Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

19-ТАРАУ

Исаның бүкіл адамзатқа қатысы бар пайғамбарлық айтуы

Исаның бүкіл адамзатқа қатысы бар пайғамбарлық айтуы

Иса өзінің патша тағында отырғанын және осы зұлым дүниенің ақыры жақындап қалғанын қандай оқиғалардан көруге болатынын пайғамбарлық етті.

ИСА өзінің төрт шәкіртімен бірге Зәйтүн тауының Иерусалим мен ғибадатханаға қарап тұрған беткейінде отырғанда, шәкірттері оның бұрынырақта айтқан сөздеріне қатысты біраз нәрсе білгісі келді. Иса Иерусалимдегі ғибадатхананың жойылатыны жайлы айтқан болатын, ал осының алдында зұлым заманның ақыры жайлы айтқан еді (Матай 13:40, 49). Сондықтан елшілері Исадан: “Сіздің қайта келуіңіз бен ақыр заманның жақындап қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрады (Матай 24:3).

Сонда Иса оларға Иерусалим қаласы жойылар алдында қандай оқиғалар орын алатынын айтты. Алайда оның пайғамбарлығы сол кезбен ғана шектелмеді. Кейінірек бұл сөздер кең көлемде, яки бүкіл дүниежүзінде, орындалу керек еді. Иса сипаттаған дүниедегі жағдай мен түрлі оқиғалар ‘белгіні’ құрап, Исаның көкте патшалық ете бастағанын көрсетпек еді. Басқа сөзбен айтқанда, бұл белгі Ехоба Құдайдың Исаны ұзақ уақыт бұрын уәде еткен Патшалықтың тағына отырғызғанын білдірмек-тін. Адамдар белгіні көріп, Патшалықтың зұлымдықты жойып, нағыз тыныштық орнататын кезі жақындап қалғанын білу керек еді. Иса айтып кеткен жайттар осы зұлым дүниенің — оның діни, саяси және әлеуметтік жүйесінің — ақыры таяп қалғанын және жақында жаңа дүние орнайтынын көрсетпек-тін.

Иса көктегі патша тағына отырғанда, мемлекет арасындағы соғыстар, азық-түлік тапшылығы, індеттер мен қатты жер сілкіністері болып, заңсыздық кең етек жаймақ еді. Сондай-ақ Исаның шынайы ізбасарлары дүниенің төрт бұрышында Құдайдың Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялау керек-тін. Бұл оқиғалар бұрын-соңды болмаған ‘ауыр азапқа’ ұласпақ еді (Матай 24:21 сілтеме).

Исаның ізбасарлары ауыр азаптың жақындап қалғанын қалай білер еді? Иса: “Інжір ағашынан сабақ алыңдар”,— деген болатын (Матай 24:32). Інжір ағашында жапырақтар пайда болғанын көріп, жаздың жақындап қалғанын білуге болады. Сол сияқты Иса айтып кеткен жайттардың бір мезгілде орын алуы осы зұлым заманның ақыры таяп қалғанын көрсететін айқын белгі болмақ еді. Иса ауыр азаптың нақты қай күні, қай сағатта басталатынын Көктегі Әкеден басқа ешкім білмейтінін айтты. Сондықтан шәкірттеріне: “Байқаңдар, абай болыңдар, сиыныңдар, өйткені ол уақыттың қашан келерін білмейсіңдер”,— деп ескерткен (Марқа 13:33 Тт).

Матай 24, 25-тарауларға, Марқа 13-тарауға және Лұқа 21-тарауға негізделген.

^ 14-абзац Исаның пайғамбарлығы жайлы көбірек білу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының 9-тарауын қараңыз.