Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

10-ТАРАУ

Дана патша Сүлеймен

Дана патша Сүлеймен

Ехоба Сүлеймен патшаға даналық берді. Осы патшаның тұсында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнап, ел өркендей түсті.

ҚАНДАЙ да бір елдің халқы да, билеушісі де Әлемнің Әміршісі Ехобаның заңдарына толық мойынсұнып жүрсе, тұрмыс-жағдайы қандай болар еді? Мұны Сүлейменнің 40 жылдық патшалығы кезіндегі Исраил халқының тұрмыс-жағдайынан білуге болады.

Дәуіт өлерінің алдында өзінің ұлы Сүлейменді патша етіп тағайындады. Бірде Құдай Сүлейменге аян беріп, қалауын орындауды уәде етті. Сонда Сүлеймен әділ де дана төреші болу үшін ақыл-парасат пен білік беруін сұрады. Ехоба Сүлейменге риза болып, өтінішін орындады. Сондай-ақ өзіне адал болып қалса, байлық, атақ-даңқ пен ұзақ өмір сыйлауды уәде етті.

Сүлеймен қара қылды қақ жарған төреші ретінде таныла бастады. Бірде оның алдына екі әйел келді. Олар қолдарындағы нәрестеге таласқанын айтып, патшадан төрелік етуін сұрады. Сонда Сүлеймен қызметшісіне баланы қақ жарып, екеуіне бөліп беруді бұйырды. Әлгі әйелдердің бірі төрешіні қоштағанмен, баланың шын анасы оны бірінші әйелге беруді өтініп, шырылдап қоя берді. Сонда Сүлеймен бұл әйел баланың шын анасы екенін түсініп, нәрестені соған қайтарды. Көп ұзамай бұл оқиғаны жұрттың бәрі естіп, Сүлейменге ақыл-парасатты Құдай дарытқанын түсінді.

Сүлеймен Иерусалим қаласында Ехобаға арнап керемет ғибадатхана тұрғызды. Күллі Исраил халқы Құдайға құлшылық ету үшін сонда баратын болды. Ғибадатхананың бағышталуы кезінде Сүлеймен былай деп дұға етті: “Тіпті ұлан-ғайыр көктің өзі Сені сыйғыза алмағанда, мен салған мына үй қайдан сыйғызсын?!” (Шежірелер 2-жазба 6:18).

Сүлейменнің даңқы жан-жаққа жайылып, тіпті сонау Арабия жеріндегі Сәба халқы ол туралы көп еститін болды. Күндердің күнінде Сәба патшайымы Сүлейменнің даңқы мен байлығының шынымен де зор екеніне көз жеткізу үшін әрі оның даналығын сынау үшін Иерусалимге келді. Сүлейменнің ақыл-парасаты мен Исраил халқының бақуат тұрмысын көрген патшайым қатты қайран қалып, осындай дана адамды таққа отырғызғаны үшін Ехоба Құдайды мадақтады. Расында да, Сүлеймен билік құрған заманда Ехоба халқын молынан жарылқады: Исраилде бұрын-соңды болмаған тыныштық орнап, ел өркендеді.

Өкінішке орай, Сүлеймен Құдайға адал болып қалмады. Ол Құдай заңын бұзып, көп әйел алды. Олардың кейбірі жалған құдайларға табынатын халықтардан шыққан болатын. Ақырында, Сүлеймен әйелдеріне иланып, жалған құдайларға құлшылық ете бастады. Сонда Ехоба Сүлейменнің патшалығын екіге бөліп, оған аз бөлігін қалдыратынын және Дәуітке берген уәдесі үшін ғана оның әулетінен патша тағын біржола тартып алмайтынын айтты. Сүлеймен тілазарлық танытқанмен, Ехоба Дәуітпен жасасқан келісіміне адал болып қалды.

Патшалықтар 3-жазба 1—11 тарауларға, Шежірелер 2-жазба 1—9 тарауларға және Заңды қайталау 17:17 негізделген.