Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

9-ТАРАУ

‘Азғындықтан аулақ жүріңдер’

‘Азғындықтан аулақ жүріңдер’

“Күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңды біржола тоқтатыңдар: неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық, нәпсіқұмарлық пен арам пиғылдан аулақ жүріңдер; ашкөздікке де салынбаңдар, ол жалған тәңірлерге табынумен бірдей!” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 3:5).

1, 2. Балағам Ехобаның халқын қарғысқа ұшырату үшін не істеуді шешеді?

БАЛЫҚШЫ өзі жақсы көретін жерге келеді. Ол қандай балық ұстағысы келетінін біледі. Балықшы қажетті жемді шаншып, қармағын суға лақтырады. Көп ұзамай-ақ қалтқы суға бата бастайды. Жемді дұрыс таңдағанына риза болған ол жымиған күйі қармағын тарта қояды.

2 Б. з. б. 1473 жылы Балағам деген кісі жақсы қармақ жем табу үшін көп ойланады. Алайда оның көздегені балық емес, Уәде етілген жердің шегарасындағы Моаб жазықтарына орын тепкен Құдай халқы еді. Балағам Ехобаның пайғамбары болғансиды, ал шындығына келгенде, Исраилді қарғауға жалданған ашкөз кісі болатын. Алайда ол ниетін іске асыра алмайды, қайта, Исраил халқына бата береді, өйткені іске Ехобаның өзі араласады. Қайтсе де олжалы болғысы келген Балағам: “Ауыр күнәға азғырылса ғой, өздері-ақ Құдайдың қарғысына ұшырар еді”,— деген ойға келеді. Сөйтіп, ол қармақ жем ретінде айла-амалы көп моабтық жас әйелдерді қолданады (Руларды санау 22:1—7; 31:15, 16; Аян 2:14).

3. Балағамның зымиян жоспары жүзеге асты ма?

3 Бұл жақсы қармақ жем болды ма? Қандай да бір шамада солай болды: мыңдаған исраилдік Моаб “қыздарымен зинақорлық жасап”, қармаққа ілінді. Олар тіпті Пиғор Бағалы, яки құнарлылық не секс құдайы, сияқты моабтықтардың құдайларына табына бастады. Осының кесірінен Уәде етілген жердің табалдырығына келгенде, 24 000 исраилдік жер құшты. Неткен қайғылы жайт! (Руларды санау 25:1—9).

4. Неге мыңдаған исраилдік өнегесіздікке бой алдырды?

4 Неге олар осындай бақытсыздыққа душар болды? Олардың көбісі өздерін Мысырдан алып шыққан әрі шөл далада азықпен қамтамасыз етіп, уәде етілген жердің табалдырығына дейін жетелеп келген Құдайлары Ехобадан алыстап, жүректері қатуланып кеткен еді (Еврейлерге 3:12). Елші Пауыл осы оқиға жайлы ой жүгірте отырып: “Кейбіреулері секілді азғындыққа түспейік! Сол кінәлары үшін олардың жиырма үш мыңы бір күнде өлді” *,— деп жазды (Қорынттықтарға 1-хат 10:8).

5, 6. Неге исраилдіктердің Моаб жазықтарында жасаған күнәсі туралы ой жүгірткен пайдалы?

5 Бүгінде Құдай халқы әлдеқайда керемет уәде етілген жердің табалдырығында тұр, сондықтан олардың Руларды санау кітабындағы оқиғадан алар сабағы көп (Қорынттықтарға 1-хат 10:11). Мысалы, есіл-дерті жыныстық қатынасқа ауған ежелгі моабтықтардың қылықтары бүгінгі дүниеден көрініс тапқан, бірақ әлдеқайда кең көлемде. Бұдан да сорақысы, жыл сайын мыңдаған мәсіхші өнегесіздікке бой алдырып, исраилдіктер іліккен қармаққа түсуде (Қорынттықтарға 2-хат 2:11). Исраил қосындағы шатырына еш шімірікпестен мадияндық әйел әкелген Зимри сияқты, бүгінде Құдай халқымен араласып жүргендердің кейбірі, олардың арасында тіпті шомылдыру рәсімінен өткендер де бар, мәсіхшілер қауымының өнегелік тазалығына нұқсан келтіруде (Руларды санау 25:6, 14; Яһуда 4).

6 Сен қазіргі заманның “Моаб жазықтарында” жүргеніңді түсінесің бе? Алар сыйың — көптен күткен жаңа дүниені көз алдыңда ұстайсың ба? Олай болса, “азғындықтан аулақ болыңдар!” деген өсиетке құлақ асып, Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылып қалмау үшін қолдан келгеннің бәрін істе (Қорынттықтарға 1-хат 6:18).

Моаб жазығы

АЗҒЫНДЫҚ ДЕГЕН НЕ?

7, 8. “Азғындық” деген не және азғындық жасайтындар қалай жапа шегеді?

7 Киелі кітапта “азғындық” (грекше порниа) сөзі Жазбаларға қайшы келетін некеден тыс жыныстық қатынасқа нұсқайды. Бұған мыналар жатады: неке адалдығын бұзу, жезөкшелік, оральді және анальді сексті қоса алғанда, үйленбеген адамдардың арасындағы жыныстық қатынас, сондай-ақ өзі некеде тұрмаған адамның жыныс мүшелерімен манипуляция жасау. Сонымен қатар бұған бір жынысты адамдардың арасындағы қатынас және малмен жыныстық қатынаста болу жатады *.

8 Жазбалардан мынау анық көрінеді: азғындық жасайтындарға мәсіхшілер қауымында орын жоқ және олар мәңгілік өмірге ие бола алмайды (Қорынттықтарға 1-хат 6:9; Аян 22:15). Азғын адамдар қазірдің өзінде жапа шегіп жатады: өзгелердің сенімінен айырылады, өзін сыйлаудан қалады, отбасында кикілжің туады, ар-ұжданы мазалайды, қалаусыз жүкті болады, ауруға ұшырайды, тіпті өлім құшады (Ғалаттықтарға 6:7, 8). Осыншама қасірет әкелетін жолға түсудің қажеті не? Өкінішке орай, көп адам алғашқы бұрыс қадамды жасағанда (ал көп жағдайда бұл порнографиямен байланысты), мұның арты қандай боларын ойламайды.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ — ПОРНОГРАФИЯ

9. Кейбіреулер айтатындай, порнографияның еш зияны жоқ па? Түсіндір.

9 Көп елдерде киоскілер мен теледидарда порнографиялық көріністер көзге ұрып тұрады, ол өлең мәтіндерінен де көрініс табады, ал интернетті тіптен жайлап кеткен *. Кейбіреулер айтатындай, оның еш зияны жоқ па? Тіпті де олай емес! Порнографиялық көріністерді қарайтын адам мастурбация жасауды әдетке айналдыруы және ‘өзін қорлайтын құмарлықтарға’ беріліп кетуі мүмкін, ал мұның салдарынан бойында жыныстық қатынасқа деген тойымсыздық пайда болуы, бұзылған ойларға беріліп кетуі, некеде үлкен қиындықтар тууы, тіпті отбасының ойран болуы ықтимал * (Римдіктерге 1:24—27; Ефестіктерге 4:19). Бір зерттеуші жыныстық қатынасқа деген тойымсыздықты қатерлі ісікке теңеп, былай деді: “Ол өсіп, тарай береді. Оның өздігінен жоқ болып кетуі екіталай, әрі оны емдеу де, жазу да оңай емес”.

Интернетті отбасы мүшелерінің көз алдында қолданған дұрыс

10. Жақып 1:14, 15-тегі принципті ескере отырып қалай әрекет етуіміз керек? (“ Құлықтылық тазалықты сақтауға күш таптым” деген қоршауды да қара.)

10 Жақып 1:14, 15-тегі сөздерді қарастырып көрейік: “Әр адам өз құмарлықтарына елігіп, торға түсіп, азғырылады. Сонда құмарлыққа берілу күнәны тудырады, ал күнә жасау рухани өлімге ұшыратады”. Олай болса, басыңа жаман ой келсе, бірден әрекет етіп, одан құтылуға тырыс! Мысалы, күтпеген жерден эротикалық бейнелер пайда болса, бірден көзіңді алып кет, компьютерді сөндір не теледидарды басқа арнаға ауыстыр. Өзіңе ие бола алмайтындай күйге жетпес бұрын, өнегесіз ойдан арылуға қажетті нәрсенің бәрін істе! (Матай 5:29, 30).

11. Жаман ойлармен күрескенде, Ехобаға арқа сүйейтінімізді қалай көрсетеміз?

11 Иә, бізді өзімізден де жақсы білетін Құдай келелі себеппен: “Күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңды біржола тоқтатыңдар: неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық, нәпсіқұмарлық пен арам пиғылдан аулақ жүріңдер; ашкөздікке де салынбаңдар, ол жалған тәңірлерге табынумен бірдей!”— деген кеңес береді (Қолостықтарға 3:5). Рас, бұлай ету оңайға соқпауы мүмкін. Бірақ сүюші әрі шыдамды көктегі Әкеміздің көмегіне жүгіне алатынымызды ұмытпа (Забур 67:20). Сондықтан жаман ой пайда бола салысымен, дұға ет. Одан ‘шексіз зор құдірет’ сұра және басқа нәрселер жайында ойлануға тырыс (Қорынттықтарға 2-хат 4:7; Қорынттықтарға 1-хат 9:27). (“ Жаман әдеттен қалай арылуға болады?” деген қоршауды қара.)

12. Киелі кітапта “жүрек” сөзі қандай мағынада қолданылады және неге оны сақтау керек?

12 Дана патша Сүлеймен: “Ең бастысы, таза сақта жүрегіңді, Өйткені ол — өміріңнің қайнар көзі”,— деп жазған (Нақыл сөздер 4:23). “Жүрегіміз” бұл — біздің ішкі болмысымыз, яки Құдай алдындағы нағыз болмысымыз. Оның үстіне, мәңгілік өмірге ие болатын-болмайтынымыз өзгелердің біз туралы қандай ой түзетініне емес, Құдайдың “жүрегімізге” қандай бағам беретініне байланысты. Бұл — өте қарапайым, сөйте тұра көңіл қоярлық аса маңызды жайт. Ежелде Әйүп деген кісі әйелдерге сұқтана қарамас үшін көзімен келісім жасасқан болатын (Әйүп 31:1). Неткен керемет үлгі! Забур жыршысы дәл осындай көзқарас танытып: ‘Бос нәрселерге назарымды түсірме’,— деп дұға еткен (Забур 118:37).

ДИНАНЫҢ АҚЫЛСЫЗ ӘРЕКЕТІ

13. Дина кім еді және ол қандай ақылсыздық жасады?

13 Үшінші тараудан көргеніміздей, достарымыз бізге жақсы не жаман жағынан әсер етеді (Нақыл сөздер 13:20; Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Рубасы Жақыптың қызы Динаның мысалын қарастырып көрейік (Жаратылыс 34:1). Ол жақсы тәрбие алғанына қарамастан, қанахандық қыздармен достасып ақылсыздық жасады. Моабтықтар сияқты, қанахандықтар да өнегесіздігімен танымал еді (Леуіліктер 18:6—25). Сондықтан “Әкесінің үйіндегілердің ең беделдісі” Сихемді қоса алғанда, қанахандық ер кісілер Динаны өнегесіз ұсыныстан бас тартпайтын қыз деп қарастырған (Жаратылыс 34:18, 19).

14. Динаның досты дұрыс таңдамағаны қандай бақытсыздыққа ұшыратты?

14 Дина Сихемді көргенде, жыныстық қатынас жөнінде ойламаса керек. Ал ол болса қанахандықтардың басым көпшілігі құштарлық оянғанда жасайтын “кәдімгі” нәрсені істеді. Динаның соңғы мезетте қарсыласқанынан еш пайда болмады: Сихем оны “алып кетіп, зорлап тастады”. Кейінірек, ол Динаға “ғашық болып” қалғанға ұқсайды, бірақ мұнысынан келіп-кетер пайда болмады (Жаратылыс 34:1—4). Болған жайттан жапа шеккен жалғыз Дина емес еді: оның араласатын ортаны дұрыс таңдамағанының кесірінен бүкіл отбасы жаманатты болды (Жаратылыс 34:7, 25—31; Ғалаттықтарға 6:7, 8).

15, 16. Нағыз даналыққа қалай ие бола аламыз? (“ Ой жүгіртуге арналған жазба орындары” деген қоршауды да қара.)

15 Дина бұдан бірдеңеге үйренген болса, шекесіне тиіп барып үйренді. Ехобаны жақсы көріп, оған мойынсұнатындарға бұлай ету шарт емес. Өйткені олар Құдайдың сөзіне құлақ асып, ‘данамен жолдас болады’ (Нақыл сөздер 13:20а). Осының арқасында “Ізгі жолдың қайсы екенін” түсініп, қажетсіз қиындықтар мен қасіретке душар болмайды (Нақыл сөздер 2:6—9; Забур 1:1—3).

16 Құдайдан келген даналыққа оны аңсайтындар әрі оған ие болу үшін шын жүректен дұға етіп, Киелі кітапты және адал құл табы беріп отырған әдебиеттерді үнемі зерттейтіндер қол жеткізеді (Матай 24:45; Жақып 1:5). Кішіпейіл болудың да маңызы зор. Ал адамның кішіпейілділігі Жазбалардағы кеңестерге құлақ асуға дайын екендігінен көрінеді (Патшалықтар 4-жазба 22:18, 19). Мысалы, мәсіхші ‘жүректің қулыққа толы және мүлде бұзылған’ екенін, негізінен, мойындайтын шығар (Еремия 17:9). Алайда ақылсыз әрекет етіп қойып, оған нақты, бірақ сүйіспеншілікпен кеңес беріліп, көмек ұсынылса, оны кішіпейілділікпен қабыл ала ма?

17. Отбасында қандай жағдай орын алуы мүмкін және әкесінің қызымен қалай ой жүгіртуіне болар еді?

17 Мынадай жағдайды елестетіп көрші: әкесі қызына мәсіхші жігітпен қыдыруға жалғыз баруға рұқсат етпей жатыр. Қызы былай дейді: “Әке, маған сенбейсің бе? Біз жаман ештеңе істемейміз ғой!” Ол Ехобаны жақсы көретін шығар, ниеті де таза болуы мүмкін, алайда оны “даналықпен жүр” деуге бола ма? ‘Азғындықтан аулақ жүр’ ме? Әлде ‘өзіне ғана сеніп’, ақылсыздық танытып тұр ма? (Нақыл сөздер 28:26). Бәлкім, сен осындай жағдайда басшылыққа алуға болатын басқа да принциптерді білетін шығарсың (Нақыл сөздер 22:3; Матай 6:13; 26:41 қара).

ЖҮСІП АЗҒЫНДЫҚТАН АУЛАҚ ЖҮРГЕН

18, 19. Жүсіп қандай сынаққа кезікті және оған қалай қарсы тұрды?

18 Динаның бауыры Жүсіп Құдайды жақсы көрген және азғындықтан аулақ жүрген (Жаратылыс 30:20—24). Бала күнінде ол әпкесінің ақылсыз әрекетінің салдарын өз көзімен көрген. Осыны ұмытпағаны және Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылғысы келмегені, кейінірек, Мысырда қожайынының әйелі “күн сайын” азғырғанда, оған қорғаныш болғаны сөзсіз. Құл болған Жүсіп жұмысын тастап кете салуға ерікті емес еді. Сол себепті оған даналықпен және батылдықпен әрекет ету керек болды. Ол солай етті де. Жүсіп Потифардың әйелінің ұсынысынан әр кез бас тартып отырды, ал ақыр соңында одан қаша жөнелді (Жаратылыс 39:7—12).

19 Ойлап көрші, Жүсіп сол әйел жайлы қиялға берілсе не жыныстық қатынас туралы жиі ойласа, мінсіздігін сақтай алар ма еді? Сақтай алмаса керек. Ол азғын ойларды көңіліне ұялатпаған, өйткені Ехобамен қарым-қатынасын бағалаған. Бұл оның Потифардың әйеліне айтқан сөздерінен көрінеді. Ол: “Қожайыным өзіңізден басқа ештеңені де билігімнен айырған жоқ. Ал сіз оның жұбайысыз ғой! Сонда мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?!”— деді (Жаратылыс 39:9).

20. Ехоба Жүсіптің жағдайында не істеді?

20 Отбасынан жырақта болса да, күн сайын мінсіздігін сақтап жүрген жас Жүсіпке қарап, Ехоба қатты қуанса керек (Нақыл сөздер 27:11). Кейінірек, Ехоба жағдайды өзгертеді. Жүсіп түрмеден босап қана қоймай, Мысыр патшасынан кейінгі екінші адам болады, сондай-ақ азық үлестіру ісіне басшылық етеді (Жаратылыс 41:39—49). Забур 96:10-дағы: “Жаратқан Иені жақсы көретіндер, жамандықты жек көріңдер! Ол өз әулиелерінің жанын сақтауда, оларды арамдардың қолынан құтқарады”,— деген сөздер қаншалықты рас айтылған десеңші!

21. Бір жас бауырлас рухының беріктігін қалай көрсетті?

21 Қазіргі уақытта да Құдайдың көптеген қызметшілері жамандықты жек көріп, ал жақсылықты сүйетіндерін көрсетіп жүр (Амос 5:15). Африкада тұратын бір жас бауырлас сыныптасының математика пәнінен сынақ жұмысына көмектесуін сұрап, ақысына өзімен жақындасуды ұсынғанын есіне алып, былай деді: “Мен бұдан бірден бас тарттым. Мінсіздігімнен таймағанымның арқасында алтын мен күмістен де бағалы қадір-қасиетімді сақтап қалдым”. Күнә ‘өткінші рақатқа’ бөлейтін де шығар, бірақ мұндай бір мезеттік ләззат жиі көп қасірет әкеледі (Еврейлерге 11:25). Оның үстіне, бұл Ехобаға мойынсұнатындар ие болатын баянды бақытпен салыстыруға да келмейді (Нақыл сөздер 10:22).

РАҚЫМЫ МОЛ ҚҰДАЙДЫҢ КӨМЕГІН ҚАБЫЛ АЛ

22, 23. а) Мәсіхші ауыр күнә жасап қойса, неге оған қайтар жол жоқ деуге болмайды? ә) Оған көмектесу үшін қандай шара қарастырылған?

22 Кемелсіз болғандықтан бәрімізге де күнәкар құмарлықтарымызды тізгіндеуге және Құдайға ұнайтынды істеуге көп күш салуға тура келеді (Римдіктерге 7:21—25). Ехоба бізді түсінеді, өйткені “топырақтан екеніміз Оның есінде” (Забур 102:14). Алайда мәсіхші ауыр күнә жасап қоюы мүмкін. Енді оған қайтар жол жоқ па? Әрине, олай емес! Дәуіт патша сияқты, ол да күнәсінің зардабын шегетін шығар. Алайда күнәсіна өкініп, оны ашық мойындайтындарды Құдай әрдайым “кешіруге дайын” (Забур 86:5 ЖД; Жақып 5:16; Нақыл сөздер 28:13).

23 Сондай-ақ Құдай бізге мейірімділік танытып, “адамдар кейпінде тартулар жасады”, яғни көмек көрсете алатын әрі мұны даярлықпен істейтін рухани толысқан бақташылар берді (Ефестіктерге 4:8 ЖД, 12; Жақып 5:14, 15). Олардың мақсаты — күнәкардың Құдаймен қарым-қатынасын қалпына келтіруіне және Сүлейменнің сөзімен айтсақ, қайта күнә жасамау үшін ‘парасатты иемденуіне’ көмектесу (Нақыл сөздер 15:32).

‘ПАРАСАТТЫ ИЕМДЕН’

24, 25. а) Нақыл сөздер 7:6—23 тармақтарда сөз етілген жас жігіт ‘ақылы толмағанын’ қалай көрсетті? ә) Қалай ‘парасатты иемдене’ аламыз?

24 Киелі кітапта “ақылы толмаған” және ‘парасатты иемденген’ адамдар жөнінде айтылған (Нақыл сөздер 7:7). “Ақылы толмаған” адамның рухани түсінігі мен мәсіхші ретінде тәжірибесі аз болғандықтан, оған қырағылық пен парасаттылық жетіспеуі мүмкін. Нақыл сөздер 7:6—23 тармақтарда сөз етілген жас жігіт сияқты, ол ауыр күнәға оңай берілуі мүмкін. Ал ‘парасатты иемденген’ адам дұға ете отырып, Құдай Сөзін жүйелі түрде зерттеу арқылы ой-ниетін тексеріп отырады. Ол қолынан келгенше ой қалпын, жүрек қалауларын, сезімдерін және мақсаттарын Құдайға ұнамды етуге тырысады. Осылайша ‘өз жанын ұнатып’, яғни өзіне жақсылық жасап, ‘игілік табады’ (Нақыл сөздер 19:8).

25 Өзіңнен былай деп сұра: “Құдайдың талаптарының дұрыс екеніне толық сенімдімін бе? Оларды орындасам, анағұрлым бақытты болатыныма берік сенемін бе? (Забур 18:8—11; Ишая 48:17, 18)”. Бұған тіпті азғана күмәнің болса, оны сейілтуге тырыс. Құдай заңдарын елеусіз қалдырудың арты қандай болатыны жөнінде ойлан. Сондай-ақ шындық жолымен жүру және санаңды жақсы ойларға, яғни шынайы, әділ, таза, ұнамды да адамгершілікті ойларға, толтыру арқылы ‘дәмін тат та Жаратушының қандай мейірімді екендігін көр’ (Забур 33:9; Філіпіліктерге 4:8, 9). Осылай етуге неғұрлым көп күш салсаң, соғұрлым Құдайға деген сүйіспеншілігің артып, ол ұнататынды ұнатып, жек көретінді жек көретін боласың. Жүсіп кемелді болмаған, сөйтсе де ‘азғындықтан аулақ жүрген’, өйткені Ехобаның жылдар бойы өзін қалыптастыруына жол беріп, бойында оған ұнамды болуға деген ықылас дамытқан. Сен де солай еткейсің (Ишая 64:8).

26. Келесі тарауларда қандай маңызды тақырып қарастырылады?

26 Жаратушымыз көбею ағзаларын ләззат алатын ойыншық ретінде емес, ұрпақ жалғастырсын және некеде қуаныш тапсын деп берген (Нақыл сөздер 5:18). Ал Құдайдың некеге қатысты көзқарасын келесі екі тараудан білеміз.

^ 4-абзац Руларды санау кітабында Ехобаның өзі жазалаған ер кісілермен қоса, билер жазалаған ‘халық басшыларының’ саны көрсетілгенге ұқсайды, ал олардың саны бір мың болған болуы мүмкін (Руларды санау 25:4, 5).

^ 7-абзац Арамдалу мен жүгенсіздік сөздерінің мағынасы Ехоба куәгерлері басып шығарған “Күзет мұнарасы” журналының келесі сандарында қарастырылады: 2006 жыл (ор.) 15 шілде, “Оқырман сауалдары” айдары және 2008 жыл 15 мамыр 26—28 беттер.

^ 9-абзац Мұндағы “порнография” сөзін жыныстық құштарлық ояту үшін эротикалық нәрселердің сурет ретінде не жазбаша бейнеленуі, сондай-ақ ауызша жеткізілуі деп түсіну керек. Порнографияға адамның эротикалық қалыптағы суретінен бастап, екі не одан да көп адамның бір-бірімен жасаған жиіркенішті азғын қылықтарының суреттелуіне дейінгі нәрселер жатады.

^ 9-абзац Мастурбацияға қатысты мәліметті “Сен мастурбациядан арыла аласын” деген қосымшадан таба аласың.