Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

6-ТАРАУ

Жариялаушылар. Өз еркімен қызмет етіп жүргендер

Жариялаушылар. Өз еркімен қызмет етіп жүргендер

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Патша ізгі хабарды жариялайтын әскер жинауда

1, 2. Иса қандай пайғамбарлық айтты және бұған қатысты қандай маңызды сұрақ туындайды?

 БАСШЫЛАР уәделерін әрқашан орындай бермейді. Тіпті ниеті түзу дегендері де уәдесінде тұра алмауы мүмкін. Қуанышқа орай, Құдай Патшалығының Патшасы Иса Мәсіх ешқашан сөзінен таймайды.

2 Иса 1914 жылы Патша тағына отырғаннан кейін, шамамен 1900 жыл бұрын айтқан пайғамбарлықты орындауға дайын болды. Өлерінен аз уақыт бұрын ол: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады”,— деген еді (Мат. 24:14). Бұл сөздердің орындалуы оның осында болуын білдіретін белгінің бөлігі болмақ еді. Бірақ осы орайда келесідей маңызды сұрақ туындайды: имансыздық, өзімшілдік пен мейірімсіздік жайлаған соңғы күндері қалай Патша ізгі хабарды жариялауға дайын адамдардан қол жинамақ? (Мат. 24:12; Тім. 2-х. 3:1—5). Бұл сұрақтың жауабын біліп алғанымыз жақсы, өйткені шынайы мәсіхші болғандықтан біз де уағыздауымыз керек.

3. Исада қандай сенімділік болды және неге?

3 Исаның пайғамбарлығына тағы бір көңіл аударып көрейікші. “Уағыздалады” деген сөзден сенімділік байқала ма? Әрине! Иса соңғы күндері өзіне қолдау көрсетуге ықыласты адамдардың болатынына кәміл сенген. Неге? Ол мұны Әкесінен үйренген (Жох. 12:45; 14:9). Ехоба өз қызметшілерінің дайындық рухын танытатынына сенімді болған, әрі Иса көкте болғанда мұны өз көзімен көрген. Ехобаның мұндай сенімділігі қалай көрініс тапты?

“Халқың саған еруге дайын тұрады”

4. Ехоба исраилдіктерді қандай істе қолдау көрсетуге шақырды және олар бұны қалай қабылдады?

4 Ехоба Мұсаға исраилдіктердің ғибадат орталығы болатын киелі шатыр тұрғызуды тапсырған кезде болған жайтты есімізге алайықшы. Мұса арқылы Ехоба халықты осы істе қолдау көрсетуге шақырды. Пайғамбар жұртқа: “Шын жүректен Ехобаға сый-тарту ұсынғысы келетін адам мыналарды әкелсін...”,— деді. Жұрт бұған ықыласты болды ма? Болғанда қандай! Олар “күніге таңертең ерікті сый-тартулар әкеле берді”. Көп әкелгендері сонша — тарту әкелуді доғаруға бұйрық беруге тура келді! (Мұс. 2-ж. 35:5; 36:3, 6). Иә, исраилдіктер Ехобаның сенімін ақтады.

5, 6. Зәбүр 110:1—3 тармақтарға сай, Ехоба өз қызметшілерінен соңғы күндері қандай рух танытады деп күтті және неге Иса да соны күткен деуге болады?

5 Ехоба соңғы күндері де қызметшілері осындай дайындық рухын танытады деп күтті ме? Әлбетте! Исаның адам болып туылуынан 1000 жылдан аса уақыт бұрын Ехоба Дәуітке Мәсіх таққа отырғанда орын алатын жайттар жөнінде жаздырған (Зәбүр 110:1—3 оқыңыз). Дәуіттің сөздеріне сай, Патша болып тағайындалған Исаның жаулары болмақ еді. Бірақ оған қолдау көрсететін әскер де болады. Патшаға қызмет етуге оларды ешкім мәжбүрлемейді. Оған тіпті жастар да ереді, әрі көптігі сонша — оларды таң шапағымен жер бетін көмкеретін сансыз шық моншақтарына теңеуге болады a.

Патшалықты ықыласпен қолдайтындар шық моншақтары сияқты сансыз көп (5-абзацты қараңыз)

6 Иса 110-ыншы Зәбүр жырындағы сөздердің өзіне қатысты айтылғанын білген (Мат. 22:42—45). Сондықтан жержүзінде өз еркімен ізгі хабарды уағыздайтын адал адамдардың болатынына еш күмәнданбады. Бірақ ол соңғы күндері ізгі хабарды ықыласпен жариялайтын әскер жинай алды ма? Тарих не дейді?

“Оны жариялауды мәртебе әрі борышым деп білемін”

7. Патша болып тағайындалғаннан кейін, ізбасарларын алдағы іске дайындау үшін Иса не істеді?

7 Патша болып тағайындалғаннан кейін көп ұзамай Иса ізбасарларын ауқымды іс атқаруға даярлай бастады. 2-тараудан білгеніміздей, 1914 жылдан 1919 жылдың басына дейін ол Құдай халқын тазартты (Малх. 3:1—4). Сосын адал құлды тағайындап, оған басшылық ісін тапсырды (Мат. 24:45). Сол кезден бастап адал құл конгрестердегі баяндамалар және әдебиеттер арқылы рухани ас-су беріп тұратын болды. Солар арқылы ол әрбір мәсіхшінің уағыз ісіне қатысуы керек екеніне қайта-қайта назар аударып отырды.

8—10. Мәсіхшілер конгрестерде уағыз ісіне қалай талпындырылды? Мысал келтіріңіз. (“ Уағыздауға қозғау салған конгрестер” деген қоршауды да қараңыз.)

8 Конгрестердегі баяндамалар. Басшылық іздеген Киелі кітап зерттеушілері 1919 жылы 1 және 8 қыркүйек аралығында Сидар-Пойнтта (Огайо штаты, АҚШ) өткен конгреске жиналды. Бұл Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы үлкен конгресс еді. Бағдарламаның екінші күні Рутерфорд бауырлас баяндамасында: “Мәсіхшінің жердегі борышы — Иеміздің патшалығы туралы хабарды жариялау”,— деп шегелеп айтты.

9 Ал оның конгрестің бесінші күні айтқан “Қызметтестерге үндеу” деген баяндамасында бұл мәселеге нүкте қойылды. Кейінірек бұл баяндама “Күзет мұнарасы” журналында “Патшалық туралы жариялаңдар” деген атаумен жарық көрді. Онда былай делінді: “Мәсіхші ойға шомған кезінде, өзінен: — Неге мен жер басып жүрмін?— деп сұрау керек. Бұл сұрақтың жауабы болса мынадай болуы тиіс: — Иеміз мейірімін төгіп, мені дүниеге татулық хабарын жеткізетін елші етті; ал мен оны жариялауды мәртебе әрі борышым деп білемін”.

10 Сол тарихи баяндамасында Рутерфорд бауырлас “Алтын ғасыр” (қазіргі “Ояныңдар!”) деген журналдың шығатынын хабарлады. Жаңа журналдың мақсаты оқырмандардың назарын адамзаттың бар қиындығын тек Құдай Патшалығы шешетініне аудару еді. Рутерфорд бауырлас тыңдаушылардан кімнің осы журналды таратуға қатысқысы келетінін сұрады. Сол конгрестің есебінде былай делінді: “Жұрттың лебізі қайран қалдырды: 6000 адамның бәрі бір кісідей орындарынан тұрды” b. Иә, Патшаның жалындап тұрған әрі Патшалық туралы хабарды жариялауға дайын әскері бар еді!

11, 12. Иса пайғамбарлық еткен істің қашан атқарылатынына қатысты 1920 жылғы “Күзет мұнарасында” не айтылды?

11 Әдебиет. “Күзет мұнарасындағы” мақалалардың арқасында Иса пайғамбарлық еткен істің, яғни Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау ісінің, қаншалықты маңызды екені айқындала түсті. 1920 жылдардың басында жарық көрген кей мақалаларға көңіл аударып көрейік.

12 Матай 24:14-тегі сөздер орындалу үшін қандай хабар жариялану керек? Сондай-ақ бұл іс қашан атқарылады? “Күзет мұнарасының” 1920 жылдың 1 шілдесіндегі санында жарық көрген “Патшалық туралы ізгі хабар” деген мақалада ізгі хабардың мәні былай түсіндірілді: “Бұл — ескі заман аяқталып, Мәсіх билік ететін патшалықтың орнағаны туралы хабар”. Ал оның қашан жарияланатынына қатысты: “Хабар ұлы соғыс [І дүниежүзілік соғыс] пен зор алапаттың аралығында жариялануы тиіс”,— делінді. Мақалада әрі қарай мынадай түйін жасалды: “Мәсіхшілер әлеміне ізгі хабарды уағыздайтын кез — қазіргі кез”.

13. Майланған мәсіхшілер дайындық рухын танытуға қалай талпындырылды?

13 Исаның пайғамбарлығында айтылған істі атқаруға Құдай халқын мәжбүрлеу керек болды ма? Жоқ. 1921 жылы “Күзет мұнарасының” 15 наурыздағы санында шыққан “Батыл болыңдар” деген мақалада майланған мәсіхшілер дайындық рухын танытуға талпындырылды. Олардың әрқайсысы өзінен: “Осы іске атсалысу мен үшін борыш қана емес, зор мәртебе деп есептеймін бе?”— деп сұрауға шақырылды. Мақалада әрі қарай былай делінді: “Осылай есептесеңдер, Еремия сияқты болатындарыңа сенімдіміз. Оның жүрегінде Иеміздің сөзі “жанған оттай, сүйектерінде қамалған жалындай” болған, сондықтан ол сөйлемей тұра алмады” (Ерм. 20:9). Бұл сөздерден Ехоба мен Исаның Патшалыққа адалдықпен қолдау көрсетіп жүргендерге деген сенімділігі байқалды.

14, 15. “Күзет мұнарасының” 1922 жылғы санында майланған мәсіхшілер не істеуге шақырылды?

14 Шынайы мәсіхшілер Патшалық туралы хабарды жұртқа қалай жеткізу керек еді? 1922 жылы “Күзет мұнарасы” журналының 15 тамыздағы санында “Қызметке қатысудың маңыздылығы” деген қысқа, әйтсе де пәрменді мақала жарық көрді. Мақалада майланған мәсіхшілер “әдебиеттерімізді белсене таратуға және көк патшалығы жақын екенін айту үшін, адамдардың үйіне баруға” шақырылды.

15 Көріп отырғанымыздай, 1919 жылдан бастап Мәсіх адал да ақылды құл дайындаған ас-су арқылы Патшалық туралы хабарды жариялау мәсіхші үшін борыш әрі мәртебе екеніне қайта-қайта назар аударуда. Киелі кітап зерттеушілері мұндай шақыруды қалай қабылдады?

“Құдайдың адал қызметшілері... қуана атсалысады”

16. Ақсақал боп сайланғандардың кейбірі мәсіхшілердің бәрі уағыз ісіне қатысу керек деген ойды қалай қабылдады?

16 Майланған мәсіхшілердің бәрі уағыз ісіне қатысу керек деген оймен 1920—1930 жылдары кейбіреулер келіспейтін. “Күзет мұнарасы” журналының 1927 жылғы 1 қарашадағы санында сол кездегі ахуал былай түсіндірілді: “Бүгінде шіркеуімізде [қауымымызда] жауапты іс жүктеліп, ақсақал атанып жүргенмен... бауырластарын қызметке атсалысуға талпындырудан және өздері де қызметке шығудан бас тартатындар бар. ...Олар Құдай мен оның Патшасы және Патшалығы туралы хабарды жеткізу үшін үйме-үй жүріп, есік қағу керек екенін күлкіге айналдырады”. Әрі қарай мақалада былай деп кесіп айтылды: “Құдайдың қызметшілері үшін мұндай адамдарды назарда ұстап, олардан аулақ жүретін, сондай-ақ ақсақалдық қызметтен шеттетіп, бұдан былай оларға қолдау көрсетпейтіндерін айтатын кез келді” c.

17, 18. Бас басқармадан келген басшылықты қауымдағылардың басым көпшілігі қалай қабыл алды, ал содан кейінгі жүз жылдан аса уақыт жөнінде не деуге болады?

17 Қуанышқа орай, қауымдағылардың басым көпшілігі бас басқармадан келген басшылықты ықыласпен қабыл алды. Патшалық туралы хабарды жариялауды олар мәртебе деп білді. Бұған қатысты “Күзет мұнарасы” журналының 1926 жылғы 15 наурыздағы санында: “Құдайдың адал қызметшілері осы хабарды жариялауға қуана атсалысады”,— делінді. Осылай Құдай Патшалығының Патшасына қолдау көрсетулерімен олар Зәбүр 110:3-тегі сөздерді жүзеге асырды.

18 Жүз жылдан аса уақыттан бері миллиондаған адам Патшалықты жариялау ісінде дайындық рухын танытып келеді. Келесі тараулардан біз олардың қалай уағыздағанын, яғни қандай әдіс-тәсілдер мен құралдарды қолданғанын, сондай-ақ мұның нәтижесі қандай болғанын білеміз. Бірақ, алдымен, миллиондаған адамның өзімшілдік жайлаған мына дүниеде неге өз еріктерімен Патшалық туралы уағыздап жүргеніне көңіл бөлейік. Ал қарастыру барысында өзіңізден: “Ізгі хабарды жариялау ісіне неге атсалысып жүрмін?”— деп сұрап көріңіз.

“Құдай Патшалығын... әрдайым бірінші орынға қойыңдар”

19. Неге біз Исаның Патшалықты “әрдайым бірінші орынға қойыңдар” деген кеңесіне құлақ асамыз?

19 Иса ізбасарларына Құдай Патшалығын “әрдайым бірінші орынға қойыңдар” деген кеңес берген (Мат. 6:33). Неге біз бұл кеңеске құлақ асамыз? Өйткені Құдайдың ниетінде Патшалықтың қаншалықты маңызды рөл атқаратынын түсінеміз. Алдыңғы тараудан білгеніміздей, Патшалық жайлы керемет шындықтар киелі рух арқылы бірте-бірте ашылуда. Осындай баға жетпес шындықтар жүрегімізден орын алғанда, бойымызда Патшалықты бірінші орынға қоюға деген ықылас пайда болады.

Жасырын қазынаны тапқан адамның қуанатыны сияқты, мәсіхшілер де Патшалық туралы шындықты тапқанына қуанышты (20-абзацты қараңыз)

20. Жасырылған қазына туралы астарлы әңгімеден Исаның кеңесін ізбасарлары қалай қабылдайтынына қатысты не білеміз?

20 Иса Патшалықты “әрдайым бірінші орынға қойыңдар” деген кеңесін ізбасарларының қалай қабылдайтынын білді. Оның жасырылған қазына туралы астарлы әңгімесін қарастырып көрейікші (Матай 13:44 оқыңыз). Бұл әңгімеде танапта жасырылған қазына тауып алып, бірден оның қаншалықты құнды екенін түсінген адам туралы айтылады. Ол “қуанғанынан өзінде бардың бәрін сатып, сол жерді сатып алады”. Бұл әңгімеден не нәрсеге үйренуге болады? Шындықты тауып, оның қаншалықты құнды екенін түсінсек, Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қою үшін кез келген нәрседен бас тартуға дайын боламыз d.

21, 22. Патшалықты адалдықпен қолдайтындар оны бірінші орынға қойып жүргенін қалай көрсетеді? Мысал келтіріңіз.

21 Мәсіхтің билігін адалдықпен қолдайтындар Патшалықты бірінші орынға қоятындарын сөзбен ғана емес, істерімен де көрсетеді. Олар өмірлерін, қабілеттері мен қаражаттарын Патшалық туралы жариялау ісіне бағыштайды. Толық уақыт қызмет ету үшін біраз нәрселерден бас тартқандар да баршылық. Олар Патшалықты бірінші орынға қоятындарға Ехобаның батасын төгетініне көз жеткізген. Бір мысалды қарастырып көрейік.

22 Бристоу Эйвери мен Ловения 1920 жылдардың аяғына таман Құрама Штаттардың оңтүстігінде кітап таратушы (ізашар) болып қызмет еткен. Біраз жылдардан кейін Ловения былай деп есіне алды: “Күйеуім Эйвери екеуміз талай жыл ізашар болып қызмет еттік. Жиі жанармайға не азық-түлікке ақша таппай қалатын кездер болатын. Бірақ Ехоба бізді ешқашан тастаған емес. Біз де ізашарлық қызметімізді тоқтатпадық. Ал Ехоба қажетіміздің бәрін қамтамасыз етіп отырды”. Пенсакола қаласында (Флорида штаты) қызмет етіп жүргендерінде болған бір оқиға Ловенияның есінде қалыпты: олардың ақшалары да, азық-түліктері де таусылуға шақ еді. Бірақ бірде тұрып жатқан трейлеріне оралса, азық-түлікке толы екі үлкен сөмке тұр екен. Ал бір жапырақ қағазға “Сүйіспеншілікпен Пенсакола қауымынан” деп жазылыпты. Ловения толық уақытты қызметте өткізген ондаған жылдар жайлы ой жүгірте отырып: “Ехоба бізді ешқашан тастамайды. Ол әрқашан сенімімізді ақтайды”,— дейді.

23. Патшалық туралы шындық сіз үшін қаншалықты бағалы және сіз не істеуге бел будыңыз?

23 Жағдайымыз әртүрлі болғандықтан, уағызға бәріміз бірдей мөлшерде уақыт жұмсай алмаймыз. Дегенмен бәріміз үшін ізгі хабарды жан-тәнімізбен жариялау — зор мәртебе (Қол. 3:23). Патшалық туралы шындықты тауып, оны барынша бағалайтындықтан, біз мүмкіндігінше көбірек қызмет ету үшін кез келген нәрседен бас тартуға дайынбыз. Сіздің де дайын екеніңізге сенімдіміз.

24. Соңғы күндері Патшалықтың қол жеткізген зор жетістіктерінің бірі қандай?

24 Өзіміз көргендей, Құдай Патшалығының Патшасы Иса Матай 24:14-те жазылған сөздерін бір ғасырдан аса уақыттан бері жүзеге асыруда. Бірақ ол ешкімді уағыз ісіне қатысуға мәжбүрлемейді. Қайта, өзімшіл дүниенің ықпалынан босаған ізбасарлары бұл істі өз ықтиярымен атқаруда. Ізгі хабардың дүниежүзі бойынша уағыздалуы — Мәсіхтің осында болуын білдіретін белгінің бір бөлігі. Сонымен қатар бұл — соңғы күндері Патшалықтың қол жеткізген зор жетістіктерінің бірі.

a Киелі кітапта шық молшылықты бейнелейді (Мұс. 1-ж. 27:28; Миха 5:7).

b “Бұл іс кімдерге сеніп тапсырылған?” деген кітапшада былай түсіндірілді: “Алтын ғасыр” журналымен уағыздау — патшалық туралы хабарды үйме-үй жеткізу... Әкелген хабарымызды айтқан соң, үй иесі “Алтын ғасыр” журналына жазылмаса да, бір данасын қалдырып кетейік”. Бауырластар жылдар бойы жұртты “Күзет мұнарасы” мен “Алтын ғасыр” журналына жазылуға шақырды. Ал 1940 жылдың 1 ақпанынан бастап Ехобаның халқы бұл журналдарды жай ғана таратуға және қанша таратқанын хабарлап отыруға талпындырылды.

c Ол уақытта ақсақалдарды қауымдағылар дауыс беріп сайлайтын. Сондықтан қызметке шығуға қарсы болған ақсақалдарға дауыс беруден бас тарта алатын. Ақсақалдардың тағайындалу тәртібінің өзгеруі жайлы 12-тарауда талқыланады.

d Иса аса құнды меруерт іздеп жүрген жиһанкез саудагер жайлы астарлы әңгімесінде де осыған ұқсас ой айтқан. Саудагер іздегенін тапқанда, өзінде бардың бәрін сатып, оны сатып алады (Мат. 13:45, 46). Осы екі астарлы әңгімеден адамдардың шындықты әртүрлі жолмен табатыны да көрінеді: кейбіреулер оған кездейсоқ тап болса, өзге біреулер оны іздейді. Әйтсе де шындықты қалай тапқанымызға қарамай, біз Патшалықты бірінші орынға қоюға кедергі болатын нәрселерден бас тартуға дайынбыз.