Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

8-ТАРАУ

Құдай өзін таза ұстайтындарды сүйеді

Құдай өзін таза ұстайтындарды сүйеді

“Тазамен — тазасың” (ЗАБУР 17:27).

1—3. а) Неге анасы баласының таза да ұқыпты жүруін қадағалайды? ә) Неге Ехоба өз қызметшілерінің таза жүргенін қалайды және өзімізді таза ұстауға бізді не талпындырады?

АНАСЫ кішкентай баласын жуындырып, таза киім кигізіп, далаға шығарайын деп жатыр. Ол баласының таза жүргені денсаулығы үшін аса маңызды екенін жақсы біледі. Өзгелер баласының сырт көрінісіне қарап ата-анасы туралы ой түзетінін де түсінеді.

2 Көктегі Әкеміз Ехоба қызметшілерінің таза жүргенін қалайды. Оның Сөзінде: “Тазамен — тазасың” *,— делінген (Забур 17:27). Ехоба бізді жақсы көреді, әрі таза жүргеніміз біз үшін пайдалы екенін біледі. Сондай-ақ өзгелер оның Куәгерлеріне қарап ол туралы жақсы пікір қалыптастырады деп күтеді. Иә, таза сырт көрінісіміз бен әдепті жүріс-тұрысымыздың Ехобаға және оның киелі есіміне кір келтірмей, қайта, даңқ әкелері сөзсіз (Езекиел 36:22; Петірдің 1-хаты 2:12).

3 Құдайдың таза жүретіндерді жақсы көретінін білгеніміз өзімізді таза ұстауға талпындырады. Біз оны сүйеміз, сол себепті өмір салтымыздың оған даңқ әкелгенін қалаймыз. Сондай-ақ біз оның сүйіспеншілігінен айырылып қалғымыз келмейді. Олай болса, қай жағынан жақсаруымыз керектігін көруге көмектесетін мынадай сұрақтарды қарастырайық: Неге өзімізді таза ұстауымыз керек? Таза жүруге не жатады? Қалай өзімізді таза ұстай аламыз?

НЕГЕ ӨЗІМІЗДІ ТАЗА ҰСТАУЫМЫЗ КЕРЕК?

4, 5. а) Өзімізді таза ұстауымыз керектігінің басты себебі қандай? ә) Ехобаның кіршіксіз таза екені жаратылыстарынан қалай көрінеді?

4 Ехоба бізге барлық салада үлгі көрсетеді. Сондықтан біз “Құдайдан үлгі алуға” шақырыламыз (Ефестіктерге 5:1). Олай болса, өзімізді таза ұстаудың басты себебі мынау: ғибадат етіп жүрген Құдайымыз Ехоба барлық жағынан таза, кіршіксіз және киелі (Леуіліктер 11:44, 45).

5 Оның жолдары мен өзге де көптеген қасиеттері сияқты, кіршіксіз таза екендігі де жаратылыстарынан көрініс табады (Римдіктерге 1:20). Мысалы, Ехоба Жерді адам баласы үшін өз-өзін тазарта алатын мекен ретінде жаратты. Бұл Жердің су мен ауаны тазартып тұратын табиғи жүйесінен көрінеді. Сондай-ақ ондағы кейбір микроорганизмдер санитарлар ретінде әрекет етіп, зиянды қалдықтарды залалсыздандырып отырады. Ғалымдар осындай қомағай микроорганизмдердің кейбірін өзімшіл, ашкөз адамдардың мұнай төгуінің не басқа да істерінің кесірінен ластанған жерлерді тазарту үшін қолданады. Иә, ‘жерді жаратқан’ Ехоба үшін тазалық мәселесі өте маңызды екені анық (Еремия 10:12). Біз үшін де солай болу керек.

6, 7. Ехобаның қызметшілерінен таза жүру талап етілетініне Мұса заңында қалай баса назар аударылған?

6 Өзімізді таза ұстауымыз керектігінің тағы бір себебі — бұл Әлемнің Әміршісі Ехобаның талабы. Оның исраилдіктерге берген Таурат заңында тазалық пен ғибадаттың ажырағысыз екені анық көрсетілген еді. Онда бас діни қызметкердің Тазару күні бір емес, екі рет жуынуы керектігі нықтап айтылған болатын (Леуіліктер 16:4, 23, 24). Ал міндетін атқарып жатқан дін қызметкерлері Ехобаға құрбандық ұсынбас бұрын аяқ-қолдарын жуу керек-тін (Мысырдан шығу 30:17—21; Шежірелер 2-жазба 4:6). Сондай-ақ заңда адамның тәнін ластайтын және рәсім бойынша арам ететін 70 жағдай көрсетілді. Арамдалған кісінің ғибадатқа қатысуына тыйым салынатын, ал бұл талапты орындамаған адам тіпті өлім жазасына кесілуі мүмкін еді (Леуіліктер 15:31). Денесі мен киім-кешегін жууды қоса алғанда, тазару рәсіміне немкетті қарайтын кез келген ‘адам халық арасынан аластатылатын’, яғни өлімге кесілетін (Руларды санау 19:17—20).

7 Мәсіхшілер Мұса заңын ұстанбайды, сөйтсе де бұл заң Құдайдың көзқарасын тереңірек түсінуге көмектеседі. Біз Таурат заңында Құдайдың қызметшілерінен таза жүру талап етілетінін көрдік. Ехоба өзгерген жоқ (Малахи 3:6). Ғибадатымыз “таза да мінсіз” болмаса, Ехоба оны қабыл алмайды (Жақып 1:27). Сондықтан оның алдында таза жүруге не жататынын біліп алуымыз керек.

ҚҰДАЙДЫҢ КӨЗ АЛДЫНДА ТАЗА БОЛУ

8. Ехоба бізден қандай салаларда таза жүреді деп күтеді?

8 Киелі кітапқа сай, таза жүруге тек тәндік тазалық жатпайды. Құдайдың көз алдында таза болу өміріміздің барлық саласын қамтиды. Ехоба бізден рухани, құлықтылық, тәндік тазалықты және ой тазалығын сақтайды деп күтеді. Енді осылардың әрқайсысына жеке тоқталайық.

9, 10. Рухани жағынан таза болу деген нені білдіреді және шынайы мәсіхшілер неден аулақ жүреді?

9 Рухани тазалық. Бір сөзбен айтқанда, рухани жағынан таза болу дегеніміз шынайы ғибадат пен жалған дінді араластырмауды білдіреді. Исраилдіктер Иерусалимге оралу үшін Бабылдан шыққанда, рухтың жетелеуімен жазылған келесі сөздерге құлақ асу керек еді: ‘Шығыңдар; арам дүниелерге қолдарыңды тигізбеңдер; сол ортадан шығыңдар да, өздеріңді тазартыңдар!’ (Ишая 52:11). Исраилдіктердің елдеріне оралуының басты себебі — Ехобаға деген ғибадатты қалпына келтіру болатын. Олардың ғибадаты таза, яғни Бабыл дінінің Құдай атына кір келтіретін жора-жоралғылары, іс-әрекеттері және ілімдерімен арамдалмаған, болу керек еді.

10 Бүгінде шынайы мәсіхшілер ғибадаттарының жалған дінмен арамдалып қалмауын қадағалауы тиіс (Қорынттықтарға 1-хат 10:21). Бұл үшін өте сақ болу керек, өйткені жалған діннің әсері барлық жерде байқалады. Мысалы, жер-жерде адамдар аруаққа сенумен не басқа да жалған ілімдермен байланысы бар сан алуан әдет-ғұрыптарды, салт-жоралар мен рәсімдерді ұстанады (Екклесиаст 9:5, 6, 10). Шынайы мәсіхшілер мұндай әдет-ғұрыптардан аулақ жүреді *. Біз өзгелердің қысымына беріліп, тазалыққа қатысты Киелі кітаптағы талаптарды аттап кетпейміз (Елшілердің істері 5:29).

11. Құлықтылық жағынан таза жүруге не жатады және неге осылай еткеніміз маңызды?

11 Құлықтылық тазалық. Құлықтылық жағынан таза жүруге азғындықтың кез келген түрінен аулақ болу жатады (Ефестіктерге 5:5). Мұндай тазалықтың маңызы зор. Келесі тараудан көретініміздей, Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылып қалмау үшін ‘азғындықтан аулақ болуымыз’ керек. Күнәсіна өкінбейтін азғын адамдар ‘Құдай Патшалығынан орын алмайды’ (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10, 18). Мұндайларды Құдай “әбден арамдалған жеркенішті” адамдар деп қарастырады. Азғындық жасауын қоймаса, олардың ‘үлесі “екінші өлім”’ болмақ (Аян 21:8).

12, 13. Ой мен іс-әрекеттің қандай байланысы бар және ой-санамызды қалай таза сақтай аламыз?

12 Ой тазалығы. Адамның ойы жиі әрекетке ұласады. Санамыз бен жүрегімізге жаман ойдың ұялауына жол берсек, ерте ме, кеш пе таза емес қылық жасап қоюымыз әбден мүмкін (Матай 5:28; 15:18—20). Ал санамызды таза ойларға толтырсақ, іс-әрекетіміз де сондай болады (Філіпіліктерге 4:8). Ой-санамызды таза сақтау үшін не істеуге болады? Бұл үшін ойымызды ластауы мүмкін көңіл көтерудің кез келген түрінен аулақ жүруіміз керек *. Сондай-ақ Құдай Сөзін үнемі зерттеуіміз қажет (Забур 18:9, 10).

13 Иә, Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылып қалмау үшін рухани және құлықтылық жағынан таза болғанымыз, сондай-ақ ой тазалығын сақтағанымыз аса маңызды. Тазалықтың осы үш түрі кейінгі тарауларда толығырақ қарастырылады. Ал қазір тәндік тазалық жайлы әңгімелесейік.

ТӘНДІК ТАЗАЛЫҚТЫ САҚТАУ

14. Неге тәндік тазалық тек жеке бастың мәселесі емес?

14 Тәндік тазалыққа денеміз бен айналамызды таза ұстау жатады. Бұл ешкімге қатысы жоқ, жеке бастың мәселесі ме? Ехобаның қызметшілері үшін олай болмау керек. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, мұның Ехобаға да қатысты бар: таза жүргеніміз өзімізге пайдалы болуымен қатар, оған мадақ әкеледі. Тараудың басындағы мысалды есіңе түсірші. Егер бала үнемі кір-қожалақ не алқам-салқам болып жүрсе: “Ата-анасы қайда қарап жүр?”— деп таңғалар едің ғой. Біз сырт көрінісіміз бен өмір салтымыздың көктегі Әкеміздің атына кір келтіргенін не уағызымызға кедергі жасағанын қаламас едік. Құдай Сөзінде былай делінген: ‘Қызметіміз ұятқа қалмасын деп, жұрттың Ізгі хабарды қабылдауларында іс-әрекетімізбен ешкімге ешқандай кедергі жасамаймыз. Қайта, барлық істе де Құдайдың қызметшілеріне лайық болуға ұмтыламыз’ (Қорынттықтарға 2-хат 6:3, 4). Олай болса, тәндік тазалықты қалай сақтауға болады?

15, 16. Жеке гигиенаға не жатады және біздің киіміміз қандай болу керек?

15 Жеке гигиена және сырт көрініс. Әр елдің мәдениеті мен өмір сүру деңгейі әртүрлі болғанымен, әдетте өзіміз де, балаларымыз да үнемі жуынып, таза жүру үшін қажетті сабын мен су табуға болады. Жеке гигиенаға тамақ ішерде не дайындарда, әжетханадан кейін немесе баланың жаялығын ауыстырып, жуындырған соң қолды сабындап жуу жатады. Қолды сабындап жуу аурудың алдын алуы, тіпті өмірімізді сақтауы мүмкін. Осылай еткеніміз қауіпті вирустар мен бактериялардың таралуына тосқауыл болып, іш ауруларынан қорғайды. Канализация жүйесі жоқ жерлерде нәжісті ежелгі Исраилдегідей көміп тастау қажет болатын шығар (Заңды қайталау 23:12, 13).

16 Таза әрі ұқыпты болу үшін киімімізді де үнемі жуып тұруымыз керек. Мәсіхшінің киімі қымбат не соңғы сән үлгісіне сай болуы шарт емес, алайда жинақы, таза әрі қарапайым болу керек (Тімотеге 1-хат 2:9, 10). Біз сырт көрінісіміздің әрдайым ‘Құтқарушымыз Құдайдың ілімін көркейткенін’ қалаймыз (Титке 2:10).

17. Неге үй-жайымыз таза да ұқыпты болу керек?

17 Үй-жайымыз. Біздің үйіміз зәулім не сәулетті емес шығар, сөйтсе де ол мүмкіндігінше таза да ұқыпты болу керек. Ал жеке көлігіміз болса, әсіресе жиналысқа не қызметке барғанда, оның іші-сыртының таза болғаны дұрыс. Үй-жайымызды таза ұстағанымыз өзгелер үшін куәлік болатынын естен шығармайық. Өйткені біз басқаларға кіршіксіз таза Құдайымыз Ехобаның ‘жерді құртқандардың өздерін құртатыны’ және оның Патшалығы жақында бүкіл жер бетін жұмаққа айналдыратыны туралы уағыздап жүрген жоқпыз ба? (Аян 11:18; Лұқа 23:43). Иә, біз үйіміз бен мүлкімізді қазірдің өзінде таза ұстауға үйреніп, жаңа дүниеде өмір сүруге дайындалып жатқанымызды өзгелердің көргенін қалаймыз.

Тәндік тазалықты сақтауға денемізді және үй-жайымызды таза ұстау жатады

18. Патшалық сарайына құрметпен қарайтынымызды қалай көрсетеміз?

18 Ғибадат орны. Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз шынайы ғибадаттың орталығы Патшалық сарайына құрметпен қарауға талпындырады. Біз кездесуге келген жаңа адамдардың жақсы әсер алғанын қалаймыз. Ал Патшалық сарайы жақсы күйде болу үшін оны үнемі тазалап отыру және күтіп ұстау қажет. Бұл үшін қолдан келгенді істер болсақ, оған құрметпен қарайтынымызды көрсетеміз. Біз ғибадат орнын тазартуға және “жөндеп, жаңартып” тұруға уақыт бөлуді мәртебе санаймыз (Шежірелер 2-жазба 34:10). Конгресс сарайы мен конгресс өтетін басқа нысандарға да осылай қарауымыз керек.

АРАМ ӘДЕТТЕР МЕН ІСТЕРДЕН АРЫЛУ

19. Тәнімізді таза ұстау үшін неден аулақ болуымыз қажет және осы орайда Киелі кітап қалай көмектеседі?

19 Тәнімізді таза ұстау үшін арам әдеттер мен істерден, мысалы шылым шегу, ішкілікке салыну және тәуелді ететін немесе ой-санаға кері әсер ететін препараттарды медициналық қажеттен тыс қолданудан, аулақ болуымыз қажет. Киелі кітапта бүгінде кең тараған арам да жеркенішті әдеттер мен істердің бәрі атап айтылмаған, бірақ онда Ехобаның мұндай нәрселерге қатысты көзқарасын білуге болатын принциптер бар. Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз осы білімді басшылыққа ала отырып, оған ұнамды өмір жолымен жүруге талпындырады. Қазір Киелі кітаптағы бес принципті қарастырайық.

20, 21. Ехоба біздің қандай істерден аулақ болғанымызды қалайды және осылай етуге қандай келелі себеп бар?

20 “Осы уәделердің бәрі де бізге берілгендіктен, қымбатты бауырластарым, тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрселерден тазарып, Құдайды терең қастерлеп, толығымен Оған бағышталған қасиетті өмір сүрейік!” (Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Ехоба тәнімізді ластайтын және рухымызға, яғни ой-санамызға, нұқсан келтіретін істерден аулақ болғанымызды қалайды. Сондықтан тән мен ой-санаға зиян тигізеді деп есептелетін әдеттерден қашық жүруіміз керек.

21 Киелі кітапта ‘арамдайтын барлық нәрселерден тазару’ керектігінің келелі себебі келтірілген. Байқасаң, жоғарыда келтірілген тармақ “осы уәделердің бәрі де бізге берілгендіктен” деген сөздермен басталған. Бұл қандай уәделер? Осының алдындағы тармақтарда Ехобаның: “Мен сендерді қабылдаймын”. “Мен Әкелерің, сендер ұл-қыздарым боласыңдар”,— деген уәдесі жазылған (Қорынттықтарға 2-хат 6:17, 18). Ойлап көрші, Ехоба сені қорғауды және ұлын не қызын сүйетін әкедей сүюді уәде етеді! Бірақ ол бұл уәдесін ‘тәнің мен рухыңды’ арамдаудан аулақ болсаң ғана орындайды. Олай болса, жеркенішті әдеттер мен істердің Ехобамен тығыз да бағалы қарым-қатынасыңды бұзуына жол бергенің ақымақтық болмас па еді?!

22—25. Арам әдеттер мен істерден аулақ болуға қандай принциптер көмектеседі?

22 “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” (Матай 22:37). Иса мұның ең ұлы өсиет екенін айтқан (Матай 22:38). Ехоба біздің осындай сүйіспеншілік көрсеткенімізге лайық. Оны шын жүректен, бүкіл жан дүниемізбен, барлық ақыл-ойымызбен сүйгіміз келсе, өмірімізді қысқартатын не өзі берген ойлау қабілетімізге нұқсан келтіретін істерден аулақ жүруге тиіспіз.

23 [Ехоба] барлығына өмір, дем және қажеттінің бәрін сыйлайды” (Елшілердің істері 17:24, 25). Иә, өмір — Құдайдың сыйы. Біз Ехобаны жақсы көреміз, сондықтан оның сыйына құрметпен қарағымыз келеді. Мысалы, денсаулығымызға зиян келтіретін кез келген әдеттер мен істерден алшақ жүреміз, өйткені мұндай әдет-қылықтардың өмірді еш құрметтемейтініміздің белгісі екенін түсінеміз (Забур 35:10).

24 “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!” (Матай 22:39). Арам әдеттер мен істер көп жағдайда адамның өзіне ғана емес, айналасындағыларға да зиян келтіреді. Мысалы, біреудің шылым шеккені қасындағылардың денсаулығына зиянын тигізіп жатады. Өзгелерге залал тигізетін адам Құдайдың маңайымыздағыларды сүюге қатысты өсиетін бұзады. Оның “Құдайды сүйемін” дегені де жалған болады (Жоханның 1-хаты 4:20, 21).

25 ‘Басшылар мен өкіметке мойынсұныңдар және бағыныңдар’ (Титке 3:1 Тт). Көп елдерде есірткінің кейбір түрлерін сақтау және қолдану заңды бұзу болып есептеледі. Шынайы мәсіхшілер мұндай әрекеттерге бармайды (Римдіктерге 13:1).

26. а) Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылып қалмау үшін не істеу қажет? ә) Неге Құдайдың алдында таза жүру ең керемет өмір жолы?

26 Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылып қалмау үшін біз барлық жағынан таза болуымыз керек. Арам әдеттер мен істерден арылып, таза жүру оңай болмауы мүмкін, бірақ бұл — қолдан келетін нәрсе *. Иә, өзімізді таза ұстау — ең керемет өмір жолы, өйткені Ехоба бізге әрдайым пайдалыны үйретеді (Ишая 48:17). Ал ең маңыздысы, өзімізді таза ұстауымызбен сүйікті Әкеміз Ехобаны даңқтап, оның сүйіспеншілігінің саясында болатынымызды білуден келетін қанағат сезіміне бөленеміз.

^ 2-абзац “Таза” деп аударылған еврей сөзі тәндік қана емес, құлықтылық және рухани тазалықты да білдіреді.

^ 12-абзац Лайықты көңіл көтеру түрлеріне қатысты мәліметті 6-тараудан табуға болады.

^ 67-абзац Есімі өзгертілген.