Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

14-САБАҚ

Бүкіл жержүзіне билік ететін Патшалық

Бүкіл жержүзіне билік ететін Патшалық

Қандай Патшалық жайлы айтылып жатқанын білесің бе? ~ Әрине, Құдай Патшалығы жайлы. Бұл Патшалық жақында жер бетіне жұмақ орнатады. Сол туралы көбірек білгің келе ме? ~

Әрбір патшалықтың патшасы болады. Патша өз еліндегі адамдарға билік жүргізеді. Ал Құдай Патшалығының Патшасы кім екенін білесің бе? ~ Ол — Иса Мәсіх. Иса көкте өмір сүреді. Жақында ол жердегі барлық адамға билік жүргізетін болады! Сол кезде біз бақытты өмір сүреміз бе, қалай ойлайсың? ~

Жұмақта немен айналысқың келеді?

Біз бақытты өмір сүреміз. Жұмақта адамдар бір-бірімен жанжалдаспайды, соғыспайды. Олар бір-бірін жақсы көретін болады. Ешкім ауырмайды да, өлмейді де. Соқырлардың көздері көреді, саңыраулардың құлақтары естиді, мүгедектер жүгіріп, секіреді. Жейтін тамақ мол болады. Жануарлар бір-бірімен де, адамдармен де тату-тәтті тұрады. Өлген адамдар өмірге қайта оралады. Осы кітапшада айтылған Рабиға, Рахаб, Дәуіт және Ілияс сияқты көптеген адам жерде қайта өмір сүретін болады! Солармен кездескің келе ме? ~

Ехоба сені қатты жақсы көреді, бақытты болғаныңды қалайды. Ехоба жайлы біле берсең және оның тілін алып, мойынсұнсаң, тамаша жұмақта мәңгі өмір сүресің! Сен соны қалайсың ба? ~