Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1-ТАРАУ

‘Құдайды сүю’ деген нені білдіреді?

‘Құдайды сүю’ деген нені білдіреді?

“Өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз; оларды орындау қиын емес” (ЖОХАННЫҢ 1-ХАТЫ 5:3).

1, 2. Ехоба Құдайды сүюге сені не талпындырады?

СЕН Құдайды сүйесің бе? Егер өміріңді Ехобаға бағыштаған болсаң, толық сеніммен “иә” деп жауап берерің сөзсіз. Ехобаны сүю — біз үшін кәдімгі нәрсе. Өйткені оның сүйіспеншілігі бізді де оны сүюге талпындырады. Киелі кітапта бұл ой былай жеткізілген: “Біз сүйеміз, себебі Ол [Ехоба] бізді алдымен сүйді” (Жоханның 1-хаты 4:19).

2 Иә, Ехоба бірінші болып әрекет етті. Ол бізге тұрақ болсын деп керемет Жерді жаратты. Сондай-ақ тәндік қажеттіліктерімізді қамтамасыз етуде (Матай 5:43—48). Бұдан да маңыздысы — рухани қажеттіліктерімізді қанағаттандыруда. Ол бізге өзінің Сөзі Киелі кітапты берді. Оның үстіне, бізді өзіне дұға етуге шақырады және үнімізге құлақ асатынына, сондай-ақ киелі рухын беретініне сендіреді (Забур 64:3; Лұқа 11:13). Ал ең маңыздысы — бізді күнә мен өлімнен азат ету үшін өзінің аяулы Ұлын Құтқарушы ретінде жіберді. Ехобаның сүйіспеншілігі неткен зор! (Жохан 3:16; Римдіктерге 5:8).

3. а) Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмау үшін не істеуіміз керек? ә) Қандай маңызды сұрақты қарастыруымыз қажет және оның жауабын қайдан табуға болады?

3 Ехоба біздің мәңгілік бойы өзінің сүйіспеншілігінің саясында болғанымызды қалайды. Алайда бұл, негізінен, өзімізге байланысты. Құдай Сөзі бізді: “Әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленіп... мәңгілік өмірге жеткізуін аңсап күтіңдер!”— деп шақырады (Яһуда 21). ‘Әрдайым бөлену’ деген тіркес Ехобаның сүйіспеншілігінен айырылмау үшін әрекет ету керектігіне нұсқайды. Ехобаны сүйетінімізді нақты әрекеттерімізбен көрсетуіміз қажет. Олай болса: “Мен Құдайды сүйетінімді қалай көрсете аламын?”— деген маңызды сұрақ туындайды. Бұл сұрақтың жауабын елші Жоханның рухтың жетелеуімен жазған келесі сөздерінен табуға болады: “Өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз; оларды орындау қиын емес” (Жоханның 1-хаты 5:3). Біз Құдайды қатты сүйетінімізді көрсеткіміз келеді, сондықтан осы сөздердің мағынасын мұқият қарастырайық.

‘ҚҰДАЙДЫ СҮЮ’ ДЕГЕН НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

4, 5. а) ‘Құдайды сүю’ деген сөздер неге нұсқайды? ә) Жүрегіңде Ехобаға деген сүйіспеншіліктің қалай ояна бастағанын айтып бер.

4 ‘Құдайды сүю’ туралы жазғанда, елші Жохан нені ойда тұтқан? Оның сөздері әрқайсысымыздың бойымыздағы Құдайға деген терең сезімге нұсқайды. Жүрегіңде Ехобаға деген сүйіспеншіліктің ояна бастаған кезі есіңде ме?

Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өту арқылы оған сүйіспеншілікпен мойынсұнуға бел буғанымызды көрсетеміз

5 Ехоба және оның ниеті туралы алғаш рет естіп, оған сене бастаған кезің жайлы ойланып көрші. Күнәкар болып туылғаныңа қарамастан, Адам ата жоғалтқан кемелділікке жетіп, мәңгілік өмірді иеленуің үшін Ехобаның Мәсіх арқылы жол ашқанын білдің (Матай 20:28; Римдіктерге 5:12, 18). Аяулы Ұлын сен үшін жанын қиюға жібергенде, Ехобаның қандай құрбандыққа барғанын түсіне бастадың. Мұның саған әсер еткені соншалық — осындай зор сүйіспеншілік көрсеткен Құдайға сенің бойыңда да сүйіспеншілік ояна бастады (Жоханның 1-хаты 4:9, 10).

6. Шынайы сүйіспеншілік қалай көрініс табады және Құдайға деген сүйіспеншілік сені не істеуге талпындырды?

6 Алайда ол сезім Ехобаға деген шынайы сүйіспеншіліктің бастамасы ғана еді. Сүйіспеншілік — жай ғана сезім не жалаң сөздер емес. Құдайды шын сүю “Мен Ехобаны жақсы көремін” дегеннен әлдеқайда көп нәрсені білдіреді. Сенім сияқты, сүйіспеншілік те әрекеттерден көрініс табады (Жақып 2:26). Нақтырақ айтсақ, біреуді сүйетінімізді оған ұнайтынды істеу арқылы көрсетеміз. Міне, сондықтан да жүрегіңе Ехобаға деген сүйіспеншілік ұялағанда, бұл сені оған ұнайтын нәрселерді істеуге талпындырды. Сен шомылдыру рәсімінен өткен Куәгерсің бе? Олай болса, осы ең маңызды қадамды жасауға Ехобаға деген терең сүйіспеншілігің мен адалдығың қозғау салды. Ехобаның еркін орындау үшін сен өзіңді оған бағыштап, мұны шомылдыру рәсімінен өту арқылы көрсеттің (Римдіктерге 14:7, 8). Бағышталғанда берген берік уәдені орындауға не жататынын елші Жоханның әрі қарай айтқан сөздерінен көреміз.

‘ӨСИЕТТЕРІН ОРЫНДАЙМЫЗ’

7. Құдайдың кейбір өсиеттері қандай және оларды орындауға не жатады?

7 Жохан: “Өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз”,— деп түсіндірді. Ал оның өсиеттері қандай? Ехоба Киелі кітап арқылы нақты өсиеттер берген. Мысалы, ол маскүнемдік, азғындық, жалған тәңірлерге табыну, ұрлық және жалған сөйлеу сияқты нәрселерге тыйым салады (Қорынттықтарға 1-хат 5:11; 6:18; 10:14; Ефестіктерге 4:28; Қолостықтарға 3:9). Оның өсиеттерін орындауға Киелі кітапта жазылған нақты өнегелілік нормаларға сай өмір сүру жатады.

8, 9. Қандай да бір жағдайларға қатысты Киелі кітапта нақты заң болмаса да, Ехобаға ненің ұнамды екенін қайдан біле аламыз? Мысал келтір.

8 Алайда Ехобаға ұнамды болу үшін нақты өсиеттерді орындау жеткіліксіз. Ол әрбір қадамымызды қадағалайтын заңдар беріп, бізді қия бастырмай қойған жоқ. Сондықтан қалай әрекет етуіміз керектігі Киелі кітапта нақты айтылмаған әртүрлі жағдайларға кезігуіміз мүмкін. Мұндайда Ехобаға ненің ұнамды болатынын қайдан біле аламыз? Киелі кітапта Құдайдың көзқарасы анық көрінетін жайттар жазылған. Жазбаларды зерттей отырып, Ехобаның нені жақсы көретінін, ал нені жек көретінін білеміз (Забур 96:10; Нақыл сөздер 6:16—19). Біз оған қандай ой-ниет пен іс-әрекет ұнамды екенін түсінеміз. Ехобаның болмысы мен жолдарын жақсырақ танып-білген сайын, оның көзқарасының шешімдеріміз бен әрекеттерімізге көбірек әсер етуіне жол беретін боламыз. Сондықтан қандай да бір жағдайларға қатысты Киелі кітапта нақты заң болмаса да, ‘Құдайдың еркі’ неде екенін біле аламыз (Ефестіктерге 5:17).

9 Мысалы, онда зорлық-зомбылық пен азғындыққа толы фильмдер мен теледидар бағдарламаларын көрмеуге қатысты нақты ештеңе айтылмаған. Бірақ бұған тыйым салатын арнайы заңның болуы шарт па? Біз мұндай нәрселерге қатысты Ехобаның көзқарасын білеміз. Оның Сөзінде: “Озбырлықты ұнататындарды [Ехобаның] жан-дүниесі жаратпайды”,— деп анық айтылған (Забур 10:5). Сондай-ақ онда: “Азғындар және неке адалдығын бұзғандар Құдай сотына түспек”,— делінген (Еврейлерге 13:4). Рухтың жетелеуімен жазылған осы сөздердің үстінен ой жүгірткеніміз Ехобаның еркі неде екенін анық түсінуге көмектеседі. Сондықтан Құдай жек көретін нәрселер ашықтан-ашық көрсетілетін болса, оларды қараудан бас тартамыз. Осы азғын дүние еш зиянсыз етіп көрсетуге тырысатын көңіл көтеру түрлерінен аулақ болғанымыз Ехобаға ұнайтынын білеміз *.

10, 11. Неге біз Ехобаға мойынсұнуды шештік және оған қалай мойынсұнамыз?

10 Құдайдың өсиеттерін орындауға бірінші кезекте бізді не талпындырады? Неге әр күні Құдайдың ой қалпына сай әрекет еткіміз келеді? Біз мұны Құдайдың еркіне немқұрайды қарайтындар жазаланады не жаман істерінің зардабын тартады деп қорыққандықтан ғана істемейміз (Ғалаттықтарға 6:7). Қайта, Ехобаға мойынсұнуды өз сүйіспеншілігімізді көрсетудің керемет мүмкіндігі деп білеміз. Әдетте бала әкесінің көңілінен шығуды қатты қалайды, біз де Ехобаға ұнамды болғымыз келеді (Забур 5:13). Өйткені ол біздің көктегі Әкеміз әрі біз оны жақсы көреміз. Өмір салтымыз Ехобаға ұнамды екенін білгеннен артық ештеңе де бізге зор қуаныш пен қанағат әкелмейді (Нақыл сөздер 12:2).

11 Сондықтан біз Ехобаға ықтиярсыз мойынсұнбаймыз, я болмаса өсиеттерін таңдап-талғап жатпаймыз, шарт та қоймаймыз *. Біз оның өсиеттерінің өзімізге ыңғайлы, онша қиын емес не мүлдем қиын еместеріне ғана мойынсұнбаймыз. Керісінше, оларға ‘шын жүректен құлақ асамыз’ (Римдіктерге 6:17 Тт). Біз: “Өсиеттеріңді қатты ұнатам, Олардан жұбаныш пен рақат табам”,— деп жазған забур жыршысының сөздеріне қосыламыз (Забур 118:47). Иә, Ехобаға мойынсұну бізге ұнайды. Оның өз қызметшілерінен толық әрі еш бұлтарыссыз мойынсұнуды талап ететінін әрі соған лайық екенін түсінеміз (Заңды қайталау 12:32). Ехобаға деген сүйіспеншілігін көп жылдар бойы мойынсұнуымен көрсеткен адал пайғамбар Нұх туралы Киелі кітапта: “Нұх барлығын Құдай оған қалай бұйырса, солай істеді”,— делінген. Құдайдың біз туралы да осылай дегенін қалаймыз (Жаратылыс 6:22).

12. Ехобаның жүрегін қуанту үшін қалай мойынсұнуымыз керек?

12 Даярлықпен мойынсұнғанымызға Ехоба қалай қарайды? Киелі кітапта осылайша оны қуантатынымыз айтылған (Нақыл сөздер 27:11). Мойынсұнғыш болғанымыз, шынымен-ақ, Әлемнің Әміршісінің жүрегін қуанта ма? Әрине, қуантады әрі бұған келелі себеп бар. Ехоба бізді ерік бостандығымен жаратқан. Бұл біздің таңдау еркіндігіміз бар дегенді білдіреді. Демек, біз Құдайға мойынсұнуды не мойынсұнбауды өзіміз шешеміз (Заңды қайталау 30:15, 16, 19, 20). Көктегі Әкемізге өз ықтиярымызбен мойынсұнғанымыз және бұған сүйіспеншілікке толы жүрегіміздің талпындырғаны оған қатты ұнайды, әрі жүрегін қуанышқа бөлейді (Нақыл сөздер 11:20). Сондай-ақ осылай етуімізбен біз ең керемет өмір жолын таңдаймыз.

‘ӨСИЕТТЕРІН ОРЫНДАУ ҚИЫН ЕМЕС’

13, 14. Неге Құдайдың ‘өсиеттерін орындау қиын емес’ деуге болады? Мысал келтір.

13 Елші Жохан Ехобаның талаптары жайында: ‘Оларды орындау қиын емес’,— деп өте жігерлендіретін сөздер айтқан. Жоханның 1-хаты 5:3-те “қиын” деп аударылған грек сөзі сөзбе-сөз “ауыр” дегенді білдіреді *. Ехоба бізге орындай алмайтындай не ауыртпалық болатындай талаптар қоймайды. Оның заңдары кемелсіз адамдар орындай алмайтындай тым қиын емес.

14 Бұны мынадай мысалмен түсіндіруге болады. Көшейін деп жатқан жақын досың сенен көмек сұрады делік. Таситын заттар өте көп. Олардың арасында бір адам қиналмай-ақ көтере алатындай жеңіл, сондай-ақ екеулеп көтеру қажет тым ауыр заттар да бар. Досың сен таситын заттарды көрсетеді. Ол сенен тым ауыр заттарды көтеруді өтінер ме еді? Жоқ, әрине. Досың оларды жалғыз көтерем деп бір жеріңді ауыртып алғаныңды қаламас еді. Сол сияқты сүйіспеншілігі мен мейірімі мол Құдай бізге тым қиын талаптар қоймайды (Заңды қайталау 30:11—14). Ол бізден тым ауыр жүк көтеруді ешқашан сұрамас еді. Ехоба мүмкіндіктеріміздің шектеулі екенін түсінеді, өйткені ‘неден жаратылғанымызды біледі, топырақтан екеніміз Оның есінде’ (Забур 102:14).

15. Неге Ехобаның өсиеттерінің бізге әкелер игілігі мол екеніне сенімді бола аламыз?

15 Ехобаның өсиеттерін орындау біз үшін мүлдем қиын емес, қайта, олардың бізге әкелер игілігі мол (Ишая 48:17). Сондықтан Мұса ежелгі Исраил халқына былай деп айта алған: “Жаратушы Ие, өз Құдайың саған мәңгілікке беретін сол жерде сен ұзақ ғұмыр сүруің үшін саған және сенен кейінгі өзіңнің ұлдарыңа жақсы болуы үшін дәл қазір мен сендерге өсиет ететін Оның нұсқаулары мен Оның өсиеттерін сақтаңдар” (Заңды қайталау 4:40). Ехоба өз заңдарын біздің мәңгілік игілігіміз үшін бергеніне біз де сенімді бола аламыз. Расында да, басқаша болуы мүмкін бе!? Ехоба — даналығы мол Құдай (Римдіктерге 11:33). Сондықтан ол біз үшін ненің жақсы болатынын біледі. Сондай-ақ Ехоба — сүйіспеншіліктің нақ бейнесі (Жоханның 1-хаты 4:8). Сүйіспеншілік — оның болмысының ажырамас бөлігі әрі әрбір сөзі мен ісіне қозғау салып отырады. Оның қызметшілеріне берген барлық заңдары сүйіспеншілікке негізделген.

16. Азғын дүние мен кемелсіз тәніміздің ықпалына қарамастан, қалай біз мойынсұнғыш бола аламыз?

16 Алайда Құдайға мойынсұну әрдайым оңай бола бермейді. Біз Шайтан ‘билігін жүргізіп отырған’ азғын дүниенің ықпалына қарсы тұруымыз керек (Жоханның 1-хаты 5:19). Сондай-ақ Құдай заңдарын бұзуға итермелейтін кемелсіз тәнімізбен күресуіміз керек (Римдіктерге 7:21—25). Бірақ Құдайға деген сүйіспеншілігіміз жеңімпаз болуға көмектеседі. Ехоба өзіне деген сүйіспеншілігін мойынсұну арқылы көрсеткісі келетін қызметшілеріне батасын төгеді. Ол өзіне бойсұнатындарға киелі рухын береді (Елшілердің істері 5:32). Осы рух бойымызда мойынсұнғыш болуға көмектесетін керемет қасиеттер жетілдіреді (Ғалаттықтарға 5:22, 23).

17, 18. а) Осы кітапта нені қарастырамыз және қарастыру барысында нені есте ұстауымыз қажет? ә) Келесі тарауда не талқыланады?

17 Осы кітапта Ехобаның принциптері мен өнегелік нормаларын, сондай-ақ оның еркі тағы қалай көрініс табатынын қарастырамыз. Қарастыру барысында келесідей маңызды жайттарды есте ұстау қажет: Ехоба бізді өзінің заңдары мен принциптеріне мойынсұнуға мәжбүрлемейді, қайта, мұны шын жүректен істегенімізді қалайды және ол бізді қазірдің өзінде мол игілік әкелетін, ал болашақта мәңгілік өмірге жеткізетін өмір жолымен жүруге шақырады. Бар көңілімізбен мойынсұнуды Ехобаны қаншалықты жақсы көретінімізді көрсетудің керемет мүмкіндігі деп қарастырайық.

18 Дұрыс пен бұрыстың аражігін айыра алуымыз үшін Ехоба сүйіспеншілікпен бізге ар-ұждан берген. Алайда ар-ұжданымыздың басшылығына сенім арта алуымыз үшін оны тәрбиелеуіміз керек. Келесі тарауда осы тақырып қарастырылады.

^ 11-абзац Тіпті зұлым жындар да ықтиярсыз мойынсұнуы мүмкін. Мысалы, Иса жындарға адамдардың бойынан шығуды бұйырғанда, олар оның билігін мойындап, бойсұнуға мәжбүр болған (Марқа 1:27; 5:7—13).

^ 13-абзац Матай 23:4-те бұл сөз дін мұғалімдері мен парызшылдар қарапайым халықтың иығына артып қойған ‘тым ауыр’ жүкті, яғни ұсақ-түйек ережелер мен өздері шығарған салт-жораларды, суреттеу үшін қолданылған. Елшілердің істері 20:29, 30-да дәл осы сөз “жауыз” деп аударылып, “жалған ілімдерді уағыздап”, өзгелерді теріс жолға азғыратын залым жолдан таюшыларға нұсқайды.