Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

2-ТАРАУ

Көкте Құдай Патшалығы орнады!

Көкте Құдай Патшалығы орнады!

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Құдай өз халқын Патшалық орнайтын кезге дайындады

1, 2. Әлем тарихындағы қай оқиғаны ең елеулі деуге болады және адамдардың оны көрмегені неге таңғалдырмайды?

 СІЗ тарихта айтулы өзгеріс болған кезде өмір сүргіңіз келер ме еді? Бұл сұраққа көп адам “иә” деп жауап берсе керек. Бірақ адам тіпті сондай кезде өмір сүрсе де, елеулі өзгеріске ілік болған оқиғаларды өз көзімен көрмеуі мүмкін. Әдетте биліктің ауысуы сияқты, кейінірек тарихи кітаптарға жазылатын оқиғаларға себеп болған жайттарды көпшілік көре бермейді. Былайша айтқанда, мұндай оқиғалар жабық тұрған есіктің арғы жағында — патша сарайларында, мәжіліс бөлмелері мен үкімет кеңселерінде болады. Бірақ олар миллиондаған адамның өміріне әсер етеді.

2 Ал әлем тарихындағы ең елеулі оқиға жайлы не дейміз? Бұл оқиға әсер етпеген адам жоқ шығар. Бірақ оның қалай болғанын ешкім көрген жоқ. Әңгіме атам заманда уәде етілген Құдай Патшалығының, яғни адамдардың билік жүйесін алмастыратын Үкіметтің, көкте орнауы жөнінде болып отыр (Даниял 2:34, 35, 44, 45 оқыңыз). Осы аса маңызды оқиғаны ешкімнің көрмегені Ехоба оны адамзаттан жасырып қалды дегенді білдіреді ме? Жоқ әлде ол өз халқын соған алдын ала дайындады ма? Келіңіздер, көрейік.

“Мен хабаршымды жіберемін, ол менің алдымда жол дайындайды”

3—5. а) Малахи 3:1-де айтылған “келісім хабаршысы” кім? ә) “Келісім хабаршысы” ғибадатханаға келмес бұрын не істемек еді?

3 Ехоба ежелден-ақ өз халқын Патшалықтың орнайтын кезіне дайындауды шешіп қойған. Мысалға, Малахи 3:1-дегі пайғамбарлықты қарастырайықшы. Онда былай делінген: “Міне, мен хабаршымды жіберемін, ол менің алдымда жол дайындайды. Сендер іздеп жүрген шынайы Иелерің кенеттен ғибадатханасына келеді. Өздерің қуана күтіп жүрген келісім хабаршысы да келеді”.

4 Бұл сөздердің бүгінгі таңдағы орындалуын қарастырып көрейікші. “Шынайы Иеміз” Ехоба өзінің жердегі рухани ғибадатханасының ауласында қызмет етіп жүргендерді тексеруге қашан келді? Пайғамбарлықта Ехобамен бірге “келісім хабаршысы да” келетіні айтылған. Ол кім болды екен? Әрине, бұл — Ехоба тағайындаған Патша Иса Мәсіх (Лұқа 1:68—73). Ол Патша тағына отырған соң, Ехобаның жер бетіндегі қызметшілерін тексеріп, тазартпақ еді (Пет. 1-х. 4:17).

5 Бірақ Малахи 3:1-де “хабаршы” сөзі екі рет кездеседі ғой, олардың біріншісі кімге нұсқайды? Пайғамбарлықтағы бұл “хабаршы” Мәсіхтің осында болуынан, яғни таққа отырған кезінен, әлдеқайда ерте пайда болу керек еді. Ендеше 1914 жылдан ондаған жыл бұрын Патшаның “алдында жол дайындаған” біреу болды ма?

6. Кім пайғамбарлық етілген “хабаршы” іспетті әрекет етіп, Құдай халқын алдағы оқиғаларға дайындады?

6 Қолымыздағы кітапты зерттеу барысында біз Ехобаның бүгіндегі халқының тарихына үңіліп, осы сынды сұрақтардың жауабын табамыз. Біз тарихтан ХІХ ғасырдың екінші жартысында көптеген жалған мәсіхшілерден қатты ерекшеленетін шынайы мәсіхшілердің кішігірім тобы пайда болғанын білеміз. Олар “Киелі кітап зерттеушілері” деген атаумен танымал болды. Араларында басшылықты қолға алған Чарлз Расселл мен оның серіктері пайғамбарлық етілген “хабаршы” іспетті әрекет етіп, Құдай халқына рухани басшылық берді және оларды алдағы оқиғаларға дайындады. Ал енді осы “хабаршының” мұны қалай іске асырғанының төрт жолын қарастырайық.

Шындыққа сай ғибадат ету

7, 8. а) ХІХ ғасырда жанның өлместігі туралы ілімді кімдер әшкерелей бастады? ә) Чарлз Расселл мен оның серіктері тағы қандай жалған ілімдерді әшкереледі?

7 Киелі кітап зерттеушілері дұға ете отырып Жазбаларды зерттеді; талқыланған мәселелерге қатысты ойлары бір жерден шығып отырды; анық түсінген ілімдерді жинақтап, басып шығарды. Мәсіхшілер әлемі ғасырлар бойы рухани түнекте жүрді. Олардың ілімдерінің көбісі жалған діндерден бастау алған еді. Бұның айқын мысалы — жанның өлместігі туралы ілім. Бірақ ХІХ ғасырда Киелі кітапты оқып, ізденіп жүрген ақжүректі кісілер аталмыш ілімді мұқият зерттеді. Осылай олар Құдай Сөзінде бұл ілімді құптайтын дәлел жоқ екеніне көз жеткізді. Содан Генри Гру, Джордж Стетсон, Джордж Сторрз Шайтанның өтірігін батыл әшкерелеп, осы тақырыпқа мақалалар жазып, дәрістер оқыды a. Олардың еңбектері Чарлз Расселл мен оның серіктеріне қатты әсер етті.

8 Шағын топтан құралған Киелі кітап зерттеушілері адамның жаны өлмейтініне қатысты іліммен байланысы бар басқа да ілімдердің түсініксіз әрі жалған екенін ұқты. Солардың бірі — жақсы адамдар көкке барады, ал жаман адамдардың жанын Құдай тозақта мәңгі бақи қинайды деген ілім. Чарлз Расселл мен серіктері бұл өтірікті көптеген мақалаларда, кітаптар мен кітапшаларда, трактаттар мен газет беттеріне шыққан уағыздарында батыл әшкереледі.

9. “Сион күзет мұнарасында” Үштік іліміне қатысты не айтылды?

9 Олар көпке танымал Үштік туралы ілімнің де жалған екенін дәлелдеді. Бұған қатысты “Сион күзет мұнарасы” журналында 1887 жылы былай делінді: “Жазбаларда Ехоба мен Иеміз Исаның дәрежелері әртүрлі екі бөлек тұлға екені ап-анық айтылған”. Әрі қарай мақалада мынадай ой айтылды: “Құдай үш тұлғалы — Құдай үш тұлғадан тұрады, бірақ үшеуі де бір Құдайды білдіреді — деген ойдың көпшілік құптайтын маңызды ілімге айналғанының өзі таңғалдырады. Бірақ осылай болғаны Шайтан жалған ілімдерімен матап жатқанда, шіркеудің шырт ұйқыда жатқанын дәлелдей түседі”.

10. “Күзет мұнарасында” 1914 жылға қатысты не айтылды?

10 Журналдың “Сион күзет мұнарасы және Мәсіхтің осында болуының жаршысы” деген толық атауынан Мәсіхтің осында болуына қатысты пайғамбарлықтарға деген зор қызығушылық байқалады. Осы журналға арнап мақала жазатын адал майланған мәсіхшілер Құдайдың ниетіне сай Мәсіхтің Патша болатын кезі мен Даниял пайғамбардың “жеті кезеңге” қатысты айтқан сөздерінің арасында байланыс бар екенін ұқты. 1870 жылдардың өзінде олар “жеті кезеңнің” 1914 жылы аяқталатынын айтты (Дан. 4:25; Лұқа 21:24). Бауырластар сол жыл қай жағынан ерекше болатынын толық түсінбегенмен, өздері білген жайттарды жұртқа жариялады. Біз әлі де олардың еңбегінің жемісін көрудеміз.

11, 12. а) Расселл бауырлас ашылып жатқан шындықтар жайлы қандай ойда болды? ә) Чарлз Расселл мен серіктерінің 1914 жылға дейін ондаған жылдар бойы атқарған еңбегінің нәтижесі қандай болды?

11 Расселл бауырлас та, оның серіктері де сол маңызды шындықтардың ашылып, оларды түсінгендерін өз жетістігіміз деп есептемеді. Расселл бауырлас бұл мәселеде өзіне дейінгілердің үлесі көбірек деп білді. Ал, ең бастысы, ол бұл шындықтарды ашқан өз халқына қажетті білімді қажетті уақытта беретін Ехоба Құдай деп есептеді. Ал Ехоба болса жалған мен шындықты айыруға тырысып жатқандары үшін Расселл мен серіктеріне батасын төкті. Уақыт өткен сайын олар мәсіхшілер әлемінен ерекшелене түсті.

Чарлз Расселл мен оның серіктері Киелі кітаптағы шындықтарды қорғады

12 Сол адал кісілер 1914 жылға дейін ондаған жылдар бойы шындықты қорғап, зор жетістікке жетті! Бұған қатысты “Күзет мұнарасы және Мәсіхтің осында болуының жаршысы” журналының 1917 жылдың 1 қарашадағы санында былай делінді: “Тозақ туралы және басқа да жалған ілімдер жұртты қорқыныш құрсауында ұстап келді, ал бүгінде миллиондаған адам сол құрсаудан босауда... Қырық жылдан аса уақыт бұрын етек ала бастаған Шындық әлі де таралуда, әрі ол теңіз суындай жер бетін жайламайынша тоқтамайды. Ал жер бетінде Шындықтың кең етек алуына тосқауыл болғысы келетіндердің әрекеті теңіздің алып толқындарын сыпырғышпен кері қайтаруға тырысумен тең”.

13, 14. а) Құдай Патшалығының Билеушісінің алдында жол дайындауға “хабаршы” қалай көмектесті? ә) Бір ғасырдан аса уақыт бұрын өмір сүрген бауырластардан қандай үлгі алуға болады?

13 Ойлап көріңізші, егер Құдай халқы Иса мен оның Әкесі Ехобаны бір-бірінен ажырата алмаса, Иса Мәсіхтің осында болатын уақытына дайын бола алар ма еді? Әрине, жоқ! Сондай-ақ олар мыналарға сенсе де бұл уақытқа дайын болмас еді: өлместік Мәсіхтің азғана ізбасарына ғана арналған зор сый емес, оған өлген адамдардың бәрі бірден ие болады; Құдай адамдарды тозақта мәңгі бақи қинайды. Иә, Құдай Патшалығының Билеушісінің алдында “хабаршының” жол дайындағаны айдан анық!

14 Олай болса, бір ғасырдан аса уақыт бұрын өмір сүрген сол бауырластардан қандай үлгі алуға болады? Біз де Құдай Сөзін ықыласпен оқып, жіті зерттеуіміз керек (Жох. 17:3). Ехобаны танымайтындар дүние қуамын деп, рухани аш жүргенде, біздің рухани асқа деген тәбетіміз ашыла берсін! (Тімөтеге 1-хат 4:15 оқыңыз).

Менің халқым, одан шық!

15. Уақыт өте келе Киелі кітап зерттеушілері нені түсінді? (Сілтемені де қараңыз.)

15 Киелі кітап зерттеушілері осы дүниелік шіркеулерден шығу керек деп үйретті. 1879 жылы “Күзет мұнарасы” журналында “Бабыл шіркеуі” жайында айтылды. Бұл Рим-католик шіркеуін білдірді ме? Протестант шіркеулері Жазбалардағы “Бабыл” сөзін ғасырлар бойы солай түсініп келді. Бірақ уақыт өте келе Киелі кітап зерттеушілері бүгіндегі “Бабылға” мәсіхшілер әлемінің барлық шіркеулері кіретінін түсінді. Неге олар мұндай тұжырымға келді? Себебі шіркеу атаулының бәрі жалған ілімдер тарататын. Сол ілімдердің кейбірі жоғарыда келтірілді b. Уақыт өте келе біздің басылымдарда Бабыл шіркеулеріндегі ақжүректі адамдардың не істеулері керектігіне қатысты нақты нұсқаулар беріле бастады.

16, 17. а) “Мыңжылдықтың таң шапағы” еңбегінің ІІІ томында және “Күзет мұнарасында” жалған діннен шығуға қатысты не айтылды? ә) Қандай жайт осындай ескертулердің күшін әлсіретті? (Сілтемені қараңыз.)

16 Мысалы, 1891 жылы “Мыңжылдықтың таң шапағы” еңбегінің ІІІ томында бүгіндегі Бабылдан, яғни мәсіхшілер әлемінің барлық шіркеулерінен, Құдайдың бас тартқаны айтылды. Сондай-ақ онда Бабылдың жалған ілімдері мен істерін ұнатпайтындардың бәрі “одан шығуға шақырылды”.

17 1900 жылы қаңтарда шыққан “Күзет мұнарасында” әлі де мәсіхшілер әлемінің шіркеулерінде тізімде тұрған, сондай-ақ “мен шындық жағындамын, басқа шіркеулердің жиындарына анда-санда ғана барамын” деп ақталатындарға арналған сөздер жазылды. Мақалада мынадай сұрақтар болды: “Бірақ бір аяғымыздың Бабылдан шығып, екіншісінің сонда қалып қойғаны дұрыс па? Мойынсұнушылық деген осындай бола ма?...Мұны Құдайға ұнамды дей аламыз ба?” Әрі қарай былай делінді: “Әрине, жоқ. Адам шіркеудің мүшесі болғанда, онымен келісім жасасады, әрі... жұрт алдында жарияламайынша немесе мүшелігінен шықпайынша, жасасқан келісімінің ешбір шартын бұзбай өмір сүруі тиіс”. Уақыт өткен сайын бұл нұсқау қатаң бола түсті c. Ехобаның қызметшілері жалған дінмен біржола ат құйрығын үзісу керек болатын.

18. Неге адамдар Ұлы Бабылдан шығуы керек еді?

18 Ұлы Бабылдан шығуға қатысты осындай ескертулер жиі-жиі айтылып тұрмаса, Мәсіхтің Патша болатын кезіне дайын жүрген майланған мәсіхшілер тобы болар ма еді?! Әрине, жоқ! Өйткені Бабылдың құрсауынан босаған мәсіхшілер ғана Ехобаға “киелі рухқа және шындыққа сай ғибадат ете” алар еді (Жох. 4:24). Біз ше, жалған дінге жоламауға бел будық па? “Менің халқым... одан шық!”— деген бұйрыққа біз де құлақ асайық (Аян 18:4 оқыңыз).

Ғибадат ету үшін бас қосу

19, 20. “Күзет мұнарасы” журналында Құдай халқы бас қосып тұруға қалай шақырылды?

19 Киелі кітап зерттеушілері ғибадат ету үшін мүмкіндігінше бас қосып тұру керек деп үйретті. Шынайы мәсіхшілер үшін жалған діннен шығып қана қою жеткіліксіз. Олар таза ғибадатты ұстанатындармен бірге болу керек. “Күзет мұнарасының” алғашқы сандарында-ақ оқырмандар осыған шақырылды. Мысалы, 1880 жылдың шілде айындағы санында Расселл бауырлас біраз жерлерге барып, журнал оқырмандарына баяндама айтқаны және кездесулердің көбісі оларға қанат бітіргені туралы жазды. Сосын оларды басқосуларға қатысты жетістіктері жайлы ашықхат жазып тұруға шақырды. Хаттардың кейбірі журнал беттерінде жарық көрмек еді. Бұл не үшін қажет болды? Расселл бауырлас былай деп түсіндірді: “Иеміздің арқасында қандай жетістікке жетіп жатқандарыңды, сондай-ақ баға жетпес сенімдеріңді хош көретіндермен әлі де бас қосып тұрасыңдар ма, жоқ па — бәріміз де... біле жүрейік”.

Расселл бауырлас алғашқы Киелі кітап зерттеушілерімен бірге Копенгагенде (Дания), 1909 жыл

20 1882 жылы “Күзет мұнарасы” журналында “Бас қосып тұрыңдар” деген мақала шықты. Сол мақалада мәсіхшілер “бір-бірінен тәлім алу және бір-бірін жігерлендіріп, нығайту үшін” жиналып тұруға шақырылды. Онда мынадай сөздер айтылды: “Араларыңда білікті не дарынды біреудің болуы шарт емес. Әрқайсысың өз Киелі кітабыңды, парақ пен қалам және Киелі кітап сөздерінің көрсеткіші сияқты қолда бар көмекші құралдарыңды әкеліңдер. Талқылайтын бір тақырыпты таңдаңдар, оны түсіну үшін киелі рух сұраңдар. Сосын оқыңдар, ой жүгіртіңдер, тармақтарды салыстырыңдар. Сонда киелі рух сендерді міндетті түрде шындыққа бағыттайды”.

21. Аллегейнидегі қауым бас қосып тұру мен бір-біріне көңіл бөлуге қатысты қандай үлгі көрсетті?

21 Киелі кітап зерттеушілерінің бас басқармасы Пенсильвания штатының Аллегейни қаласында болатын. Ондағы бауырластар бас қосып тұруға қатысты Еврейлерге 10:24, 25-те (оқыңыз) жазылған кеңеске құлақ асып, керемет үлгі көрсетті. Бала күнінде сол жиындарға барған Чарлз Кейпен бауырлас көп жылдардан кейін былай деп есіне алды: “Қоғамның жиналыстары өтетін залдың қабырғасында жазылған тармақтардың бірі әлі есімде: “Ұстаздарың біреу-ақ, ал сендер өзара бауырлассыңдар”. Бұл сөздер Ехобаның халқы дінбасылары мен қарапайым сенушілерге бөлінбейтінін әрқашан есіме салып тұратын” (Мат. 23:8). Сол жиналыстар оның жігерін қайрап, рухани істерге талпындырып отырған екен. Расселл бауырластың қауымдағы әр адамға жеке көңіл бөлуге тырысатыны да оның жадында қалыпты.

22. Жиналыстарға келуге қатысты кеңесті ақжүректі адамдар қалай қабылдады және олардан қалай үлгі алуға болады?

22 Ақжүректі адамдар сол бауырластардың үлгісіне еліктеп, нұсқауларға құлақ асты. Осылай Огайо, Мичиган штаттарында, сондай-ақ бүкіл Солтүстік Америка мен басқа да жерлерде қауымдар құрылды. Өзіңіз ойлап көріңізші, Киелі кітаптағы бас қосып тұруға қатысты кеңеске құлақ асуды үйренбегенде, ақжүректі адамдар Мәсіхтің осында болатын кезіне дайын болар ма еді? Әрине, жоқ! Ал біз жайлы не дейміз? Бір-бірімізді нығайту үшін, бауырластармен бірге ғибадат етудің мүмкіндігін біз де қалт жібермейік.

Белсене уағыздау

23. Барлық майланған мәсіхшілер шындық туралы уағыздауға тиіс екені жөнінде “Күзет мұнарасында” не айтылды?

23 Киелі кітап зерттеушілері майланғандардың бәрі шындық туралы уағыздау керек деп үйретті. 1885 жылы “Күзет мұнарасында”: “Майланғандардың әрқайсысы уағыздау үшін майланған (Ишая 61:1)”,— делінді. Ал 1888 жылы мынадай сөздер жазылды: “Бізге берілген тапсырма ап-анық... оған немкетті қарап, ақталатын болсақ, сеніп тапсырылған мәртебеге лайықсыз жалқау қызметші екенімізді көрсетеміз”.

24, 25. а) Расселл бауырлас пен серіктері өзгелерді уағыз ісіне шақырумен қатар не істеді? ә) Чарлз Кейпен өзінің қызметі жайлы не айтты?

24 Расселл бауырлас пен серіктері өзгелерді уағыз ісіне қатысуға шақырып қана қойған жоқ. Олар “Киелі кітап зерттеушілерінің трактаттары” деп аталатын басылым да шығара бастады. Кейінірек бұл басылым “Көне теология туралы тоқсандық трактат” деген атаумен шығатын болды. Бұл трактаттар тегін таратылу үшін “Күзет мұнарасы” журналының оқырмандарына берілетін.

Өзімізден: “Уағыз ісі өмірімде басты орында тұр ма?”— деп сұрағанымыз абзал

25 Бар уақыттарын қызметке арнайтындар кітап таратушылар деп аталатын. Солардың бірі жоғарыда аты аталған Чарлз Кейпен еді. Ол былай деп есіне алды: “Пенсильваниядағы учаскемде қызмет еткенде, мен Құрама Штаттар Геологиялық қызметінің карталарын қолданатынмын. Бұл карталарда әр елді мекеннің барлық аудандарының жаяу жүргіншілерге арналған жолдары көрсетілген еді. Кейде мен үш күн бойы ауыл-ауылды аралап, “Жазбаларды зерттеу” жинағын алғысы келетіндердің тапсырыстарын жинайтынмын. Сосын кітаптарды үлестіру үшін жалға ат арба алатынмын. Маған жиі фермаларда түнеп қалуға тура келетін. Ол кезде автомобиль деген жоқтың қасы еді”.

Кітап таратушы. Күйменің сыртында “Ғасырлар сызбасы” бейнеленген

26. а) Неге Құдай халқы уағыз ісіне қатысу керек еді? ә) Өзімізге қандай сұрақтар қойғанымыз жақсы?

26 Сол кездері уағыз ісіне қатысқандар батыл әрі белсенді болу керек еді. Егер уағыздау ісінің қаншалықты маңызды екенін білмесе, шынайы мәсіхшілер Мәсіхтің таққа отыратын кезіне дайын болар ма еді? Бұлай болуы екіталай! Өйткені уағыз ісі Мәсіхтің осында болуының айқын көрінісі болу керек еді ғой (Мат. 24:14). Құдай халқы осы маңызды қызметке өмірлерінің төрінен орын беру керек еді. Біздің өзімізге мынадай сұрақтар қойғанымыз абзал: уағыз ісі өмірімде басты орында тұр ма? Осы іске көбірек атсалысу үшін құрбандықтарға барамын ба?

Құдай Патшалығының орнауы

27, 28. Елші Жохан аянда не көрді және Шайтан мен оның жын-перілері Патшалықтың орнағанын қалай қабылдады?

27 Көптен күткен 1914 жыл да келіп жетті. Тараудың басында айтылғандай, көкте орын алған маңызды оқиғаларды адамдардың ешқайсысы көрген жоқ. Әйтсе де елші Жоханға аян беріліп, болған оқиғалар бейнелер арқылы суреттелді. Оның көргені мынау: “көкте зор белгі” көрінді; Құдайдың рухани жаратылыстардан тұратын көктегі ұйымын бейнелейтін “әйел” жүкті болып, дүниеге ұл бала әкелді; бұл бейнелі бала “барлық халықтарға темір асатаяқпен әмір жүргізбек” еді; бала туылған сәтте “Құдайға және оның тағына апарылды”; сосын көктен былай деген қатты дауыс естілді: “Міне, Құдайымыз адамдарды құтқарды және оның күші паш етілді, Патшалығы орнап, Мәсіхтің билігі басталды!” (Аян 12:1, 5, 10).

28 Аянда Жохан Құдай Патшалығының орнағанын көрген, бұған еш күмән жоқ. Әрине, бұл керемет оқиға еді. Бірақ Шайтан мен жын-перілер бұған қуанбады. Содан олар Микайл, яғни Мәсіх, басқарған адал періштелермен соғысты. Шайқастың нәтижесі қандай болғаны жайлы Аян кітабында былай делінген: “Осылайша алып айдаһар — бүкіл жержүзін адастырып жүрген Ібіліс әрі Шайтан деп аталған ежелгі жылан — жерге лақтырылды, онымен бірге періштелері де лақтырылды” (Аян 12:7, 9).

1914 жылы Киелі кітап зерттеушілері Мәсіхтің осында болуының белгісін көре бастады

29, 30. Патшалық орнағаннан кейін, жағдай қалай өзгерді: а) жерде және ә) көкте?

29 Киелі кітап зерттеушілері 1914 жылдан ұзақ уақыт бұрын осы айтулы жылы адамдардың басына қиын-қыстау күндер туатынын айтқан еді. Бірақ айтқандары мұншалықты тура болып шығады деп өздері де күтпеді. Сол кезден бастап адамзатқа Шайтанның ықпалы күшейе түспек еді. Мұны біз Жоханның мына сөздерінен білеміз: “Ал жер мен теңіздегілерге қасірет, өйткені Ібіліс сендерге түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” (Аян 12:12). 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталды да, Мәсіхтің таққа отырғанының белгісі дүниежүзі бойынша айқын көріне бастады. Осылай “соңғы күндер” басталды (Тім. 2-х. 3:1).

30 Ал көктегілер қуанды, өйткені Шайтан мен жын-перілер көктен мәңгіге қуылды. Жохан: “Сондықтан көк және оны мекендейтіндер, қуаныңдар!”— деп жазды (Аян 12:12). Осылай Иса Патша болды, көк тазартылды. Енді Құдай Патшалығы жер бетіндегі Құдай халқының игілігі үшін іске кірісуге дайын еді. Сонда ол не істемек-тін? Осы тараудың басында оқығанымыздай, Мәсіх “келісім хабаршысы” ретінде алдымен жер бетіндегі Құдай халқын тазарту керек болды. Ол мұны қалай істейді?

Сынақ кезеңі

31. Малахи пайғамбар тазарту кезеңі жөнінде не айтты және оның сөздері қалай орындала бастады? (Сілтемені де қараңыз.)

31 Малахи тазарту кезеңінің оңай болмайтынын пайғамбарлық еткен. Ол былай деді: “Ол келетін күнге кім төзе алады? Ол көрінгенде, кім төтеп бере алады? Өйткені ол темір тазартушының отындай, кір жуушының сілтісіндей болады” (Малх. 3:2). Неткен тура айтылған сөздер еді! 1914 жылы жер бетіндегі Құдай халқының басына ауыр сынақтар мен қиындықтар түсе бастады. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, Киелі кітап зерттеушілері қатты қудаланды, түрмеге де жабылды d.

32. 1916 жылдан кейін ұйым ішінде қандай жағдай орын алды?

32 Ұйым үшін де аласапыран кез орнады. 1916 жылы Расселл бауырлас не бәрі 64 жасында қайтыс болғанда, Құдай халқы төбелерінен жай түскендей болды. Бұл қазадан кейбіреулердің бір адамға тағзым ететіндері аян болды. Расселл бауырластың өзі қаламағанмен, оны пір тұтатындар баршылық еді. Көпшілік шындықтың ашылуы осымен бітті деп ойлады, тіпті алға басу үшін жасалған әрекеттерге табан тіресіп қарсыласатындар да табылды. Осының кесірінен жолдантаюшылық пайда болып, ұйым жікке бөлінді.

33. Үміттерінің ақталмағаны Құдай халқы үшін қалай сынақ болды?

33 Көпшілік үшін үміттерінің ақталмағаны да сынақ болды. “Күзет мұнарасы” журналында басқа ұлттарға берілген уақыттың 1914 жылы бітетіні дұрыс айтылғанмен, бауырластар сол жылы не болатынын әлі түсінбеген еді (Лұқа 21:24). Олар 1914 жылы Иса қалыңдыққа теңелетін майланған мәсіхшілерді өзімен бірге көкте билік етуге алып кетеді деп ойлады. Бірақ олай болмай шықты. 1917 жылдың аяғына таман “Күзет мұнарасында” 40 жылдық орақ кезінің 1918 жылдың көктемінде бітетіні хабарланды. Айтылған жылдың көктемі өтіп кетті, бірақ уағыз ісі бітпек түгілі, қызу жүріп жатты. Сонда журналда орақ кезі, расында да, бітті, ендігісі масақ теру деп түсіндірілді. Сөйтсе де көп адамның көңілі қалып, Ехобаға қызмет етуді доғарды.

34. 1918 жылы не болды және неге мәсіхшілер әлемі Құдай халқы “өлді” деп ойлады?

34 1918 жылы Құдай халқын дүдәмал күйге түсірген тағы бір сынақ болды. Чарлз Расселлден кейін басшылықты қолға алған Рутерфорд және тағы жеті жауапты бауырлас тұтқындалып, әділетсіз сотталды. Федералды сот оларды ұзақ жылға бас бостандығынан айырып, Атланта қаласының (Джорджия штаты) түрмесіне жапты. Құдай халқының ісі тоқтап қалғандай еді. Бұған мәсіхшілер әлемінің біраз дінбасылары төбелері көкке жете қуанды. Олар “басшылары” тұтқындалып, Бруклиндегі бас басқарма жабылды, ал уағыз ісіне Америка мен Еуропада қарсылық көрсетілуде, демек, беймаза Киелі кітап зерттеушілері “өлді”, енді қауіп төндірмейді деп пайымдады (Аян 11:3, 7—10). Бірақ олар қатты қателескен еді!

Қайта жандану кезеңі

35. Неге Иса ізбасарларының қиындықтарға ұшырауына жол берді және оларға көмектесу үшін не істеді?

35 Исаның Құдай халқының осындай қиындықтарға ұшырауына жол беруінің себебі — Ехоба “күмісті балқытып, тазартатын адамдай отырған” болатын. Ал шындық жолының жаулары бұдан бейхабар еді (Малх. 3:3). Ехоба да, оның Ұлы да адал мәсіхшілердің оттай сынақтардан кейін тазарып, Патшаларына қызмет етуге барынша дайын болатынына шек келтірмеді. 1919 жылдың басында Құдай өз рухы арқылы халқының жауларына мүмкін еместей көрінген нәрсені істегені анық байқалды: адал мәсіхшілерге қайтадан “жан бітті” (Аян 11:11). Сол кезде Мәсіх соңғы күндердің белгісінің маңызды қырын жүзеге асырды. Ол Құдай халқына уақтылы рухани ас-су әрі басшылық беріп отыратын “адал да ақылды құлды” тағайындады (Мат. 24:45—47).

36. Құдай халқының рухани қайта жанданғаны неден көрінді?

36 Рутерфорд және басқа да бауырластар 1919 жылдың 26 наурызында түрмеден босатылды. Көп ұзамай қыркүйек айына конгресс жоспарланды. “Алтын ғасыр” деген атаумен екінші журнал шығаруға қатысты да шешім қабылданды. “Күзет мұнарасымен” қатар жүретін бұл журнал қызметке арнап шығарылмақ еді e. Сол жылы бүгінде “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз кездесуінің жұмыс дәптері” деп аталатын “Бюллетеньнің” бірінші саны жарық көрді. О бастан бұл басылымның мақсаты уағыздау қызметіне талпындыру болатын. Осылай 1919 жылдан бері үйме-үй уағыздаудың маңыздылығына баса назар аударылуда.

37. Қалай 1919 жылдан кейін кейбіреулер адалдықтан тайды?

37 Уағыздау ісі Мәсіхтің қызметшілерінің тазара түсуіне ықпал етті. Себебі өркөкірек, менмен болғандары бұндай қарапайым қызметке қатысқысы келмеді. Мұндай адамдар адал мәсіхшілермен қарым-қатынасын үзді. Олардың кейбірі 1919 жылдан кейін қатуланып, жала жабуға дейін барды. Тіпті Ехобаның адал қызметшілерін қудалайтындардың жағына шығып кеткендер де болды.

38. Мәсіхтің ізбасарларының әрбір жетістігі мен жеңісі нені дәлелдейді?

38 Осындай қарсылықтарға қарамай, Мәсіхтің ізбасарлары рухани өркендей берді. Сол кезден бастап олардың әрбір жетістігі мен жеңісі Құдай Патшалығының билік етіп жатқанын айқын дәлелдеуде! Құдай қолдамаса, өз Ұлы мен Патшалығы арқылы батасын төкпесе, кемелсіз адамдардан тұратын шағын топ Шайтан мен оның зұлым дүниесін қайта-қайта жеңе алмас еді (Ишая 54:17 оқыңыз).

Рутерфорд бауырлас түрмеден шыққан соң небәрі бірнеше айдан кейін конгресте жалынды баяндама айтып жатыр

39, 40. а) Осы басылымның қандай ерекшеліктері бар? ә) Оны зерттегеніңіздің қандай пайдасы бар?

39 Келесі тарауларда біз көкте орнаған Құдай Патшалығы 100 жыл ішінде жер бетінде не істегенін қарастырамыз. Осы кітаптың әр бөлімінде Патшалық ісінің ерекше тұстарына назар аударылады. Әр тарауда қайталауға арналған қоршаулар бар. Олар Патшалықтың біз үшін қаншалықты шынайы екенін анықтауға көмектеседі. Ал соңғы тарауларда Патшалық зұлымдық атаулыны жойып, жер бетін жұмаққа айналдыру үшін келгенде, не күтуге болатынын талқылаймыз. Қолыңыздағы кітапты зерттегеніңіздің қандай пайдасы бар?

40 Шайтан сізді Құдай Патшалығына деген сенімнен айырғысы келеді. Ал Ехоба болса, керісінше, сеніміңіз сіз үшін қорған болып, берік тұруыңызға ықпал етуі үшін оны нығайтқысы келеді (Ефес. 6:16). Сондықтан біз бұл кітапты бар ықыласыңызбен зерттеуге шақырамыз. Зерттеу барысында өзіңізден “Құдай патшалығы мен үшін шынайы ма?” деп сұрап отырыңыз. Бүгінгі күні Құдай Патшалығы сіз үшін шынайы болса, бүкіл адамзат оның шынайы әрі билік етіп отырғанына куә болатын күні де Патшалықтың игілігі үшін адал қызмет ете береріңіз сөзсіз!

a Гру, Стетсон және Сторрз деген кісілер жөнінде көбірек білу үшін “Ехоба куәгерлері — Құдай Патшалығын жариялаушылар” (ор.) кітабының 45, 46-беттерін қараңыз.

b Киелі кітап зерттеушілері осы дүниемен дос болып жүрген діни ұйымдардан аулақ болу керек екенін түсінгенмен, өздерінің қатарында болмаса да, “төлем құрбандығына сенеміз, Құдайға берілгенбіз” дейтіндерді жылдар бойы бауырласымыз деп қабылдады.

c Ертедегі мұндай нұсқаулардың күшін әлсіреткен жайттардың бірі олар бірінші кезекте Мәсіхтің 144 мыңнан тұратын кішкене отарына қатысты еді. 5-тараудан көретініміздей, 1935 жылға дейін Аян 7:9, 10-да айтылған “ұлы жамағатқа” мәсіхшілер әлеміндегі сансыз адамдар да жатады әрі олар дүниенің соңында Мәсіхтің жағына шыққаны үшін, көкке баратындардың қосалқы тобын құрайды деп есептелді.

d 1920 жылдың қыркүйегінде “Алтын ғасыр” (қазір “Ояныңдар!”) журналының арнайы саны шықты. Онда Англия, Германия, Канада мен Құрама Штаттарда соғыс жылдары орын алған талай қуғын-сүргін суреттелді. Олардың кейбірі жантүршігерлік жауыздықпен жасалған еді. Ал Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін ондаған жылдар бойы мұндай қуғын-сүргін некен-саяқ болған.

e Жылдар бойы “Күзет мұнарасы”, ең алдымен, кішкене отарға тәлім беру мақсатымен шығарылған.