Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

21-ТАРАУ

Иса тірі!

Иса тірі!

Иса ізбасарларына көрініп, оларды жігерлендірді және басшылық берді.

ИСА өлгеннен кейін үшінші күні оның шәкірті болған бірнеше әйел қабірге келіп, аузындағы тастың алынып тасталғанын көрді. Оның үстіне, қабір бос жатыр екен!

Сонда екі періште пайда болып, біреуі: “Назареттік Исаны іздеп жүрсіңдер ғой. Ол қайта тіріліп кетті!”— деді (Марқа 16:6). Әйелдер бұл туралы елшілерге айту үшін жүгіре жөнелді. Жол-жөнекей олар Исаны кездестірді. Иса оларға: “Қорықпаңдар! Бауырластарыма барып, “Ғалилеяға жөнелсін, сонда Мені көреді” деген хабарды жеткізіңдер”,— деп тапсырды (Матай 28:10).

Кейінірек Исаның екі шәкірті Иерусалимнен Еммаус ауылына бара жатқанда, оларға бір бейтаныс кісі қосылып, не жайында сөйлесіп жатқандарын сұрады. Шын мәнінде, ол қайта тірілген Иса еді. Бірақ бастапқыда шәкірттері оны танымады. Көңілдері жабырқаулы шәкірттер Иса жайлы сөйлесіп келе жатқандарын айтты. Бейтаныс кісі Жазбалардағы Мәсіхке қатысты жайттарды түсіндіре бастады. Расында да, Мәсіх туралы пайғамбарлықтар Исада бүге-шігесіне дейін орындалды *. Шәкірттер әлгі кісінің рухани денеде қайта тірілген Иса екенін түсінгенде, ол ғайып болды.

Екі шәкірт лезде Иерусалимге оралды. Ол жерде елшілер бір үйде жиналып, есікті іліп алған еді. Екі шәкірт бастан кешірген оқиғаларын айтып жатқанда, Иса орталарына келіп тұра қалды. Бөлмедегілердің бәрі қатты абыржып, өз көздеріне өздері сенбей тұрды. Сонда Иса: “Көңілдеріңе неге ондай шүбәлі ой келеді? Былай деп жазылған ғой: Мәсіх азап шегіп өліп, үшінші күні қайта тірілуге тиіс”,— деді (Лұқа 24:38, 46).

Иса қырық күн бойы шәкірттеріне көрініп жүрді. Бірде оны 500-ден астам шәкірті көрді! Маңызды тапсырмасын Иса осы кезде айтқан болса керек. Ол былай деді: “Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп... сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер! Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!” (Матай 28:19, 20).

Өзінің 11 адал елшісімен соңғы рет кездескенде, Иса былай деп уәде етті: “Киелі Рух өздеріңе қонғанда Оның құдіретін қабылдайсыңдар, сөйтіп... жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар” (Елшілердің істері 1:8). Сосын, Иса көкке көтерілді де, бұлттардың арасында ғайып болды.

Матай 28-тарауға, Марқа 16-тарауға, Лұқа 24-тарауға, Жохан 20, 21-тарауларға, Қорынттықтарға 1-хат 15:5, 6 негізделген.

^ 6-абзац Исада орындалған пайғамбарлықтар туралы мәліметті осы кітапшаның 14, 15, 16-тарауларынан және “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының “Иса — уәде етілген Мәсіх” атты қосымша мақаласынан таба аласыз.