Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

3-ТАРАУ

Құдай сүйгендерді сен де сүй

Құдай сүйгендерді сен де сүй

“Данамен жолдас болған дана болар” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 13:20).

1—3. а) Киелі кітапта қандай бұлтартпайтын шындық жазылған? ә) Бізге жақсы жағынан әсер ететін дос табу үшін не істеуге болады?

АДАМДАР, қандай да бір мағынада, сорғышқа ұқсайды: олар кез келген нәрсені бойына сіңіріп алуға бейім. Көзқарасымыз, ұстанатын принциптеріміз бен мінез-құлқымыздың өзіміз тығыз араласатын адамдардікіне ұқсап кетуі оп-оңай, тіпті кейде мұны байқамай да қаламыз.

2 Киелі кітапта мынадай бұлтартпайтын шындық жазылған: “Данамен жолдас болған дана болар, Наданмен жолдас болған бұзылар” (Нақыл сөздер 13:20). Бұл нақыл сөзде жай ғана таныстық жөнінде айтылмаған. Біздің өзіміз араласатын адамға еліктеуге бейім келетінімізбен келісетін шығарсың? Расында да, араласып жүрген адамға бауыр басып қалатындықтан, ол бізге не жақсы, не жаман жағынан әсер етеді.

3 Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылып қалмау үшін бізге жақсы жағынан әсер ететіндермен араласқан маңызды. Бұл үшін не істеуге болады? Қарапайым сөздермен айтар болсақ, Құдай сүйетіндерді сүйіп, оның досы болғандармен дос болуымыз керек. Осы жайлы ойланып көрші. Бойында Ехобаға ұнамды қасиеттері бар адамдардан артық кімдер бізге жақсы дос бола алар дейсің? Олай болса, Құдай қандай адамдарды жақсы көретінін қарастырайық. Оның көзқарасын нақты біліп алғанымыз лайықты достар табуымызға көмектеседі.

ҚҰДАЙ ҚАНДАЙ АДАМДАРДЫ СҮЙЕДІ?

4. Неге Ехоба достарын мұқият таңдауға құқылы және ол Ыбырайымды неге “досым” деп атаған?

4 Ехоба достарын өте мұқият таңдайды. Оның осылай етуге құқы бар емес пе? Өйткені ол — Әлемнің Әміршісі әрі онымен дос болу — зор мәртебе. Ал досы ретінде ол қандай адамдарды таңдайды? Ехоба өзіне толықтай сенетін және арқа сүйейтін адамдармен дос болады. Осы орайда, зор сенімімен танымал болған Ыбырайымның мысалын қарастырып көрейікші. Ұлын құрбандыққа шалу керек болса, әке үшін бұдан ауыр сынақ жоқ шығар *. Алайда Ыбырайым “Құдай баламды өлімнен қайта тірілтуге де құдіретті деп” кәміл сеніп, Ысқақты құрбан етуге дайын болған (Еврейлерге 11:17—19). Осындай сенім мен бойсұнушылық танытқаны үшін Ехоба Ыбырайымды “досым” деп атап, жылы сезімін білдірді (Ишая 41:8 сілт.; Жақып 2:21—23).

5. Ехоба өзіне адалдықпен мойынсұнатындарға қалай қарайды?

5 Ехоба адалдықпен мойынсұнуды жоғары бағалайды. Ол өзіне деген адалдығынан таймайтын адамдарды жақсы көреді (Патшалықтар 2-жазба 22:26). Бірінші тараудан көргеніміздей, оған өзін сүйгендіктен мойынсұнатындар қатты ұнайды. Нақыл сөздер 3:32-де: “Әділ жанға [ол] өз еркін ашып білдіреді”,— делінген. Ехоба талаптарын адалдықпен орындайтындарды өз мекеніне, яғни ғибадат етуге және кез келген уақытта дұға айтуға, мейірімділікпен шақырады (Забур 14:1—5).

6. Исаны сүйетінімізді қалай көрсете аламыз және Ұлын сүйгеніміз Ехобаға қалай әсер етеді?

6 Ехоба өзінің жалғыз Ұлын жақсы көретіндерді сүйеді. Иса былай деген: “Кім Мені сүйсе, айтқандарымды берік ұстанады және Әкем оны сүйеді. Біз сондай кісілерге келіп, өмірлерінен орын аламыз” (Жохан 14:23). Исаны сүйетінімізді қалай көрсете аламыз? Біз мұны ізгі хабарды уағыздау мен шәкірт дайындау тапсырмасын қоса алғанда, оның барлық өсиеттерін орындау арқылы көрсетеміз (Матай 28:19, 20; Жохан 14:15, 21). Мұны кемелсіз адамдардың мүмкіндігі жететін дәрежеде оның ‘ізімен жүріп’, сөздері мен істеріне еліктеу арқылы да көрсетеміз (Петірдің 1-хаты 2:21). Мәсіхті сүйгендіктен оның ізімен жүруге тырысатын адамдардың талпынысы Ехобаның жүрегінде жылы сезім оятады.

7. Неге Ехобаның достарымен дос болуға талпынған дұрыс?

7 Сенім, адалдық, мойынсұнғыштық және Исаға деген сүйіспеншілік — Ехобаның өз достарының бойынан көргісі келетін қасиеттердің кейбірі. Өзімізден былай деп сұрағанымыз абзал: “Мен жақын араласып жүрген адамдар осындай қасиеттер таныта ма? Исаның сөздері мен істеріне еліктей ме? Мен Ехобаның достарымен дос болуға тырысамын ба?” Осылай етуге тырысқанымыз дұрыс болады. Жақсы қасиеттер дамытатын және Патшалық туралы хабарды құлшыныспен уағыздайтын адамдар бізге жақсы жағынан әсер етіп, Құдайға ұнамды болуға деген шешімімізге сай өмір сүруге көмектеседі. (“ Жақсы дос қандай болады?” деген қоршауды қара.)

КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ МЫСАЛДАРДАН НЕ ҮЙРЕНЕМІЗ?

8. а) Нағима мен Руттың, ә) үш еврей жігіттің, б) Пауыл мен Тімотенің арасындағы достық сен үшін несімен ерекше?

8 Киелі кітапта жақсы дос таңдағандықтан мол батаға ие болғандар туралы көптеген мысал жазылған. Одан Нағима мен келіні Руттың, Бабылда жұптары жазылмай жүрген үш еврей жігіттің және Пауыл мен Тімотенің арасындағы достық жайлы оқимыз (Рут 1:16; Даниял 3:17, 18; Қорынттықтарға 1-хат 4:17; Філіпіліктерге 2:20—22). Ал қазір Дәуіт пен Жонатанның арасындағы керемет достыққа көңіл аударайық.

9, 10. Дәуіт пен Жонатанның достығының берік болуының себебі неде?

9 Киелі кітапта Дәуіт Ғолиятты өлтірген соң, ‘Жонатанның оны қатты ұнатып, жанындай жақсы көріп қалғаны’ айтылған (Патшалықтар 1-жазба 18:1). Осылайша олар жас айырмашылықтары үлкен болса да, Жонатан қаза болғанға дейін айнымас дос болған * (Патшалықтар 2-жазба 1:26). Екеуінің достығының берік болуының себебі неде еді?

10 Ехобаға деген сүйіспеншіліктері мен оған адал болып қалуға деген зор ықыластары олардың айнымас дос болуына ықпал еткен. Ол екеуі де Құдайға ұнамды болғысы келген. Сондай-ақ бойларындағы қасиеттері бір-біріне тартымды болған. Жонатанға Ехобаның есімін батыл қорғаған жас жігіттің ержүректігі мен құлшынысы қатты әсер еткені сөзсіз. Ал Дәуіттің Құдай еркін адалдықпен қолдаған және досының мүддесін өзінікінен жоғары қойған жасы үлкен Жонатанды құрметтегені даусыз. Мысалы, Дәуіт басына күн туып, шөл далада Жонатанның әкесі зұлым патша Саулдан қашып жүргенде болған жағдайды қарастырайық. Жонатан адалдығының керемет дәлелі ретінде өзі ‘Дәуітке ну орманға келіп, оның Құдайға деген сенімін нығайтады’ (Патшалықтар 1-жазба 23:16). Аяулы досы келіп жігерлендіргенде, Дәуіттің қандай сезімде болғаны туралы ойлап көрші *.

11. Жонатан мен Дәуіттің мысалынан достыққа қатысты не нәрсеге үйренеміз?

11 Жонатан мен Дәуіттің мысалынан не нәрсеге үйренеміз? Ең алдымен мынаны байқаймыз: достардың рухани құндылықтарының ортақ болғаны аса маңызды. Жақын араласатын адамдармен нанымдарымыз, құндылықтарымыз бен Құдайға адал болуға деген ықыласымыз бір болса, ой-сезімдерімізбен және бастан өткерген оқиғаларымызбен бөлісіп, бір-бірімізді жігерлендіріп нығайта аламыз (Римдіктерге 1:11, 12). Құдайға адалдығын сақтағысы келетін осындай достарды бауырластардың арасынан табуға болады. Алайда қауым кездесулеріне келетіндердің бәрі бірдей жақсы дос бола ма? Міндетті түрде емес.

АРАЛАСАТЫН ОРТАНЫ ТАҢДАУ

12, 13. а) Неге тіпті қауымда да араласатын ортаны мұқият таңдауымыз керек? ә) Бірінші ғасырдағы қауымдарда қандай жағдай орын алған және бұл Пауылды қандай қатаң ескерту жасауға талпындырды?

12 Достарымыздың бізге рухани жағынан жақсы әсер еткенін қаласақ, тіпті қауымда да талғампаз болуымыз керек. Бұған таңғалуымыз керек пе? Жоқ, өйткені бір ағашта өсіп тұрған жемістер бірдей пісіп-жетілмейді, сол сияқты, мәсіхшілердің кейбіріне рухани өсу үшін ұзағырақ уақыт қажет болуы мүмкін. Сондықтан рухани өсімі әртүрлі деңгейдегі бауырластар барлық қауымда бар (Еврейлерге 5:12—6:3). Әрине, біз жаңа келген не әлі толыспаған бауырластарға рухани өсуге көмектескіміз келеді, сондықтан оларға шыдамдылық пен сүйіспеншілік танытамыз (Римдіктерге 14:1; 15:1).

13 Қауымда кіммен араласатынымызға мұқият болуды қажет ететін жағдайлар болып тұрады. Мысалы, кейбіреулердің жүріс-тұрысы лайықсыз болуы мүмкін. Өзге біреулер үнемі наразы болып, күңкілдеп жүретін шығар. Бірінші ғасырдағы қауымдарда да осындай жағдай болған. Мәсіхшілердің басым көпшілігі адал болғанмен, лайықсыз жүріс-тұрысымен танылғандар да болған. Қорынттағы мәсіхшілердің кейбірі белгілі бір ілімдерді ұстанбағандықтан, Пауыл ондағы қауымға былай деп ескерткен: “Алданып қалмаңдар! “Араммен араласқан жан адал әдетінен айырылады” (Қорынттықтарға 1-хат 15:12, 33). Ал Тімотеге бауырластардың кейбірі өздерін дұрыс ұстамауы мүмкін екенін ескерткен. Пауыл оны мұндайлармен тығыз араласпай, өзін таза ұстауға шақырған (Тімотеге 2-хат 2:20—22).

14. Пауыл айтқан ескертудің астарындағы принципті қалай қолдануға болады?

14 Пауыл айтқан ескертудің астарындағы принципті қалай қолдануға болады? Біз, осы дүниелік не бауырлас болсын, өзімізге жаман жағынан әсер ететін кез келген адаммен тығыз араласудан аулақ болуымыз керек (Салониқалықтарға 2-хат 3:6, 7, 14). Біз рухани күйімізді зиянды әсерден сақтауға тиіспіз. Сорғыш сияқты, жақын достарымыздың көзқарастары мен мінез-құлқын бойымызға сіңіріп алуға бейім екенімізді ұмытпа. Лас суға салынған сорғыш таза су сіңірмейді, сол сияқты біздің де жаман ортада жүріп, бойымызға жақсы нәрсе сіңіруіміз мүмкін емес (Қорынттықтарға 1-хат 5:6).

Өзіңе жақсы жағынан әсер ететін достарды бауырластардың арасынан таба аласың

15. Қауымнан Құдайға адал болғысы келетін достар табу үшін не істеуіңе болады?

15 Қуанышымызға орай, қауымда бізге жақсы жағынан әсер ететін бауырластар көптеп табылады (Забур 132:1). Құдайға адал болғысы келетін мәсіхшілермен қалай достасуға болады? Жүріс-тұрысың мен қасиеттеріңді жақсарта берер болсаң, осылай етуге тырысып жүрген басқа мәсіхшілер саған үйір болары сөзсіз. Бұған қоса, жаңа достар табуға өзіңнің де нақты қадамдар жасауыңа болады. (“ Жақсы достарды қалай табуға болады?” деген қоршауды қара.) Бойында өзің танытқың келетін қасиеттері бар бауырластарды ізде. Киелі кітаптағы ‘пейілдеріңді кең жайыңдар’ деген кеңеске құлақ асып, досты нәсілі, ұлты мен мәдениетіне қарамай таңда (Қорынттықтарға 2-хат 6:13; Петірдің 1-хаты 2:17). Өз құрдастарыңмен ғана шектелме. Есіңде болса, Жонатан Дәуіттен әлдеқайда үлкен болған. Жасы үлкендеу мәсіхшілердің тәжірибесі мен даналығы достықты көркейте түседі.

ҚИЫНДЫҚ ТУҒАНДА

16, 17. Бауырласымыз ренжітіп қойса, сол үшін қауымнан кетіп қалғанымыз дұрыс бола ма?

16 Бауырластардың мінез-құлқы мен алған тәрбиесі әртүрлі болғандықтан, қауымда ара-тұра қиындықтар туындап тұрады. Біреу көңілімізге тиетін бірдеңе айтып не істеп қоюы мүмкін (Нақыл сөздер 12:18). Ал кейде екі адам өзара сыйыса алмағандықтан, түсініспей қалғандықтан не көзқарастары әртүрлі болғандықтан да қиындықтар туып жатады. Осындай жағдайларды тым ауыр қабылдап, қауымнан кетіп қаламыз ба? Ехобаны және ол сүйетін адамдарды шынымен жақсы көрсек, олай етпейміз.

17 Жаратушымыз әрі Қамқоршымыз ретінде Ехоба біздің сүйіспеншілік пен шексіз берілгендік танытуымызға лайық (Аян 4:11). Бұған қоса, Ехоба қолданып отырған қауым құрылымы да адалдықпен қолдау көрсетуімізге лайық (Еврейлерге 13:17). Олай болса, бауырласымыз ренжітіп қойса не көңілімізді қалдырса, наразылығымызды білдіру үшін қауымнан кетіп қалмаймыз. Мұндай әрекетке қалай бармақпыз? Бізді ренжіткен Ехоба емес қой. Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз одан және оның халқынан бас тартуымызға ешқашан жол бермейді! (Забур 118:165).

18. а) Қауымда тыныштықтың сақталуына қалай үлес қоса аламыз? ә) Келелі себеп бар болса, кешіре білгеніміздің қандай пайдасы бар?

18 Бауырластарды сүйгеніміз қауымдағы тыныштықтың сақталуына үлес қосуға талпындырады. Ехоба өзі сүйетін адамдардан кемелділікті күтпейді, біз де солай етуіміз керек. Сүйіспеншілік бәріміз де кемелсіз болғандықтан көп қателесетінімізді есте ұстай отырып, бауырластардың болар-болмас қателіктеріне мән бермеуге көмектеседі (Нақыл сөздер 17:9; Петірдің 1-хаты 4:8). Сүйіспеншіліктің арқасында әрі қарай да өзара ‘кешірімді бола’ аламыз (Қолостықтарға 3:13). Алайда бұл кеңесті қолдану әрдайым оңай бола бермейді. Егер ашуға бой алдырсақ, реніш сақтап жүруге бейім болып кетуіміз мүмкін. Бәлкім, осылайша өзімізді ренжіткен адамды жазалағымыз келетін шығар. Алайда, шындығына келгенде, реніш сақтап жүргеніміз өзімізге зиян. Келелі себеп бар болса, кешіре білгеніміз көп пайдасын тигізеді (Лұқа 17:3, 4). Осының арқасында ой-санамыз бен жүрегімізде тыныштық орнайды және қауымда ынтымақ болады, ал ең маңыздысы, Ехобамен қарым-қатынасымызды сақтап қаламыз (Матай 6:14, 15; Римдіктерге 14:19).

АРАЛАСУДЫ ДОҒАРУ ҚАЖЕТ БОЛҒАНДА

19. Қандай жағдайларда әлдекіммен араласуды доғару қажет болады?

19 Кейде қауым мүшелерінің бірімен араласуды доғару қажет болады. Әдетте біреу Құдай заңын бұзып, мұнысына өкінбей қауымнан шығарылғанда, жалған ілімдер таратып, шындықтан тайғанда немесе қауымнан бас тартқанда осылай ету керек болады. Құдай Сөзінде мұндай адамдармен ‘араласпау керектігі’ анық айтылған * (Қорынттықтарға 1-хат 5:11—13; Жоханның 2-хаты 9—11). Алайда досымыз не туысымызбен араласпай қою оңай болмауы мүмкін. Осындай жағдайда берік болып, ең бастысы Ехобаға және оның әділ заңдарына адал болып қалғымыз келетінін көрсетеміз бе? Ехоба үшін адалдық пен мойынсұнушылық танытқанымыз аса маңызды екенін ұмытпа.

20, 21. а) Неге қауымнан шығару — сүйіспеншілікке негізделген шара? ә) Неге кіммен араласатынымызға айрықша мән бергеніміз абзал?

20 Қауымнан шығару — Ехобаның сүйіспеншілікке негізделген шарасы. Неге бұлай деуге болады? Күнәсіна өкінбеген адам қауымнан шығарылғанда, Ехобаның киелі есіміне және оның нормаларына сүйіспеншілік көрсетіледі (Петірдің 1-хаты 1:15, 16). Бұл шара — қауым үшін қорғаныш. Өйткені осының арқасында адал мәсіхшілер қасарысқан күнәкарлардың әсерінен аман жүреді және қауымда өздерін осы зұлым дүниенің ықпалынан қауіпсіз сезініп, қызметтерін жалғастыра береді (Қорынттықтарға 1-хат 5:7; Еврейлерге 12:15, 16). Қатаң жөнге салу шарасы арқылы күнә жасаған адамға да сүйіспеншілік көрсетіледі. Бұл оған төбесіне жай түскендей әсер етіп, ақылға келуге және Ехобаға қайта бет бұру үшін қажетті қадамдар жасауға талпындыруы мүмкін (Еврейлерге 12:11).

21 Тығыз араласатын адамдардың бізге қатты әсер ететінін жоққа шығара алмаймыз. Олай болса, кіммен араласатынымызға айрықша мән бергеніміз абзал. Ехобаның достарын дос етер болсақ және ол сүйетіндерді біз де сүйсек, араласатын ең жақсы орта таңдағанымыз. Олардың жағымды жақтарын бойымызға сіңіргеніміз Ехобаға ұнамды болу шешімімізге сай өмір сүруге көмектеседі.

^ 4-абзац Ыбырайымнан осылай етуді өтінуімен Ехоба өзінің жалғыз Ұлын құрбандыққа беретінін көрсетті (Жохан 3:16). Ыбырайымның жағдайында Ехоба Ысқақтың орнына құрбандыққа шалу үшін қошқар берді (Жаратылыс 22:1, 2, 9—13).

^ 9-абзац Дәуіт Ғолиятты өлтіргенде жас жігіт болатын, ал Жонатан қаза болғанда ол отыздарда еді (Патшалықтар 1-жазба 17:33; 31:2; Патшалықтар 2-жазба 5:4). Олай болса, шамамен алпыс жасында қайтыс болған Жонатан Дәуіттен отыз жастай үлкен болған.

^ 10-абзац Патшалықтар 1-жазба 23:17-ге сай, Жонатан Дәуітті жігерлендіретін бес нәрсе айтқан: 1) оны қорықпауға талпындырды, 2) Саулдың әрекетінен түк шықпайтынына сендірді, 3) Құдай уәде еткендей, оның патша болатынын есіне салды, 4) оған адал болып қалуды уәде етті, 5) оған адал екенін тіпті Саулдың да білетінін айтты.