Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

11-ТАРАУ

‘Некеге құрметпен қараңдар’

‘Некеге құрметпен қараңдар’

“Жас күніңде қосылған әйеліңнен қуаныш тап” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 5:18 ЖД).

1, 2. Біз қандай сұрақты қарастырамыз және неге?

СЕН отау құрғансың ба? Солай болса, өзіңді бақытты сезінесің бе, әлде жұбайыңмен тіл табыса алмай жүрсің бе? Араларың суып бара жатыр ма? Некеден қуаныш таппай, әйтеуір шыдап жүрсің бе? Олай болса, бір кездері жаныңа жылу берген қатынастың салқын тартып бара жатқаны көңіліңе қаяу түсіріп жүрсе керек. Мәсіхші болғандықтан некеңнің өзің сүйетін Ехоба Құдайға даңқ әкелгенін қалайтының сөзсіз. Сондықтан қазіргі жағдайың уайымға батырып, қабырғаңды қайыстырып жүрген болар. Алайда тығырықтан шығар жол жоқ деп ойлама.

2 Кезінде ерлі-зайыпты деген аты ғана болған, ал бүгінде жап-жақсы өмір сүріп жатқан мәсіхшілер бар. Олар қарым-қатынастарын нығайтудың жолын таба білген. Сен де некеңді жаныңа жай беретін айлаққа айналдыра аласың. Қалай?

ҚҰДАЙҒА ЖӘНЕ ЖАРЫҢА ЖАҚЫНДАЙ ТҮС

3, 4. Неге ерлі-зайыптылар Құдайға жақындауға тырысқан сайын, бір-біріне де жақындай түседі? Мысалмен түсіндір.

3 Жұбайың екеуің Құдайға жақындауға тырысар болсаңдар, бір-біріңе де жақындай түсесіңдер. Қалайша? Көз алдыңа төбесі сүйірленіп келетін тауды елестетіп көрші. Оның солтүстік беткейінде ер кісі, ал оңтүстігінде әйел тұр. Екеуі де тауға өрмелей бастайды. Бастапқыда олардың арасындағы қашықтық біраз болады. Бірақ жоғары көтерілген сайын, олардың арасындағы қашықтық та азая түседі. Бұл мысалдың мәнін түсіне алдың ба?

4 Ехобаға қалтқысыз қызмет етуге тырысып жүргеніңді тауға өрмелеу үшін күш салғанмен теңеуге болады. Сен Ехобаны жақсы көресің, сондықтан “өрмелеуге” қазірдің өзінде көп күш салып жүрсің. Алайда жұбайың екеуіңнің араларың алыстап кетсе, бірің таудың оңтүстік, екіншің солтүстік беткейінде өрмелеп барасыңдар деуге болады. Бірақ әрі қарай өрмелей берсеңдер не болады? Бастапқыда араларың әжептеуір алыс болатын шығар. Десе де Құдайға жақындауға, былайша айтқанда жоғары өрмелеуге, көбірек күш салған сайын, бір-біріңе жақындай түсесіңдер. Демек, жарыңа жақындай түсудің бірден-бір жолы — Құдайға жақындау. Бірақ мұны қалай істеуге болады?

Киелі кітаптағы білімнің оны қолданған адамның некесін нығайтатын күші бар

5. а) Ехобаға және жұбайыңа жақындаудың бір жолы қандай? ә) Ехобаның некеге қатысты көзқарасы қандай?

5 “Өрмелей” беру үшін екеуіңнің де Құдай Сөзіндегі некеге қатысты кеңестерге құлақ асқандарың маңызды (Забур 24:4; Ишая 48:17, 18). Олай болса, елші Пауылдың кеңесіндегі көңіл қоярлық ойды қарастырайық. Ол: ‘Некеге барлығың да құрметпен қараңдар’,— деген (Еврейлерге 13:4). Бұл нені білдіреді? “Құрмет” деп аударылған грек сөзі қадірлі де бағалы нәрсеге нұсқайды. Ехобаның некеге қатысты көзқарасы дәл осындай: ол некені бағалайды әрі қадірлейді.

ҚОЗҒАУ САЛАТЫН КҮШ — ЕХОБАҒА ДЕГЕН ШЫНАЙЫ СҮЙІСПЕНШІЛІК

6. Пауылдың некеге қатысты кеңесінің мәнмәтінінен нені көруге болады және мұны есте ұстағанымыз неге маңызды?

6 Әрине, Құдайдың қызметшісі болғандықтан, сен де, жұбайың да некенің бағалы, тіпті қасиетті екенін білесіңдер. Некеге Ехобаның өзі бастама берген (Матай 19:4—6). Алайда жұбайыңмен түсініспей жүрген болсаң, некеге құрметпен қарау керектігін біліп қана қою бір-біріңді сүйіп, құрметтеуге қозғау салуға жеткіліксіз болуы мүмкін. Онда бұл үшін не қажет? Пауылдың құрмет көрсетуге қатысты сөздеріне мұқият көңіл аударшы. Ол “неке құрметті” деген жоқ, қайта, ‘некеге құрметпен қараңдар’ деді. Мұнда Пауыл жай ғана көріп білгенінен тұжырым жасамаған, ол әрекет етуге шақырған *. Осыны есте ұстағаның жұбайыңды бұрынғыдай қадірлеуіңе қозғау салуы мүмкін. Неге бұлай дейміз?

7. а) Біз қандай өсиеттерді орындап жүрміз және неге? ә) Мойынсұнғыш болғанымыз қандай жақсы нәтиже беруде?

7 Шәкірт дайындау және ғибадат ету үшін бас қосу сияқты Жазбалардағы басқа да өсиеттерге қалай қарайтының жайлы бір сәт ойланып көрші (Матай 28:19; Еврейлерге 10:24, 25). Оларды орындау кейде оңай емес шығар. Мысалы, уағызда адамдар тыңдамауы не жұмыстан қатты шаршайтының соншалық, қауым кесдесулеріне бару өте қиын болуы мүмкін. Сонда да сен Патшалық хабарын уағыздауды доғармайсың, қауым кездесулерінен де қалмайсың. Сені ешкім, тіпті Шайтан да, тоқтата алмайды! Не себепті? Өйткені Ехобаға деген шынайы сүйіспеншілігің оның өсиеттерін орындауға қозғау салады (Жоханның 1-хаты 5:3). Ал мұның нәтижесі қандай? Уағызға қатысқаның және қауым кездесулеріне барғаның жан тыныштығы мен қуаныш сыйлайды, өйткені сен Құдай еркін орындап жүргеніңді білесің. Ал мұндай сезімдер күшіңе күш қосады (Нехемия 8:10). Бұдан не нәрсеге үйренуге болады?

8, 9. а) ‘Некеге құрметпен қара’ деген шақыруға құлақ асуға не талпындыруы мүмкін және неге? ә) Қазір қандай екі жайтты қарастырамыз?

8 Құдайға деген терең сүйіспеншілігің, қиындықтарға қарамастан, уағыздау мен кездесулерге баруға қатысты өсиеттерді орындауға қалай талпындырса, Жазбалардағы ‘некеге құрметпен қара’ деген шақыруға құлақ асуға да солай талпындырады (Еврейлерге 13:4; Забур 17:30; Екклесиаст 5:4). Уағызға шығуға және кездесулерге баруға күш салғаныңның арқасында мол батаға кенеліп жүргенің сияқты, некеңе құрметпен қарауға тырысып жатқаның да Ехобаның назарынан тыс қалмайды әрі ол батасын береді (Салониқалықтарға 1-хат 1:3; Еврейлерге 6:10).

9 Олай болса, некеңе құрметпен қарау үшін не істеуіңе болады? Жұбайыңмен қарым-қатынасыңды бұзатын істерден аулақ бол. Сондай-ақ некені нығайту үшін нақты қадамдар жаса.

НЕКЕНІҢ ҚАДІРІН ТҮСІРЕТІН СӨЗДЕР МЕН ІСТЕРДЕН АУЛАҚ БОЛ

10, 11. а) Қандай іс-әрекет некенің қадірін түсіреді? ә) Мәсіхшінің жұбайымен қандай сұрақты қарастырғаны жөн?

10 Бір мәсіхші әйел осыдан біраз уақыт бұрын: “Ехобадан төзуге күш беруін сұрап, дұға етемін”,— деді. Ол не нәрсеге төзуі керек еді? “Күйеуімнің сөздері жаныма батады. Денемде жарақат болмағанмен, оның “Масылсың!”, “Сорлы, бейшарасың!” деген шымшыма сөздерінен жүрегім қансырайды”,— деп түсіндірді ол. Бұл мәсіхші көңіл қоюға тұратын жайтты, яғни зайыбының қорлайтын сөздер айтатынын, тілге тиек етті.

11 Мәсіхшінің жарына ауыр сөздер айтып, жанын жаралағаны қандай жаман! Мұндай мәсіхшінің некеге құрметпен қарамайтыны анық. Ал сенің некеңдегі жағдай қалай? Мұны анықтау үшін кішіпейілділік танытып, жолдасыңнан: “Сөздерім саған қалай әсер етеді?”— деп сұрауыңа болады. Егер ол сөздеріңнің жиі жанына бататынын айтса, жағдайды жақсартуға тырысуың керек (Ғалаттықтарға 5:15; Ефестіктерге 4:31).

12. Қалай мәсіхшінің ғибадаты Құдайдың көз алдында еш пайдасыз болып қалуы мүмкін?

12 Некеде тіліңді қалай қолданатының Ехобамен қарым-қатынасыңа әсер ететінін әрдайым есте ұста. Киелі кітапта былай делінген: “Өзін діншілмін деп санағанмен, тіліне ие бола алмайтын әркім өзін-өзі алдап жүр. Оның діншілдігі еш пайдасыз” (Жақып 1:26). Біздің сөздеріміз ғибадатымызға әсер етпей қоймайды. Киелі кітап “Құдайдың қызметшісімін дейтін адам үйде өзін қалай ұстаса да бәрібір” деген ойды қолдамайды. Өз-өзімізді алдамайық: бұл — жеңіл-желпі қарайтын мәселе емес (Петірдің 1-хаты 3:7). Сен қабілетті, құлшынысы зор мәсіхші шығарсың, алайда ауыр сөздермен әдейі жұбайыңның жанын жаралайтын болсаң, некеңнің қадірін түсіресің және Құдайдың көз алдында ғибадатың еш пайдасыз болып қалуы мүмкін.

13. Қалай жұбайы жарының жүрегін жаралауы мүмкін?

13 Сондай-ақ ерлі-зайыптылар басқа да әрекеттерімен бір-бірінің сезімдерін жаралап алмас үшін абай болулары керек. Екі мысал қарастырып көрейік: жалғыз басты ана кеңес сұрау үшін ер бауырласқа жиі телефон шалып, әр кез екеуі ұзақ сөйлеседі; бойдақ ер бауырлас тұрмыстағы әйел бауырласпен апта сайын көп уақыт бірге қызмет етеді. Бұл мысалдардағы неке құрған бауырластардың ниеті таза шығар, алайда олардың әрекеттері жұбайларына қалай әсер етеді? Осындай жағдайды басынан кешірген бір мәсіхші әйел былай дейді: “Күйеуімнің қауымдағы басқа бауырласқа сонша көп уақыт пен көңіл бөлетіні маған ауыр тиеді. Мұндайда мен өзімді керексіз сезінемін”.

14. а) Жаратылыс 2:24-те некедегілердің қандай міндетіне ерекше назар аударылған? ә) Қандай сұрақтың үстінен ойланып көргеніміз жөн?

14 Некеде осындай жағдайдың орын алуы кімнің болса да сезімін жаралайтынын түсінуге болады. Мұндай нәрсеге жол берген жұбайы Құдайдың некеге қатысты: “Еркек әке-шешесін тастап, әйеліне мықтап жабысады”,— деген негізгі қағидасын елеусіз қалдырады (Жаратылыс 2:24 сілт.). Әрине, отау көтерген мәсіхшілер ата-анасын бұрынғыдай сыйлай береді, сөйтсе де, Құдай орнатқан неке құрылымына сай, бірінші кезекте жұбайларына көңіл бөледі. Қауымда да осы принцип қолданылады: олар бауырластарын шын жүректен жақсы көреді, десе де ең алдымен жұбайларының алдындағы міндеттерін орындайды. Сондықтан некедегі мәсіхшілер басқаларға, әсіресе қарсы жынысты бауырластарға, тым көп уақыт пен көңіл бөлетін болса, жұбайы екеуінің қарым-қатынасына сызат түседі. Жұбайыңмен түсініспей жүргеніңе осы нәрсе себеп болып жүрген жоқ па екен? Өзіңнен былай деп сұра: “Расында да зайыбыма уақыт бөліп, көңіл аударып, сүйіспеншілік танытып, оған тиесіліні беріп жүрмін бе?”

15. Неге, Матай 5:28-ге сай, некедегі мәсіхші жұбайынан өзге адамға орынсыз көңіл бөлуден аулақ болу керек?

15 Оның үстіне, некедегі мәсіхші жұбайынан өзге адамға орынсыз көңіл бөлетін болса, өзін қауіпті жағдайға душар етеді. Бір өкініштісі, некедегі кейбір мәсіхшілердің жақын араласып жүрген адамға аңсары ауып кеткен жағдайлар болған (Матай 5:28). Олардың осылай бір-біріне іш тартуы некенің қадірін одан бетер түсіретін қылыққа ұласқан. Осындай мәселеге қатысты елші Пауылдың не айтқанын қарастырайық.

“ЖАР ТӨСЕГІН БЫЛҒАМАҢДАР!”

16. Пауыл некеге қатысты қандай нұсқау берген?

16 Пауыл ‘некеге құрметпен қарауға’ шақырғаннан кейін, бірден мынадай ескерту айтқан: “Жар төсегін былғамаңдар! Азғындар және неке адалдығын бұзғандар Құдай сотына түспек” (Еврейлерге 13:4). Пауыл ‘жар төсегі’ деуімен жыныстық қатынасқа нұсқаған. Мұндай қатынас тек некеде ғана ‘былғанбаған’, не құлықтылық жағынан таза, болып есептеледі. Сондықтан мәсіхшілер рухтың жетелеуімен жазылған: “Жас күніңде қосылған әйеліңнен қуаныш тап”,— деген сөздерге құлақ асады (Нақыл сөздер 5:18 ЖД).

17. а) Неге мәсіхшілердің неке адалдығын бұзуға қатысты көзқарасы осы дүниелік адамдардікінен өзгеше? ә) Әйүптің үлгісіне қалай еліктеуге болады?

17 Жұбайынан басқа адаммен жыныстық қатынаста болатындар Құдайдың заңын аяқ асты етеді. Рас, бүгінде көп адам неке адалдығын бұзуға кәдімгі нәрсе деп қарайды. Алайда өзгелердің бұған қатысты ойы қандай болмасын, бұл мәсіхшілердің көзқарасына әсер етпеу керек. Олар мынаны түсінеді: “азғындар және неке адалдығын бұзғандар” адамның емес, ‘Құдайдың сотына түспек’ (Еврейлерге 10:31; 12:29). Сондықтан шынайы мәсіхшілер осы мәселеге қатысты Ехобаның көзқарасын ұстанады (Римдіктерге 12:9). “Мен көзіммен шарт жасадым”,— деген адал кісі Әйүптің сөздерін есіңе алшы (Әйүп 31:1). Шынайы мәсіхшілер неке адалдығын бұзуға тіпті бір қадам жақындатуы мүмкін әрекеттен аулақ болу үшін ‘көздерімен шарт жасасып’, жұбайынан басқа адамға ешқашан құмарта қарамайды. (“Ажырасу мен бөлек тұруға қатысты Киелі кітаптың көзқарасы” деген қосымшаны қара.)

18. а) Ехобаның көз алдында неке адалдығын бұзу қаншалықты ауыр күнә? ә) Неке адалдығын бұзу мен пұтқа табынудың арасында ортақ не бар?

18 Ехобаның көз алдында неке адалдығын бұзу қаншалықты ауыр күнә? Бұны Мұса заңынан көруге болады. Исраил елінде неке адалдығын бұзу және пұтқа табыну өлім жазасына ұшырататын қылықтарға жататын (Леуіліктер 20:2, 10). Бұл екі қылықтың арасында ортақ не бар? Егер әлдекім пұтқа табынатын болса, Ехобамен жасасқан келісімді бұзатын. Ал жар төсегін былғаған адам жұбайымен жасасқан келісімін бұзатын. Осылайша екі жағдайда да опасыздық жасалады (Мысырдан шығу 19:5, 6; Заңды қайталау 5:9; Малахи 2:14). Сондықтан екеуі де адал да сенімді Құдай Ехобаның үкіміне ұшырайтын (Забур 32:4).

19. Неке адалдығын бұзбауға деген шешімімізді не нәрсе нығайтуы мүмкін және неге?

19 Әрине, мәсіхшілер Мұса заңын ұстанбайды. Сөйтсе де неке адалдығын бұзу ежелгі Исраилде ауыр күнә болып есептелгенін есте ұстағанымыз одан аулақ жүруге деген шешімімізді нығайта түссе керек. Неге бұлай деуге болады? Мына жағдайды елестетіп көрші: шіркеуге барып, мүсіннің алдында тізерлеп дұға айтар ма едің? “Ешқашан бұлай етпеспін!”— дерсің. Ал көп ақша ұсынылса, ойыңнан айныр ма едің? “Еш айнымаспын!”— деп жауап берерсің. Иә, шынайы мәсіхшіге пұтқа табынып, Ехобаға опасыздық жасауды ойлаудың өзі жеркенішті. Сол сияқты, қандай себеппен болмасын, неке адалдығын бұзып Ехобаға және жұбайына опасыздық жасауды ойлаудың өзі жеркенішті болу керек (Забур 50:3, 6; Қолостықтарға 3:5). Біз ешқашан Шайтанды қуантатын, ал Ехобаның және қасиетті неке құрылымының қадірін түсіретін қылық жасағымыз келмейді.

НЕКЕНІ ҚАЛАЙ НЫҒАЙТУҒА БОЛАДЫ?

20. Кей некелерде қандай жағдай орын алған? Мысалмен түсіндір.

20 Жұбайыңды бұрынғыдай құрметтеу үшін некенің қадірін түсіретін қылықтан аулақ болумен қатар тағы не істеуіңе болады? Бұл сұраққа жауап алу үшін некені үй деп елестетіп көрейік. Ал ерлі-зайыптылардың жылы сөздері мен қамқорлығы және бір-бірін құрметтейтінін көрсететін басқа да істері үйге сән беретін әдемі бұйымдар болсын. Бір-біріңе деген аяулы сезімдеріңді жоғалтпасаңдар, некелерің көркейіп, жылулық есіп тұратын сәнделген “үй” болады. Ал сезімдеріңді суытып алсаңдар, сәнді әшекейлер жаймен ғайып бола бастайды да, некелерің бар көркінен айырылған сұрықсыз үй сияқты болып қалады. Алайда сен Құдайдың ‘некеге құрметпен қараңдар!’ деген өсиетіне мойынсұнуды қалағандықтан жағдайды жақсартуға тырысарың сөзсіз. Бағалы әрі құрметке лайық нәрсе жөндеуге, не қалпына келтіруге, тұрады емес пе!? Мұны қалай істеуіңе болады? Құдай Сөзінде былай делінген: “Даналықпен үй салынар, Парасатпен берік болар, Білгірлікпен үйдің іші Әр түрлі [“асыл және” Тт] әсем дүниеге толар” (Нақыл сөздер 24:3, 4). Бұл сөздерді некеге қатысты қалай қолдануға болатынын қарастырайық.

21. Қалай некені бірте-бірте нығайтуға болады? (“ Некені қалай нығайтуға болады?” деген қоршауды да қара.)

21 Бақыт қонған үйдің ішін толтыратын “асыл дүниеге” шынайы сүйіспеншілік, Құдай алдындағы қорқыныш және берік сенім сияқты қасиеттер жатады (Нақыл сөздер 15:16, 17; Петірдің 1-хаты 1:7). Бұлар некені нығайтады. Жоғарыдағы тармақтан үйдің іші асыл дүниеге қалай толтырылатынын байқадың ба? Онда “білгірлікпен” толтырылатыны айтылған. Киелі кітаптағы білімнің оны қолданған адамның ой қалпын өзгертіп, жұбайын бұрынғыдай жақсы көруге талпындыратын күші бар (Римдіктерге 12:2; Філіпіліктерге 1:9). Сондықтан Киелі кітаптағы некеге қатысты үзінділерді, мысалы “Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” кітапшасындағы тармақты, я болмаса “Күзет мұнарасы” немесе басқа да басылымдардағы мақалаларды жұбайың екеуің өзара жылулық таныта отырып қарастырғанда, үйлеріңе сән беретін әсем бұйымдарды таңдап жатқандай боласыңдар. Ехобаға деген сүйіспеншіліктерің алған білімдеріңді қолдануға талпындырғанда, былайша айтқанда, сол бұйымдарды ‘үй ішіне’ әкелесіңдер. Осының арқасында некелеріңе әсемдік пен жылулық қайта оралатын болар.

22. Некені нығайту үшін қолдан келгенді істегенің неге қанағат сезіміне бөлейді?

22 Алайда әсем бұйымдарды бір-бірлеп орын-орнына қою үшін біраз уақыт пен күш жұмсау керек болуы мүмкін. Бірақ өз тарапыңнан қолдан келгенді істесең, Киелі кітаптағы: “Бір-біріңе бірінші болып құрмет көрсетіңдер”,— деген өсиетті орындап жатқаныңды біліп, зор қанағат сезінесің (Римдіктерге 12:10 ЖД; Забур 146:11). Ал ең бастысы, некеге құрметпен қарауға барынша тырысып жүргеніңнің арқасында Құдайдың сүйіспеншілігінің саясында боласың.

^ 6-абзац Мәнмәтіннен Пауылдың некеге қатысты кеңесін басқа да шақырулармен қатар айтқаны көрінеді (Еврейлерге 13:1—5).