Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

13-ТАРАУ

Құдайға ұнамсыз мейрамдар

Құдайға ұнамсыз мейрамдар

“Құдай Иеге не ұнайтынына үнемі көз жеткізіп отырыңдар” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 5:10 ЖД).

1. Ехоба кімдерді өзіне жақындатып тартады және неге олар әрдайым қырағы болу керек?

ИСА ‘нағыз сиынушылардың Әкеге рухында және шындықпен сиынатынын’ және Әкенің осындай сиынушыларды іздейтінін айтқан (Жохан 4:23 сілт.). Ехоба сені тапқаны сияқты, осындай адамдарды тапқанда, оларды өзіне және Ұлына жақындатып тартады (Жохан 6:44). Неткен мәртебе! Алайда Киелі кітаптағы шындықты сүйетіндер “Құдай Иеге не ұнайтынына үнемі көз жеткізіп отырулары” керек, өйткені Шайтан алдап-арбауға шебер (Ефестіктерге 5:10 ЖД; Аян 12:9).

2. Ехоба шынайы дінді жалған дінмен араластыратындарға қалай қарайды?

2 Синай тауының маңында исраилдіктер Һароннан құдай жасап беруді сұраған кезде не болғанын қарастырайық. Һарон олардың дегеніне көніп, алтыннан жас бұқаның мүсінін жасап береді де: “Ертең Жаратқан Иеге [Ехобаға] арналған мейрам болады!”— деп, мүсіннің Ехобаны бейнелейтініне меңзейді. Шынайы дін мен жалған діннің араласып кеткені Ехоба үшін бәрібір болды ма? Жоқ. Ол мүсінге табынған үш мыңдай адамды мерт қылды (Мысырдан шығу 32:1—6, 10, 28). Бұдан қандай сабақ алуға болады? Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылып қалмау үшін біз ‘арам нәрселерге мүлдем жоламай’, шындықты қызғыштай қорғауымыз керек (Қорынттықтарға 2-хат 6:17; Езекиел 44:23; Ғалаттықтарға 5:9).

3, 4. Неге кең тараған әдет-ғұрыптар мен мерекелерді қарастырғанда, Киелі кітап принциптеріне ерекше ден қоюымыз керек?

3 Жолдан таюшылықтың таралуына тосқауыл болған елшілер өлгеннен кейін, өздерін мәсіхшіміз деп атаған шындықты сүймейтін адамдар жалған діннің әдет-ғұрыптары мен “қасиетті” мерекелерін мәсіхшілікке ендіріп жіберді (Салониқалықтарға 2-хат 2:7, 10). Ал енді солардың кейбірін қарастыра отырып, осы мерекелерде Құдайдың емес, осы дүниенің рухы қалай көрініс табатынына назар аударайық. Жалпы алғанда, осы дүниелік мерекелерге бір нәрсе ортақ: олар тәндік құмарлықтарды қоздырады әрі жалған діннің нанымдары мен ‘Ұлы Бабылдың’ айрықша белгісі — спиритизмді насихаттайды * (Аян 18:2—4, 23). Мынаны да есте ұстайық: бүгінде дүниенің төрт бұрышына тараған әдет-ғұрыптарға бастама берген жиренішті діни жоралардың бір кездері қалай атқарылғанын Ехоба өз көзімен көрген. Олар бүгінгі күні де Ехоба үшін соншалықты жиіркенішті. Сондықтан оның сондай мейрамдарға қатысты көзқарасын ескеру біз үшін қаншалықты маңызды десеңші! (Жоханның 2-хаты 6, 7).

4 Шынайы дінді ұстанатындықтан біз кейбір мерекелердің Ехобаға ұнамсыз екенін білеміз. Сондықтан оларға мүлдем араласпауға деген шешіміміз берік болу керек. Бұл мейрамдардың не себепті Ехобаға ұнамсыз екенін қарастырғанымыз оның сүйіспеншілігінен айыруы мүмкін кез келген нәрседен аулақ жүруге деген шешімімізді нығайтады.

ИСАНЫҢ ТУҒАН КҮНІ ЖӘНЕ КҮНГЕ ТАБЫНУ

5. Исаның 25 желтоқсанда не 7 қаңтарда туылмағанына неге сенімді бола аламыз?

5 Киелі кітапта Исаның туған күнін тойлауға қатысты ештеңе айтылмаған. Оның қай күні туылғаны бізге беймәлім. Алайда оның қысы қатты болатын аймақта 25 желтоқсанда не 7 қаңтарда туылмағаны анық *. Бұлай деуіміздің бір себебі — Лұқаның сөздеріне сай, Иса туылғанда, малшылар ‘далада түнеп, малдарын күзетіп жатқан’ (Лұқа 2:8—11). Жыл бойы малдарын күзетіп ‘далада түнеу’ малшылар үшін үйреншікті болса, мұны ерекше атап айтудың қажеті де жоқ еді. Алайда Бетлехемнің қысы жауын-шашынды суық болатын, сондықтан қойшылар малдарын “далада” емес, қыстауда ұстайтын. Бұған қоса, Жүсіп пен Мәриям Август патшаның жарлығы бойынша, тізімге тіркелу үшін Бетлехемге барған (Лұқа 2:1—7). Ал Август патшаның Рим билігіне онсыз да наразы болып жүрген халыққа қақаған қыста ата-баба мекеніне барып тіркелуді бұйыруы екіталай еді.

6, 7. а) Исаның туған күні мейрамындағы көптеген дәстүрлер қайдан бастау алған? ә) Адамдардың Исаның туған күні мейрамында сыйлық беруі мен мәсіхшілердің сыйлық беруінің қандай айырмашылығы бар?

6 Исаның туған күнін тойлау мерекесі Жазбаларға негізделмеген. Бұл мейрам ауыл шаруашылығы құдайы Сатурнға бағышталған римдіктердің Сатурналии мерекесі сияқты жалған діннен шыққан ежелгі мейрамдардан бастау алған. “Жаңа католик энциклопедиясындағы” мәліметке сай, Митра деген құдайға табынатындар “жеңілмес күннің туылған күнін” есептеп шығарып, оны 25 желтоқсанда тойлайтын болған. Исаның туған күнін тойлау мерекесі Римде күнге табыну культі әсіресе берік ұстанылған кезде (Иса Мәсіх өлгеннен кейін шамамен үш ғасыр өткен соң) бастау алған.

Шынайы мәсіхшілерді сыйлық беруге сүйіспеншілік талпындырады

7 Күнге табынушылар мейрам кезінде бір-біріне сыйлық сыйлап, қонақ күтетін. Исаның туылған күнін тойлау кезінде адамдар әлі де солай етеді. Алайда сол кездегі сияқты бүгінде де олар сыйлықты бір-біріне Қорынттықтарға 2-хат 9:7-дегі сөздердің рухына сай бермейді. Онда былай делінген: “Әрқайсың жүректеріңнің шешіміне сай, еш ренішсіз, зорлықсыз барларыңмен бөлісіңдер! Құдай қуанышпен беретіндерді ұнатады”. Шынайы мәсіхшілерді сыйлық беруге сүйіспеншіліктері талпындырады және олар сыйлық жасау үшін арнайы бір күнді күтпейді, сондай-ақ орнына ештеңе дәметпейді (Лұқа 14:12—14; Елшілердің істері 20:35). Оның үстіне, олар бүгіндегі көп адам сияқты Исаның туған күні мейрамы кезінде аласұрып не қарызданып мойындарына ауыр жүк артпайды (Матай 11:28—30; Жохан 8:32).

8. Жұлдыз санаушы ғұламалар сыйлықтарын Исаның туған күніне әкелген бе? Түсіндір.

8 Бірақ біреулер: “Жұлдыз санаушы ғұламалар Исаның туған күніне сыйлық әкелмеп пе еді?”— дейтін шығар. Жоқ, олар сол заманның дәстүріне сай, сыйды көрнекті адамға құрмет көрсету үшін әкелген (Патшалықтар 3-жазба 10:1, 2, 10, 13; Матай 2:2, 11). Ғұламалар тіпті Иса туылған түні келмеген. Олар келгенде, Иса ақырда жатқан шақалақ емес, кәдімгі үйде тұрып жатқан бірнеше айлық сәби еді.

КИЕЛІ КІТАПТА ТУҒАН КҮН ЖАЙЫНДА НЕ АЙТЫЛҒАН?

9. Киелі кітапта әңгіме етілген туған күн мерекелерінде қандай жайт орын алған?

9 Баланың жарық дүниеге келуі әрқашан зор қуаныш әкеледі, сөйтсе де Құдайдың қызметшілерінің туған күнді тойлағаны жайында Киелі кітапта еш мәлімет жоқ (Забур 126:3). Бұл жайт жай ғана елеусіз қалдырылған ба? Жоқ, өйткені онда екі адамның, Мысыр перғауыны мен Ирод Антипастың, туған күндерін тойлағаны жөнінде жазылған (Жаратылыс 40:20—22; Марқа 6:21—29). Алайда бұл екі жағдай да, әсіресе шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның басы алынған екінші жағдай, жағымды оқиға ретінде суреттелмеген.

10, 11. Ертедегі мәсіхшілер туған күнді тойлауға қалай қараған және неге?

10 “Уорлд бук” энциклопедиясында айтылғандай, ертедегі мәсіхшілер “әлдекімнің туған күнін тойлауды жалған тәңірлерге табынатын халықтардың жорасы деп қарастырған”. Мысалы, ежелгі гректер әр адамның дүниеге келгеніне куә болып, өмір бойы қорғап жүретін рухы болады деп сенген. Туған күн туралы бір кітапта адам жарық дүниеге қай тәңірдің туған күнінде келсе, оны қорғап жүретін рухтың сол тәңірмен жұмбақ қатынаста болатыны айтылған (“The Lore of Birthdays”). Сонымен қатар туған күннің байырғы заманнан жұлдызнамамен және жұлдызжорамалмен тығыз байланысы бар.

11 Туған күн жораларының жалған дінмен және спиритизммен байланысы болғандықтан, Құдайдың ертедегі қызметшілері олардан бас тартқан. Алайда олардың осылай етуіне ұстанған моральдық нормалары да себеп болғанға ұқсайды. Неге бұлай дейміз? Сол кішіпейіл де қарапайым еркектер мен әйелдер өздерінің жарық дүниеге келгені тойлануы тиіс аса маңызды оқиға деп есептемеген * (Миха 6:8; Лұқа 9:48). Қайта, бар мадақ Ехобаға тиесілі деп білген және өмір сыйлағаны үшін оған ризашылық білдірген * (Забур 8:4, 5; 35:10; Аян 4:11).

12. Қалай өлген күн туылған күннен артық болуы мүмкін?

12 Адалдығынан таймай өмірден өткендер Құдайдың жадында, әрі бұл — олардың болашағының кепілі (Әйүп 14:14, 15). Екклесиаст 7:1-де (ЖД): “Жақсатты болу құнды майдан, өлген күн туылған күннен артық”,— делінген. “Жақсатты болу” адал қызметіміз арқылы Құдайға ұнамды болуды білдіреді. Бір ескеретін жайт, мәсіхшілерге жалғыз оқиғаны атап өту тапсырылған. Бұл — Құдай алдында жақсатты болғанының құтқарылуымыз үшін зор мәні бар Исаның туған күні емес, өлген күні (Лұқа 22:17—20; Еврейлерге 1:3, 4 сілт.).

НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ ҚАЙДАН БАСТАУ АЛҒАН?

13, 14. Наурыз мейрамы мен оның жоралары қайдан бастау алған?

13 Көктемде тойланатын Наурыз мейрамы бір қарағанда еш зиянсыз болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл мейрамның түптамыры қайда жатыр? “Британ энциклопедиясындағы” мәліметке сай, Наурыз — “жиі зороастризм және парсизммен байланыстырылатын Жаңа жыл мейрамы. Бұл мейрам Иран, Ирак, Үндістан және Ауғанстанды қоса алғанда, көп елде тойланады”. Ал “Қазақстан ұлттық энциклопедиясында” былай делінген: “Н[аурыз] мерекесін тойлау дәстүрі дүниежүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған... Мыс[алы], парсы тілдес халықтар Н[аурыз]ды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже “сумалак” ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою — “күн символын” салады... Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифол[огиялық] түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды”.

14 Жоғарыдағы мәліметтерден анық көрініп тұрғандай, Наурыз зороастризмнің отқа табыну ырымдарынан шыққан, ал мереке кезінде жасалатын жоралар спиритизмге тән. Осыны ескерер болсақ, шынайы Құдайдың қызметшілері оны тойлаудан және онымен байланысы бар барлық жора-жоралғылардан аулақ болулары керек емес пе!?

ХЭЛЛОУИН

15. Хэллоуин мейрамы қайдан бастау алған және оның қай күні тойланатыны неге көңіл қоюға тұрарлық?

15 Мыстандар, үй аруақтары және тағы сол сияқты сұрықсыз атрибуттарымен белгілі Хэллоуиннің түп тамыры Британия мен Ирландия елдерін мекендеген ежелгі кельттердің заманында жатыр. 1 қарашаға ең жақын ай толған түні олар “жаздың соңы” дегенді білдіретін Самайн мейрамын тойлайтын. Кельттер Самайн кезінде адам мен рухтар әлемінің арасындағы бөгет жойылып, жақсы рухтар да, зұлым рухтар да жерді кезіп жүреді деп сенетін. Сондай-ақ олар өлілердің рухтары өз үйлеріне қайта келеді деп есептеп, оларға жағу үшін ас-су әзірлеп қоятын. Сондықтан бүгінде аруақ не мыстан болып киінген балалар үйме-үй жүріп, бірдеңе бермесе, тәлкек қылып сазайын тартқызамыз деп үй иелерін қорқытуларымен өздері аңдамай Самайн мейрамы жораларының қайта жаңғыруына үлес қосады.

ҮЙЛЕНУ ТОЙЫҢ АРАМДАЛМАСЫН

16, 17. а) Неге үйленгелі жүрген мәсіхшілер жергілікті салт-жораларды Киелі кітап принциптерін ескере отырып тексеріп алулары керек? ә) Күріш не басқа нәрсе шашу сияқты жораларға қатысты мәсіхшілердің нені ескергені жөн?

16 Жақында ‘[Ұлы Бабылдан] күйеу мен қалыңдықтың көңілді даусын естімейсің!’ (Аян 18:23). Неге? Мұның бір себебі — ол некені үйлену тойынан бастап-ақ сиқырлықтарымен арамдайды (Марқа 10:6—9).

17 Әр елдің өзінің салт-жоралары бар. Екі жасты не той қонақтарын сәттілікке жеткізу үшін жасалатын кейбір жоралар еш зиянсыз болып көрінгенмен, Ұлы Бабылдан шыққан болуы мүмкін (Ишая 65:11). Мысалы, кейбір елдерде күріш не басқа нәрсе шашу салты бар. Бұл салт ас-ауқат зұлым рухтарды тыныштандырып, күйеу мен қалыңдыққа кесірін тигізуден сақтайды деген нанымнан шықса керек. Бұдан қала берсе, байырғы заманнан күріштің құнарлылықпен, бақытпен және ұзақ ғұмыр кешумен жұмбақ байланысы бар деп есептеледі. Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылып қалғысы келмейтіндердің осындай арамдалған салт-жоралардан мейлінше аулақ жүретіні анық (Қорынттықтарға 2-хат 6:14—18).

18. Үйленгелі жатқандар да, той қонақтары да Киелі кітаптағы қандай принциптерді басшылыққа алу керек?

18 Сондай-ақ Ехобаның қызметшілері некелесу мен үйлену тойының қадірін түсіретін не өзгелердің ар-ұжданына нұқсан келтіретін осы дүниелік қылықтар жасамайды. Мысалы, мәсіхшілер шымшыма сөздер не өнегесіз қылықтарға меңзейтін сөздер, жас жұбайларды яки өзгелерді ыңғайсыз жағдайға қалдыратын қағытпалар мен ерсі әзілдер айтудан аулақ (Нақыл сөздер 26:18, 19; Лұқа 6:31; 10:27). Сонымен қатар олар қарапайымдылықты емес, ‘мал-мүлікке мастануды’ көрсететін айран-асыр той жасамайды (Жоханның 1-хаты 2:16). Үйлену тойын жасағалы жатсаң, мынаны ұмытпа: Ехоба сенің осы бір ерекше күнді өкінішпен емес, әрдайым қуанышпен еске алғаныңды қалайды *.

ТОСТ АЙТУДЫҢ ДІНИ МӘНІ БАР

19, 20. Бір еңбекте тост айтуға қатысты не делінген және неге мәсіхшілер бұл дәстүрден бас тартады?

19 Тойлар мен басқа да жиындарда тост айту кеңінен тараған. 1995 жылы жарық көрген ішімдік пен салт-жоралар туралы бір анықтамалықта айтылғандай, бүгіндегі тост айту дәстүрі адамның тілегі, яки “мың жаса!”, “денсаулық үшін!” деген сөздерден тұратын дұғасы, қабыл болу үшін тәңірлерге құрбандық ретінде “қасиетті сұйықтықтар” құюдан қалған жұрнақ болса керек (“International Handbook on Alcohol and Culture”).

20 Рас, көп адам тост айтудың дінмен не ырымшылдықпен байланысы бар деп ойламайтын шығар. Алайда шарап құйылған бокалды жоғары көтеру дәстүрін “көктен”, яғни табиғаттан тыс күштен, бата сұрап өтініш айту деп те қарастыруға болады, ал бұл Жазбаларға қайшы келеді (Жохан 14:6; 16:23) *.

“ЖАРАТҚАН ИЕНІ ЖАҚСЫ КӨРЕТІНДЕР, ЖАМАНДЫҚТЫ ЖЕК КӨРІҢДЕР!”

21. Дінмен байланысы жоқ болса да, мәсіхшілер жаппай тойланатын қандай мейрамдардан аулақ жүреді және неге?

21 Кей елдерде мемлекеттің демеуімен жыл сайын карнавалдар өткізіліп, жаппай анайы билер биленеді, тіпті гомосексуалистер мен лесбияндардың өмір салты дәріптеледі. Бұл — Ұлы Бабылдың тікелей не жанама әсерімен қазіргі дүниенің барған сайын азғындап бара жатқанының көрінісі. ‘Жаратқан Иені жақсы көретін’ адамның осындай мерекелерге қатысқаны не оларды тамашалағаны дұрыс бола ма? Оның бұлай еткені жамандықты шынымен жек көретінін көрсете ме? (Забур 1:1, 2; 96:10). ‘Бос нәрселерге назарымды түсірме’,— деп дұға еткен забур жыршысына еліктеген әлдеқайда артық емес пе!? (Забур 118:37).

22. Қандай жағдайда мәсіхші мейрамға қатысу-қатыспауды ар-ұжданына сүйеніп шешеді?

22 Өзгелер мейрамға қатысып жатыр деп ойлап қалмау үшін, мәсіхші осы дүниелік мейрам күндері іс-әрекетіне мұқият болу керек. Елші Пауыл: “Не ішіп-жесеңдер де, не істесеңдер де, бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!”— деген (Қорынттықтарға 1-хат 10:31). (“ Ақылмен шешім қабылда” деген қоршауды қара.). Алайда қандай да бір салт-жораның не мейрамның дінмен, саясатпен және ұлтжандылықпен еш байланысы жоқ екені анық болса, сондай-ақ Киелі кітап принциптері бұзылмаса, оған қатысу-қатыспауға қатысты әр мәсіхші өзі шешім қабылдайды. Сөйткенмен де ешкімді сүріндірмеу үшін өзгелердің сезімдерін ескерген жөн.

ҚҰДАЙДЫ СӨЗІҢМЕН ЖӘНЕ ІС-ӘРЕКЕТІҢМЕН ДӘРІПТЕ

23, 24. Ехобаның әділ нормалары жөнінде қалай жақсы куәлік беруге болады?

23 Көп адам белгілі бір үлкен мейрамдарды, негізінен, отбасымен және достарымен бас қосудың мүмкіндігі деп қарастырады. Сондықтан әлдекім біздің Жазбаларға негізделген ұстанымдарымыз тым қатал деген жаңсақ ойда болса, Ехоба куәгерлері отбасымен және достармен бас қосатын сәттерді жоғары бағалайтынын жаймен түсіндіруге болады (Нақыл сөздер 11:25; Екклесиаст 3:12, 13; Қорынттықтарға 2-хат 9:7). Біз жақын адамдарымызбен жыл бойы араласа береміз, бірақ Құдайды және оның әділ нормаларын жақсы көретіндіктен осындай қуанышты кездерді оған ұнамсыз салт-жоралармен арамдағымыз келмейді. (“ Шынайы ғибадат зор қуаныш әкеледі” деген қоршауды қара.)

24 Кейбір мәсіхшілер шынайы қызығушылық білдіргендермен әңгімелескенде, “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді? * кітабының 16-тарауындағы ойларды тиімді қолданады. Алайда біздің мақсатымыз таласта жеңіп шығу емес, жүрекке жол табу екенін есте ұста. Тыңдаушыларыңды сыйла, жұмсақтық таныт және ‘ниетің игі, сөздерің дәмді болсын’ (Қолостықтарға 4:6).

25, 26. Балаларының сенімі мен сүйіспеншілігін арттыру үшін ата-аналардың не істеуіне болады?

25 Біз, Ехобаның қызметшілері, Жазбалардан біраз білім алдық. Біз белгілі бір нәрселерге сенуіміздің және оларды ұстануымыздың, ал өзге біреулерінен бас тартуымыздың себебін жақсы білеміз (Еврейлерге 5:14). Сондықтан, ата-аналар, балаларыңа Киелі кітаптың принциптері туралы ой жүгіртуді үйретіңдер. Осылайша олардың сенімін нығайтасыңдар, нанымдары жайлы сұрағандарға Жазбаларға негізделіп жауап беруге көмектесесіңдер және Ехобаның өздерін сүйетініне сендіресіңдер (Ишая 48:17, 18; Петірдің 1-хаты 3:15).

26 Құдайға “рухында және шындықпен” ғибадат ететіндер Киелі кітап ілімдеріне қайшы келетін мейрамдардан аулақ жүріп қана қоймайды, сондай-ақ барлық жағдайда адал болуға тырысады. Бүгінде көпшілік адал болу тиімсіз деп есептейді. Бірақ келесі тараудан көретініміздей, Құдай жолымен жүру әрдайым пайдалы.

^ 3-абзац Мейрамға қатысуым керек пе?” деген қоршауды қара. Ехоба куәгерлері басып шығарған “Күзет мұнарасы басылымдарының индексінде” біраз мейрамдардың тізімі келтірілген.

^ 5-абзац Киелі кітап хронологиясына және тарихи деректерге сүйенсек, Иса б. з. б. 2 жылы яһудилердің етаним айында туылғанға ұқсайды. Ал бұл ай қазіргі күнтізбедегі қыркүйек және қазан айларына сай келеді. (Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі жазбаларды түсіну” (ор.) энциклопедиясының 2-томының 56, 57-беттерін қара.)

^ 11-абзац Заң келісімі бойынша, әйел босанғаннан кейін күнәнің төлемін өтеу құрбандығын ұсынуы тиіс болған (Леуіліктер 12:1—8). Осы заңды талап адам баласының күнәні ұрпақтарына мұра етіп беретінін исраилдіктердің есіне салып тұрған, әрі баланың туылуына байыппен қарауға көмектескен, сондай-ақ пұтқа табынушылардың туған күнмен байланысы бар жораларынан аулақ болуға талпындырса керек (Забур 50:7).

^ 18-абзац Үйлену тойлары мен жиындарға қатысты мәліметті “Күзет мұнарасының” келесі санындағы үш мақаладан қара: 2006 жыл, 1 қараша 17—31 беттер.

^ 24-абзац Ехоба куәгерлері басып шығарған.