Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

23-ТАРАУ

Ізгі хабардың таралуы

Ізгі хабардың таралуы

Пауыл құрлықпен де, теңізбен де саяхаттап, ізгі хабарды жер-жерге таратты.

МӘСІХШІЛІКТІ қабылдағаннан кейін, Пауыл Патшалық туралы ізгі хабарды құлшына уағыздай бастады. Кезінде қуғындаушы болған ол енді өзі қатты қарсылықтарға кезігетін болды. Осы бір қажырлы елші бірнеше рет сапарға шығып, Құдайдың адамзатқа қатысты о бастағы ниетін жүзеге асыратын Патшалық туралы ізгі хабарды жер-жерге таратты.

Бірінші сапары кезінде Пауыл Лүстрадағы туғаннан аяғы сал адамды сауықтырды. Бұны көрген халық қатты айқайлап: “Тәңірлер адам кейпіне еніп, бізге көктен түсті!”— деді. Пауыл мен оның серігі Барнаба оларды өздеріне арнап құрбандық шалмауға әрең дегенде көндірді. Кейінірек дәл сол тобыр қарсыластардың айдап салуымен Пауылды өлімші етіп таспен ұрып тастады. Алайда Пауыл аман қалды және шәкірттерді нығайту үшін араға біраз уақыт салып сол қалаға қайта барды.

Кейбір яһудилік мәсіхшілер басқа ұлттан шыққан сенушілердің Мұса заңының белгілі бір ережелерін ұстануы керектігін айтып, дауласып жүрді. Пауыл бұл мәселені Иерусалимдегі елшілер мен қауым жетекшілерінің қарауына берді. Олар Құдайдың киелі рухының басшылығына жүгіне отырып, Жазбаларды жан-жақты қарастырғаннан кейін, бір шешімге келді. Олар қауымдарға хат жолдап, сенушілерді жалған тәңірлерден, қаннан, арам өлген малдың етінен және азғындықтан аулақ жүруге шақырды. Елшілер бұларды ‘қажетті ережелер’ деп атап, Мұса заңын ұстанудың қажеті жоқ екенін білдірді (Елшілердің істері 15:28, 29).

Екінші сапарында Пауыл қазіргі Грекия жерінде орналасқан Береяға барды. Сол қалада тұрып жатқан яһудилер ізгі хабарды шын көңілмен қабылдап, шындығына көз жеткізу үшін Жазбаларды күн сайын зерттеді. Алайда Пауыл ол жерде де қатты қарсылыққа кезігіп, Афиныға кетуге мәжбүр болды. Афиныда ол ойшыл ғұламалар алдында әсерлі етіп сөз сөйледі. Пауылдың уағызы ілтипаттылық пен қырағылықтың әрі шешендіктің керемет үлгісі болды.

Үшінші сапарынан кейін Пауыл Иерусалимге барды. Ол ғибадатханада болғанда, кейбір яһудилер шу шығарып, оны өлтірмекші болды. Алайда римдік сарбаздар араға түсіп, Пауылды тұтқынға алды. Кейіннен ол Рим азаматы ретінде римдік әмірші Феликстің алдында өзін қорғап, сөз сөйледі. Яһудилердің Пауылға таққан айыбы негізсіз болып шықты. Өзге римдік әмірші Фест яһудилердің қолына тапсырмас үшін, Пауыл: “Римдік патша алдында сотталуымды талап етемін”,— деді. Сонда Фест: “Римдік патша алдында сотталуды талап еттің бе, патша алдына барасың да!”— деп жауап қайырды (Елшілердің істері 25:11, 12).

Пауылды соттау үшін кемемен Италияға әкетті. Жолда кеме апатқа ұшырап, кемедегі адамдарға Мальта аралында қыстап шығуға тура келді. Римге жеткен соң, Пауыл екі жыл бойы үй тұтқынында болды. Соған қарамастан ол Құдай Патшалығы жайлы хабарды келген-кеткеннің бәріне құлшына уағыздай берді.

Елшілердің істері 11:22—28:31 негізделген.