Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚОСЫМША

Сен мастурбациядан арыла аласың

Сен мастурбациядан арыла аласың

Мастурбация — Құдайға ұнамсыз әдет. Онымен айналысатын адамның санасы уланады және ол тек өз құмарлығын қанағаттандыруды ғана ойлайтын болады *. Сондай-ақ ол өзгелерді жай ғана құмарынан шығу үшін қолданатын құрал ретінде қарастыра бастауы мүмкін. Жыныстық қатынас ол үшін сүйіспеншілігін көрсетудің емес, бір мезеттік ләззат алудың және айызын қандырып, жеңілдеудің жолына айналады. Бірақ бұл уақытша ғана жеңілдік береді. Шындығына келгенде, мастурбация “азғындық, [“арамдану” ЖД], нәпсіқұмарлық” сияқты тән құмарлықтарын басудың орнына, қоздыра түседі (Қолостықтарға 3:5).

Елші Пауыл: “Қымбатты бауырластарым, тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрселерден тазарып, Құдайды терең қастерлеп, толығымен Оған бағышталған қасиетті өмір сүрейік!”— деп жазған (Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Саған осы кеңеске құлақ асу қиынға соғып жатса, салың суға кетпесін. Ехоба әрқашан кешіруге және көмекке келуге “дайын” (Забур 86:5 ЖД; Лұқа 11:9—13). Жүрегіңнің сені айыптауы және кейде сүрініп қалатыныңа қарамастан, жаман әдетіңнен арылуға барынша тырысып жүргенің — ниетіңнің дұрыс екенінің белгісі. Мынаны да ұмытпа: “Құдай жүрегімізден жоғары” әрі “бәрін де біледі” (Жоханның 1-хаты 3:20). Ол күнәмізді ғана емес, бүкіл болмысымызды көреді. Сондықтан біздің мейірім сұрап жалбарынған дұғаларымызға жанашырлықпен құлақ асады. Қиындыққа ұшыраған баланың әкесіне баратыны сияқты, сен де Құдайға кішіпейілдікпен және ынты-шынтыңмен дұға етуден еш талма. Ехоба саған батасын беріп, таза ар-ұждан сыйлайды (Забур 50:2—14, 19; Ишая 1:18). Әрине, сен дұғаларыңа сай әрекет етуің керек. Мысалы, порнографияның кез келген түрінен және жаман ортадан аулақ жүруге барынша тырысатын боларсың *.

Егер мастурбациядан арыла алмасаң, бұл жайлы мәсіхші ата-анаңмен не рухани толысқан әрі қамқор досыңмен сөйлесіп көргенің дұрыс болар * (Нақыл сөздер 1:8, 9; Салониқалықтарға 1-хат 5:14; Титке 2:3—5).

^ 1-абзац Мастурбация — жыныс мүшелерін сипалау не үйкелеу. Бұл әрекет, негізінен, оргазм алу үшін жасалады.

^ 2-абзац Осы орайда көп отбасы үйдегі компьютерді өзгелерге көрінетін жерге қоюды дұрыс көреді. Ал кей отбасылары жаман мәліметтерді іріктеп отыратын бағдарлама орнатқан. Алайда мұндай бағдарламаларға толықтай сенім артуға болмайтынын ескерген жөн.

^ 1-абзац Мастурбациядан қалай арылуға болатынына қатысты тиімді кеңестерді келесі басылымдардан табуға болады: “Ояныңдар!” (ор.) 2006 жыл, қараша, “Жастардың сауалдары: Бұл әдеттен қалай құтылуға болады?” мақаласы және “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” (ор.) кітабының 1-томы, 205—211 беттер.