Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

5-ТАРАУ

Құдай Патшалығы жайлы шындық ашыла түсті

Құдай Патшалығы жайлы шындық ашыла түсті

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Құдай халқы Патшалыққа, оның билеушілері мен азаматтарына қатысты шындықтарды, сондай-ақ Патшалыққа адал болуға не жататынын түсінді

1, 2. Неге Исаны парасатты “саяхат жетекшісі” деуге болады?

 СІЗ бір әсем қалаға келіп, өзге саяхатшылармен бірге оны аралап жүрсіз делік. Бұл қалада бұрын-соңды болмағандықтан, саяхат жетекшісінің әр сөзін қалт жібермеуге тырысып келесіздер. Өздеріңіз әлі көрмеген жерлер жөнінде білуге асығып, арагідік оған сұрақтар қоясыздар. Бірақ ол бірден жауап бере қоймайды, көп жағдайда әңгімесін сол жерге келгенде ғана сабақтайды. Сіз оның қай кезде не айту керек екенін ажырата білетінін көріп, парасаттылығына қайран қаласыз.

2 Шынайы мәсіхшілер де осындай саяхатшыларға ұқсайды. Біз “іргетасы берік қаланған” ең көркем қала — Құдай Патшалығы туралы көбірек білуге асықпыз (Евр. 11:10). Иса жер бетіне келгенде, ізбасарлары үшін өзі “саяхат жетекшісі” болып, оларды Патшалық туралы шындықтарға жетеледі. Ол шәкірттерінің Патшалыққа қатысты сұрақтарының бәріне бірден жауап беріп отырды ма? Жоқ. Иса: “Сендерге айтарым әлі де көп, бірақ қазір оларды түсіне алмайсыңдар”,— деді (Жох. 16:12). Ең парасатты “саяхат жетекшісі” — Иса оларға әлі түсіне алмайтын жайттарды айтпаған.

3, 4. а) Иса Патшалыққа қатысты жайттарды адал ізбасарларына қалай ашып жатыр? ә) Бұл тарауда нені қарастырамыз?

3 Иса Жохан 16:12-де жазылған сөздерді жер бетіндегі өмірінің соңғы түні айтқан. Бірақ ол Құдай Патшалығына қатысты тәлім беруді өзі өлгеннен кейін қалай жалғастырмақ еді? Иса елшілерін: “Шындықты ашатын киелі рух... шындықты толық түсінулерің үшін бағыт береді”,— деп сендірді (Жох. 16:13). Киелі рухты шыдамды “саяхат жетекшісіне” теңеуге болады. Иса ізбасарларына Құдай Патшалығына қатысты жайттарды киелі рух арқылы ашады, әрі ол мұны уақыты келіп жеткенде істейді.

4 Ал енді тарихқа “саяхат” жасап, киелі рухы арқылы Ехобаның шынайы мәсіхшілерге Патшалық туралы шындықтарды қалай ашқанын көрейік. “Саяхат” барысында Құдай Патшалығының билік ете бастаған уақытына, Патшалықтың билеушілері мен азаматтары кімдер және олардың үміттері қандай екеніне, сондай-ақ Патшалыққа адал болуға не жататынына қатысты түсінігіміздің қалай айқындалғанын білеміз.

1914 жылдың ерекшелігін түсіну

5, 6. а) Киелі кітап зерттеушілері Құдай Патшалығының орнауы мен орақ кезіне қатысты қандай жаңсақ тұжырымдар жасаған? ә) Бұл Иса оларды бағыттап отырған жоқ дегенді білдіре ме?

5 Екінші тараудан білгеніміздей, Киелі кітап зерттеушілері ондаған жылдар бойы 1914 жылдың Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалуында ерекше орын алатынына назар аударып келді. Бірақ олар Мәсіхтің осында болатын кезі 1874 жылы басталады, ал 1878 жылы ол көктегі таққа отырады, әйтсе де 1914 жылдың қазан айына дейін Патшалық өз билігін толыққанды жүргізбейді деп ойлады. Орақ кезі болса 1874 жылдан 1914 жылға дейін созылып, майланғандар көкке жиналып біткенде аяқталады деп есептеді. Осындай жаңсақ тұжырымдар жасағандары Исаның сол адал ізбасарларына киелі рух арқылы бағыт бергеніне күмән тудыра ма? Әрине, тудырмайды!

6 Тараудың басында келтірілген мысал туралы тағы бір ойланып көрейікші. Саяхатшылардың асығыс тұжырымдары мен сұрақтары саяхат жетекшісінің өз ісін жақсы білетін адам екеніне күмән тудырды ма? Олай болуы екіталай. Сол сияқты киелі рух бағыт беретін уақыт келмес бұрын Құдай халқының оның еркіне қатысты жайттарды түсінуге тырысқандары Иса оларға көмектесіп жатқан жоқ дегенді білдірмейді. Мұны түсінетін ақжүректі адамдар кішіпейілділікпен түзетуді қабылдап, көзқарастарын өзгертуге дайын (Жақ. 4:6).

7. Қалай Ехоба өз халқына шындық нұрын шаша түсті?

7 1919 жылдан кейін Құдай өз халқына батасын төгіп, шындық нұрын шаша түсті (Зәбүр 97:11 оқыңыз). 1925 жылы “Күзет мұнарасы” журналында “Халықтың туылуы” деген тарихи мақала жарияланды. Мақалада 1914 жылы Аян кітабының 12-тарауындағы көктегі әйелдің бала туғаны туралы пайғамбарлық орындалып, Құдай Патшалығының орнағаны Жазбаларға негізделген дәйекті айғақтармен түсіндірілді a. Әрі қарай мақалада Шайтанның жерге лақтырылғаны және “өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” екені айтылды. Ал мұның айқын белгісінің дәлелі ретінде соғыс жылдары шынайы мәсіхшілердің басына түскен қуғын-сүргін мен басқа да қиындықтар келтірілді (Аян 12:12).

8, 9. а) Патшалықтың орнауы аса маңызды екені қалай айқындалды? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

8 Патшалықтың орнауы қаншалықты маңызды? 1928 жылы “Күзет мұнарасында” төлем құрбандығының арқасында адамзаттың құтқарылуынан гөрі Патшалықтың орнауы әлдеқайда маңызды екеніне көбірек көңіл бөліне бастады. Өйткені Мәсіх билік құратын Патшалық арқылы Ехобаның есімі киелі тұтылып, бүкіләлемдік билігі ақталады ғой. Сондай-ақ ол адамзатқа қатысты ниетін де Патшалық арқылы жүзеге асырады.

9 Құдай Патшалығында Мәсіхпен бірге кім билік етеді? Жердегі азаматтары кім болады? Мәсіхтің ізбасарлары үшін қандай іс ең маңызды іс болу керек?

Майланғандарды жинайтын орақ кезі

10. Құдай халқы ұзақ уақыттан бері 144 000 патшаға қатысты қандай жайттарды білген?

10 1914 жылдан ұзақ уақыт бұрын Киелі кітап зерттеушілері Мәсіхпен бірге 144 000 патшаның көкте билік ететінін түсінген b. Олар бұл санның бейнелі емес екенін әрі оны құрайтын адамдардың б. з. І ғасырынан бастап жиналып жатқанын ұқты.

11. Мәсіхтің “қалыңдығы” болатындар әлі жерде жүргенде қандай іспен айналысу керек екендерін қалай түсінді?

11 Бірақ Мәсіхтің “қалыңдығы” болатындар әлі жерде жүргенде қандай іспен айналысу керек? Киелі кітап зерттеушілері Исаның уағыз ісіне ерекше назар аударып, оны орақ кезімен байланыстырғанын байқады (Мат. 9:37; Жох. 4:35). 2-тараудан білгеніміздей, олар біраз уақыт орақ кезі 40 жылға созылып, майланғандар көкке көтерілгенде аяқталады деген пікірде болды. Алайда орақ ісінің 40 жылдан кейін бітпегенін көріп, бұған қатысты түсініктері анықталу керек екенін ұқты. Бүгінде біз орақ кезінің — бидай мен арамшөпті, яғни майланған мәсіхшілер мен жалған мәсіхшілерді, айыратын науқанның — 1914 жылы басталғанын білеміз. Иә, сол жылы көкке баратындардың тамтығын жинауға ден қоятын уақыт келген еді.

1914 жылы орақ кезі басталды (11-абзацты қараңыз)

12, 13. Исаның он қыз және талант туралы астарлы әңгімесінде айтқандары соңғы күндері қалай орындалып жатыр?

12 1919 жылдан бері Мәсіх адал да ақылды құлды уағыздау ісіне баса назар аударуға талпындырып отыр. Бұл тапсырманы ол бірінші ғасырда берген болатын (Мат. 28:19, 20). Иса оны орындау үшін майланған ізбасарларына қандай қасиеттер қажет болатынын да көрсетті. Ол мұны қалай істеді? Он қыз туралы астарлы әңгімесінде Иса майланғандар түпкі мақсаттарына жеткісі келсе — 144 000 патшадан тұратын “қалыңдық” пен Мәсіх қосылғанда, көкте болатын ұлан-асыр тойға қатысқылары келсе — рухани сергек болулары керек екенін көрсетті (Аян 21:2). Ал талант туралы астарлы әңгімесінде майланған ізбасарларының сеніп тапсырылған уағыз ісін ынта-ықыласпен атқару керек екендеріне назар аударды (Мат. 25:1—30).

13 Өткен ғасыр ішінде майланған мәсіхшілер қырағы екендерін әрі істі ынта-ықыласпен атқарып жүргендерін дәлелдеді. Сергек жүргендері үшін олардың қарымталарын алары сөзсіз! Бірақ ұлы науқан Мәсіхпен бірге билік ететін 144 000 патшаның санын толтырумен ғана шектеле ме?

Патшалықтың азаматтарын жинау науқаны

14, 15. “Құпия жүзеге асты” кітабында қандай төрт топ жайлы айтылды?

14 Адал ерлер мен әйелдерді Аян 7:9—14 тармақтарда жазылған “ұлы жамағаттың” кім екені ұзақ уақыт бойы қатты қызықтырды. Сондықтан бұл топқа кімдердің жататыны ашылатын уақыт келмей тұрып Мәсіхтің ізбасарларының бұған қатысты жасаған тұжырымдарының көбісі бүгінде өзіміз білетін, әрі көңілімізге жақын анық та қарапайым шындықтардан мүлдем өзгеше еді.

15 1917 жылы “Құпия жүзеге асты” деп аталатын кітапта “көкке бару үшін құтқарылатындардың екі тобы, сондай-ақ жерде өмір сүру үшін құтқарылатындардың екі тобы”, яғни төрт топ бар екені жазылды. Бұл топтарға кімдер кірді? Бірінші топ Мәсіхпен бірге билік ететін 144 000-нан, ал екіншісі ұлы жамағаттан тұрады деп есептелді. Ол кезде ұлы жамағатқа әлі де басқа шіркеулердің мүшесі болып жүргендер кіреді деп тұжырымдалды. Олардың сенімі бар болғанмен, онша берік емес, сол себепті көкте дәрежесі төмендеу болады деп есептелді. Ал үшінші және төртінші топ жерде өмір сүреді деп пайымдалды. Үшінші топқа ежелде өмір сүрген Ыбырайым, Мұса сияқты адал кісілер жатады, әрі олар қалған адамдардың, яғни төртінші топтың, үстінен билік етеді деп тұжырымдалды.

16. Қалай 1923 және 1932 жылы шындық нұры жарқырай түсті?

16 Ұйым арқылы білген шындықтарды бүгінде біз қатты бағалаймыз. Бірақ сол шындықтарды түсінуге Мәсіхтің ізбасарларын киелі рух қалай бағыттады? Шындық нұры бірте-бірте төгілді. Мысалы, 1923 жылы “Күзет мұнарасында” Құдай Патшалығы келгенде, көкте емес, жер бетінде өмір сүруді қалайтын адамдар бар екеніне назар аударылды. Ал 1932 жылғы “Күзет мұнарасында” Исраилге патша болып майланған Иқу жалған ғибадатты жоюға аттанғанда, Ехонадабтың оған қолдау көрсеткені жайлы айтылды (Пат. 2-ж. 10:15—17). Мақалада бүгінгі таңда Ехонадаб сияқты адамдардың бар екені, сондай-ақ Ехобаның оларды жер бетінде мәңгі өмір сүрсін деп, Армагеддонда аман алып қалатыны жазылды.

17. а) 1935 жылы шындық нұры қалай бұрынғыдан да жарқырай түсті? ә) Ұлы жамағатқа қатысты жаңа түсінікті шынайы мәсіхшілер қалай қабылдады? (“ Бауырластар “уһ” деп бір жеңілдеп қалды” деген қоршауды қараңыз.)

17 1935 жылы шындық нұры одан сайын жарқырады. Сол жылы Вашингтон қаласында өткен конгресте ұлы жамағаттың жерде өмір сүретіні, сондай-ақ Исаның қой мен серкелер туралы астарлы әңгімесіндегі қойларға теңелген адамдар мен ұлы жамағаттың бір топты білдіретіні түсіндірілді (Мат. 25:33—40). Сонымен қатар Иса “соларды да алып келуім керек” деген “басқа қойларға” ұлы жамағат та жататыны айтылды (Жох. 10:16). Рутерфорд бауырлас баяндамасында: “Жерде мәңгі өмір сүруге үміттенетіндер, орындарыңнан тұрыңдаршы”,— деп өтінгенде, жиналғандардың жартысынан көбі түрегелді! Сонда ол: “Қараңдаршы! Мінеки, ұлы жамағат!”— деді. Ақыры көптеген бауырластар жерде өмір сүретіндерін түсінді.

18. Мәсіхтің ізбасарлары қандай іске баса назар аударды және бүгінде мұның нәтижесі қандай болып отыр?

18 Сол кезден бастап Мәсіх Құдай халқын зор алапатта аман қалатын осы ұлы жамағатты жинауға талпындыруда. Бастапқыда іс баяу жүрді. Тіпті Рутерфорд бауырлас бірде: “Ұлы жамағат” айтарлықтай ұлы болмайтынға ұқсайды”,— деді. Бірақ Ехоба ұлы жамағатты жинау ісін молынан жарылқады. Бүгінде біз бұның куәсіміз. Исаның және киелі рухтың бағыт беруімен майланғандар мен “басқа қойлар” Исаның өзі пайғамбарлық еткендей, “бір бағушысы бар бір отар” болып, иық тіресе қызмет етуде.

Рутерфорд бауырлас ұлы жамағаттың қаншалықты ұлы болатынын болжай алған жоқ (Солдан оңға қарай: Нейтан Норр, Джозеф Рутерфорд, Хейден Ковингтон)

19. Ұлы жамағаттың саны өсе беруіне қалай үлес қосуымызға болады?

19 Мәсіх пен 144 000 патша билік құрғанда, адал мәсіхшілердің басым көпшілігі жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүреді. Мәсіхтің Құдай халқына бағыт беріп, Жазбаларға негізделген осындай үмітіміздің бар екенін түсінуге көмектескені жайлы ойланғанымыз көңіл толқытады емес пе?! Қызметте жүргенде, осы үмітіміз жайлы айту — біз үшін зор мәртебе! Ендеше, қызметке мүмкіндігінше көп шығып, Ехобаның есімін дәріптейтін ұлы жамағаттың саны өсе беруіне үлес қосайық (Лұқа 10:2 оқыңыз).

Ұлы жамағат әлі де өсуде

Патшалыққа деген адалдық

20. Шайтанның ұйымы қандай бөліктерден тұрады және Патшалыққа адал болғысы келетіндер неден аулақ болу керек?

20 Құдай халқының білімі молайған сайын, Патшалыққа адал болуға не жататынын толық түсіну керек екені де аян болды. Осы орайда 1922 жылы “Күзет мұнарасында” Ехобаның ғана емес, Шайтанның да ұйымы бар екені айтылды. Сонымен қатар Шайтанның ұйымы келесі бөліктерден тұратыны түсіндірілді: сауда-саттық, дін және саясат. Сондықтан Құдай Патшалығына адал болғысы келетіндер Шайтанның ұйымымен байланысы бар ештеңеге араласпауы керек еді (Қор. 2-х. 6:17). Бұл нені білдіреді?

21. а) Адал құл ірі бизнеспен айналысудың қандай қаупі бар екенін айтты? ә) 1963 жылы “Күзет мұнарасында” “Ұлы Бабылға” қатысты не түсіндірілді?

21 Адал құл әдебиеттеріміз арқылы ірі бизнестің жемқорлыққа салынғанын талмай әшкереледі. Сондай-ақ Құдай халқы дүниеқоңыздықтан аулақ болу керек екенін ескертіп отырды (Мат. 6:24). Әдебиеттерімізде Шайтанның ұйымының діни бөлігі де назардан тыс қалмады. 1963 жылы “Күзет мұнарасында” “Ұлы Бабылдың” мәсіхшілер әлемін ғана емес, бүкіл дүниежүзілік жалған діндер империясын білдіретіні анық түсіндірілді. Осының арқасында төрткіл дүниедегі Құдай халқы Ұлы Бабылдан “шығып”, онымен байланысы бар діни салт-жоралардан аулақ жүруді үйренді. Бұл жайлы біз 10-тараудан көбірек білеміз (Аян 18:2, 4).

22. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Римдіктерге 13:1-дегі сөздерді мәсіхшілердің біразы қалай түсінген?

22 Шайтанның дүниесінің саяси бөлігі жөнінде не деуге болады? Шынайы мәсіхшілерге соғыстар мен қақтығыстарға қатысуға бола ма? Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Киелі кітап зерттеушілері Мәсіхтің ізбасарларының адам өлтіргені дұрыс емес екенін білетін (Мат. 26:52). Алайда олардың біразы Римдіктерге 13:1-дегі “билік басындағыларға” бағынуға қатысты сөздерді былай түсінді: әскерге баруға, әскери киім киюге, тіпті қолыңа қару алуға тиіссің, бірақ жауды өлтіру бұйырылса, ауаға атуың керек.

23, 24. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Римдіктерге 13:1-дегі сөздерді бауырластар қалай түсінді, ал кейіннен бұл сөздерді қалай анығырақ ұқты?

23 1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс енді басталғанда, “Күзет мұнарасы” журналында бейтараптық мәселесі егжей-тегжейлі қарастырылды. Мақалада Шайтанның дүниесіндегі соғыстар мен қақтығыстарға мәсіхшілердің мүлдем қатыспау керек екені анық түсіндірілді. Бұл дер кезінде берілген басшылық еді! Өйткені сол соғыста қырылған адамдардың қаны оған қатысқандардың мойнында болды. Ал Мәсіхтің ізбасарларына ешкім мұндай айып таға алмады. Алайда 1929 жылы әдебиеттерімізде Римдіктерге 13:1-дегі сөздерге қатысты мынадай тұжырым да жасалған болатын: “билік басындағылар” деген тіркес мемлекеттік билігі бар адамдарды емес, Ехоба мен Исаны білдіреді. Иә, бұл мәселе әлі де айқындала түсу қажет еді.

24 Аталмыш шындықтың айқындала түсетін уақыты 1962 жылы келді. Сол жылы “Күзет мұнарасының” 15 қараша мен 1 желтоқсандағы санында жарық көрген тарихи мақалаларда Римдіктерге 13:1—7 тармақтар талқыланды. Ақыры Құдай халқы мемлекеттік билігі барларға салыстырмалы түрде бағыну керектігіне қатысты Иса айтқан келесі принципті түсінді: “Патшанікін патшаға, ал Құдайдікін Құдайға беріңдер” (Лұқа 20:25). Бүгінде шынайы мәсіхшілер “билік басындағылар” деген тіркестің мемлекеттік билігі бар адамдарды білдіретінін әрі оларға бағыну керек екендерін түсінеді. Бірақ мәсіхшілер оларға салыстырмалы түрде бағынады. Анығырақ айтқанда, Ехобаның заңын бұзу талап етілсе, олар ертедегі елшілер сияқты: “Билеуші ретінде бірінші кезекте адамға емес, Құдайға мойынсұнуымыз керек”,— деп жауап береді (Ел. іс. 5:29). Құдай халқының бейтараптыққа қатысты принципті өмірде қалай қолданатыны жайлы 14-тараудан көбірек білеміз.

Өзгелерге мәңгі өмір сүруге үмітіміз бар екенін айту — зор мәртебе!

25. Киелі рухтың көмегімен Құдай Патшалығына қатысты шындықтардың ашылып отырғанына ризасыз ба?

25 Өткен ғасырда Мәсіхтің ізбасарларына Патшалыққа қатысты қандай шындықтардың ашылғанын есімізге алайықшы. Біз Құдай Патшалығы қашан орнағанын және бұның қаншалықты маңызды екенін білдік. Адал адамдардың бірі көкте, ал өзге бірі жерде өмір сүруге үміттенетінін түсіндік. Сондай-ақ үкімет басындағыларға салыстырмалы түрде бағынатындықтан, Құдай Патшалығына адал бола алатынымызды қарастырдық. Ойлап көріңізші, Иса Мәсіх адал құлына осы шындықтарды түсінуге әрі өзгелерге үйретуге көмектеспегенде, біз оларды білер ме едік? Иә, Мәсіх пен киелі рухтың жетегінде жүргенімізге біз дән ризамыз!

a Бұған дейін Аян кітабының бұл тарауы пұтқа табынатын Рим империясы мен Папа билеген Римнің арасындағы соғысқа нұсқайды деген тұжырым жасалған еді.

b 1880 жылы “Сион күзет мұнарасының” маусым айындағы санында 144 000 патша 1914 жылға дейін шындықты қабылдаған еврейлерден тұрады деген тұжырым жасалды. Бірақ сол жылдың аяғына таман шыққан мақалада бұл мәселе басқаша түсіндірілді, әрі ол біздің бүгінгі түсінігімізге әлдеқайда жақын болды.