Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

11-САБАҚ

Құдай заңдарының біз үшін қандай пайдасы бар?

Құдай заңдарының біз үшін қандай пайдасы бар?

1. Неге біз басшылыққа мұқтажбыз?

Киелі кітаптағы “өмір — Құдайдың берген сыйы” деген принцип қандай сақтық шараларын ұстануға талпындырады? (ЗӘБҮР 36:9).

Жаратушы Құдайымыз бізден әлдеқайда дана. Ол сүйіспеншілігі мол әке іспетті біздің қамымызды ойлайды. Құдайдың о бастағы ниетіне сай, адамдар одан тәуелсіз өмір сүрмеу керек еді (Еремия 10:23). Кішкентай бала ата-анасының ақылмен жөн сілтеп отыруын қажет ететіні сияқты, біз де Құдайдың ақыл-кеңесіне мұқтажбыз (Ишая 48:17, 18). Сол үшін де Құдай бізге өмірімізге басшылық болатын заңдар берген. (Тімөтеге 2-хат 3:16 оқыңыз).

Ехоба Құдайдың заңдары қазірдің өзінде ең жақсы өмір жолымен жүруге, ал болашақта мәңгілік игіліктерге ие болуға көмектеседі. Құдай бізді жаратқандықтан, оның басшылығына даярлықпен мойынсұнғанымыз абзал. (Зәбүр 19:7, 11; Аян 4:11 оқыңыз).

2. Құдай Сөзі бізге қалай басшылық береді?

Киелі кітапта нақты жағдайларға қатысты заңдар жазылған (Мұсаның 5-жазбасы 22:8). Сондай-ақ онда әртүрлі жағдайда не істеуіміз керектігін көрсететін принциптер, яғни өзгермейтін шындықтар да, бар. Принциптерді белгілі бір жағдайларда қалай қолдану керектігін түсіну үшін олар жайлы жақсылап ойлануымыз керек (Нақыл сөздер 2:10—12). Мысалы, Киелі кітапта “өмір — Құдайдың берген сыйы” деген принцип бар. Осы принцип жайлы ойланғанымыз бізді жұмыста, үйде және жол жүргенде сақтық шараларын ұстануға талпындырады. (Елшілердің істері 17:28 оқыңыз).

3. Ең басты екі өсиет қандай?

Иса пайғамбар ең басты екі өсиет жайлы айтқан. Біріншісі адам өмірінің мән-мағынасы неде екенін көрсетеді. Бұл — Құдайды тану, оны жақсы көру және оған адал қызмет ету. Бірінші өсиет қабылдайтын әрбір шешімімізге әсер ету керек (Нақыл сөздер 3:6). Осы өсиетке құлақ асатындар Құдаймен дос бола алады және шынайы бақыт пен мәңгілік өмірге қол жеткізеді. (Матай 22:36—38 оқыңыз).

Ал екінші өсиет өзгелермен тату болуға талпындырады (Қорынттықтарға 1-хат 13:4—7). Адамдарға Құдайдың көзқарасымен қарағанымыз екінші өсиетті орындауға көмектеседі. (Матай 7:12; 22:39, 40 оқыңыз).

4. Құдай заңдарының біз үшін қандай пайдасы бар?

Құдай заңдары үй-ішіндегілерге сүйіспеншілік таныту керек деп үйретеді. Бұған құлақ асатындар отбасыларын берік ете алады (Қолостықтарға 3:12—14). Сондай-ақ Құдай Сөзіндегі “неке — өмірлік одақ болу керек” деген принцип отбасын ойран болудан сақтайды. (Мұсаның 1-жазбасы 2:24 оқыңыз).

Киелі кітаптағы кеңестерге құлақ асу арқылы өзімізді материалдық және эмоциялық жағынан қорғай аламыз. Мысалы, ондағы шыншыл әрі ынталы болуға қатысты кеңестерді ұстанғанымыз жұмыс табуға көмектеседі, өйткені әдетте жұмыс берушілер осындай адамдарды алуға тырысады (Нақыл сөздер 10:4, 26; Еврейлерге 13:18). Сондай-ақ Киелі кітап барға қанағат етуге және Құдаймен достық қарым-қатынасты дүние-мүліктен жоғары қоюға үйретеді. (Матай 6:24, 25, 33; Тімөтеге 1-хат 6:8—10 оқыңыз).

Құдай заңдары денсаулығымызды күтуге де көмектесе алады (Нақыл сөздер 14:30; 22:24, 25). Мысалы, маскүнемдікке салынбау керек деген заң өлімге апаратын аурулардан не қайғылы оқиғалардан сақтайды (Нақыл сөздер 23:20). Ехоба Құдай спирттік ішімдіктерді ішуге тыйым салмайды, алайда оларды шамадан тыс ішуді айыптайды (Зәбүр 104:15; Қорынттықтарға 1-хат 6:10). Құдай заңдары іс-әрекетімізді ғана емес, ой-санамызды да түзетіп, бізге көп пайдасын тигізеді (Зәбүр 119:97—100). Алайда Құдайдың қызметшілері оның заң-талаптарын тек пайда көру үшін ғана орындамайды. Олар Ехоба Құдайды дәріптеу үшін солай етеді. (Матай 5:14—16 оқыңыз).