Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚОСЫМША

Қауымнан шығарылғандарға қатысты қалай әрекет етуіміз керек?

Қауымнан шығарылғандарға қатысты қалай әрекет етуіміз керек?

Күнәсіна өкінбеген туысының не жақын досының қауымнан шығарылғаны мәсіхшіге өте ауыр тиеді. Алайда Киелі кітаптағы осыған қатысты басшылықты қалай қабылдайтынымыз Құдайды қаншалықты жақсы көретінімізді және ол орнатқан шараны қаншалықты адалдықпен қолдайтынымызды көрсетеді *. Осыған байланысты туындайтын кейбір сұрақтарды қарастырайық.

Қауымнан шығарылғандарға қатысты қалай әрекет етуіміз керек? Киелі кітапта былай делінген: “Өзін сенімдегі бауырласпын деп атағанмен, азғын, дүниеқоңыз, жалған тәңірлерге құлшылық етуші, өсекші, маскүнем немесе алаяқ болып жүрген ешкіммен де араласпауларың керек. Мұндайлармен тіпті дастарқандас та болмаңдар” (Қорынттықтарға 1-хат 5:11). Ал ‘Мәсіхтің ілімімен жүрмейтіндерге’ қатысты былай делінген: “Ондайды үйлеріңе кіргізбеңдер, тіпті сәлемін де алмаңдар! Себебі біреудің сәлемін алған адам соның жамандық істеріне ортақ болады” (Жоханның 2-хаты 9—11). Біз қауымнан шығарылғандармен қарым-қатынас жасап, рухани және өзге тақырыптарға әңгімелеспейміз. 1982 жылдың 1 наурызындағы “Күзет мұнарасының” (ор.) 16-бетінде былай делінген: “Біреумен жай сәлемдескеннің өзі әңгімеге, тіпті достыққа ұласатын алғашқы қадам болуы мүмкін. Біз қауымнан шығарылған адамға қатысты осы алғашқы қадамды жасағымыз келер ме еді?”

Шынымен-ақ, мүлдем араласпау керек пе? Иә, әрі мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, осылай етуімізбен Құдайға және оның Сөзіне адал екенімізді көрсетеміз. Біз Ехобаға өзімізге оңай болғанда ғана емес, қиын кездері де мойынсұнамыз. Құдайды жақсы көргеніміз оның әділ әрі сүйіспеншілігі мол екенін және заңдары бізге игілік әкелетінін түсіне отырып, оның барлық өсиеттеріне мойынсұнуға талпындырады (Ишая 48:17; Жоханның 1-хаты 5:3). Екіншіден, күнәсіна өкінбейтін адамнан бойымызды аулақ ұстағанымыздың арқасында өзіміз де, бүкіл қауым да рухани және құлықтылық жағынан таза болады және қауымның атына кір келмейді (Қорынттықтарға 1-хат 5:6, 7). Үшіншіден, Киелі кітап принциптерін қатаң ұстанғанымыз тіпті қауымнан шығарылған адамға да пайдасын тигізуі мүмкін. Сот комитетінің шешімін қолдайтын болсақ, бұл осы уақытқа дейін ақсақалдардың көмегін қабылдамаған адамның жүрегіне әсер етуі мүмкін. Жанына жақын адамдарымен қатынасының үзілгені оған “ақылға келіп”, жасаған қателігінің жеңіл-желпі емес екенін түсінуге және Ехобаға бет бұруға көмектесуі ықтимал (Лұқа 15:17).

Туысымыз қауымнан шығарылса ше? Отбасында қарым-қатынас тығыз болатындықтан, мұндай жағдайда Ехобаға деген адалдығымыз қатты сыналуы мүмкін. Мұндайда өзімізді қалай ұстауымыз керек? Барлық жағдайды қарастыру мүмкін емес, сөйтсе де басты екі жайтқа назар аударайық.

Кей жағдайларда қауымнан шығарылған адам отбасымен бір үйде тұра беруі мүмкін. Қауымнан шығарылса да, отбасы мүшесі болып қала беретіндіктен, оның үй ішіндегілермен тұрмыстағы күнделікті байланысы үзілмейтін шығар. Алайда ол бұрыс қылық жасауымен отбасымен рухани қатынасты үзуді шешкенін көрсетті. Сондықтан Ехобаға адал отбасы мүшелері ғибадатқа қатысты істерде бұдан былай онымен ешқандай байланыс жасамайды. Мысалы, ол отбасылық зерттеуге келетін болса, талқылауға қатыспауы керек. Алайда кәмелетке толмаған бала қауымнан шығарылса, ата-анасы оған әлі де тәлім-тәрбие беруге міндетті. Сондықтан олар сүйіспеншілік танытып, онымен Киелі кітапты зерттейтін болар * (Нақыл сөздер 6:20—22; 29:17).

Басқа бір жағдайда қауымнан шығарылған адам отбасынан бөлек тұруы мүмкін. Мұндайда отбасында оның қатысуын қажет ететін жағдай болып қалғанның өзінде байланыстың мүмкіндігінше шектеулі болғаны дұрыс. Адал мәсіхшілер қауымнан шығарылған отбасы мүшесімен қатынасу үшін сылтау іздемейді. Қайта, Ехоба мен оның ұйымына деген адалдығы оларды қауымнан шығарылғандарға қатысты Жазбаларға негізделген тәртіпке бағынуға талпындырады. Олар мұны аяғын шалыс басқан адамның игілігі үшін істейді және осының арқасында ол жөнге салу шарасын қабыл алып, оның пайдасын көруі мүмкін * (Еврейлерге 12:11).

^ 1-абзац Осы мәселеге қатысты Киелі кітаптағы принциптер қауымнан бас тартқандарға қатысты да қолданылады.

^ 2-абзац Ата-анасымен бірге тұратын кәмелетке толмаған баланың қауымнан шығарылуына қатысты қосымша мәліметті “Күзет мұнарасының” келесі сандарынан табуға болады: 2001 жыл, 1 желтоқсан, 27, 28-беттер және 1989 жыл, 1 қыркүйек, 12-бет (ор.).

^ 3-абзац Қауымнан шығарылған отбасы мүшесіне қатысты қалай әрекет ету керектігі жөнінде келесі басылымдардан көбірек мәлімет табуға болады: “Күзет мұнарасы” (ор.) 1988 жыл, 15 қыркүйек, 18—23 беттер және “Біздің патшалық қызметіміз” 2002 жыл, тамыз, 3, 4-беттер.