Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

6-ТАРАУ

Лайықты көңіл көтеру түрлерін таңда

Лайықты көңіл көтеру түрлерін таңда

“Бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 10:31).

1, 2. Көңіл көтеруге қатысты нені шешіп алуымыз қажет?

СЕН дәмді жеміс жегелі жатырсың делік, кенет оның шіріген жері бар екенін байқадың. Сен не істейсің? Әрекет етудің үш жолы бар: жемісті шіріген жерімен қоса жей салу, оны лақтырып жіберу не шіріген жерін кесіп тастап, жақсы жерін жеу. Сен қайсысын таңдайсың?

2 Көңіл көтеру, қандай да бір мағынада, осындай жеміске ұқсайды. Кейде біз тынығып, демалғымыз келеді, бірақ бүгінде көңіл көтеру түрлерінің басым көпшілігі өнегесіздікке толы. Сен не істейсің? Кейбіреулер осы дүние ұсынып отырған көңіл көтеру түрлерін жаман-жақсы деп айырып жатпайтын шығар. Өзге біреулер зиянды әсерінен сақтану үшін олардың бәрінен бас тартуы мүмкін. Тағы біреулер болса жамандарынан барынша аулақ болып, ал тәуір дегендерінен бас тартпайтын болар. Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмас үшін, сен қайсысын таңдауың керек?

3. Біз қазір нені қарастырамыз?

3 Көпшілігіміз үшіншісін таңдар едік. Біз арагідік демалып тұру қажет екенін түсінеміз, бірақ өнегелік жағынан таза емес көңіл көтеру түрлерінен аулақ болғымыз келеді. Олай болса, олардың лайықты не лайықсыз екенін қалай айыруға болатынын біліп алуымыз қажет. Бірақ, алдымен, бұған қатысты шешіміміздің Ехобаға деген ғибадатымызға қалай әсер ететінін қарастырайық.

“БӘРІН ҚҰДАЙДЫ ДӘРІПТЕУ ҮШІН ІСТЕҢДЕР!”

4. Бағышталғанымыз көңіл көтеру түрлерін таңдауға қалай әсер ету керек?

4 1946 жылы шомылдыру рәсімінен өткен бір қарт бауырлас осыдан біраз уақыт бұрын былай деді: “Шомылдыру рәсімінен өтетіндерге арналған әр баяндаманы өзім шомылдыру рәсімінен өткелі жатқандай мұқият тыңдаймын деп шештім”. Не себепті? Ол: “Адалдығымды сақтау үшін Құдайға бағышталғанымды анық есте ұстағаным өте маңызды”,— деп түсіндірді. Сенің онымен келісерің сөзсіз. Ехобаға өмір бойы қызмет етуді уәде еткеніңді еске түсіріп отырғаның төзімді болуыңа көмектеседі (Екклесиаст 5:4; Еврейлерге 10:7). Расында да, бағышталғаның туралы ой жүгірткенің қызметіңе ғана емес, көңіл көтеру түрлерін қоса алғанда, өміріңнің барлық саласына қатысты көзқарасыңа әсер етеді. Елші Пауыл өз заманындағы мәсіхшілерге жазған келесі сөздер арқылы осы шындыққа баса назар аударған: “Не ішіп-жесеңдер де, не істесеңдер де, бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!” (Қорынттықтарға 1-хат 10:31).

5. Қалай Леуіліктер 22:18—20 тармақтардан Римдіктерге 12:1-дегі сөздердің астарындағы ескертуді көруге болады?

5 Сенің әрбір іс-әрекетіңнің Ехобаға деген ғибадатыңмен байланысы бар. Римдіктерге жазған хатында Пауыл осы шындықты бауырластарының көңіліне ұялату үшін терең мәні бар сөз қолданған. Ол бауырластарын: “Ақылмен қызмет ету үшін тәндеріңді тірі, қасиетті, Құдайға лайықты күйінде құрбандық етуге ұсыныңдар”,— деп шақырған (Римдіктерге 12:1 Тт). Сенің тәнің ақыл-ой, жүрек және күш-қуаттан тұрады. Мұның барлығын сен Құдайға қызмет етуге қолданасың (Марқа 12:30). Пауыл осылай жан-тәнімен атқарылатын қызметті “құрбандық” деп атаған. Бұл сөздің астарында ескерту бар. Мұса заңы бойынша, Құдай кемістігі бар құрбандықты қабыл алмайтын (Леуіліктер 22:18—20). Сол сияқты, мәсіхшінің рухани құрбандығының міні бар болса, Құдай оны қабылдамайды. Қалайша бұлай болуы мүмкін?

6, 7. Мәсіхші денесін қалай арамдауы мүмкін және мұның салдары қандай болуы ықтимал?

6 Пауыл Римдегі мәсіхшілерге: ‘Дене мүшелеріңді күнә жасау үшін қолданбаңдар’,— деген. Сондай-ақ оларға дененің ‘іс-әрекетін өлтірулері’ керектігін айтқан (Римдіктерге 6:12—14; 8:13 сілт.). Ал осының алдында дененің іс-әрекеттерінің кейбірін атап өткен. Күнәкар адамдар жөнінде ол мынадай сөздер жазды: ‘ауыздары қарғысқа толы’, “аяқтары жазықсыз қан төгуге асығады”, “көздерінде Құдайдан қорқу жоқ” (Римдіктерге 3:13—17, 18 Тт). Мәсіхші ‘дене мүшелерін’ осындай күнәкар іс-әрекеттер істеу үшін қолданатын болса, бүкіл денесін арамдайды. Мысалы, оның порнография сияқты өнегесіз нәрселерді не жан түршіктіретін қатыгез көріністерді әдейі қарағаны — көздерін ‘күнә жасау үшін қолданғаны’, әрі мұнысымен ол бүкіл денесін арамдайды. Оның ғибадатқа қатысты атқарған кез келген ісі қасиеттілігінен айырылған құрбандыққа айналады және Құдай оны қабыл алмайды (Заңды қайталау 15:21; Петірдің 1-хаты 1:14—16; Петірдің 2-хаты 3:11). Көңіл көтеру түрін дұрыс таңдамаудың салдары қандай жаман!

7 Иә, мәсіхшінің көңіл көтеру түрін дұрыс таңдамауы неге әкеп соғатыны анық. Олай болса, Құдайға ұсынған құрбандығымызды арамдамайтын, қайта, құндылығын арттыра түсетін көңіл көтеру түрлерін таңдағымыз келері сөзсіз. Ал енді олардың лайықты не лайықсыз екенін қалай айыруға болатынын қарастырайық.

‘ЖАМАНДЫҚТАН АУЛАҚ ЖҮР’

8, 9. а) Көңіл көтеру түрлерін, негізінен, қандай екі топқа бөлуге болады? ә) Біз қандай көңіл көтеру түрлерінен бас тартамыз және неге?

8 Көңіл көтеру түрлерін, негізінен, екі топқа бөлуге болады. Біріншісіне мәсіхші мүлдем бас тартатын көңіл көтеру түрлері, ал екіншісіне мәсіхшілердің кейбірі лайықты деп тапса, енді біреулері лайықсыз деп есептейтіндері жатады. Алдымен бірінші топқа жататындарын қарастырайық.

9 Бірінші тарауда айтылғандай, кейбір көңіл көтеру түрлерінен Киелі кітапта ашық айыпталатын іс-әрекеттер айқын байқалады. Мысалға, асқан қатыгездік пен жын-перілердің әрекеттері орын алатын не порнография мен әдепсіз, азғын нәрселер насихатталатын Веб-сайттар, фильмдер, теледидар бағдарламалары және музыка жайлы ойланып көрші. Осындай азып-тозған көңіл көтеру түрлерінде Киелі кітап принциптерін не заңдарын бұзатын әрекеттер жағымды етіп көрсетіледі, сондықтан мәсіхшілер олардан аулақ болу керек (Елшілердің істері 15:28, 29; Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10; Аян 21:8). Мәсіхшілерге лайықсыз осындай көңіл көтеру түрлерінен бас тартуыңмен шынымен ‘жамандықтан аулақ жүретініңді’ және әрдайым ‘зұлымдықтан бойыңды аулақ ұстайтыныңды’ көрсетесің. Сонда ‘сенімің шынайы’ болмақ (Римдіктерге 12:9; Забур 33:15; Тімотеге 1-хат 1:5).

10. Көңіл көтеруге қатысты қандай көзқарас қауіпті және неге?

10 Кейбіреулер әдепсіз қылықтарды ашық көрсететін нәрселерді қарағанда тұрған ештеңе жоқ деп ойлауы мүмкін. Олар: “Мұндай нәрселерді фильмдерден не теледидар бағдарламаларынан көрсем де, өзім ешқашан істемеймін ғой”,— деп жатады. Алайда олар өзін-өзі алдайды, әрі бұндай көзқарас өте қауіпті (Еремия 17:9). Ехоба айыптайтын істерді қызықтап қарайтын болсақ, шынымен ‘жамандықтан аулақ жүрміз’ дей аламыз ба? Жаман нәрселерді жиі көріп-тыңдағанымыз сезімдерімізді мұқалтады (Забур 118:70; Тімотеге 1-хат 4:1, 2). Сонымен қатар іс-әрекеттерімізге және өзгелердің бұрыс қылықтарына деген көзқарасымызға әсер етуі мүмкін.

11. Көңіл көтеру түрлерін таңдауға келгенде, Ғалаттықтарға 6:7-дегі сөздердің растығы қалай көрінеді?

11 Көріп-тыңдағандары кейбір мәсіхшілердің іс-әрекетіне әсер еткен де. Әдепсіз нәрселерді көруге әдеттенгендіктен олар ақырында өнегесіз қылықтар жасаған. ‘Адам не ексе, соны оратынын’ олар өз бастарынан өткізіп барып түсінген (Ғалаттықтарға 6:7). Бірақ бұған жол бермеуге де болады. Ойыңды таза нәрселерге толтыратын болсаң, өмірде оның игілікті жемісін көресің. (“ Қандай көңіл көтеру түрлерін таңдауым керек?” деген қоршауды қара.)

КИЕЛІ КІТАП ПРИНЦИПТЕРІНЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ЖЕКЕ ШЕШІМ

12. Ғалаттықтарға 6:5-ті (сілт.) көңіл көтеруге қатысы қалай қолдануға болады және жеке шешім қабылдауға көмектесетін қандай басшылық бар?

12 Ал енді екінші топқа жататындарын, яғни Құдай Сөзі тікелей айыптамайтын да, құптамайтын да әрекеттер орын алатын көңіл көтеру түрлерін қарастырайық. Мұндайда мәсіхші қайсысын лайықты деп табатынын өзі шешу керек (Ғалаттықтарға 6:5 сілт.). Алайда бұндай жағдайда да бізге бағыт-бағдар көрсететін басшылық бар. Киелі кітапта Ехобаның ой қалпын түсінуге көмектесетін принциптер, яки негізгі шындықтар, жазылған. Соларға ден қойсақ, көңіл көтеру түрлерін қоса алғанда, барлық нәрселерге қатысты ‘Құдайдың еркін’ біле аламыз (Ефестіктерге 5:17).

13. Ехобаға ұнамауы мүмкін көңіл көтеру түрлерінен аулақ жүруге бізді не талпындырады?

13 Рас, мәсіхшілердің дұрыс пен бұрысты айыра білу қабілеті, не қырағылықтары, бірдей деңгейде емес (Філіпіліктерге 1:9). Оның үстіне, көңіл көтеруге қатысты талғамымыз да әртүрлі болып келеді. Сондықтан біз барлық мәсіхшілер бірдей шешім қабылдайды деп күтпейміз. Сөйткенмен де Киелі кітап принциптерінің санамыз бен жүрегімізге әсер етуіне көбірек жол берген сайын, Ехобаға ұнамауы мүмкін көңіл көтеру түрлерінен аулақ жүруге деген ықыласымыз арта түседі (Забур 118:11, 129; Петірдің 1-хаты 2:16).

14. а) Көңіл көтеру түрлерін таңдағанда нені ескерген жөн? ә) Патшалықтың мүддесі әрдайым басты орында тұру үшін не істеуге болады?

14 Тағы бір маңызды жайтты ескерген жөн. Бұл — уақыт. Көңіл көтеру түрінің мазмұны нені лайықты деп табатыныңды көрсетеді, ал оған қанша уақыт жұмсайтының нені маңызды санайтыныңды аян етеді. Мәсіхшілер үшін рухани нәрселердің бірінші орында тұратыны сөзсіз (Матай 6:33). Олай болса, Патшалықтың мүддесін өміріңде әрқашан басты орынға қоятыныңды қалай көрсете аласың? Елші Пауыл былай деген: “Парасатсыз емес, парасатты адам іспетті әрекет ету үшін әрқашан мұқият болыңдар, өздеріңе қолайлы уақыттың құнын өтеп алыңдар” (Ефестіктерге 5:15, 16 ЖД). Иә, көңіл көтеруге жұмсайтын уақытқа нақты шек қояр болсаң, “маңыздырақ” нәрселерге, атап айтқанда рухани нығайтатын істерге, қажетті уақыт бөле аласың (Філіпіліктерге 1:10 ЖД).

15. Неге лайықсыз көңіл көтеру түрлерінен қаншалықты аулақ болу керектігі туралы ойланған жөн?

15 Лайықсыз көңіл көтеру түрлерінен қаншалықты аулақ болғанымыз дұрыс? Жеміс туралы мысалға қайта оралайықшы. Байқамай бүлінген жерін жеп қоймас үшін жемістің шірігін ғана емес, айналасын да кесіп тастасаң керек. Көңіл көтеру түрлеріне қатысты да солай еткен жөн. Парасатты мәсіхші Киелі кітап принциптеріне тікелей қайшы келетіндерінен ғана емес, күдікті не рухани күйіне нұқсан келтіреді-ау деген жерлері бар көңіл көтеру түрлерінен де аулақ жүреді (Нақыл сөздер 4:25—27). Құдай Сөзіндегі кеңестерді берік ұстанғаның осылай етуіңе көмектеседі.

“ТАЗА” НӘРСЕЛЕР ЖАЙЛЫ ОЙЛАН

Көңіл көтеру түрін таңдағанда, Құдай Сөзіндегі принциптерді қолданғанымыз рухани жағынан қорғайды

16. а) Өнегелікке қатысты көзқарасымыздың Ехобанікіндей екенін қалай көрсетеміз? ә) Киелі кітап принциптерін ұстануды қалай өмір салтына айналдыра аласың?

16 Шынайы мәсіхшілер көңіл көтеру түрлерін таңдағанда, ең алдымен, Ехобаның көзқарасын ескереді. Киелі кітаптан Ехобаның сезімдері мен нормаларын білуге болады. Мысалы, Сүлеймен патша: “Өтірікші тіл, Һәм жазықсыз қан төгетін қол, Зұлым жоспар құратын ақыл-сана, Асыққан аяқ соны орындауға”,— деп, Ехоба жек көретін кейбір істерді атап өткен (Нақыл сөздер 6:16—19). Ехобаның көзқарасы сенің шешіміңе қалай әсер ету керек? Забур жыршысы: “Жаратқан Иені жақсы көретіндер, жамандықты жек көріңдер!”— деп шақырған (Забур 96:10). Сен таңдаған көңіл көтеру түрінен Ехоба жек көретін нәрселерді сенің де шынымен жек көретінің көрініп тұру керек (Ғалаттықтарға 5:19—21). Мынаны да ұмытпа: шын мәнінде қандай адам екеніңді өзгенің көзінше емес, жеке қалғанда өзіңді қалай ұстайтының көбірек аян етеді (Забур 10:4; 15:8). Ехобаның өнегелікке қатысты көзқарасын өміріңнің барлық саласында танытуды шын жүректен қалайтын болсаң, әрдайым Киелі кітап принциптеріне сай шешім қабылдайтын боласың. Осылай ету сенің өмір салтыңа айналады (Қорынттықтарға 2-хат 3:18).

17. Көңіл көтеру түрін таңдамас бұрын, не жайлы ойланған дұрыс?

17 Ехобаның ой қалпына сай әрекет ететініңе көз жеткізу үшін тағы не істеуіңе болады? Таңдаған көңіл көтеру түрі өзіңе және Құдаймен қарым-қатынасыңа қалай әсер ететіні жайлы ойлан. Мысалы, қандай да бір фильмді көрмес бұрын, өзіңнен: “Ол менің ар-ұжданыма қалай әсер етеді?”— деп сұра. Қазір осыған қатысты қандай принциптерді қолдануға болатынын қарастырайық.

18, 19. а) Філіпіліктерге 4:8-дегі принцип лайықты көңіл көтеру түрін таңдауға қалай көмектеседі? ә) Лайықты көңіл көтеру түрін таңдауға тағы қандай принциптер көмектеседі? (Сілтемені қара.)

18 Філіпіліктерге 4:8-де маңызды принцип жазылған: “Күллі шынайы да қастерлі, әділ де таза, ұнамды да тартымды нәрселер турасында, қандай да адамгершілікті және мақтауға тұрарлық қасиет болмасын, солар туралы ойланатын болыңдар!” Бұл жерде Пауыл ой-ниетіміз Құдайға ұнамды нәрселер туралы болу керектігін айтқан (Забур 18:15). Бірақ мұндағы принципті көңіл көтеруге қатысты да қолдануға болады. Қалайша?

19 Өзіңнен былай деп сұра: “Мен таңдаған фильм, бейне ойын, музыка немесе көңіл көтерудің басқа түрі ой-санамды “таза” нәрселерге толтыра ма?” Мысалы, қандай да бір фильмді көріп болған соң, санаңды не нәрсе жаулап алады? Егер ойыңда қалған нәрселер жағымды, таза әрі жан сергітерлік болса, фильмнің көруге тұрарлық болғаны. Ал таза емес нәрселер жайында ойланатын болсаң, оның жаман, тіпті зиянды болғаны (Матай 12:33; Марқа 7:20—23). Неге? Өйткені таза емес ойлар жан тыныштығыңнан айырады, Киелі кітапқа негізделіп тәрбиеленген ар-ұжданыңды мазалайды және Құдаймен қарым-қатынасыңды бұзады (Ефестіктерге 5:5; Тімотеге 1-хат 1:5, 19). Мұндай көңіл көтеру түрлері өзің үшін зиянды болғандықтан, олардан аулақ жүруге беліңді бекем бу * (Римдіктерге 12:2). ‘Бос нәрселерге назарымды түсірме’,— деп дұға еткен забур жыршысынан үлгі ал (Забур 118:37).

БАСҚАЛАРДЫҢ ДА МҮДДЕЛЕРІН ОЙЛА

20, 21. Қорынттықтарға 1-хат 10:23, 24-те жазылған сөздердің лайықты көңіл көтеру түрлерін таңдауға қандай қатысы бар?

20 Пауыл жеке мәселелерге қатысты шешім қабылдағанда ескеруіміз қажет басты принципке көңіл аударған. Ол: “Бәрін істеуге болады”. Бірақ бәрі бірдей сенімдеріңді жетілдірмейді. Әркім жеке басының ғана емес, басқалардың да мүдделерін ойлауы керек”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 10:23, 24). Бұл принциптің лайықты көңіл көтеру түрлерін таңдауға қандай қатысы бар? Өзіңнен былай деп сұрауың керек: “Мен таңдаған көңіл көтеру түрі өзгелерге қалай әсер етеді?”.

21 Сен өз ар-ұжданыңа сүйеніп, көңіл көтерудің қандай да бір түрін лайықты деп есептейтін шығарсың. Алайда ар-ұждандары анағұрлым талапшыл бауырластарға ол оғаш көрінсе, бәлкім, одан бас тартуды шешерсің. Неге? Өйткені сен Құдайға деген адалдықтарын сақтауды қиындатып, бауырластарыңа қарсы, немесе Пауылдың айтуынша тіпті “Мәсіхке қарсы”, ‘күнә жасағың’ келмейді. Сондай-ақ “[өзгелердің] сенімдеріне нұқсан келтірмеңдер!” деген кеңеске құлақ асасың (Қорынттықтарға 1-хат 8:12; 10:32). Бүгінде шынайы мәсіхшілер ‘істеуге болатын’, бірақ ‘сенімді жетілдірмейтін’ көңіл көтеру түрлерінен аулақ болу арқылы Пауылдың көрегендікпен берген дана кеңесіне құлақ асады (Римдіктерге 14:1; 15:1).

22. Неге мәсіхшілер жеке бастың мәселелерінде басқаларға өз көзқарасын зорлап міндеттемейді?

22 Алайда өзгелердің мүддесін ойлаудың басқа да қыры бар. Ар-ұжданы анағұрлым талапшыл мәсіхші бауырластардың бәрінен көңіл көтеру түріне қатысты өзінің тар көзқарасын ұстануды талап етпеу керек. Осылай етсе, оны жүргізушілердің бәрінен өзі қалаған жылдамдықпен жүруді талап ететін адамға теңеуге болады. Әрине, бұлай ету парасаттылыққа жатпас еді. Бұл мәселеде ар-ұжданы анағұрлым талапшыл мәсіхші сүйіспеншілік танытып, өзінікіндей болмағанмен, Киелі кітап принциптеріне қайшы келмейтін талғам жасаған бауырластардың көзқарасын сыйлауы керек. Сонда оның “парасатты” екенін елдің бәрі көре алады (Філіпіліктерге 4:5 ЖД; Екклесиаст 7:16).

23. Лайықты көңіл көтеру түрін таңдағаныңа қалай көз жеткізе аласың?

23 Сонымен, лайықты көңіл көтеру түрін таңдағаныңа қалай көз жеткізе аласың? Құдай Сөзінде тікелей айыпталатын анайы да әдепсіз қылықтар ашықтан-ашық бейнеленетін көңіл көтеру түрлерінің кез келгенінен аулақ бол. Киелі кітапта нақты ештеңе айтылмаған көңіл көтеру түріне қатысты қолдануға болатын принциптерді ұстан. Ар-ұжданыңа нұқсан келтіретін, сондай-ақ өзгелерге, әсіресе бауырластарға, жөнсіз көрінетін көңіл көтеру түрлерінен бас тартуға дайын бол. Осы мәселедегі берік шешімің Құдайға мадақ әкелсін, әрі өзіңнің де, отбасыңның да оның сүйіспеншілігінен айырылмауына көмектессін.

^ 19-абзац Келесі тармақтардан көңіл көтеруге қатысты өзге де принциптерді табуға болады: Нақыл сөздер 3:31; 13:20; Ефестіктерге 5:3, 4 және Қолостықтарға 3:5, 8, 20.