Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

9-ТАРАУ

Халықтың өздеріне патша талап етуі

Халықтың өздеріне патша талап етуі

Исраилдің алғашқы патшасы Саул тілазарлық танытты, сондықтан Ехоба оның орнына Дәуітті патша етіп тағайындады. Ехоба Дәуітпен келісім жасап, оның патшалық тағын мәңгілікке орнататынын уәде етті.

САМСОННАН кейін Исраилде Самуил деген кісі пайғамбар болды. Исраилдіктер басқа халықтар сияқты болғылары келіп, өздеріне патша тағайындап беруді сұрап қоймады. Бұл Ехобаға ұнамады, сөйтсе де ол Самуилге халықтың айтқанына құлақ асып, Саул есімді кішіпейіл жігітті патша етіп тағайындауды бұйырды. Бірақ уақыт өте келе Саул патша өркөкірек әрі тілазар болып кетті. Сондықтан Ехоба одан бас тартты да, Самуилге Дәуіт есімді жас жігітті патша етіп тағайындауды бұйырды. Алайда ол патша тағына отырғанша көп жыл өтті.

Бірде жас Дәуіт Саулдың әскер қосындағы ағаларына барды. Сол жерде бүкіл Исраил әскерінің үрейін ұшырған Ғолият есімді алып жауынгер Ехоба Құдайды қорлап жатқан еді. Ашуы келген Дәуіт Ғолиятпен жекпе-жекке шықты. Ол сақпан мен бірнеше тас алып, бойы үш метрден асатын дұшпанына қарай жүгірді. Ғолият оны менсінбей келеке-мазақ етті. Сонда Дәуіт одан жақсырақ қаруланғанын, яғни Ехоба Құдайдың атымен келе жатқанын, айтты. Ол алыпты бір ғана таспен сілейтіп салды. Сосын, оның семсерімен басын шауып алды. Мұны көрген філістір жауынгерлері зәрелері қалмай қаша жөнелді.

Алғашқыда Саул Дәуіттің батылдығына риза болып, оны әскербасы етіп тағайындады. Алайда Дәуіттің жетістіктері Саулдың бойында қызғаныш сезімін тудыра бастады. Өміріне қауіп төніп тұрғанын сезген Дәуіт Саулдан қашып кетіп, біраз жыл бас сауғалап жүрді. Ол Саулды Ехоба тағайындаған патша ретінде құрметтеп, кек алмады. Ақырында, Саул шайқаста қаза болды. Ал Дәуіт, Құдайдың уәдесі бойынша, патша тағына отырды.

“Оның патшалық тағын мәңгілікке орнатамын” (Патшалықтар 2-жазба 7:13).

Дәуіт патша Ехоба Құдайға арнап киелі үй салғысы келді. Алайда Ехоба киелі үйді Дәуіт емес, оның ұлы Сүлеймен тұрғызатынын айтты. Дегенмен Ехоба Дәуіт патшаны жарылқап, онымен керемет келісім жасасты. Ол Дәуіттің әулетінде патшалық биліктің берік орнайтынын әрі одан Едемде уәде етілген Ұрпақ, яки Құтқарушы, шығатынын уәде етті. Бұл Ұрпақ Құдай тағайындаған Мәсіх, яғни май жағу рәсімі жасалған Патша, болу керек еді. Ехоба Мәсіх басқаратын патшалықтың, яки үкіметтің, мәңгі тұратынын айтты.

Ехобаға қатты риза болған Дәуіт киелі үйді салуға қажетті құрылыс заттарын және алтын мен күмісті мол етіп жинап қойды. Сондай-ақ ол Құдайды мадақтап Забур жырларын жазды. Қартайған шағында Дәуіт: “Мен арқылы Құдай Рухы сөйледі, аузымнан Оның сөзі шығып келді”,— деген болатын (Патшалықтар 2-жазба 23:2).

Патшалықтар 1-жазба, Патшалықтар 2-жазба, Шежірелер 1-жазба, Ишая 9:7, Матай 21:9, Лұқа 1:32, Жохан 7:42 негізделген.