Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚОСЫМША

Ұлы Бабыл деген не?

Ұлы Бабыл деген не?

АЯН кітабындағы кейбір мәліметті тура мағынада түсінуге болмайды. Мысалы, онда маңдайына жазылған “Ұлы Бабыл” деген есімі бар және “қалың жұрттың, ұлттардың” үстінде отырған әйел туралы айтылады (Аян 17:1, 5, 15). Кәдімгі әйел бұлай істей алмас еді, сондықтан Ұлы Бабыл бейнелі әйел болу керек. Олай болса, бұл опасыз әйел нені бейнелейді?

Аян 17:18-де аталмыш бейнелі әйел “жер бетіндегі патшаларға үстемдік ететін ұлы қала” ретінде де суреттеледі. “Қала” сөзі ұйымдасқан адамдар тобына нұсқайды. Осы “ұлы қала” “жер бетіндегі патшаларға” үстемдік жүргізіп отырғандықтан, Ұлы Бабыл есімді әйел барлық халықтарға ықпал етіп отырған ұйым болу керек. Оны орынды түрде дүниежүзілік империя деуге болады. Сонда ол қандай империя? Ол — діни империя. Неге мұндай тұжырым жасауға болады? Бұл сұраққа жауап алу үшін Аян кітабындағы Ұлы Бабыл туралы басқа тармақтарды қарастырып көрейік.

Империя саяси, коммерциялық және діни болуы мүмкін. Ұлы Бабыл есімді әйел — саяси империя емес, өйткені Құдай Сөзінде “жер бетіндегі патшалардың”, немесе осы дүниедегі саяси күштердің, “онымен азғындық жасағаны” айтылған. Оның азғындыққа түскені дүниенің билеушілерімен одақтас екеніне нұсқайды және бұдан неге оның “ұлы жезөкше” деп аталатынын түсінуге болады (Аян 17:1, 2; Жақып 4:4).

Ұлы Бабыл — коммерциялық империя да емес, өйткені “жер бетіндегі саудагерлер”, немесе коммерциялық ұйымдар, жезөкше әйел өлгенде, оны жоқтайды. Оның үстіне, патшалардың да, саудагерлердің де Ұлы Бабылға “алыста тұрып” қарағандары айтылады (Аян 18:3, 9, 10, 15—17). Демек, Ұлы Бабыл — саяси немесе коммерциялық емес, діни империя деген тұжырым жасау қисынды.

Келесі бір жайт Ұлы Бабылдың дін екендігіне көзімізді жеткізе түседі: Аян кітабында оның күллі халықтарды “бақсы-балгерлікпен” алдайтындығы айтылған (Аян 18:23). Спиритизм, немесе бақсы-балгерлік, атаулы дінмен байланысты әрі жындардан келеді. Осыны ескерсек, Ұлы Бабылдың “жындардың ордасы” деп аталатынына таңғалмаса да болады (Аян 18:2; Мұсаның 5-жазбасы 18:10—12). Бұл империя “пайғамбарлар” мен “қасиеттілерді” қудалайтындықтан, шынайы діннің қайтпас қарсыласы ретінде де суреттеледі (Аян 18:24). Ұлы Бабылдың шынайы дінді жек көретіні соншалық — “Исаның куәгерлерін” қатты қудалап, тіпті өлтіреді (Аян 17:6). Сонымен, Ұлы Бабыл есімді осы әйелдің дүниежүзілік жалған діндер империясын білдіретіні анық. Бұл империяға Ехоба Құдайды мойындамайтын діндердің бәрі кіреді.