаксеркстің толық бір жыл билік еткен уақыты б. з. б. 474 жыл болған. Олай болса, оның жиырмасыншы басқару жылы б. з. б. 455 жылына келген. Демек, Даниялдың Мәсіхке қатысты пайғамбарлығы сол жылы орындала бастаған.

Даниял кітабында “Мәсіх Көсем” келгенге дейін қанша уақыт өтетіні де айтылған. Пайғамбарлықта “7 апта және 62 апта”, яғни барлығы 69 апта, өту керектігі көрсетілген. Бұл қанша уақытты білдіреді? Киелі кітаптың кейбір аудармаларында бұл жерде жеті күндік емес, жеті жылдық апталар туралы айтылғанына нұсқалады. Бұл — әр апта жеті жылдан тұрады деген сөз. Апталық жылдар не жеті жылдық кезеңдер деген ұғым ежелгі яһудилерге түсінікті болған. Мысалы, олар үшін әр жетінші жыл демалыс жылы болған (Мұсаның 2-жазбасы 23:10, 11). Демек, 69 пайғамбарлық апта әрқайсысы 7 жылдан тұратын 69 кезеңге тең. Басқаша айтқанда, бұл кезең (7х69) 483 жылды құрайды.

Енді осының бәрін есептеп шығу қалды. Егер б. з. б. 455 жылдан бері қарай 483 жыл санасақ, б. з. 29 жылы шығады. Иса тап сол жылы шомылдыру рәсімінен өтіп, Мәсіх болды *! (Лұқа 3:1, 2, 21, 22). Пайғамбарлықтың осылай тура орындалғаны таң қалдырады емес пе?

^ 2-абзац Б. з. б. 455 жыл мен б. з. 1-ші жылынның аралығы 454 жыл. Б. з. б. 1-ші жыл мен б. з. 1-ші жылының арасы бір жыл (нөлінші жыл болмаған). Ал б. з. 1-ші жылы мен б. з. 29-шы жылының аралығы 28 жыл. Осы үш санның қосындысы 483 жылға тең болады. Иса б. з. 33 жылы, яғни жетпісінші жылдық аптаның кезінде, “өлтірілді” (Даниял 9:24, 26). Ехоба куәгерлері басып шығарған “Даниялдың пайғамбарлығына көңіл қойыңдар!” (ор.) кітабының 11-тарауын қара.