Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚОСЫМША

“Жан” және “рух” деген шын мәнінде не?

“Жан” және “рух” деген шын мәнінде не?

“ЖАН” және “рух” деген сөздерді естігенде, ойыңа не келеді? Көп адам бұл сөздерді біздің тәніміздегі көзге көрінбейтін және мәңгі өлмейтін бірдеңе деп түсінеді. Олардың ойынша, адам өлгенде, тәннің көзге көрінбейтін осы бір бөлігі денеден шығып, тіршілік етуін жалғастыра береді. Бұл нанымның кең тарағаны соншалық — Киелі кітап шын мәнінде бұлай деп үйретпейтінін білгенде, көп адам таң қалады. Олай болса, Құдай Сөзінде жан және рух туралы не айтылған?

“ЖАН” ДЕГЕН НЕ?

Алдымен, жанның не екенін қарастырып көрейік. Киелі кітаптың түпнұсқасы негізінен еврей және грек тілдерінде жазылғаны есіңде болар. Киелі кітап жазушылары жанға қатысты нефеш деген еврей сөзін және психе деген грек сөзін қолданған. Осы екі сөз Жазбаларда 800 реттен аса кездеседі және ағылшын тіліндегі “Жаңа дүние аудармасында” мәтінде не сілтемеде “жан” деп аударылған. “Жан” немесе “жандар” сөзінің Киелі кітапта қалай қолданылатынын қарастыра келе, оның негізінен келесі мағыналарға нұсқайтыны көрінеді: 1) адамдар, 2) жануарлар, 3) адамның не жануардың өмірі. “Жан” сөзінің осы үш мағынадағы қолданысын көрсететін кейбір тармақтарды қарастырып көрейік.

Адамдар. Нұх пайғамбардың “заманында... азғана адам, сегіз жан, топан судан аман қалған болатын” (Петірдің 1-хаты 3:20). Мұндағы “жан” сөзі адамдарға — Нұх, оның әйелі, үш баласы мен олардың әйелдеріне — нұсқап тұрғаны анық. Мұсаның 2-жазбасы 16:16-да маннаны жинауға қатысты исраилдіктерге берілген нұсқаулар жазылған. Оларға былай бұйырылған еді: “Жан басына бір омерден өлшеп, шатырындағы адам санына қарай жинасын”. Демек, маннаның қанша жиналатыны әрбір отбасындағы адам санына байланысты болған. Киелі кітаптағы “жан” сөзінің бір не бірнеше адамға қатысты қолданылатынын келесі Жазба орындарынан да көруге болады: Ешуа 11:11; Мұсаның 1-жазбасы 46:18; Елшілердің істері 7:14; 27:37.

Жануарлар. Киелі кітапта жануарлардың қалай жаратылғаны жайында былай баяндалады: “Сосын Құдай: “Суларда тіршілік иелері [сілтемеде “тірі жандар”, (евр. нефеш)] қаптап, ал жер үстіндегі аспан кеңістігінде қанаттылар ұшып жүрсін!”— деді. Бұдан кейін Құдай: “Жер түр-түрімен тіршілік иелерін [евр. нефеш]: үй жануарларын, бауырымен жорғалаушыларды және жабайы аңдарды түр-түрімен — шығарсын!”— деді. Бұл солай болды”. (Мұсаның 1-жазбасы 1:20, 24). Бұл жазба орнында барлық мақұлықтар: балықтар, үй жануарлары және жабайы аңдар — нефеш, яғни жан, деп аталған. Келесі Жазба орындарында да құстар мен басқа жануарлар жан деп аталады: Мұсаның 1-жазбасы 9:10; Мұсаның 3-жазбасы 11:46 (сілтеме); Мұсаның 4-жазбасы 31:28 (сілтеме).

Адамның өмірі. Кейде “жан” сөзі адамның өмірін білдіреді. Ехоба Мұсаға былай деген: “Сенің жаныңды іздегендердің бәрі өлді” (Мұсаның 2-жазбасы 4:19). Мұсаның жаулары нені іздеген еді? Олар Мұсаны өмірінен айырғысы келді. Ал одан бұрынырақ өмір сүрген Рахила Бенияминді босанған соң, “жан тапсырды” (Мұсаның 1-жазбасы 35:16—19). Сол кезде Рахила өмірінен айырылды. Сонымен қатар Исаның келесі сөздерін қарастырып көрейік: “Мен ізгі бағушымын. Ізгі бағушы қойлары үшін жанын қияды” (Жохан 10:11). Иса өзінің жанын, яки өмірін, бүкіл адамзат үшін қиды. Осы Жазба орындарында “жан” сөзінің адамның өміріне нұсқайтындығы анық байқалады. “Жан” сөзінің осы мағынадағы қолданысын келесі Жазба орындарынан да көруге болады: Патшалар 1-жазба 17:17—23; Матай 10:39; Жохан 15:13; Елшілердің істері 20:10.

Құдай Сөзін зерттей келе, оның еш жерінде “өлмес” немесе “мәңгі” сөздері “жан” сөзімен байланыстырылмайтынын көресің. Керісінше, Жазбаларда жанның өлетіндігі айтылған (Езекиел 18:4, 20).

“РУХ” ДЕГЕН НЕ?

Қазір Киелі кітапта “рух” сөзінің қай мағынада қолданылатынын қарастырайық. Кейбір адамдар “рух” деген сөз “жан” сөзінің баламасы деп есептейді. Алайда бұл олай емес. Киелі кітаптан “рух” пен “жанның” екі түрлі нәрсе екені анық көрінеді. Олардың қандай айырмашылығы бар?

Киелі кітап жазушылары “рух” сөзін беру үшін еврейдің руах немесе гректің пнеума сөзін қолданған. Бұл сөздерді қалай түсіну керектігін Жазбалардың өзінен білуге болады. Мысалы, Зәбүр 104:29-да былай делінген: “Тіршілік лебінен [руах] айырсаң, өліп, қайта топыраққа айналады”. Ал Жақып 2:26-да “рухсыз [пнеума] тәннің өлі” екендігі айтылған. Бұл тармақтарда “рух” тәнге өмір беретін нәрсеге нұсқайды. Демек, рухсыз тән өлі. Сондықтан Жаңа дүние аудармасында руах сөзі “рух” деп қана емес, “күш”, немесе өмір күші, деп те аударылған. Мысалы, Нұхтың заманында болған топан суға қатысты Құдай былай деген: “Мен жер бетіне топан су қаптатып, аспан астындағы кеудесінде демі [руах] бардың бәрін құртамын” (Мұсаның 1-жазбасы 6:17; 7:15, 22). Сонымен “рух” тіршілік иелерінің өмірін қуаттап тұратын көзге көрінбейтін күшке (өмір ұшқынына) нұсқайды.

Жан мен рух — бір нәрсе емес. Мысалы, жұмыс істеп тұру үшін радиоға электр қуаты қажет, сол сияқты тіршілік ету үшін тәнге рух қажет. Мұны жақсырақ түсіну үшін радиоқабылдағыштың қалай жұмыс істейтінін қарастырып көрейік: оған батарея салып, қосатын болсақ, батареядағы электр қуатының күшімен ол жұмыс істей бастайды. Ал батарея салынбаса, жұмыс істемейді. Тоққа қосылмаған кез келген радио туралы да солай деуге болады. Рух та тіршілік етуіміз үшін тәнімізді қуаттап тұрады. Сондай-ақ электр қуаты сияқты, ол да сезімсіз әрі ойлана алмайды. Рух — тұлға емес, күш. Алайда рухсыз, не өмір күшінсіз, зәбүр жыршысы айтқандай, тәніміз “өліп, қайтадан топыраққа айналады”.

Адам қайтыс болғанда не болатыны жайлы Уағыздаушы 12:7-де былай делінген: “Топырақ [тәні] өзі алынған жерге оралады, ал өмір оны сыйлаған Құдайға кері қайтады”. Рух, немесе өмір күші, тәннен шыққанда, тән өліп, өзі жаратылған нәрсеге — топыраққа — қайта айналады (Мұсаның 1-жазбасы 3:19). Сол сияқты өмір рухы да оны кім берген болса, соған — Құдайға — қайта оралады (Әйүп 34:14, 15; Зәбүр 36:9). Бұл — өмір күшінің шынымен көкке көтерілетінін емес, өлген адамның қайта өмір сүру-сүрмеуі Ехоба Құдайға байланысты болатынын білдіреді. Оның өмірі, былайша айтқанда, Құдайдың қолында. Адам қайта өмір сүру үшін Құдай ғана рух, немесе өмір күшін, қайтадан бере алады.

Құдай “есте сақтау қабіріндегілердің бәріне” қатысты дәл осылай етеді. Мұны білгеніміз неткен жұбаныш! (Жохан 5:28, 29, сілтеме). Қайта тірілу кезінде Ехоба өлім ұйқысында жатқан адам үшін жаңа дене жаратады да, рух, немесе өмір күшін, дарыту арқылы оны тірілтеді. Бұл неткен қуанышты кезең болады десеңші!

Киелі кітапта “жан” және “рух” сөздерінің қалай қолданылатыны жайлы көбірек мәлімет алғың келсе, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Өлген соң адаммен не болады?” кітапшасын қарауыңа болады.