Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚОСЫМША

Бас періште Микайл деген кім?

Бас періште Микайл деген кім?

МИКАЙЛ атты рухани жаратылыс жайында Киелі кітапта көп айтылмайды. Ал айтылған тармақтарда оның белсенді әрекет етіп жатқаны көрсетіледі. Даниял кітабында Микайлдың зұлым періштелермен күрескені, Яһуданың хатында оның Шайтанмен айтысқаны, ал Аян кітабында Ібіліс және оның жын-перілерімен шайқасқаны баяндалады. Ехобаның билігін қорғағанынан және оның жауларымен шайқасқанынан Микайлдің өз атына сай өмір сүретіні көрінеді. Оның атының мағынасы — “Құдай сияқты кім бар?” Бірақ Микайл деген кім?

Кейбіреулер бірнеше есіммен танымал болуы мүмкін. Мысалы, рубасы Жақып Исраил, ал елші Петір Шимон деген есіммен де белгілі (Мұсаның 1-жазбасы 49:1, 2; Матай 10:2). Сол сияқты Микайл деген, Киелі кітаптан көрінетіндей, Иса Мәсіхтің жерге келгенге дейінгі және қайта тірілгеннен кейінгі есімі. Осылай деуге Жазбаларда қандай негіз бар екенін қарастырып көрейік.

Бас періште. Құдай Сөзінде Микайл “бас періште” деп аталады (Яһуда 9). Киелі кітапта “бас періште” деген атау тек жекеше түрде кездеседі. Демек, мұндай періште біреу-ақ. Оның үстіне, Жазбаларда бұл лауазым Исаға қатысты қолданылады. Қайта тірілген Иса Мәсіхке қатысты Салоникалықтарға 1-хат 4:16-да былай делінген: “Иеміздің өзі көктен бас періштенің даусымен бұйрық беріп, Құдайдың кернейімен түседі”. Мұнда Исаның даусы бас періштенің үні ретінде суреттеледі. Олай болса, бұл тармақ Исаның өзі бас періште Микайл екеніне нұсқайды.

Қолбасшы. Киелі кітапта былай делінген: “Микайл мен періштелері айдаһармен соғысты. Айдаһар да өз періштелерімен бірге олармен соғысты” (Аян 12:7). Демек, Микайл — адал періштелерден тұратын әскердің қолбасшысы. Аян кітабында Иса да адал періштелерден тұратын әскердің қолбасшысы ретінде суреттеледі (Аян 19:14—16). Елші Пауылдың сөздерінен де “Иеміз Исаның құдіретті періштелері” бар екені анық көрінеді (Салоникалықтарға 2-хат 1:7, 8). Осылайша Киелі кітапта Микайл мен оның періштелері және Иса мен оның періштелері жайлы айтылған (Матай 13:41; 16:27; 24:31; Петірдің 1-хаты 3:22). Құдай Сөзінің еш жерінде көкте адал періштелерден тұратын екі әскер бар екені және олардың біріне Микайл, ал екіншісіне Иса қолбасшылық ететіні айтылмаған. Сондықтан мынадай қисынды қорытынды жасауға болады: Микайл — көкте рөлін атқарып жатқан Иса Мәсіхтің өзі *.

^ 1-абзац Бұған қатысты көбірек мәліметті Ехоба кәгерлері басып шығарған “Киелі жазбаларды түсіну” энциклопедиясының (ор.) “Микайл” деген тақырыпшасынан табуға болады.