Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

16-ТАРАУ

Мәсіхтің келуі

Мәсіхтің келуі

Ехоба назареттік Исаның уәде етілген Мәсіх екенін білдірді.

АДАМДАР Мәсіхті тани алу үшін Ехоба қам жасады ма? Иә. Бұл үшін оның не істегенін қарастырайық. Еврей жазбалары жазылып біткен соң, төрт ғасыр өте бір ерекше оқиға орын алды. Ғалилея аймағындағы Назарет қаласында тұратын Мәриям деген қызға Жәбірейіл есімді періште келді. Ол Құдайдың киелі рухы, яғни әрекет етуші күшінің, арқасында пәк қыздың бала көтеретінін айтты. Одан туған ұл уәде етілген Патша болып, мәңгі билік етпек еді! Сондай-ақ бұл нәресте Құдайдың Ұлы деп аталмақ еді. Оның көктегі өмірі Мәриямның құрсағына ғажайып түрде ауыстырылу керек болды.

Мәриям осындай жауапкершілікті кішіпейілділікпен қабыл алды. Құдай жіберген періште Мәриямның жігіті Жүсіпке қалыңдығының құрсақ көтеруінің себебін түсіндірген соң, олар үйленді. Бетлехем қаласы Назареттен 150 шақырым қашықтықта орналасқан болатын. Олай болса, Мәсіхтің Бетлехемде туылатыны жайлы пайғамбарлық қалай орындалмақ еді? (Миха 5:2).

Бір күні Рим әміршісі жарлық шығарды. Әр адам туған қаласына барып, тіркеуден өту керек-тін. Жүсіптің де, Мәриямның да атамекені Бетлехем қаласы болған көрінеді. Сондықтан Жүсіп аяғы ауыр әйелін алып, Бетлехемге қарай беттеді (Лұқа 2:3). Бетлехемде олар мал қорада түнеді. Мәриям сонда босанып, нәрестесін құндақтады да, шөп салатын ақырға жатқызды. Құдай сол өңірде жүрген малшыларға періштесін жіберіп, уәде етілген Мәсіхтің келуі жайлы ізгі хабарды жеткізді.

Кейіннен Исаның уәде етілген Мәсіх екендігіне басқалар да куәлік берді. Мысалы, Ишая пайғамбар Мәсіхке жол дайындайтын адамның келетінін алдын ала айтты (Ишая 40:3). Бұл адам шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия болды. Ол Исаны көре салысымен: “Қараңдар, Мынау Құдайдың құрбандыққа жіберген “Тоқтысы”! Ол адамзаттың күнәсын өз мойнына артып, сол үшін жанын қияды”,— деп дауыстады. Жақияның кейбір шәкірттері бірден Исаның соңынан ерді. Олардың бірі қуанышпен: “Біз Мәсіхтің Өзін таптық!”— деді (Жохан 1:29, 36, 41).

Ехоба Құдайдың өзі де куәлік берді. Жақия Исаны шомылдыру рәсімінен өткізгенде, Ехоба оны киелі рухы арқылы Мәсіх етіп тағайындап, көктен былай деп дауыстады: “Бұл Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!” (Матай 3:16, 17). Иә, ұзақ уақыт бұрын уәде етілген Мәсіх келді.

Бұл оқиға б. з. 29 жылы болды. Дәл сол уақытта Даниял пайғамбарлық еткен 483 жыл аяқталды. Бұл — Исаның Мәсіх екенін көрсететін көптеген дәлелдердің бірі. Ал жердегі қызметі кезінде Иса қандай хабар жариялады?

Матай 1—3 тарауларға, Марқа 1-тарауға, Лұқа 2-тарауға және Жохан 1-тарауға негізделген.

^ 16-абзац Көбірек мәлімет алу үшін “Құдайдың басшылығы Жұмаққа жол көрсетеді” деп аталатын кітапшаның 20-бетіндегі қоршауды қараңыз.