Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

10-САБАҚ

Отбасылық ғибадат деген не?

Отбасылық ғибадат деген не?

Оңтүстік Корея

Бразилия

Австралия

Гвинея

Ежелден бері Ехоба отбасы мүшелерінің бірге уақыт өткізгендерін қалаған. Мұның бірден-бір мақсаты Құдайға жақындай түсу және бір-бірімен қарым-қатынастарын нығайту болатын (Мұсаның 5-жазбасы 6:6, 7). Сол себепті Ехоба куәгерлері бүгінде отбасыларымен бірге ғибадат ету үшін апта сайын арнайы уақыт бөледі. Отбасылық ғибадат кезінде олар ыңғайлы жерде отырып, үй ішіндегілердің қажеттіліктеріне қарай белгілі бір рухани тақырыптарды қарастырады. Тіпті сіз жалғыз тұрсаңыз да, өзіңіз қалаған тақырыпты таңдап, ғибадат етуге уақыт бөлсеңіз болады. Бұл сізге Құдайға жақындай түсуге көмектеседі.

Ехобаға жақындай түсудің мүмкіндігі. “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды” (Жақып 4:8). Құдайды жақыннан тани түсу үшін Киелі кітаптан оның қалай әрекет ететіні туралы және болмысының әртүрлі қырлары жайлы оқығанымыз пайдалы. Кей отбасылары Киелі кітапты бірге дауыстап оқуды отбасылық ғибадатты белгіленген уақытта бастаудың оңай жолы деп табады. Бәлкім, бұл үшін Жазбаларды “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуінің кестесі бойынша оқуға болатын шығар. Отбасы мүшелері Киелі кітап үзінділерін кезектесіп оқып, сосын Жазбалардан нені үйренгендерін бірге талқыласа болады.

Отбасын нығайтудың мүмкіндігі. Киелі кітапты бүкіл отбасымен зерттеу күйеуі мен әйелінің және ата-ана мен балалардың қарым-қатынастарын нығайтады. Бұл жайдары көңілмен, тыныштықта отырып өтетін әрі бәрінің асыға күтетін уақыты болу керек. Ата-аналар балаларының жасына қарай пайдалы да қызықты тақырыптарды таңдап, соларды қарастыратын шығар. Бұл ретте “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналындағы айдарлардың және jw.org веб-сайтымыздың көмегі зор. Балалармен мектепте кезігіп жүрген қиындықтары жайлы және оларды қалай шешуге болатыны туралы сөйлесіп тұрған да дұрыс. Осы орайда біздің JW Broadcasting (jw.org) бағдарламамызды көріп, оны балаларыңызбен бірге талқыласаңыздар болады. Сондай-ақ қауым кездесуінде айтылатын әндерді айтып жаттығуға болады. Ал отбасылық ғибадаттан кейін дастарқан жайып, әңгіме-дүкен құрудың көңіл сергітері сөзсіз.

Ехобаға ғибадат етуге апта сайын арнайы уақыт бөлгеніңіз отбасының әрбір мүшесіне Құдай Сөзін оқудан рақат алуға көмектеседі. Отбасылық ғибадатты өткізуге күш салғаныңыз үшін Ехоба көл-көсір батасын береді (Зәбүр 1:1—3).

  • Неге біз отбасылық ғибадатты өткізуге арнайы уақыт бөлеміз?

  • Отбасылық ғибадат бәріне қызықты болатындай өту үшін ата-аналар не істей алады?